Жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын бірінші басшыларын аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 590-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қазанда № 37273 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 5 тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын бірінші басшыларын аттестаттаудан өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында оның ресми жарияланғаннан кейін орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат
министрі
2025 жылғы 28 қазандағы
№ 590-НҚ бұйрығымен бекітілген

Жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын бірінші басшыларын аттестаттаудан өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын бірінші басшыларын аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және жекелеген мемлекеттік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын бірінші басшыларын аттестаттаудан өту тәртібін айқындайды.

2-тарау. Аттестаттау өту тәртібі

      2. Білімі мен біліктілігінің сәйкестік деңгейін айқындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын білім беру ұйымының бірінші басшысы үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді.

      Аттестаттау кезінде бағалаудың негізгі талабы ЖЖОКБҰ бірінші басшысының кәсіби қызметінің қойылатын біліктілік сипаттамаларына сәйкестігі болып табылады.

      Аттестаттауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 274-НҚ бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы басшысының (ректор) үлгілік біліктілік сипаттамасы негіз болады.

      3. ЖЖОКБҰ бірінші басшысын бастапқы аттестаттау ол лауазымға тағайындалған күннен бастап 3 (үш) жыл өткеннен кейін жүргізіледі.

      Оқу демалысында, жалақысы сақталмайтын демалыста (алты айдан асатын), жүктілікке және баланың (балалардың) дүниеге келуіне, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыста болған бірінші басшы жұмысқа шыққаннан кейін бір жылдың ішінде және кемінде алты ай өткен соң аттестатталады.

      4. Аттестаттау мына кезеңдерді қамтиды:

      1) аттестаттауды өткізуге дайындық;

      2) аттестаттау комиссиясы өткізетін әңгімелесу;

      3) аттестаттау комиссиясының шешім шығаруы.

      5. Аттестаттауды өткізу үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі:

      1) аттестаттауға жататын білім ЖЖОКБҰ бірінші басшысына қажетті құжаттар (әңгімелесуді өткізу күні туралы хабарлама, қызметтік тізімі, аттестаттау парағы) дайындауды;

      2) аттестаттауды өткізу графигін, әңгімелесуге сұрақтар мен жауаптар әзірлеуді;

      3) аттестаттау комиссиясының құрамын айқындауды;

      4) аттестаттауды өткізудің мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды жүзеге асырады.

      6. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі аттестаттауға жататын ЖЖОКБҰ бірінші басшыларын жылына бір рет айқындайды.

      7. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі ЖЖОКБҰ бірінші басшыларын әңгімелесудің өткізілетін күні туралы оны өткізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күн бұрын жазбаша хабардар етеді.

      8. Аттестаттауға жататын ЖЖОКБҰ бірінші басшысына Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аттестаттау парағын ресімдейді.

      9. Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі аттестаттау комиссиясының отырысына дейін 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей аттестаттау комиссиясына құжаттарды енгізеді.

      10. Аттестаттауды өткізу үшін Министрлік жанынан аттестаттау комиссиясы құрылады. Аттестаттау комиссиясының құрамы Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшенің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен бекітіледі.

      11. Аттестаттау комиссиясы кемінде 7 (жеті) адамнан тұратын мүшелердің тақ санынан, комиссия төрағасынан, төрағаның орынбасарынан, комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Аттестаттау комиссиясының хатшысы болып дауыс беруге құқығы жоқ Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесінің қызметкері тағайындалады. Аттестаттау комиссиясына Министрліктің қызметкерлері, ұлттық ЖЖОКБҰ өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, жұртшылық және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.

      12. Аттестаттау комиссиясының төрағасы қызметке басшылық жасайды, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды, жалпы бақылауды жүзеге асырады, қызметі мен қабылданатын шешімдері үшін жауапты болады.

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы комиссия отырысына тиісті материалдарды дайындауды жүзеге асырады және ол өткізілгеннен кейін хаттаманы ресімдейді. Хатшы техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады, аттестаттау комиссиясының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

      13. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін аттестаттау комиссияның құрамына қаралатын мәселелерге жеке мүдделілігі бар адамдар, аттестатталушының қарамағында болатын немесе оған бағынатын адамдар, сондай-ақ туыстық байланыстары немесе өзге де мән-жайлары аттестаттау комиссия шешімінің объективтілігіне әсер етуі мүмкін адамдар кіре алмайды.

      Мүдделер қақтығысы деп комиссия құрамына кіретін адамдардың жеке мүдделері олардың өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін жағдай түсініледі.

      Мүдделер қақтығысы кезінде комиссия мүшелеріне қарсылық білдіру тәртібі аттестаттау комиссия төрағасына мүдделер қақтығысының туындағаны немесе туындау мүмкіндігі туралы хабарлауды, содан кейін комиссия мүшесінің өзіне қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) немесе комиссияның басқа мүшесіне қарсылық білдіру рәсіміне бастамашылық жасауды қамтиды. Қарсылық білдіру туралы шешім жазбаша өтініш негізінде қабылданады және комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді.

      Мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесі ол туралы аттестаттау комиссияның төрағасын жазбаша нысанда дереу хабардар етеді.

      Комиссия мүшесі қабылданатын шешімдердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін жеке мүддесі болса, аттестаттау комиссияның төрағасына өздігінен бас тарту туралы жазбаша өтініш береді.

      Егер комиссияның басқа мүшесінде мүдделер қақтығысы туындаса, ол туралы ақпарат аттестаттау комиссияның назарына жеткізілуі тиіс.

      14. Қарсылық білдіру туралы шешім туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкіндігі туралы ақпарат болған кезде аттестаттау комиссияның отырысында қабылданады.

      Қарсылық білдіру туралы шешім аттестаттау комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелері және хатшы қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      15. Аттестаттау комиссиясының отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.

      16. Аттестаттаудан өтерден бір ай бұрын ЖЖОКБҰ бірінші басшылары Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесіне мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) ЖЖОКБҰ ғылыми кеңесі мақұлдаған жұмыстың негізгі қорытындылары туралы есеп;

      2) ЖЖОКБҰ қызметінің даму перспективасына арналған бағдарламасы;

      3) есепті кезеңдегі ғылыми еңбектерінің тізімі (болған жағдайда).

      17. Тыңдау нәтижелері бойынша аттестаттау комиссиясымен ашық дауыс беру жолымен шешім қабылдайды.

      Дауыс беру нәтижелері аттестаттау комиссиясы мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда аттестаттау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      18. Аттестаттауға жататын ЖЖОКБҰ бірінші басшылары дәлелді себеппен жұмыста уақытша болмауына байланысты (еңбекке уақытша жарамсыздығы, жыл сайынғы ақылы еңбек демалысында, әлеуметтік демалыста немесе іссапарда болған кезеңде) аттестаттау комиссиясының отырысына келмеген кезде оларды аттестаттау туралы мәселені қарау аттестаттау комиссиясы айқындайтын неғұрлым кеш мерзімге ауыстырылады.

      Ауыстыруға дәлелді себептердің құжаттамалық растамасы болған кезде жол беріледі (еңбекке уақытша жарамсыздық парағы, іссапар туралы бұйрық). Аттестаттаудың жаңа мерзімі шектеулер жойылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде белгіленеді.

      19. Әңгімелесу аттестатталушының таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде жүргізіледі.

      20. Әңгімелесу нәтижесі бойынша аттестаттау комиссиясы келесі шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді.

      21. Аттестаттау комиссиясының атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдауы аттестаттаудың теріс нәтижесі болып табылады.

      Аттестатталушыны аттестаттаудың теріс нәтижесі оның лауазымынан төмендетуге негіз, ал ол ұсынылған лауазымды қабылдаудан бас тартқан жағдайда – жұмыстан босатуға негіз болып табылады.

      Аттестаттау комиссиясының атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы шешім қабылдауы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 30-бабына сәйкес еңбек шартын ұзарту үшін негіз болып табылады.

      22. Аттестаттау комиссиясының мүшелері қол қойған шешімдері хаттамамен ресімделеді және аттестаттау парағына енгізіледі. Аттестаттау парағы аттестатталушының жеке ісінде сақталады.

      23. Әңгімелесу өткізілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесі аттестатталушыны аттестаттау комиссиясының шешімімен таныстырады.

      24. Даулы мәселелерді шешу, аттестатталатын адамдардың құқықтарын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен құрамы оның төрағасын қоса алғанда, мүшелерінің тақ санынан тұратын апелляциялық комиссия құрылады. Апелляциялық комиссия Министрлік қызметкерлерінен, ұлттық ЖЖОКБҰ өкілдерінен, тәуелсіз сарапшылардан, жұртшылық және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұрады. Апелляциялық комиссияның құрамына аттестаттау комиссиясының мүшелері кірмейді.

      Аттестаттау нәтижесімен келіспеген жағдайда аттестатталушы апелляциялық комиссияға шешімнің қолданылуын апелляция қаралғанға дейін тоқтата тұра отырып, шешімді қайта қарау туралы өтініш беруге құқылы. Апелляцияға өтініш аттестатталатын адаммен Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарының кадрларымен жұмыс жөніндегі құрылымдық бөлімшесіне апелляциялық комиссия төрағасының атына электрондық немесе қағаз түрінде аттестаттау комиссиясының шешімімен танысқаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде беріледі және апелляциялық комиссиямен 1 (бір) жұмыс күн ішінде қаралады.

      Апелляциялық комиссияның шешімі, егер отырысқа оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Аттестаттау нәтижелерімен келіспеу туралы апелляция бойынша шешім қатысып отырған комиссия мүшелері санының көпшілік даусымен қабылданады. Апелляциялық комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Апелляциялық комиссияның жұмысы төраға және комиссияның барлық қатысып отырған мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      25. Апелляциялық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда аттестатталушы оған Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес шағымдануға құқылы.

      26. Министрлік аттестаттау комиссиясы аттестатталушы атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы шешім қабылдаған жағдайда аттестаттау комиссиясы хаттамаға қол қойған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 21-тармағына сәйкес:

      - аттестатталушы ұсынылған лауазымға орналасуға келіскен жағдайда ЖЖОКБҰ бірінші басшысының лауазымын төмендету туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің Аппаратына ұсыныс жібереді;

      - аттестатталушы ұсынылған лауазымнан бас тартқан жағдайда ЖЖОКБҰ бірінші басшысы қызметінен босату туралы Қазақстан Республикасының Үкіметінің Аппаратына ұсыныс жібереді.

      27. Министрлік апелляциялық комиссиямен аттестаттау комиссиясының аттестатталушы атқаратын лауазымына сәйкес еместігі туралы шешімімен келіскен жағдайда Қағидалардың 26-тармағында көрсетілген ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Үкіметінің Аппаратына апелляциялық комиссиясы хаттамаға қол қойған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жібереді.

  Жекелеген мемлекеттік жоғары
және (немесе) жоғары оқу
орнынан кейінгі білім беру
ұйымдарының Қазақстан
Республикасының Үкіметі
лауазымға тағайындайтын және
лауазымынан босататын бірінші
басшыларын аттестаттаудан
өткізу қағидаларына қосымша

      Нысан

Аттестаттау парағы

      1. Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) ______________________

      _______________________________________________________________

      2. Туылған күні "___" ______________ жыл.

      3. Білім туралы, біліктілігін арттыру, қайта даярлау туралы мәліметтер (қашан және

      қандай оқу орнын бітірген, мамандығы мен біліктілігін қайта даярлау, ғылыми

      дәрежесі мен ғылыми атағы, оларды берген күні)

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      4. Атқаратын лауазымы және тағайындалған күні ___________________

      __________________________________________________________________

      __________________________________________________________________

      5. Жалпы еңбек өтілі: ____________________________________________

      6. Аттестаттау комиссиясының мүшелері айтқан ескертулер мен ұсыныстар

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      ________________________________________________________________

      ________________________________________________________________

      7. Отырысқа аттестаттау комиссиясының ______ мүшесі қатысты.

      8. Дауыс беру нәтижелері бойынша аттестатталушының қызметін бағалау:

      1) атқаратын лауазымына сәйкес келеді (дауыс саны) _______________

      _________________________________________________________________;

      2) атқаратын лауазымына сәйкес келмейді (дауыс саны) _______________

      __________________________________________________________________

      9. Аттестаттау комиссиясының ұсынымдары (олар бойынша берілетін уәждерді

      көрсете отырып). Ұсыныстар ұжымдық талқылау негізінде тұжырымдалады.

      Негіздеме: _____________________________________________________

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      _______________________________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы: _______________________ (қолы)

      Ұсынымды қолдаған комиссия мүшелерінің саны: ___ бастап___.

      10. Ескертулер (осы бөлімде негізгі тармақтарда көрсетілмеген рәсімдік сәттер

      бойынша аттестатталушының, комиссияның хатшысының немесе Төрағасының

      қосымша ескертулері тіркеледі. Барлық жазбалар тараптардың қолдарымен

      расталады)

      ________________________________________________________________

      ________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      Аттестаттау комиссиясының төрағасы: _________________________ (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының хатшысы: ___________________________ (қолы)

      Аттестаттау комиссиясының мүшелері: _____________________________ (қолы)

      _____________________________ (қолы) ____________________________ (қолы)

      _____________________________ (қолы)

      Аттестаттау өткізілген күні ________ жылғы "___" ________________

      Аттестаттау парағымен таныстым: _______________________________________

      (аттестатталушының қолы)

      Мөрге арналған орын

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады