"Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған нысаналы капитал қорының үлгілік жарғысы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі |
А. Балаева |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ғылым және жоғары білім министрлігі
| Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі 2025 жылғы 21 қазандағы № 576-НҚ Бұйрығымен бекітілген |
Нысаналы капитал қорының үлгілік жарғысы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Нысаналы капитал қорының Жарғысы (бұдан әрі – Жарғы)
(корпоративтік/жеке/қоғамдық) _____________________ (атауы өтініште көрсетіледі)
оның атауын, орналасқан жерін, оның органдарын қалыптастыру тәртібі мен құзыретін, оның қызметін қайта ұйымдастыру және тоқтату шарттарын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін басқа да ережелерді айқындайды.
2. Нысаналы капитал қоры (бұдан әрі – Қор) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес коммерциялық емес ұйым нысанында заңды тұлға болып табылады, дербес балансы, банктік шоттары болады, өз атынан мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иеленіп, жүзеге асыра алады, сотта талап қоюшы және жауапкер болуға міндетті.
3. Қордың толық атауы:
1) мемлекеттік тілде __________________________________________;
(атауы өтініште көрсетіледі)
2) орыс тілде _________________________________________________.
(атауы өтініште көрсетіледі)
4. Қордың қысқартылған атауы:
1) мемлекеттік тілде ___________________________________________;
(атауы өтініште көрсетіледі)
2) орыс тілде _________________________________________________.
(атауы өтініште көрсетіледі)
5. Қордың атқарушы органының орналасқан жері
__________________________________________________________________.
(атауы өтініште көрсетіледі)
2-тарау. Қордың құқықтық мәртебесі
6. Қор – әлеуметтік салада қызмет жүргізетін, мақсатты капиталдың (эндаумент-қордың) активтерін басқару арқылы инвестициялық табыс алуды және эндаумент-қордың (мақсатты капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық нысандарын қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын, қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым болып табылады. Бұл қызмет заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
7. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында филиалдар мен өкілдіктер құруға құқылы.
8. Филиал – Қордың орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан, Қордың барлық немесе бір бөлігіндегі функцияларын, соның ішінде өкілдік қызметін жүзеге асыратын оқшауланған құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
9. Өкілдік – Қордың орналасқан жерінен тыс жерде орналасқан, Қордың мүдделерін қорғау және өкілеттік ету, оның атынан мәмілелер мен өзге де құқықтық әрекеттер жасау қызметін жүзеге асыратын оқшауланған құрылымдық бөлімшесі.
10. Қор басқа заңды тұлғалармен бірлестіктерге (одақтарға) кіре алады, сондай-ақ басқа заңды тұлғалардың қатысушысы бола алады.
11. Қорда мемлекеттік және орыс тілдерінде ұйымның толық атауы бар мөрі, мөртабаны және бланкілері, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелген эмблемасы (нышаны) болады.
12. Қор заңнамада белгіленген тәртіппен банктерде шоттар ашуға, меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға. Мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға, Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапкершілік көтеруге, сотта талап қоюшы және жауапкер болуға құқылы.
3-тарау. Қызметтің мәні мен мақсаттары
13. Қор қызметінің негізгі мақсаты эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) ақшасын және (немесе) өзге де активтерін инвестициялау және кейіннен инвестициялық кірісті пайдалану арқылы қаржылық қолдау болып табылады.
14. Қор мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) эндаументтерді (нысаналы салымдарды) иелену, пайдалану және оларға билік ету;
2) эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру;
3) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару;
4) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін инвестициялау;
5) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру;
6) салымшылармен, құрылтайшылармен, пайда алушылармен және басқа да қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;
7) ақша жинау және эндаументтерді (нысаналы салымдарды) тарту жолымен эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін ұлғайтуға бағытталған бастамалар жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында және Жарғыда көзделген өзге де қызмет.
15. Қор қызметінің барлық түрлері Заңда және құрылтай құжаттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.
4-тарау. Қордың басқару органдарын қалыптастыру құрылымы мен тәртібі
16. Қордың басқару органдары:
1) жоғары алқалы орган – қамқоршылық кеңес;
2) атқарушы орган – алқалы орган немесе атауы Жарғыда белгіленетін, атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға;
3) ішкі аудит қызметі – қамқоршылық кеңес сайлайтын немесе тағайындайтын бақылау органы;
4) Заңға және Жарғыға сәйкес өзге де органдар.
17. Қордың басқару органдарын қалыптастыру құрылымы, тәртібі Заңның ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес айқындалған.
18. Қор жұмыскерлерін тағайындау, шеттету тәртібі, олардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңдарында және Жарғыда белгіленеді.
19. Қордың консультативтік-кеңесші органдары қамқоршылық кеңестің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында тек қана қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша құрылуы мүмкін.
5-тарау. Қамқоршылар кеңесі
20. Қамқоршылық кеңес Қордың алқалы жоғары басқару органы болып табылады, ол:
1) Қор қызметінің жалпы стратегиясы мен бағыттарын айқындайды;
2) Қор Заңға сәйкес эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындайды;
3) қамқоршылық кеңестің құрамы мен мүшелерінің саны бойынша өзгерістерді бекітеді;
4) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру, эндаумент-қор (нысаналы капитал) қалыптастырылатын мерзім (егер мерзім нысаналы салым шартында айқындалмаса) және эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы шешімдер қабылдайды;
5) Жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
6) Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қордың қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін ішкі құжаттарды бекітеді;
7) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялаудың кәсіби әдеп қағидаларын бекітеді;
8) Қордың есепке алу саясатын бекітеді;
9) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
10) жыл сайын Қордың қаржылық жоспарын (бұдан әрі – қаржылық жоспар) бекітеді;
11) қаржылық жоспардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
12) инвестициялық декларацияны, сондай-ақ оған өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды бекітеді;
13) егер көрсетілген талаптар қайырмалдық шартында айқындалмаса, Қордың меншікті қаражатын және ерікті қайырмалдықтарды пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын айқындайды;
14) басқарушы компанияларға (фидуциарийлерге) қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
15) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын бекітеді;
16) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
17) жыл сайын Қордың қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлерін бекітеді;
18) Қор атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің (атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) сандық құрамы мен өкілеттіктер мерзімі, оларды (оны) тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі туралы шешімдер қабылдайды;
19) ішкі аудит қызметінің басшысын тағайындау немесе шеттету туралы шешімдер қабылдайды;
20) Қордың консультативтік-кеңесші органдарын құру туралы шешімдер қабылдайды;
21) Қордың консультативтік-кеңесші органдарының қызметі туралы ережені бекітеді;
22) басқарушы компания (фидуциарий) мен аудиторлық ұйымды, сондай-ақ олардың сыйақысының мөлшері мен нысандарын айқындайды;
23) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау туралы шешімдер қабылдайды және ақша жинау жөніндегі нысаналы салым шартының үлгілік нысанын бекітеді;
24) егер көрсетілген талаптар нысаналы салым шартында айқындалмаса, инвестициялық кірісті пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын, сондай-ақ пайда алушыларды, пайда алушыларға инвестициялық кіріс есебінен төленетін төлемдердің көлемін, оларды жүзеге асырудың кезеңділігі мен тәртібін айқындайды;
25) атқарушы орган ұсынған, эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға негіз болатын нысаналы салым шартын келіседі;
26) жыл сайын Қордың қызмет бағыттары бойынша оның ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын бекітеді;
27) Қор жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережені бекітеді;
28) Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді қабылдайды.
21. Қамқоршылық кеңес Қордың құрылтайшылары (олардың өкілдері), салымшылар (олардың өкілдері), қоғам алдында сіңірген еңбегі, Қор қызметінің мақсаттарына сай салада беделі және (немесе) жетістіктері бар азаматтар және заңды тұлғалардың өкілдері қатарынан құрылады.
Қамқоршылық кеңестің құрамына Қордың үлестес тұлғалары болып табылатын бір заңды тұлғаның немесе әртүрлі заңды тұлғалардың өкілдері болып табылатын екі және одан да көп тұлға кіре алмайды. Бұл шектеу Қор құрылтайшыларының өкілдеріне қолданылмайды. Қордың құрылтайшылары немесе олардың өкілдері қамқоршылық кеңес құрамының үштен бірінен аспайтын бөлігін құрауы мүмкін.
Қор өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін Қордың қамқоршылық кеңесінің мүшелеріне және консультативтік-кеңесші органдарының мүшелеріне сыйақы төлеуді жүзеге асыруға құқылы емес.
22. Қамқоршылық кеңестің бастапқы құрамын Қордың құрылтайшылары бекітеді және жеті мүшеден кем болмауы тиіс.
23. Эндаумент (нысаналы салымның) мөлшері соңғы есепті күні эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) он пайызынан астамын құрайтын салымшы өзін немесе өз өкілін қамқоршылық кеңестің құрамына енгізуді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда қамқоршылық кеңес осындай салымшыны немесе оның өкілін салымшының тиісті талабын алған күннен бастап бір ай ішінде, егер мұндай енгізу Жарғының 21-тармағына қайшы келмесе, қамқоршылық кеңестің құрамына енгізу туралы шешім қабылдауға міндетті.
6-тарау. Атқарушы орган
24. Атқарушы орган Қордың ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады.
Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган Заңмен және Жарғымен қамқоршылық кеңестің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, Қордың қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және қамқоршылық кеңеске есеп береді.
Алқалы атқарушы органның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысып отырған барлық мүшесі қол қоюға және онда дауысқа салынған мәселелер, атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.
Атқарушы орган мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде атқарушы органның басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.
Атқарушы орган қамқоршылық кеңестің шешімдерін орындауға міндетті.
25. Атқарушы органның басшысы:
1) қамқоршылық кеңестің шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қарым-қатынаста Қор атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) өз құзыреті шегінде үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда Қордың атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
4) атқарушы органның құрамына кіретін жұмыскерлерді және ішкі аудит қызметінің жұмыскерлерін қоспағанда, Қордың жұмыскерлерін (Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады, штат кестесіне және Қор жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережеге сәйкес, Қор жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларының және жалақыға дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді;
5) өзі болмаған жағдайда алқалы атқарушы орган жанындағы өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) пайда алушылардың ұсыныстарын ескере отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
8) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын қамқоршылық кеңеске бекітуге енгізеді;
9) қамқоршылық кеңес бекіткен эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын орындайды;
10) қамқоршылық кеңес бекіткен Қордың қызмет бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын әзірлейді және орындайды.
26. Қордың жұмыскерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі қамқоршылық кеңестің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы органның басшысы не атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не атқарушы органның, басқа заңды тұлғаның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға не шетелдік заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі басшысының лауазымын атқаруға құқылы емес.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, Жарғыда, сондай-ақ атқарушы орган мүшесі мен Қор арасында жасалатын еңбек шартында белгіленеді.
Қордың атынан атқарушы органның басшысымен еңбек шартына қамқоршылық кеңестің төрағасы немесе оған Қамқоршылық кеңес уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
27. Атқарушы органның басшысы мен мүшелері қамқоршылық кеңестің құрамына кірмейді.
28. Салымшы мен оның өкілдерінің, сондай-ақ Қордың үлестес тұлғаларының атқарушы орган басшысының немесе мүшелерінің лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ.
29.Қордың үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді ашу тәртібі Жарғыда белгіленеді.
30.Атқарушы органның басшысы мен мүшелері өз міндеттерін орындау кезінде Қордың мүддесінде әрекет етуге тиіс.
7-тарау. Ішкі аудит қызметі
31. Қаржы-шаруашылық қызметті бақылауды жүзеге асыру және ішкі бақылауды қамтамасыз ету үшін ішкі аудит қызметі құрылады.
32.Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлері қамқоршылық кеңестің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлерін қамқоршылық кеңестің келісімінсіз жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
33.Ішкі аудит қызметі тікелей қамқоршылар кеңеске бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
34.Ішкі аудит қызметі:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының, Жарғының және Қор қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін Қордың ішкі құжаттарының сақталуын тексереді;
2) қаражатты мақсатсыз пайдалану және фидуциарлық міндеттемелерді бұзу жағдайларын анықтайды;
3) жыл сайын өткен жылдың аудиторлық есебін бекіту үшін қамқоршылық кеңеске ұсынады, қажет болған кезде анықталған және (немесе) ықтимал бұзушылықтардың бар екендігі туралы түсіндірме жазбаны аудиторлық есепке қоса береді;
4) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылған аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңеспен, сондай-ақ қажет болған кезде басқа да аудиторлық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
35. Ішкі аудит қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасының, Жарғының және Қор қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін Қордың ішкі құжаттарының анықталған және (немесе) ықтимал бұзушылықтардың бар екендігі туралы тікелей қамқоршылық кеңестің төрағасына хабарлауға міндетті.
8-тарау. Салымшылардың құқықтары мен міндеттері
36.Салымшылар:
1) талап ету бойынша Қордың қызметі, оның қаржылық жағдайы және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің пайдаланылуы туралы ақпарат алуға;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) Заңға және Жарғыға сай келетін қайырымдылық бағдарламаларын ұсынуға;
3) егер бұл Жарғыда көзделсе, Қордың консультативтік-кеңесші органдарының және (немесе) басқару органдарының қызметіне қатысуға;
4) Заңға, Қордың құрылтай және ішкі құжаттарына сәйкес Қорды басқаруға қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын Қордың басқару органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға;
6) нысаналы салым шартының мерзімі өткен, эндаумент-қор (нысаналы капитал) таратып жіберілген жағдайларда және нысаналы салым шартында көзделген өзге де жағдайларда эндаументті (нысаналы салымды) қайтаруды талап етуге құқығы бар.
37.Салымшылар:
1) Қордың консультативтік-кеңесші органдарының және (немесе) басқару органдарының қызметіне қатысқан жағдайда Жарғыны сақтауға;
2) жасалған нысаналы салым шарттарына сәйкес мүлікті эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) беруді уақтылы және толық жүзеге асыруға;
3) Қордың қызметіне және жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге, Қордың қызметіне өзінің қатысуын Жарғыға және құрылу мақсаттарына қайшы келетін мақсаттарда пайдаланбауға міндетті.
38. Салымшылардың Қорды басқаруға қатысуы салымшыларды немесе олардың өкілдерін Қордың қамқоршылық кеңесіне және (немесе) консультативтік-кеңесші органдарына қосу арқылы іске асырылады.
39. Салымшылардың немесе олардың өкілдерінің Қорды басқаруға қатысуы оларға эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне меншік құқықтарын беруге алып келмейді.
40. Салымшылар немесе олардың өкілдері Қорды басқаруда өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін сыйақы алуға құқылы емес.
9-тарау. Қордың мүлкі
41. Қордың Жарғыда көзделген Қор қызметін материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті меншігінде, сенімгерлік және жедел басқаруында мүлкі болуы мүмкін.
42. Оның құрылтайшысы Қорға берген мүлік Қордың меншігі болып табылады.
Құрылтайшылардың Қор мүлкіне мүліктік құқығы жоқ және міндеттемелерін орындамаған жағдайда Жарғымен бекітілген тәртіпте құрылтайшылардың жалпы жиналысымен Қордан шығарылуы мүмкін.
43. Қордың мүлкі:
1) жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтарынан;
2) сенімгерлік басқару шарты (шарттары) бойынша берілген мүліктен;
3) жеке және заңды тұлғалардың нысаналы салым шарты (шарттары) бойынша берілген эндаументтерінен (нысаналы салымдарынан);
4) Қор құрылтайшыларының жарналарынан;
5) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістерден тұрады.
44. Нысаналы салым шарты шеңберінде берілген мүлікті қоспағанда, эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) енгізілген мүлік Қордың меншігіне айналады.
45. Құрылтайшылар сыйға тарту, қайырмалдық, нысаналы салым шарты (шарттары), сондай-ақ өсиет бойынша Қорға енгізген және беретін мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбауға тиіс.
10-тарау. Қордың қаржылық және бухгалтерлік есептілігі мен аудиті
46. Қордың бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп, қаржылық есептілік туралы заңнамасына және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес айқындалады.
47. Қор Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) меншікті қаражаты мен активтері бойынша бөлек бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және қаржылық есептілікті ұсынады.
48. Бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды атқарушы орган жүзеге асырады.
49. Атқарушы орган жыл сайын қамқоршылық кеңеске бекіту үшін аудиті Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген өткен жылғы жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
50. Қордың қаржы жылы 1 қаңтардан 31 желтоқсанды қоса алғандағы күнтізбелік жыл есепті кезең болып табылады.
51. Қор жылдық қаржылық есептілікке тәуелсіз аудит жүргізуге міндетті.
11-тарау. Қордың қызметі туралы ақпаратты жариялау
52. Қор жыл сайын өзінің ресми интернет-ресурсында жылдық қаржылық есептілікті, аудиторлық қорытындыны, эндаумент-қорлардың (мақсатты капиталдардың) қайырымдылық бағдарламаларын орындау туралы есепті, мақсатты капитал қорының меншікті қаражаты мен эндаумент-қордың (мақсатты капиталдың) активтерін пайдалану туралы есепті, сондай-ақ мақсатты капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстары бойынша есепті Қамқоршылық кеңес оларды бекіткеннен кейін отыз күнтізбелік күн ішінде жариялауға міндетті.
12-тарау. Қордың филиалдары мен өкілдіктері
53. Филиалдар мен өкілдіктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Оларға Қордың мүлкі беріледі және бекітілген ереже негізінде әрекет етеді. Филиалдың немесе өкілдіктің мүлкі жеке баланста және Қор балансында есепке алынады.
54. Филиалдар мен өкілдіктердің басшыларын тағайындау, шеттету тәртібі, Қазақстан Республикасының заңдарында және Жарғыда белгіленеді.
13-тарау. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі
55. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу қамқоршылық кеңестің тиісті шешім қабылдауы арқылы жүзеге асырылады.
14-тарау. Қорды тарату
56. Қор ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратылуы мүмкін.
57. Қорды ерікті түрде тарату туралы шешімді қамқоршылық кеңес не құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген Қор органы қабылдайды.
Қорды ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдаған Қор органы тарату комиссиясын тағайындайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қорды тарату тәртібі мен мерзімдерін белгілейді.
58. Қорды мәжбүрлеп таратуды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен сот жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мүдделі тұлғалар сотқа Қорды тарату туралы талап қоюы мүмкін.
59. Тарату комиссиясы тағайындалған сәттен бастап оған Қордың мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер ауысады. Тарату комиссиясы таратылатын Қор атынан сотқа қатысады.
Тарату комиссиясының құрамы Қор қызметінің өзіндік ерекшелігі ескеріліп, мынадай қатысушылар:
1) қамқоршылық кеңес өкілдері;
2) атқарушы органның өкілдері;
3) ішкі аудит қызметінің өкілдері;
4) Қордың басқару органдарының құрамына кірмейтін салымшылардың өкілдері міндетті түрде енгізе отырып айқындалады.
60. Қор таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік Жарғыда көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
Оның кредиторларының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында реттеледі.
61. Қорды тарату туралы ақпарат тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде оның ресми интернет-ресурсында міндетті түрде жариялануға тиіс. Жариялау міндеті тарату комиссиясына жүктеледі.
15-тарау. Қорытынды ережелер
62. Жарғымен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының заңнамасымен регламенттеледі.
