ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізу тәртібін 36-б. қараңыз.
Осы Заң нысаналы капитал қорларын құру, басқару және тарату, эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) қалыптастыру, толықтыру, таратып жіберу және олардың инвестициялық кірістерін пайдалану, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін сенімгерлік басқару кезінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әртараптандыру – эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтері құнының азаю тәуекелін төмендету мақсатында оларды әртүрлі қаржы құралдарына орналастыру;
2) басқарушы компания (фидуциарий) – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы не эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын нысаналы капитал қоры;
3) ерікті қайырмалдықтар – қайырымдылық көмек көрсету үшін нысаналы капитал қорына немесе эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) берілген ақша, сондай-ақ өзге де мүлік;
4) инвестициялық декларация – инвестициялау объектілерінің тізбесін, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегиясын, фидуциарлық міндеттемелерін, талаптарын және оған шектеулерді, хеджирлеу және әртараптандыру талаптарын көздейтін құжат;
5) инвестициялық кіріс – эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерін инвестициялау нәтижесінде алынған олардың ақшалай мәндегі өсімі;
6) қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган – қайырымдылық саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
8) нысаналы капитал қоры – осы Заңда көзделген тәртіппен, инвестициялық кірісті қамтамасыз ету және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін әлеуметтік салада эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын, қордың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылатын коммерциялық емес ұйым;
9) нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары – нысаналы капитал қорына қатысты шешімдерді тікелей және (немесе) жанама түрде айқындау және (немесе) бір-бірінің (тұлғалардың бірінің) қабылдайтын шешімдеріне, оның ішінде жасалған мәміле негізінде ықпал ету мүмкіндігі бар жеке немесе заңды тұлғалар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда);
10) нысаналы салым шарты – бір тарап (салымшы) эндаументтің (нысаналы салымның) сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ете отырып, инвестициялық кіріс алу және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін екінші тарапқа (нысаналы капитал қорына) эндаументті (нысаналы салымды) шектеусіз мерзімге немесе кемінде он жыл мерзімге иеленуге, пайдалануға және билік етуге беретін шарт;
11) пайда алушы – нысаналы капитал қорынан немесе эндаумент-қордан (нысаналы капиталдан) қайырымдылық көмек алатын тұлға;
12) салымшы – нысаналы салым шартының тарапы болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;
13) сенімгерлік басқару шарты – басқарушы компания (фидуциарий) нысаналы капитал қорымен Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін сенімгерлік басқаруға беру туралы жасасатын, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін құрайтын инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шарт;
14) таза активтер құны – эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) барлық активтерінің құны мен олардың эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтері есебінен төленуге жататын міндеттемелері не есепке жазылған шығыстары арасындағы айырма ретінде айқындалатын эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтері құнының ақшалай мәні;
15) фидуциарлық міндеттемелер – осы Заңға сәйкес басқарушы компания (фидуциарий) қабылдайтын, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару және оларды ақылға қонымды, адал және әділ инвестициялау бойынша қызметті жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелер;
16) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері – меншік құқығында немесе нысаналы салым шарты құқығында нысаналы капитал қорына тиесілі активтер жиынтығы;
17) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы – инвестициялық кіріс есебінен қаржыландырылатын қайырымдылық көмекті жүзеге асыру мерзімдері мен тәртібін қамтитын шаралар жүйесі;
18) эндаумент-қор (нысаналы капитал) – эндаументтер (нысаналы салымдар) мен инвестициялық кіріс, сондай-ақ нысаналы капитал қорының меншікті қаражаты есебінен қалыптастырылатын және (немесе) толықтырылатын және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін пайдаланылатын нысаналы капитал қорының мүлкі;
19) эндаумент (нысаналы салым) – сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартының (шарттарының), сондай-ақ өсиеттің талаптарына сәйкес сақталуы мен тұтастығын қамтамасыз ете отырып, иелену, пайдалану және билік ету үшін қайырымдылық ретінде ұсынылған немесе берілген мүлік.
2-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметіне байланысты қатынастарды реттеу ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленеді.
Осы Заңның күші "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев қоры" эндаумент-қорларын (нысаналы капиталдарын) қалыптастыру, толықтыру және пайдалану жөніндегі қызметке қолданылмайды.
3-бап. Қазақстан Республикасының нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
4-бап. Осы Заңның негізгі мақсаты мен міндеттері
1. Осы Заңның негізгі мақсаты эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) ақшасын және (немесе) өзге де активтерін инвестициялау және кейіннен инвестициялық кірісті пайдалану арқылы қаржылық қолдау болып табылады.
2. Осы Заңның негізгі міндеттері:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін тұрақты қаржылық қолдау үшін қосымша қаражат тарту;
2) инвестициялық декларацияға және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін инвестициялау;
3) пайда алушыларға қайырымдылық көмек көрсету;
4) нысаналы капитал қоры қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету, салымшылардың заңды мүдделерін қорғау, азаматтардың қаржылық сауаттылық деңгейін арттыру, оның ішінде осы Заңда белгіленген мақсаттар мен міндеттер шегінде нысаналы капитал қорының қызметі туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы арттыру болып табылады.
5-бап. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастырудың, толықтырудың және оның инвестициялық кірісін пайдаланудың негізгі қағидаттары
1. Салымшылар, нысаналы капитал қорлары және басқарушы компаниялар (фидуциарийлер) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметіне заңдылық, теңқұқықтылық, еріктілік, жариялылық, активтерді ақылға қонымды басқару және ұрпақтар теңдігі қағидаттары негізінде қатысады.
Заңдылық қағидаты құқықтың шынайы әрекетін белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді, онда барлық тұлғалар Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерде бекітілген құқықтық нормаларды қатаң сақтайды.
Теңқұқықтылық қағидаты салымшының, нысаналы капитал қорының, басқарушы компанияның (фидуциарийдің) шыққан тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымдарына, тұрғылықты жеріне немесе кез келген өзге де мән-жайларға қарамастан, заң мен сот алдындағы тең құқықтарын қамтамасыз ететін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.
Еріктілік қағидаты салымшының, нысаналы капитал қорының пайда алушыға көмек көрсету құқығын және пайда алушының үшінші тұлғалар тарапынан мәжбүрлеп ықпал етусіз оны алу немесе алмау құқығын белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.
Жариялылық қағидаты салымшының, нысаналы капитал қорының, басқарушы компанияның (фидуциарийдің) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қызметіне ашық түрде қатысу, осындай қатысу нәтижелерін масс-медиада еркін жариялау құқығын, сондай-ақ эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) қатысты салықтық, қаржылық және бухгалтерлік есептілік туралы ақпаратты ашуға кедергі келтірмеу міндетін белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.
Активтерді ақылға қонымды басқару қағидаты басқарушы компания (фидуциарий) үшін фидуциарлық міндеттемелерді белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.
Ұрпақтар теңдігі қағидаты нысаналы капитал қорының шешімдер қабылдау және әрекеттер жасау кезінде болашақ ұрпақтың мүдделері мен қажеттіліктерін ескеру міндетін белгілейтін құқықтық режимді сақтауды білдіреді.
2. Осы Заңда көзделген, іске асырылатын қағидаттар бостандығы тек Қазақстан Республикасының заңдарымен шектелуі мүмкін.
6-бап. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық кірістен қаржыландырылатын қайырымдылық бағдарламалары білім беру, ғылым және инновациялық қызмет, бұқаралық спорт, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер көрсету және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы қайырымдылық объектілерін қамтиды.
2. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы әрбір эндаумент-қор (нысаналы капитал) үшін әзірленеді және бекітіледі.
3. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы қайырымдылық объектілерін, мақсаттарын, міндеттерін, іске асыру кезеңін, болжамды кірістер мен шығыстар сметасын қамтиды.
4. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасын әзірлеуді, бекітуді және орындауды нысаналы капитал қоры пайда алушының мүдделері үшін жүзеге асырады.
5. Пайда алушы эндаумент-қордан (нысаналы капиталдан) алынған қаражатты эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) бекітілген қайырымдылық бағдарламасына сәйкес пайдаланады.
6. Пайда алушы қамқоршылық кеңеске қаражаттың пайдаланылуы туралы есепті қамқоршылық кеңес белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ұсынады.
Қамқоршылық кеңес қосымша мәліметтер сұратуға, эндаумент-қор (нысаналы капитал) қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына тексеру жүргізуге және бұзушылықтар анықталған жағдайда қаржыландыруды тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешім қабылдауға құқылы.
7-бап. Нысаналы капитал қоры қызметінің түрлері
1. Нысаналы капитал қоры мынадай қызмет түрлерін жүзеге асырады:
1) эндаументтерді (нысаналы салымдарды) иелену, пайдалану және оларға билік ету;
2) эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру;
3) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару;
4) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін инвестициялау;
5) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру;
6) салымшылармен, құрылтайшылармен, пайда алушылармен және басқа да қатысушылармен өзара іс-қимыл жасау;
7) ақша жинау және эндаументтерді (нысаналы салымдарды) тарту арқылы эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін ұлғайтуға бағытталған бастамалар жүргізу;
8) Қазақстан Республикасының заңнамасында және нысаналы капитал қорының жарғысында көзделген өзге де қызмет.
2. Нысаналы капитал қоры қызметінің барлық түрлері осы Заңда және құрылтай құжаттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.
2-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ҚҰЗЫРЕТІ
8-бап. Қайырымдылық саласындағы уәкілетті органның құзыреті
Қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган:
1) ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша нысаналы капитал қорының үлгілік жарғысын әзірлейді және бекітеді;
2) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
9-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның құзыреті
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган:
1) эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін, сондай-ақ басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) оларды басқару қағидаларын белгілейтін нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді және бекітеді;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;
3) осы Заңның және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін, сондай-ақ оларды басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқаруы қағидаларын және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу қағидаларын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер талаптарының сақталуын бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады;
4) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
3-тарау. НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛ ҚОРЫ
10-бап. Нысаналы капитал қорын құру
1. Нысаналы капитал қоры оны құрылтайшылардың шешімі негізінде құру арқылы қалыптастырылады, онда мынадай ақпарат қамтылады:
1) құрылтайшылардың атауы және тұрған жері;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) мөлшері, оны қалыптастыру және (немесе) толықтыру тәртібі мен мерзімдері;
3) нысаналы капитал қорын және оның активтерін басқару тәртібі;
4) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қолданылу мерзімі;
5) пайда алушының эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыруға жазбаша келісімі;
6) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) нысаналы мақсатын айқындау кезінде пайда алушының өз атын немесе атауын пайдалануға жазбаша келісімі.
2. Нысаналы капитал қорының мүлкі:
1) жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтарынан;
2) сенімгерлік басқару шарты (шарттары) бойынша берілген мүліктен;
3) жеке және заңды тұлғалардың нысаналы салым шарты (шарттары) бойынша берілген эндаументтерінен (нысаналы салымдарынан);
4) нысаналы капитал қоры құрылтайшыларының жарналарынан;
5) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқарудан түсетін инвестициялық кірістерден;
6) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздерден тұрады.
3. Нысаналы капитал қорының пайда алушылары өзінің құрылтай құжаттарында немесе қамқоршылық кеңестің эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) құру туралы шешімінде, сыйға тарту, қайырмалдық, нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте осы Заңда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес айқындалады.
4. Нысаналы капитал қоры мемлекеттік тіркелген кезден бастап заңды тұлғаның құқықтарына ие болады.
Нысаналы капитал қорын мемлекеттік тіркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Нысаналы капитал қорының құрылымы мен басқару органдары, сондай-ақ осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген өзге де ақпарат осы Заңның ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына сәйкес оның жарғысында белгіленеді.
6. Құрылтай шарты және нысаналы капитал қорының үлгілік жарғысына сәйкес әзірленетін, құрылтайшылар бекіткен жарғы нысаналы капитал қорының құрылтай құжаттары болып табылады.
11-бап. Нысаналы капитал қорының құрылтайшылары
1. Нысаналы капитал қорының құрылтайшылары жеке және (немесе) заңды тұлғалар болып табылады.
2. Құрылтайшылар сыйға тарту, қайырмалдық, нысаналы салым шарты (шарттары), сондай-ақ өсиет бойынша нысаналы капитал қорына енгізген және беретін мүлікке үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынбауға тиіс.
3. Нысаналы капитал қорының құрылтайшылары нысаналы капитал қорына берілетін активтер туралы толық және анық ақпаратты оның ресми интернет-ресурсында орналастыру үшін ұсынуға, сондай-ақ олардың нысаналы капитал қорының меншігіне өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
12-бап. Нысаналы капитал қорының басқару органдары
1. Мыналар нысаналы капитал қорының басқару органдары болып табылады:
1) жоғары алқалы орган – қамқоршылық кеңес;
2) атқарушы орган – алқалы орган немесе атауы нысаналы капитал қорының жарғысында белгіленетін, атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға;
3) ішкі аудит қызметі – қамқоршылық кеңес сайлайтын немесе тағайындайтын бақылау органы;
4) осы Заңға және нысаналы капитал қорының жарғысына сәйкес өзге де органдар.
2. Нысаналы капитал қорының жұмыскерлерін тағайындау, шеттету тәртібі, олардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі Қазақстан Республикасының заңдарында және нысаналы капитал қорының жарғысында белгіленеді.
3. Нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдары қамқоршылық кеңестің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында тек қана қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша құрылуы мүмкін.
13-бап. Қамқоршылық кеңес
1. Қамқоршылық кеңес:
1) нысаналы капитал қоры қызметінің жалпы стратегиясы мен бағыттарын айқындайды;
2) нысаналы капитал қоры осы Заңға сәйкес эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру арқылы қол жеткізетін мақсаттарды айқындайды;
3) қамқоршылық кеңестің құрамы мен мүшелерінің саны бойынша өзгерістерді бекітеді;
4) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру, эндаумент-қор (нысаналы капитал) қалыптастырылатын мерзім (егер мерзім нысаналы салым шартында айқындалмаса) және эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы шешімдер қабылдайды;
5) нысаналы капитал қорының жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді;
6) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нысаналы капитал қорының қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін ішкі құжаттарды бекітеді;
7) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялаудың кәсіби әдеп қағидаларын бекітеді;
8) нысаналы капитал қорының есепке алу саясатын бекітеді;
9) Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;
10) жыл сайын нысаналы капитал қорының қаржылық жоспарын (бұдан әрі – қаржылық жоспар) бекітеді;
11) қаржылық жоспардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
12) инвестициялық декларацияны, сондай-ақ оған өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды бекітеді;
13) егер көрсетілген талаптар қайырмалдық шартында айқындалмаса, нысаналы капитал қорының меншікті қаражатын және ерікті қайырмалдықтарды пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын айқындайды;
14) басқарушы компанияларға (фидуциарийлерге) қойылатын талаптарды әзірлейді және бекітеді;
15) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын бекітеді;
16) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
17) жыл сайын нысаналы капитал қорының қызметін қамтамасыз етуге жұмсалатын шығыстардың мөлшерлерін бекітеді;
18) нысаналы капитал қоры атқарушы органының басшысын тағайындау немесе шеттету, атқарушы орган мүшелерінің (атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның) сандық құрамы мен өкілеттіктер мерзімі, оларды (оны) тағайындау және өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі туралы шешімдер қабылдайды;
19) ішкі аудит қызметінің басшысын тағайындау немесе шеттету туралы шешімдер қабылдайды;
20) нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарын құру туралы шешімдер қабылдайды;
21) нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарының қызметі туралы ережені бекітеді;
22) басқарушы компания (фидуциарий) мен аудиторлық ұйымды, сондай-ақ олардың сыйақысының мөлшері мен нысандарын айқындайды;
23) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау туралы шешімдер қабылдайды және ақша жинау жөніндегі нысаналы салым шартының үлгілік нысанын бекітеді;
24) егер көрсетілген талаптар нысаналы салым шартында айқындалмаса, инвестициялық кірісті пайдаланудың арналымы мен мақсаттарын, сондай-ақ пайда алушыларды, пайда алушыларға инвестициялық кіріс есебінен төленетін төлемдердің көлемін, оларды жүзеге асырудың кезеңділігі мен тәртібін айқындайды;
25) атқарушы орган ұсынған, эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға негіз болатын нысаналы салым шартын келіседі;
26) жыл сайын нысаналы капитал қорының қызмет бағыттары бойынша оның ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын бекітеді;
27) нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережені бекітеді;
28) осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында және нысаналы капитал қорының жарғысында көзделген өзге де функцияларды орындайды.
2. Қамқоршылық кеңес нысаналы капитал қорының құрылтайшылары (олардың өкілдері), салымшылар (олардың өкілдері), қоғам алдында сіңірген еңбегі, нысаналы капитал қоры қызметінің мақсаттарына сай салада беделі және (немесе) жетістіктері бар азаматтар және заңды тұлғалардың өкілдері қатарынан құрылады.
Қамқоршылық кеңестің құрамына нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары болып табылатын бір заңды тұлғаның немесе әртүрлі заңды тұлғалардың өкілдері болып табылатын екі және одан да көп тұлға кіре алмайды. Бұл шектеу нысаналы капитал қоры құрылтайшыларының өкілдеріне қолданылмайды. Нысаналы капитал қорының құрылтайшылары немесе олардың өкілдері қамқоршылық кеңес құрамының үштен бірінен аспайтын бөлігін құрауы мүмкін.
Нысаналы капитал қоры өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін нысаналы капитал қорының қамқоршылық кеңесінің мүшелеріне және консультативтік-кеңесші органдарының мүшелеріне сыйақы төлеуді жүзеге асыруға құқылы емес.
3. Қамқоршылық кеңестің бастапқы құрамын нысаналы капитал қорының құрылтайшылары бекітеді және ол жеті мүшеден кем болмауға тиіс.
4. Эндаумент (нысаналы салым) мөлшері соңғы есепті күні эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) он пайызынан астамын құрайтын салымшы өзін немесе өз өкілін қамқоршылық кеңестің құрамына енгізуді талап етуге құқылы. Бұл жағдайда қамқоршылық кеңес осындай салымшыны немесе оның өкілін салымшының тиісті талабын алған күннен бастап бір ай ішінде, егер мұндай енгізу осы баптың 2-тармағына қайшы келмесе, қамқоршылық кеңестің құрамына енгізу туралы шешім қабылдауға міндетті.
14-бап. Атқарушы орган
1. Атқарушы орган нысаналы капитал қорының ағымдағы қызметіне басшылықты жүзеге асырады.
Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган осы Заңмен және нысаналы капитал қорының жарғысымен қамқоршылық кеңестің айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, нысаналы капитал қорының қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асырады және қамқоршылық кеңеске есеп береді.
Алқалы атқарушы органның шешімдері хаттамамен ресімделеді, оған атқарушы органның отырысқа қатысып отырған барлық мүшесі қол қоюға және онда дауысқа салынған мәселелер, атқарушы органның әр мүшесінің әрбір мәселе бойынша дауыс беру нәтижесі көрсетілген, осы мәселелер бойынша дауыс беру қорытындылары қамтылуға тиіс.
Атқарушы орган мүшесінің дауыс беру құқығын өзге адамға, оның ішінде атқарушы органның басқа мүшесіне беруіне жол берілмейді.
Атқарушы орган қамқоршылық кеңестің шешімдерін орындауға міндетті.
2. Атқарушы органның басшысы:
1) қамқоршылық кеңес шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда нысаналы капитал қоры атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) өз құзыреті шегінде үшінші тұлғалармен қарым-қатынастарда нысаналы капитал қоры атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
4) атқарушы органның құрамына кіретін жұмыскерлерді және ішкі аудит қызметінің жұмыскерлерін қоспағанда, нысаналы капитал қорының жұмыскерлерін (осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жаза қолданады, штат кестесіне және нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу және оларға сыйлықақы беру туралы ережеге сәйкес, нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің лауазымдық жалақыларының және жалақыға дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді;
5) өзі болмаған жағдайда алқалы атқарушы орган жанындағы өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттіктер саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) пайда алушылардың ұсыныстарын ескере отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
8) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын қамқоршылық кеңеске бекітуге енгізеді;
9) қамқоршылық кеңес бекіткен эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламаларын орындайды;
10) қамқоршылық кеңес бекіткен нысаналы капитал қорының қызмет бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының жоспарын әзірлейді және орындайды;
11) осы Заңда, нысаналы капитал қорының жарғысында және қамқоршылық кеңестің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
3. Нысаналы капитал қорының жұмыскерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі қамқоршылық кеңестің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы органның басшысы не атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адам атқарушы орган басшысының не атқарушы органның, басқа заңды тұлғаның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын адамның лауазымын атқаруға не шетелдік заңды тұлғаның филиалы немесе өкілдігі басшысының лауазымын атқаруға құқылы емес.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңдарында, нысаналы капитал қорының жарғысында, сондай-ақ атқарушы орган мүшесі мен нысаналы капитал қоры арасында жасалатын еңбек шартында белгіленеді.
Нысаналы капитал қоры атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын еңбек шартына қамқоршылық кеңестің төрағасы немесе осыған қамқоршылық кеңес уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
4. Атқарушы органның басшысы мен мүшелері қамқоршылық кеңестің құрамына кірмейді.
5. Салымшы мен оның өкілдерінің, сондай-ақ нысаналы капитал қорының үлестес тұлғаларының атқарушы орган басшысының немесе мүшелерінің лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ.
6. Атқарушы органның басшысы мен мүшелері өз міндеттерін орындау кезінде нысаналы капитал қорының мүддесінде әрекет етуге тиіс.
15-бап. Ішкі аудит қызметі
1. Қаржы-шаруашылық қызметті бақылауды жүзеге асыру және ішкі бақылауды қамтамасыз ету үшін ішкі аудит қызметі құрылады.
2. Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлері қамқоршылық кеңестің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
Ішкі аудит қызметінің жұмыскерлерін қамқоршылық кеңестің келісімінсіз жұмыстан шығаруға жол берілмейді.
3. Ішкі аудит қызметі тікелей қамқоршылық кеңеске бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
4. Ішкі аудит қызметі:
1) Қазақстан Республикасы заңнамасының, нысаналы капитал қоры жарғысының және нысаналы капитал қоры қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін нысаналы капитал қорының ішкі құжаттарының сақталуын тексереді;
2) қаражатты мақсатсыз пайдалану және фидуциарлық міндеттемелерді бұзу жағдайларын анықтайды;
3) жыл сайын өткен жылдың аудиторлық есебін бекіту үшін қамқоршылық кеңеске ұсынады, қажет болған кезде анықталған және (немесе) ықтимал бұзушылықтардың бар екендігі туралы түсіндірме жазбаны аудиторлық есепке қоса береді;
4) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес құрылған аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңеспен, сондай-ақ қажет болған кезде басқа да аудиторлық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.
5. Ішкі аудит қызметі Қазақстан Республикасы заңнамасының, нысаналы капитал қоры жарғысының және нысаналы капитал қорының қызметін жүзеге асыру тәртібін белгілейтін нысаналы капитал қоры ішкі құжаттарының анықталған және (немесе) ықтимал бұзушылықтарының бар екендігі туралы тікелей қамқоршылық кеңестің төрағасына хабарлауға міндетті.
16-бап. Нысаналы капитал қорының қаржылық есептілігі және аудиті
1. Нысаналы капитал қорының бухгалтерлік есепке алуын жүргізу және қаржылық есептілігін жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп, қаржылық есептілік туралы заңнамасында және халықаралық қаржылық есептілік стандарттарында белгіленеді.
2. Нысаналы капитал қоры Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) меншікті қаражаты мен активтері бойынша бөлек бухгалтерлік есепке алуды жүргізеді және қаржылық есептілікті ұсынады.
Бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және қаржылық есептілікті жасауды атқарушы орган жүзеге асырады.
3. Атқарушы орган жыл сайын қамқоршылық кеңеске бекіту үшін аудиті Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген өткен жылғы жылдық қаржылық есептілікті ұсынады.
4. Нысаналы капитал қоры жыл сайын жылдық қаржылық есептілікті, аудиторлық есепті, эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қайырымдылық бағдарламаларының орындалуы туралы есепті, нысаналы капитал қоры меншікті қаражатының және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің пайдаланылуы туралы есепті және нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстары бойынша есепті қамқоршылық кеңес оларды бекіткеннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің ресми интернет-ресурсында жариялауға міндетті.
5. Нысаналы капитал қоры жылдық қаржылық есептілікке тәуелсіз аудит жүргізуге міндетті.
17-бап. Салымшылардың құқықтары мен міндеттері
1. Салымшылардың:
1) талап ету бойынша нысаналы капитал қорының қызметі, оның қаржылық жағдайы және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің пайдаланылуы туралы ақпарат алуға;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) осы Заңға және нысаналы капитал қорының жарғысына сай келетін қайырымдылық бағдарламаларын ұсынуға;
3) егер бұл нысаналы капитал қорының жарғысында көзделсе, нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарының және (немесе) басқару органдарының қызметіне қатысуға;
4) осы Заңға, нысаналы капитал қорының құрылтай және ішкі құжаттарына сәйкес нысаналы капитал қорын басқаруға қатысуға;
5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерін бұзатын нысаналы капитал қоры басқару органдарының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) немесе шешімдеріне шағым жасауға;
6) нысаналы салым шартының мерзімі өткен, эндаумент-қор (нысаналы капитал) таратып жіберілген жағдайларда және нысаналы салым шартында көзделген өзге де жағдайларда эндаументті (нысаналы салымды) қайтаруды талап етуге құқығы бар.
2. Салымшылар:
1) нысаналы капитал қорының консультативтік-кеңесші органдарының және (немесе) басқару органдарының қызметіне қатысқан жағдайда нысаналы капитал қорының жарғысын сақтауға;
2) жасалған нысаналы салым шарттарына сәйкес мүлікті эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) беруді уақтылы және толық жүзеге асыруға;
3) нысаналы капитал қорының қызметіне және жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге, нысаналы капитал қорының қызметіне өзінің қатысуын оның жарғысына және құрылу мақсаттарына қайшы келетін мақсаттарда пайдаланбауға міндетті.
3. Салымшылардың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары мен міндеттері болады.
18-бап. Салымшылардың нысаналы капитал қорын басқаруға қатысуы
1. Салымшылардың нысаналы капитал қорын басқаруға қатысуы салымшыларды немесе олардың өкілдерін нысаналы капитал қорының қамқоршылық кеңесіне және (немесе) консультативтік-кеңесші органдарына қосу арқылы іске асырылады.
2. Салымшылардың немесе олардың өкілдерінің нысаналы капитал қорын басқаруға қатысуы оларға эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне меншік құқықтарын беруге алып келмейді.
3. Салымшылар немесе олардың өкілдері нысаналы капитал қорын басқаруда өздеріне жүктелген функцияларды орындағаны үшін сыйақы алуға құқылы емес.
19-бап. Нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді ашу
1. Нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
2. Нысаналы капитал қоры нысаналы капитал қорының үлестес тұлғаларын есепке алуды жүргізеді, олар туралы мәліметтерді толық және уақтылы ашуды қамтамасыз етеді.
3. Нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді ашу тәртібі нысаналы капитал қорының жарғысында белгіленеді.
4. Нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар үлестестік туындаған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде өзінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді нысаналы капитал қорына ұсынуға міндетті.
5. Жасалуына мүдделiлiк бар мәмiленi нысаналы капитал қорының жасасуы туралы шешiмдi қамқоршылық кеңестің үлестес болуға байланысты оны жасасуға мүдделi емес мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiк даусымен қабылданады.
20-бап. Нысаналы капитал қорын тарату
1. Нысаналы капитал қоры ерікті түрде немесе мәжбүрлеп таратылуы мүмкін.
2. Нысаналы капитал қорын ерікті түрде тарату туралы шешімді қамқоршылық кеңес не құрылтай құжаттарымен уәкілеттік берілген нысаналы капитал қорының органы қабылдайды.
Нысаналы капитал қорын ерікті түрде тарату туралы шешім қабылдаған нысаналы капитал қорының органы тарату комиссиясын тағайындайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес нысаналы капитал қорын тарату тәртібі мен мерзімдерін белгілейді.
3. Нысаналы капитал қорын мәжбүрлеп таратуды Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда және тәртіппен сот жүзеге асырады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, мүдделі тұлғалар сотқа нысаналы капитал қорын тарату туралы талап қоюы мүмкін.
4. Тарату комиссиясы тағайындалған кезден бастап оған нысаналы капитал қорының мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер ауысады. Тарату комиссиясы таратылатын нысаналы капитал қорының атынан сотқа қатысады.
5. Тарату комиссиясының құрамы нысаналы капитал қоры қызметінің өзіндік ерекшелігі ескеріліп, мынадай қатысушылар:
1) қамқоршылық кеңес өкілдері;
2) атқарушы органның өкілдері;
3) ішкі аудит қызметінің өкілдері;
4) нысаналы капитал қорының басқару органдарының құрамына кірмейтін салымшылардың өкілдері міндетті түрде енгізіле отырып айқындалады.
6. Нысаналы капитал қоры таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік нысаналы капитал қорының жарғысында көрсетілген мақсаттарға жіберіледі.
Оның кредиторларының талаптарын қанағаттандыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында реттеледі.
7. Нысаналы капитал қорын тарату туралы ақпарат тарату туралы шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында міндетті түрде жариялануға тиіс. Жариялау міндеті тарату комиссиясына жүктеледі.
4-тарау. ЭНДАУМЕНТ-ҚОРДЫ (НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛДЫ) ҚАЛЫПТАСТЫРУ, ТОЛЫҚТЫРУ, ТАРАТЫП ЖІБЕРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КІРІСІН ПАЙДАЛАНУ ТӘРТІБІ
21-бап. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру
1. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) құрылтай құжатында және (немесе) қамқоршылық кеңестің эндаумент-қор (нысаналы капитал) құру туралы шешімінде белгіленген талаптарда сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартының (шарттарының), сондай-ақ өсиеттің, нысаналы капитал қоры құрылтайшылары жарналарының, ерікті қайырмалдықтардың, инвестициялық кірістердің негізінде ұлттық және шетел валютасындағы ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, бағалы қағаздар, ұлттық валютадағы ақшалай бағасы бар өзге де мүлік және мүліктік құқықтар есебінен қалыптастырылады және (немесе) толықтырылады.
2. "Қайырымдылық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қайырымдылық объектілерін қаржыландыруға арналған қайырмалдықтарды эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына енгізуге жол берілмейді.
3. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) оны өзге эндаумент-қорларға (нысаналы капиталдарға) қатысты сәйкестендіретін және пайда алушының атын немесе атауын қамтитын жеке атауы болуға тиіс.
Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) жеке сәйкестендіруші атаусыз қалыптастыруға жол берілмейді.
4. Нысаналы салым шарты шеңберінде берілген мүлікті қоспағанда, эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) енгізілген мүлік нысаналы капитал қорының меншігіне айналады.
5. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салынған мүлікпен қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға жол берілмейді.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің талаптары эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен жүзеге асырылатын бағалы қағаздармен жасалатын "репо" операцияларына қолданылмайды.
6. Нысаналы капитал қоры сенімгерлік басқару шарттарының негізінде, сондай-ақ сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастырудың әртүрлі мақсаттары айқындалған жағдайларда, бірнеше эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға құқылы.
7. Осы Заңда көзделгеннен өзге мақсаттарға эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға, толықтыруға және инвестициялық кірісті пайдалануға жол берілмейді.
22-бап. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау
1. Нысаналы капитал қоры эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау туралы хабарлауға құқылы.
2. Ақша жинау нысаналы салым шартының үлгілік нысаны негізінде немесе ерікті қайырмалдықтарды тарта отырып жүзеге асырылады.
3. Нысаналы капитал қоры ақша жинау процесінің айқындылығын сақтауға, жиналған ақша сомасы, олардың көздері мен пайдаланылуы туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.
4. Ақша жинау кезінде ерікті қайырмалдықтар беретін тұлғалар қайырмалдық шартының талаптарын қамтитын ұсынысты оған қосылу жолымен қабылдайды.
5. Ерікті қайырмалдықтар нысаналы капитал қорының банктік шоттарына ақша аудару арқылы жүзеге асырылады.
6. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинау әрбір салымшымен жеке нысаналы салым шартының үлгілік нысанын жасасу негізінде жүзеге асырылады.
7. Ақша жинаған жағдайда нысаналы капитал қоры кез келген мүдделі тұлғалардың мынадай ақпарат пен құжаттарға:
1) нысаналы капитал қорының жарғысына және заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамаға;
2) тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органның мекенжайы (орналасқан жері) туралы мәліметтерге;
3) нысаналы салым шартының үлгілік нысанына;
4) қаржылық жоспарға;
5) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасына;
6) қамқоршылық кеңестің сандық және дербес құрамы туралы мәліметтерге;
7) тұрақты жұмыс істейтін атқарушы органының атауы, мекенжайы (орналасқан жері) көрсетілген басқарушы компания (фидуциарий) туралы мәліметтерге;
8) нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстарының шамасы, осы Заңға сәйкес инвестициялық кіріс есебінен қаржыландырылатын көрсетілген шығыстардың үлесі туралы ақпаратқа;
9) соңғы қаржы жылындағы жылдық қаржылық және аудиторлық есептерге еркін қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
8. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін ақша жинаған жағдайда, нысаналы капитал қоры осы баптың 7-тармағының 4), 5), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген құжаттар бекітілгеннен және ақпарат қалыптастырылғаннан кейін көрсетілген ақпарат пен құжаттарға еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
9. Осы баптың 7-тармағында көзделген ақпарат пен құжаттарды нысаналы капитал қоры өзінің ресми интернет-ресурсында мынадай мерзімдерде:
1) қалыптастырылған эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) толықтыру үшін ақша жинау туралы хабарландыру кезінде – ақша жинау туралы хабарландырумен бір мезгілде;
2) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру үшін ақша жинау туралы хабарландыру кезінде – ақша жинау туралы хабарландырумен бір мезгілде (осы баптың 7-тармағының 4), 5), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген және осы тармақтың 3) тармақшасына сәйкес орналастырылатын ақпарат пен құжаттарды қоспағанда);
3) көрсетілген құжаттарды немесе оларға енгізілген өзгерістерді бекіту не көрсетілген ақпаратты ақша жинау туралы хабарландырудан кейін қалыптастыру немесе өзгерту кезінде – тиісті құжат бекітілген күннен кейін немесе тиісті ақпарат қалыптастырылған немесе өзгертілген күннен кейін күнтізбелік үш күннен кешіктірмей орналастырады.
