"Неке (ерлі-зайыптылық) және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу көрсеткіштерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 28 қыркүйектегі № 219 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы Басшысының 2026 жылғы 12 қаңтардағы № 4 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 14 қаңтарда № 37846 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Неке (ерлі-зайыптылық) және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу көрсеткіштерін есептеу әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2016 жылғы 28 қыркүйектегі № 219 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14380 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 5) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 427 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі туралы ереженің 15-тармағы 34) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының 2020 жылғы 23 қазандағы № 9-нқ бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы туралы ереженің 15-тармағы 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Неке (ерлі-зайыптылық) және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу көрсеткіштерін есептеу әдістемесінде:

      1, 2 және 3-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Неке (ерлі-зайыптылық) және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу көрсеткіштерін есептеу әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) халықаралық стандарттарға сәйкес қалыптастырылатын және "Мемлекеттік статистика туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітілетін статистикалық әдіснамаға жатады.

      2. Осы Әдістеме әкімшілік деректерді пайдалана отырып, неке (ерлі-зайыптылық) және некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу (бұдан әрі – некелесу мен ажырасу) көрсеткіштерін есептеу әдістерін айқындайды.

      3. Осы Әдістеме Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (бұдан әрі – Бюро) қызметкерлерінің және оның аумақтық бөлімшелерінің статистикалық қызметті жүзеге асыруы кезінде пайдалануына арналған.";

      7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Некелер мен ажырасулар туралы ақпарат көздері: азаматтық хал актілерін тіркеу органдарының актілік жазбалары және сотпен азаматтық хал актілерін тіркеу органдарына ұсынылатын неке бұзуды тіркеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі жөніндегі мәліметтер.

      8. Неке қию туралы актілерде қамтылған мәліметтердің ішінен статистикалық өңдеуде тіркеу күні мен орны, некеге тұрған әрбір адамның туған күні, жасы, азаматтығы, бұрынғы некелік жағдайы, ұлты, білім деңгейі, тұрақты тұратын жері пайдаланылады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Бюро ағымдағы статистика бойынша неке саны, некелесудің жалпы коэффициентін, жасы, неке жағдайы бойынша некелер санын, бірінші некеге тұрғандардың орта жасын, этносаралық некелерді қалыптастырады. Халық санағының қорытындысы бойынша неке жағдайы бойынша халық саны қалыптастырылады.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Бюро ағымдағы статистика бойынша бұрынғы ерлі-зайыптылардың жасына қарай ажырасулар, этносаралық ажырасулар, алғаш рет некеге тұрған ерлер мен әйелдердің ажырасу кезіндегі орташа жасы, сондай-ақ некенің ұзақтығы бойынша ажырасулар жөнінде деректерді қалыптастырады.".

      2. Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Халық статистикасы департаменті Заң департаментімен бірлесіп заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Халық статистикасы департаменті осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының құрылымдық және аумақтық бөлімшелеріне басшылыққа және жұмыста пайдалану үшін жеткізсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы басшысының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау және
реформалар агенттігінің
Ұлттық статистика бюросының басшысы
М. Турлубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Жасанды интеллект және

      цифрлық даму министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады