Цифрлық активті тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатқызу өлшемшарттарын және тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2025 жылғы 27 қарашадағы № 600/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 28 қарашада № 37494 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Кодексінің 332-1-бабының 8-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бекітілсін:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес, цифрлық активті тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатқызу өлшемшарттары;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес, тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің тізбесі.

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Жасанды интеллект және деректерді басқару комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды интеллект
және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2025 жылғы 27 қарашадағы
№ 600/НҚ
бұйрығына 1-қосымша

Цифрлық активті тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатқызу өлшемшарттары

      Цифрлық активті тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активке жатқызу өлшемшарттары мыналар:

      1) құнының тұрақтылығын қамтамасыз ететін цифрлық актив құнының мемлекеттердің бір немесе бірнеше ұлттық валюталармен салыстырмалы түрде ақпараттың болуы;

      2) соңғы 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде www.coinmarketcap.com интернет-ресурсында және (немесе) цифрлық активтер биржасында цифрлық активтің нарықтық құнының тәуліктік орташа ауытқуы +1 %-дан аспауы;

      3) осы цифрлық активті қамтамасыз ететін активтер, мүліктік құқықтар немесе міндеттемелер, эмитент, сондай-ақ цифрлық активтің бағасының тұрақтылығын қолдау тетігі туралы мәліметтерді қоса алғанда, цифрлық актив туралы ақпараттың болуы;

      4) www.coinmarketcap.com интернет-ресурсында цифрлық активтің нарықтық капиталдандыруы, сауда көлемдері туралы ақпараттың болуы;

      5) цифрлық активке және (немесе) оның эмитентіне қатысты сот шешімдерінің немесе Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқамаларының болмауы болып табылады.

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық
даму министрі
2025 жылғы 27 қарашадағы
№ 600/НҚ
бұйрығына 2-қосымша

Тіркеп-белгіленген құны бар қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің тізбесі

Цифрлық активтің атауы

Қысқартылған атауы

Валютаға байланыстылығы

1

Тезер ЮСДТ
(Tether USDT)

ЮСДТ
(USDT)

Америка Құрама Штаттарының Доллары

2

ЮСД Коин
(USD Coin)

ЮСДС
(USDC)

Америка Құрама Штаттарының Доллары

3

Рипл ЮСД
(Ripple USD)

РЛЮСД
(RLUSD)

Америка Құрама Штаттарының Доллары


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады