"Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 7 ақпандағы № 55 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2026 жылғы 21 қаңтардағы № 11 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 22 қаңтарда № 37867 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 7 ақпандағы № 55 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31871 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлеріне ақшалай ризықты, жәрдемақылар мен басқа да төлемдерді төлеу қағидалары мынадай мазмұндағы 8-1-тараумен толықтырылсын:

      "8-1-тарау. Прокуратура органдары жүйесі қызметкерлерін қызмет бабында ауыстыру және жылжыту кезінде көтерме жәрдемақы төлеу

      35-1. Қызметкерді қызмет бабында бір елді мекеннен екінші елді мекенге елу километрден астам қашықтыққа көшумен байланысты ауыстыру және жылжыту кезінде қызметкердің өзіне екі айлық ақшалай қаражат және онымен бірге көшіп келген әрбір отбасы мүшесіне жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленеді.

      Көтерме жәрдемақыны есептеу үшін қызметкерді тағайындау күніндегі ақшалай қаражат қолданылады.

      Егер зайыбы мен жұбайы прокуратура органдары жүйесінің қызметкерлері болып табылған жағдайда, олардың қалған отбасы мүшелеріне көтерме жәрдемақы олардың таңдауы бойынша біреуіне осы жәрдемақыны алушының ақшалай қаражатының айлықақысынан төленеді.

      35-2. Прокуратура органдары жүйесі қызметкерін қызмет бабында ауыстыру және жылжыту кезінде оған бюджет қаражаты есебінен он тоннаға дейін өз мүлкін тасымалдағаны үшін, сондай-ақ онымен бірге көшіп келген отбасы мүшелерін қоса алғанда, теміржол, су, автомобиль көлігінде жол жүргені үшін шығындар өтеледі.

      Автомобиль жолдарының ұзындығы елді мекендердің шекаралары арасында кету пунктінен межелі пунктіне дейін айқындалады. Елді мекендер арасындағы қашықтық автомобиль жолдарының маңыздылық деңгейіне қарамастан, ең қысқа жол бойынша есептеледі.

      35-3. Көтерме жәрдемақы төлеу үшін мынадай құжаттар:

      1) еркін нысандағы баянат;

      2) мүлікті тасымалдау жөніндегі құжаттар (шарт, тауар-көлік жүкқұжаты, орындалған жұмыстар актісі, фискалдық чек, кірісті кассалық ордер,  шот-фактура);

      3) жол жүру құжаттары;

      4) прокуратура органдарының кадр бөлімшесі берген тағайындалған күнгі отбасы құрамы туралы анықтама;

      5) отбасы мүшелерінің туыстығын растайтын құжаттардың көшірмелері;

      6) жиырма үш жасқа дейінгі адамдардың күндізгі оқу нысанының білім алушылары екендігі туралы оқу орнының анықтамасы;

      7) қызметкердің асырауындағы ата-аналардың дербес табыс көзінің жоқтығы туралы құжаттар ұсынылғаннан кейін шығарылған бұйрық негіз болып табылады.

      Қызметкерлердің отбасы мүшелері деп: жұбайы (зайыбы), ерлі-зайыптылардың біреуінің кәмелетке толмаған (асырап алған, асырауындағы немесе қорғаншылығындағы) балалары; жұбайының (зайыбының) білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын жиырма үш жасқа дейінгі балалары; мүгедектігі бар (асырап алынған, асырауындағы немесе қамқорлығындағы) балалар және жұбайының (зайыбының) он сегіз жасқа дейін мүгедектік белгіленген мүгедектігі бар балалары; қызметкердің асырауындағы ата-аналары мен жұбайының (зайыбының) ата-аналары түсініледі.

      Асырауындағы адамдар деп құқық қорғау органы қызметкерінің табысы есебінен өмір сүретін және дербес табыс көзі жоқ отбасы мүшелері танылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қаржы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Б. Асылов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады