ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 02.02.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабының 1-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін қосылған құн салығын таңбалаумен цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық 2026 жылғы 2 ақпаннан бастап қолданысқа енгізіледі, ресми жариялануға жатады.
| Қазақстан Республикасының Қаржы министрі | М. Такиев |
| "КЕЛІСІЛГЕН" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Қазақстан Реcпубликасының Қаржы министрі 2026 жылғы 22 қаңтардағы № 38 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін қосылған құн салығын таңбалаумен цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін қосылған құн салығын таңбалаумен цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 68-бабының 1-1-тармағына сәйкес әзірленді және цифрлық теңгені және таңбаланған қосылған құн салығын пайдалана отырып, мемлекеттік сатып алу саласында қосылған құн салығын әкімшілендірудің жаңа тетігін апробациялау жөніндегі пилоттық жобаны (бұдан әрі – Пилоттық жоба) іске асыру тәртібін айқындайды.
2. Пилоттық жобаның мақсаты мемлекеттік сатып алуға қатысатын тұлғалар үшін салықтық міндеттемелерді орындауды оңайлату және тиімділігін арттыру болып табылады.
3. Пилоттық жобаны іске асыру тапсырыс берушілер мен өнім берушілер арасындағы есеп айырысулардың ашықтығы мен қадағалануын қамтамасыз етуге, бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылығын арттыруға, салықтық тәуекелдерді азайтуға және жалған схемаларды қолдану мүмкіндіктерін шектеуге бағытталған.
4. Пилоттық жобаға қатысу ерікті болып табылады.
5. Осы Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылады.
6. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Бірыңғай қазынашылық шот – мемлекеттік бюджеттің барлық түсімдері мен шығыстарын шоғырландыру және бөлу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде (бұдан әрі – Ұлттық Банк) ашылған орталықтандырылған шот;
2) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекттік қазынашылық комитетінің (бұдан әрі – МҚК) цифрлық шоты – цифрлық теңгені есепке алу үшін МҚК-ның Цифрлық теңге жүйесіндегі цифрлық шоты;
3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің цифрлық шоты (бұдан әрі – МКК) – Пилоттық жоба шеңберінде салықтық міндеттемелер бойынша салық төлеушілерден-Пилоттық жобаға қатысушылардан бюджетке төлемдер алу үшін пайдаланылатын, цифрлық теңгені есепке алу үшін МКК-нің Цифрлық теңге жүйесіндегі цифрлық шоты;
4) Салық төлеушінің цифрлық шоты – салық төлеушінің цифрлық теңгені есепке алу үшін Цифрлық теңге жүйесіндегі цифрлық шоты;
5) Таңбалау – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы Басқармасының 2024 жылғы 18 маусымдағы шешімімен (№12-хаттама) бекітілген эмиссияланатын цифрлық теңгені қамтамасыз ету ретінде әрекет ететін қаражат иесінің не қаражатты пайдалануға жауапты адамның өкіміне сәйкес Цифрлық теңге жүйесінде цифрлық теңгенің айналымы/пайдаланылу қағидаларын, шарттары мен өлшемшарттарын белгілей отырып, цифрлық теңге бағдарламалау процесі;
6) Цифрлық теңге (бұдан әрі – ЦТ) – Ұлттық Банк шығарған және төлем құралы ретінде қабылданатын электрондық ақшаның электрондық нысанында Цифрлық теңге жүйесінде сақталатын теңге;
7) Цифрлық теңге жүйесі (бұдан әрі – ЦТЖ) – Қазақстан Республикасының аумағында ЦТ пайдалана отырып төлемдер мен операцияларды жүзеге асыруға арналған бағдарламалық-техникалық құралдар жиынтығы;
8) Цифрлық теңге жүйесінің операторы – "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ҰТК" АҚ).
2-тарау. Пилоттық жобаға қатысушылар
7. Пилоттық жобаның қатысушылары:
1) МКК;
2) Мемлекеттік кірістер органдары (бұдан әрі – МКО);
3) МҚК;
4) Ұлттық Банк;
5) "ҰТК" АҚ;
6) Пилоттық жобаға ерікті түрде қатысатын екінші деңгейдегі банктер (бұдан әрі – ЕДБ);
7) Пилоттық жобаға ерікті түрде қатысатын мемлекеттік сатып алулардың әлеуетті жеткізушілері (бұдан әрі – салық төлеушілер-Пилоттық жобаға қатысушылар);
8) Пилоттық жобаға ерікті түрде қатысатын есепке алу жүйелерін әзірлеушілер (бұдан әрі – есепке алу жүйелерін әзірлеушілер).
3-тарау. Мемлекеттік сатып алуға қатысушылар үшін қосылған құн салығын таңбалаумен цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру тәртібі мен мерзімдері
8. Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде:
1) Ұлттық Банк ЕДБ және МҚК өтінімдері бойынша қалыптастырылған "ҰТК" АҚ-ның тиісті өтініштері/тізілімі және төлем хабарламалары негізінде ЦТ-ні эмиссиялауды және өтеуді жүзеге асырады;
2) "ҰТК" АҚ:
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ұлттық төлем корпорациясы" акционерлік қоғамы Басқармасының 2023 жылғы 30 қазандағы шешімімен (№1-хаттама) бекітілген Цифрлық теңге жүйесінің жұмыс істеу қағидаларына (бұдан әрі – жұмыс істеу қағидалары) сәйкес ЦТЖ операторының функцияларын орындау шеңберінде ЦТЖ-нің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді;
Пилоттық жобаны жүргізу кезеңінде туындайтын мәселелер бойынша ЕДБ және МҚК-ға түсіндірме береді;
3) МҚК Пилоттық жобаға қатысушы-салық төлеушілердің қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) бойынша бюджетке төлемдерді қамтамасыз ету үшін ЦТЖ-де цифрлық шот ашуға арналған өтінім негізінде МКК цифрлық шотын ашады;
4) МКО:
осы Пилоттық жобаны жүргізуге байланысты мәселелер бойынша түсіндірмелер береді;
Пилоттық жобаны іске асыруға байланысты МКО-ның ақпараттық жүйелерінен ЦТЖ-не мәліметтерді береді;
ЦТЖ-нен алынған салық төлеушілер-Пилоттық жобаға қатысушылар арасында жүргізілген төлемдер мен олардың бюджетке төленетін төлемдерінің деректерін өңдейді.
5) ЕДБ:
ЦТЖ-де салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушының цифрлық шотын ашады;
Жұмыс істеу қағидаларына сәйкес ЦТЖ-нің операторына сұрау салу жолдау арқылы ЦТЖ-дегі салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушының цифрлық шотын пайдалана отырып, ЦТ-де қабылдауды, аударымдарды және төлемдерді жүзеге асырады;
ҚҚС бойынша салықтық міндеттемелер бойынша клиенттен бюджетке ЦТ-де аударымдарды жүзеге асырады;
салық төлеушілер-Пилоттық жобаға қатысушы мен бюджетке төленетін төлемдер арасындағы төлемдер транзакциясын жүргізеді, қол қояды және валидациялауды жүзеге асырады;
ЦТ-ні таңбалайды;
клиенттің қолтаңбасын тексереді;
ЦТ транзакциясының тарихын сақтайды;
6) салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушы:
ЕДБ арқылы ЦТЖ-де цифрлық шот ашады;
мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша төлемді алғаннан кейін ақша қаражатын ЦТ-ге айырбастайды;
ЦТ-ні пайдалана отырып, өнім берушілермен есеп айырысуды жүргізеді;
ЦТ-ні пайдалана отырып, бюджетке ҚҚС төлеу бойынша міндеттемелерді орындайды.
7) есепке алу жүйелерін әзірлеушілер:
пысықтауды, интеграциялауды және қателерді жоюды қоса алғанда, Пилоттық жоба бойынша есепке алу жүйелерін техникалық қолдау жүзеге асырады.
9. Осы Пилоттық жобаға қатысуға салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушының келісімі ЕДБ-ге ЦТЖ-де цифрлық шот ашу туралы өтінім беруі және осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген тәртіппен ЦТ-мен төлемді растауы болып табылады.
Бұл ретте салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушы мен МКО арасында қағаз жеткізгіште осы Қағидалардың 7-тармағының 1), 2), 4), 5), 6) және 7) тармақшаларда көрсетілген Пилоттық жобаға қатысушылар арасында осы Пилоттық жоба шеңберінде пайдаланылатын деректерді (мәліметтерді) беруге (айырбастауға) келісім туралы келісімге қол қойылады.
10. Салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушы ЦТЖ-де цифрлық шотты толықтыру үшін мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша алынған ақша қаражаты есебінен ЦТ-ні сатып алады және бұл туралы сатып алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде МКК-ға жазбаша хабарлайды.
Салық төлеушілер-Пилоттық жобаға қатысушылар арасында сатып алынған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша есеп айырысулар ЦТЖ-де цифрлық шоттарды пайдалану жолымен жүзеге асырылады.
11. Салық төлеуші өзінің цифрлық шотынан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жеткізушінің (бұдан әрі – ТЖКҚ жеткізуші) цифрлық шотына ақша аудару үшін төлем құжатында тиісті электрондық шот-фактураның (бұдан әрі – ЭШФ) тіркеу нөмірін көрсетеді.
Бұл ретте салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушы бухгалтерлік жүйеде немесе ЕДБ қашықтан банктік қызмет көрсету арналарының интерфейстері арқылы төлем құжаттарын автоматты түрде қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
ЭШФ тіркеу нөмірі көрсетілген төлемді жүргізу кезінде төлемнің бір бөлігіне (ЭШФ-дағы ҚҚС сомасына) ЦТЖ-нің операторында оларды:
105101, 105102, 105104 және 105115 бюджеттік сыныптама кодтарына (бұдан әрі – БСК) бюджетке ҚҚС төлеуге;
басқа ҚҚС төлеушіге ЭШФ-мен байланыстыра отырып, төлемде ҚҚС төлеуге жұмсауға шектеу белгілейтін ЦТ-ні таңбалау жүргізіледі.
Өзінің цифрлық шотынан 105102 БСК-ға бюджетке ақша аудару үшін төлем құжатында салық төлеуші тауарларға арналған декларация нөмірін, 105104 БСК-ға – ЭШФ тіркеу нөмірін, 105115 БСК-ға импортқа арналған тауарларға ілеспе жүкқұжаттың тіркеу нөмірін немесе тауарларды әкелу туралы өтініштің нөмірі мен күнін көрсетеді.
ҚҚС бюджетке аудару ЕДБ клиентінің өкімі бойынша МКК цифрлық шотына жүзеге асырылады.
МКК ҚҚС сомасын ЦТ-де МКК цифрлық шотынан МҚК-нің цифрлық шотына аударады.
МҚК ЦЖТ-де "ҰТК" АҚ-ға МКК цифрлық шотынан аударылған сомаға тең сомаға ЦТ-ні өтеуге сұрау салуды жібереді.
ҰБ "ҰТК" АҚ-дан цифрлық ақшаны және МҚК-ның сұрау салуы негізінде қалыптастырылған төлем хабарламасын өтеу үшін тиісті тізілімді алғаннан кейін өтелген ЦТ сомасын Бірыңғай қазынашылық шотқа аудару жолымен ЦТ-ні өтеуді жүзеге асырады, сондай-ақ шығарылған ЦТ бойынша міндеттемелер шоты бойынша үзінді көшірмені "ҰТК" АҚ-ға береді.
Салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушының ЭШФ-ға байланыстырған төлемді растауы ЦТ-ні таңбалауға келісімі болып табылады.
Пилоттық жобаға қатысушы салық төлеуші ТЖКҚ жеткізушісіне ЦТ аудару кезінде қалыптастыратын төлем құжаттары осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген тәртіппен ЦТЖ тексерілуге жатады.
12. ЦТЖ салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатысушының төлем құжатын алған кезде оның төлемді тиісті ЭШФ-ға байланыстырудың дұрыстығына тексеру мақсатында есепке алу жүйелерімен және ЕДБ-мен өзара іс-қимылжасай отырып, онлайн режимде 10 (он) минуттан аспайтын мерзімде тексеруді жүзеге асырады.
Тексеруден өтудің оң нәтижесі болған кезде "Төлем құжаты расталды" мәртебесі бар хабарлама-жауап қалыптастырылады және ЕДБ-ға жіберіледі.
Тексеруден өтудің теріс нәтижесі болған кезде "Төлем құжаты расталмады" мәртебесі бар хабарлама-жауап қалыптастырылады және ЭШФ-ның тіркеу нөмірінің не төлем құжатының реквизиттерінің сәйкессіздігіне байланысты бас тарту себебі көрсетіле отырып, ЕДБ-ға жіберіледі.
13. Осы Қағидалардың 12-тармағында көзделген төлем құжатын тексеру нәтижелері бойынша ЕДБ төлем құжатын алады және оны Пилоттық жобаға қатысушы-салық төлеушінің цифрлық шотынан ТЖКҚ жеткізушінің цифрлық шотына ЦТ аудару жолымен орындайды.
"Төлем құжаты расталмады" мәртебесі болған кезде осы мәртебе бойынша Пилоттық жобаға қатысушы салық төлеушіге хабарлама жіберіледі.
14. Салық төлеуші-Пилоттық жобаға қатылушы өз қалауы бойынша таңбаланбаған ЦТ-ны ЕДБ-дағы өзінің ағымдағы шотына айырбастайды.
15. Осы Пилоттық жобаны іске асыру 2026 жылғы 2 ақпаннан бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейінгі мерзімде жүзеге асырылады.