"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 58-бабына және "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысы 15 тармағының 421-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берiлiп отырған Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары бекiтiлсiн.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушы |
И. Шархан |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрлігі
| Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі міндетін атқарушының 2025 жылғы 4 қарашадағы № 473 Бұйрыққа қосымша |
Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын уақытша құрылыстарға, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де құрылыстарға, сондай-ақ заңсыз салынған объектілерге қолданылмайды.
3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) төтенше жағдай – адам шығынына, адамдардың денсаулығына немесе қоршаған ортаға зиян келтіруге, елеулі материалдық нұқсанға және адамдардың тыныс-тіршілігі жағдайларының бұзылуына әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соққан аварияның, өрттің, қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің, қауіпті табиғи құбылыстың, апаттың, дүлей немесе өзге де зілзаланың салдарынан қалыптасқан белгілі бір аумақтағы жағдай;
2) табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті табиғи құбылыстар (геофизикалық, геологиялық, метеорологиялық, агрометеорологиялық, гидрогеологиялық қауіпті құбылыс), табиғи өрттер, эпидемиялар, ауыл шаруашылығы өсiмдiктерi мен ормандардың аурулармен және зиянкестермен зақымдануы салдарынан қалыптасқан төтенше жағдайлар;
3) техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар – қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен, көлiк авариялары мен басқа да авариялардан, өрттерден (жарылыстардан), күштi әсер ететiн улы, радиоактивтi және биологиялық қауiптi заттар жайылатын (жайылу қатері бар) авариялардан, ғимараттар мен құрылыстардың кенеттен құлауынан, бөгеттердің бұзылуынан, тiршiлiктi қамтамасыз ететiн электр энергетикасы және коммуникация жүйелерiндегi, тазарту құрылыстарындағы авариялардан болған төтенше жағдайлар;
4) тұрғынжай – тұрақты тұруға арналған және сол үшін пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғынжай бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй);
5) үлгілік жоба – сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның бюджеттік бағдарламасы шеңберінде әзірленетін, кейіннен жобалау кезінде көп мәрте қолдануға арналған жобалау-сметалық құжаттама;
6) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;
7) төтенше жағдайлардың салдарларын жою – инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді, қоршаған ортаны қалпына келтіру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету бойынша жүргізілетін іс-шаралар, төтенше жағдайлар салдарынан жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу.
2-тарау. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын ұй беру тәртібі
4. Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтар төтенше жағдай туындағаннан кейін аумағында төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы органға өтініш беріп, мынадай құжаттарды ұсынады:
1) зардап шеккен азаматтың жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
2) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жылжымайтын мүлік иесінен (не сенімхат бойынша оның өкілінен) өтініш;
3) жылжымайтын мүлік объектісінің (тұрғын үйдің) кадастрлық паспорты;
4) жер учаскесіне сәйкестендіру құжаты (жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін акт);
5) жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы берген анықтама.
6) зардап шеккен азаматтарда тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда "Қазақстан ғарыш сапары" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының мәліметтері, сондай-ақ мына: әлеуметтік қорғау органдары; ішкі істер органдары, "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы; денсаулық сақтау және білім беру мекемелері мәліметтерінің; коммуналдық төлемдерді төлеу туралы мәліметтердің бірі көрсетілген тұрғын үйге иелік етуді растау болып табылады.
5. Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғынжайдың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау "Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 702 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 12425 болып тіркелген) белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады және оның және олардың элементтерінің нақты жай-күйін, беріктігі мен орнықтылығын, ғимараттар мен құрылыстарды одан әрі пайдалану мүмкіндігін айқындау мақсатында жүргізіледі.
Төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғынжайдың беріктігі мен орнықтылығын техникалық зерттеп-қарау жөніндегі шығыстар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
6. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімі өтініштер негізінде қалыптастырылады. Зардап шеккен азаматтардан өтініштер төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде қабылданады.
7. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың қалыптастырылған тізімдері Қазақстан Республикасының азаматы өтініш берген күннен бастап айына кемінде екі рет жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
8. Тұрғын үйсіз қалған және оны алуға мұқтаж азаматтардың тізімдерін қалыптастыру аяқталғаннан кейін күнтізбелік екі күн өткен соң аумағында табиғи және/немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдай болған жергілікті атқарушы орган төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөнінде комиссия (бұдан әрі – тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия) құрады.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген, ұсынылған құжаттардың және жергілікті атқарушы орган қоса берген төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғынжайдың жай-күйі туралы зерттеп-қарау жөніндегі қорытындының негізінде оларды одан әрі пайдаланудың мүмкін еместігі туралы ұсынымдарды көрсете отырып, 5 жұмыс күні ішінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тартуды ұсынады.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруден бас тарту үшін:
1) осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген құжаттардың болмауы;
2) ұсынылған құжаттардың дұрыс еместігінің анықталуы негіз болып табылады.
9. Үлгілік жобалар бойынша тұрғын үй салу және сатып алу бюджеттен тыс қаражаттан қаржыландырылады.
Бекітілген үлгілік жобалардың құны мен ауданынан асып кеткен жағдайда қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылады.
10. Төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккен азаматтар тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия айқындаған елді мекендердің аумағында жергілікті атқарушы органның сатып алып, кейіннен өздеріне заңнамада белгіленген тәртіппен беруі үшін тұрғын үй іздеуді өздері жүзеге асыруға рұқсат етіледі.
Сатып алынатын тұрғын үйдің құны бекітілген үлгілік жобадан аспауға тиіс.
11. Тұрғын үй алған азаматтардың тізімі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде жергілікті атқарушы органның интернет-сайтында және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
| Төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға тұрғын үй беру қағидаларына 1-қосымша |
Кімге _________________________
(комисия төрағасының
Т.А.Ә. (бар болса)
кімнен _______________________
(Т.А.Ә. (бар болса)
_____________________________
(тұратын)
тел. _________________________
Тұрғын үй беру туралы өтініш
Сізден маған ______________________________________________________
(оқиғаның сипаты көрсетіледі)
төтенше жағдай салдарынан қираған тұрғын үйдің орнына тұрғын үй беруіңізді сұраймын.
Алушының ЖСН ________________________________________________________
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1. _____________________________________________________________________
2. _____________________________________________________________________
3. _____________________________________________________________________
4. _____________________________________________________________________
20____ж. "____" ________________
Өтініш иесі _____________________________Т.А.Ә. (бар болса)
(күні, айы, жылы, қолы)
