"Патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-307/2020 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 30 қазандағы № 126 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 31 қазанда № 37288 болып тіркелді

      1. "Патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-307/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21850 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 212-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау тәртібін айқындайды.";

      2-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:

      "2-1) өңірлік трансплантаттау үйлестірушісі – трансплантаттау жөніндегі үйлестіру орталығының штаттық қызметкері болып табылатын облыстық орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау саласындағы медициналық ұйымдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін дәрігер";

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) көру ағзаларының (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндерінің (тін бөлігінің) ықтимал қайтыс болғаннан кейінгі доноры (бұдан әрі – ықтимал донор) – биологиялық өлімі 48 сағаттан кешіктірілмей анықталған, жасы он сегіз және одан жоғары жастағы адам мәйіті.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау Кодекстің 212-бабының 4-тармағына сәйкес патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдарда жүргізіледі.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Трансплантаттау (кератопластика) мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерін (тіннің бөлігін) алуды патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік ұйымдардағы офтальмолог дәрігері патологоанатоммен бірлесіп жүргізеді.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Тірі кезінде келісім берген жағдайда, медициналық ұйымның өңірлік үйлестірушісі Үйлестіруші орталықтан ақпарат алғаннан кейін жұбайына (зайыбына) және (немесе) оның жақын туыстарының біріне (заңды өкілдеріне) қайтыс болған адамның көру ағзасының (ағза бөлігінің) және (немесе) тінінің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығы мәселесі бойынша ерік білдіргені туралы алты сағат ішінде хабарлайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
А. Альназарова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады