Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 28 қазандағы № 631 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 қазанда № 37248 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 173-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 275 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20215 болып тіркелген);

      2) "Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірістерін жанама әдіспен айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 275 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 18 наурыздағы №231 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №22389 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшасында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрі
2025 жылғы 28 қазандағы
№ 631 бұйрығымен бекітілген

Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерді жанама әдіспен айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 173-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленген және мемлекеттік кірістер органдарының жеке тұлғалардың салық салу объектілерін және (немесе) салық салуға байланысты объектілерін (бұдан әрі – Объектілер) жанама әдіспен айқындау тәртібін айқындайды.

      2. Объектілерді Салық кодексінің 173-бабы 1-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес активтерді, мүлікті, міндеттемелерді, кірістерді, айналымды, шығындарды бағалау, сондай-ақ басқа да объектілерді бағалау негізінде жанама әдіспен айқындау мынадай:

      1) есепке алуды жүргізу тәртібінің бұзылуы;

      2) есепке алу құжаттамасының жоғалуы немесе жойылуы.

      3. Осы Қағидалар дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрмайтын жеке тұлғаларға, жеке практикамен айналысатын адамдарға қатысты олардың қызметін жүзеге асырған кезеңде қолданылады.

2-тарау. Объектілерді жанама әдіспен айқындау тәртібі

      4. Мемлекеттік кірістер органдары жеке тұлғаның кірісін жанама әдіспен айқындаудың мынадай тәсілдерін қолданады:

      1) активтер құнының өсімі әдісі;

      2) шығындарды есепке алу әдісі;

      3) банктік шоттардағы қозғалысты есепке алу әдісі.

      Бұл ретте жеке тұлғаның кірісін жанама әдіспен айқындау кезінде Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген әдістердің комбинациясын қолдануға жол беріледі.

      5. Жеке тұлғаның кірісін жанама әдіспен айқындау мынадай кезеңдерден тұрады:

      1) объектілерді айқындау;

      2) объектілерді бағалау;

      3) жеке тұлғаның кірісін есептеу.

      6. Мемлекеттік кірістер органдары Салық кодексінің 173-бабының 2-тармағына сәйкес жанама әдіс негізінде объектілерді айқындау кезінде салық төлеуші, оның өнім берушілері мен сатып алушылары туралы, оның ішінде салықтық әкімшілендіру бойынша өзара іс-қимыл шеңберінде алынған, сондай-ақ салықтық бақылауды және кедендік бақылаудың өзге де нысандары нәтижесінде алынған мәліметтерді пайдаланады.

      7. Мемлекеттік кірістер органдары объектілерді айқындау мақсатында:

      1) банк ұйымдарына;

      2) тиісті мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға;

      3) тексерілетін салық төлеушінің өнім берушілерімен және сатып алушыларымен өзара есеп айырысулар мәселесі бойынша қарсы салықтық тексерулер жүргізу туралы басқа мемлекеттік кірістер органдарына;

      4) шет мемлекеттердің құзыретті органдарына;

      5) тексерілетін салық төлеуші (салық агенті) көрсеткен қызметтердің құны туралы тапсырыс берушілерге және сатып алынған өнімнің құны мен көлемі туралы сатып алушыларға;

      6) тексерілетін салық төлеушіге (салық агентіне) акцизделетін тауарлардың жекелеген түрлерінің өндірісі және айналымы саласында қызметтер көрсеткен, шикізатты, энергия ресурстарын және қосалқы материалдарды жіберуді жүзеге асырған жеке және заңды тұлғаларға сұрау салулар жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген ақпарат көздері мән-жайларға, тексерілетін салық төлеушінің (салық агентінің) қызмет сипаты мен түріне қарай әрбір нақты жағдайда қолданылады.

      8. Мемлекеттік кірістер органдары объектілерді айқындау үшін мынадай:

      1) жеке тұлғаның банктік шоттарындағы ақша қалдығы мен қозғалысы туралы, жеке тұлғаға берілген кредиттер және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыларды өтеуге шығыстар туралы;

      2) жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан мүлкі туралы, медицинаға және білімге жұмсаған шығыстары, мәмілелері мен шарттары, оның ішінде сақтандыру шарттары бойынша, жеке тұлғаның бағалы қағаздармен, биржа тауарларымен мәмілелері және әлеуметтік төлемдер бойынша аударымдары мен төлемдері туралы;

      3) шет мемлекеттеріндегі мүлік туралы мәліметтер, оның ішінде жеңілдікті салық салынатын;

      4) жеке және заңды тұлғалардың ұсынған салықтық есептілік нысандарынан;

      5) салықтық және кедендік бақылау нәтижелері бойынша алынған мәліметтер, оның ішінде жеке тұлғамен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес мәмілелер жасасқан тұлғаларға қатысты және (немесе) дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешек туындаған жеке тұлғамен өзара есеп айырысулар бойынша;

      6) құжаттармен расталған басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді қолданады.

      9. Мемлекеттік кірістер органдары жанама әдіс негізінде айқындаған объектілер туралы мәліметтерді жеке тұлғаның салықтық есептілігінде көрсетілген тиісті деректермен салыстырады.

      10. Жеке тұлға Салық кодексінің 417-бабында белгіленген мерзімде кірістер және мүлік туралы декларацияны табыс етпеген жағдайда, мұндай жеке тұлғада:

      жеке тұлғаның дертес салық салуға жататын кірістері;

      мемлекеттік немесе басқа тіркеуге жататын мүлікті, құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікті сатып алу, иеліктен шығару, өтеусіз алу, дебиторлық және (немесе) кредиторлық берешек, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерлердегі фактісі болмағаны расталды деп саналады.

      11. Егер жеке тұлғаның салықтық есептілігінде көрсетілген жеке тұлғаның кірістері оның жеке тұтынуға, оның ішінде мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарынмен сәйкес келмеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары, өткен кезеңдердегі кірістерді ескере отырып, оның шығындары негізінде кірісті және салықты айқындайды.

      12. Жеке тұлғада активтерінің, оның ішінде аяқталмаған құрылыс объектілерінің, көлік құралдарының, жер учаскелерінің, материалдық емес активтердің, инвестициялық мүлік және басқа мүліктің құнын растайтын құжаттары болмаса, онда осы тұлғаның кірісіне көрсетілген активтің нарықтық құны қосылады.

      Объектілердің нарықтық құны мемлекеттік кірістер органы тартқан, "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті жүзеге асыратын бағалаушының есебі негізінде айқындалады.

      13. Жеке тұлғаның жанама әдіспен салық салуға жататын кірістерін айқындау нәтижелері салықтық тексеру жүргізу және (немесе) мемлекеттік бақылаудың өзге де нысанын жүзеге асыру барысында пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады