Бейнеу аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. "Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы" Бейнеу аудандық мәслихатының 2023 жылғы 23 қазандағы №7/71 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №4626-12 болып тіркелген) келесідей өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген шешімнің 1 қосымшасы осы шешімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Бейнеу аудандық мәслихатының төрағасы | А. Бораш |
"КЕЛІСІЛДІ"
"Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасы" мемлекеттік мекемесі
Бейнеу аудандық мәслихатының | |
2025 жылғы 15 сәуірдегі | |
№ 28/218 шешіміне қосымша | |
Бейнеу аудандық мәслихатының | |
2023 жылғы 23 қазандағы | |
№ 7/71 шешіміне 1 қосымша |
Бейнеу ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бейнеу ауданында әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысына (әрі қарай – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;
4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Бейнеу аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" мемлекеттiк мекемесi;
5) әлеуметтік көмек төлеу жөніндегі уәкілетті ұйым – екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының тиісті түрлеріне қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері;
6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;
7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;
8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
9) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;
10) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайын зерттеп-қарау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;
12) цифрлық құжаттар сервисі – "электрондық үкімет" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторға бекітіп берілген және ақпараттандыру объектілерінен алынған мәліметтер негізінде қалыптастырылған электрондық түрдегі құжаттарды көрсетуге және пайдалануға арналған объектісі;
13) шекті мөлшер – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері;
14) "электрондық үкімет" веб-порталы – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік және өзге де қызметтерге қол жеткізудің "ортақ терезесі" дегенді білдіретін ақпараттандыру объектісі;
15) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170 – бабының 3 - тармағында, 229 - бабының 3 - тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1 – тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12 - бабының 1 - тармағының 2) тармақшасында, 13 – бабының 2) тармақшасында, 17 – бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.
4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.
2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек ақшалай нысанда жылына 1 рет, келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні:
"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған және бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға – 15 000 (он бес мың) теңге;
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
3) 7 мамыр – Отан қорғаушы күні:
жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
4) 9 мамыр – Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 5 000 000 (бес миллион) теңге;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға – 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш;
жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;
басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;
еңбек ардагерлеріне - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
1979 жылғы 1 желтоқсан - 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;
5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылған күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш;
6) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушыларға (балаларға) – 8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш;
7) 1 қазан – Қарттар күні:
70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге – 15 000 (он бес мың) теңге;
8) қазан айының екінші жексенбісі – Қазақстан Республикасының Мүгедектігі бар адамдар күні:
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш;
9) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:
"Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға – 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш;
барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш.
6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мемлекеттік жәрдемақылар алмайтын тұлғаларға, жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай - 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіш;
2) адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, ай сайын - 2 (екі) ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінде;
3) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап алты айдың ішінде, өтініші бойынша, бір рет, табысын есепке алмай - 100 (жүз) айлық есептік көрсеткішке дейін;
4) өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,5 еселенген шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға (жетімдік; ата-ана қамқорлығының болмауы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы; бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы; пробация қызметінің есебінде болуы), жылына 1 рет - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;
5) өтініш беру алдындағы он екі айға Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы және келісім шарты болғанда, "бакалавр" дәрежесін алу үшін күндізгі нысан бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге (мүгедектігі бар адамдар, жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы) білім беру қызметтеріне ақы төлеу, жылына 1 рет;
6) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға (мүгедектігі бар адамды абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша санаторийлік-курорттық емдеу тағайындалған осы санаттарға сәйкес келетін адамдар екі жеңілдіктің біреуін таңдауға құқылы) Қазақстан Республикасының аумағында санаторийлік-курорттық емделуге табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;
7) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның, уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын, санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар.
3-тарау. Қорытынды ережелер
7. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті алу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі, әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту, әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару негіздері Үлгілік қағидалардың 3-тарауында келтірілген.
8. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген, ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.
Әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган Мемлекеттік корпорацияға әлеуметтік көмек сомаларын аударады.
Мемлекеттік корпорация әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органнан алынған әлеуметтік көмек сомаларын әлеуметтік көмек алушылардың банктік шоттарына аударады.
9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.