23-бап. Фидуциарлық міндеттемелер
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқаруға және инвестициялауға жауапты адамдар эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін қабылданатын фидуциарлық міндеттемелерге сәйкес басқаруға және инвестициялауға тиіс.
2. Нысаналы салым шартында аталған салымшылар мен қайырымдылық жасаушылардың ниеттері мен заңды мүдделерін ескере отырып, басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару және инвестициялау кезінде нысаналы капитал қорының мақсаттарын және пайда алушының заңды мүдделерін ескеруге тиіс.
3. Басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялауды жүзеге асыру кезінде мүдделер қақтығысын, сондай-ақ фидуциарлық міндеттемелердің бұзылуын болғызбауға және олардың алдын алу мен реттеу жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
4. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару және инвестициялау кезінде нысаналы капитал қорының және басқарушы компанияның (фидуциарийдің) лауазымды адамдары:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін тиімді басқару мен инвестициялауға бақылауды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін қамқоршылық кеңес мүшелерінің, салымшылардың және (немесе) нысаналы капитал қорымен байланысты басқа да тұлғалардың жеке немесе корпоративтік мақсаттары үшін пайдалануға құқылы емес.
5. Нысаналы капитал қоры екі және одан да көп эндаумент-қорларды (нысаналы капиталдарды) басқара алады.
6. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялау және оның инвестициялық кірісі мен қайырмалдықтарды жұмсау кезіндегі нысаналы капитал қоры лауазымды адамдарының фидуциарлық міндеттемелері эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялаудың кәсіби әдеп қағидаларын сақтауды қамтиды.
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару мен инвестициялаудың кәсіби әдеп қағидаларын қамқоршылық кеңес қабылдайды және ол мынадай факторларды ескеруге тиіс:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) сақталуы;
2) нысаналы салым және сенімгерлік басқару шарттарында белгіленген, салымшы үшін құнды болып табылатын меншік құқығы;
3) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару және инвестициялау кезінде күтілетін қайтарымдылық, инвестициялардан түсетін жалпы кіріс пен өсім;
4) инфляцияның немесе дефляцияның әсері;
5) жалпы инвестициялық портфельдегі әрбір инвестицияның немесе қаржылық операцияның мәні;
6) инвестициялық шешімдердің немесе стратегиялардың күтілетін салықтық салдарлары;
7) жалпы экономикалық жағдайлар.
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) жекелеген активіне қатысты басқарушылық және инвестициялық шешімдер жалпы алғанда эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфелі ескеріле отырып және жалпы инвестициялық декларацияның бөлігі ретінде қабылдануға тиіс.
Қамқоршылық кеңес айрықша мән-жайларға байланысты эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) мақсаттарына әртараптандырусыз қол жеткізіледі деп шешкен жағдайларды қоспағанда, нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін әртараптандыруға тиіс.
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін сенімгерлік басқаруға және инвестициялауға уәкілеттік берілген адамдар мүдделер қақтығысы болған жағдайда нысаналы салым шартының талаптарына сәйкес тек қана нысаналы капитал қорының мүдделері үшін әрекет етуге міндетті.
7. Нысаналы капитал қорының және басқарушы компанияның (фидуциарийдің) лауазымды адамдары фидуциарлық міндеттемелерді, сондай-ақ эндаумент-қордың (нысаналы капитал) активтерін нысаналы пайдалануды бұзған жағдайларда, кез келген мүдделі тұлғаның мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгінуге құқығы бар.
8. Осы Заңда белгіленген фидуциарлық міндеттемелерді бұза отырып, мәмілені әдейі жасасқан адам, егер мұндай талап пайдакүнемдік уәждерден немесе жауаптылықтан жалтару ниетінен туындаса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы емес.
24-бап. Инвестициялық кірісті пайдалану тәртібі
1. Инвестициялық кіріс осы Заңда, нысаналы капитал қорының құрылтай құжаттарында, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында, сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте көзделген мақсаттарға сәйкес не осы Заңда көзделген жағдайларда қамқоршылық кеңестің шешімімен пайдаланылады.
2. Инвестициялық кірісті пайдалану эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Инвестициялық кірістің пайдаланылуы оның нысаналы капитал қорының құрылтай құжаттарында көрсетілген мақсаттарға сәйкестігін қамтамасыз ететін нысаналы капитал қорының басқару органдарының бақылауына жатады.
4. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) бір салымшының эндаументі (нысаналы салымы) есебінен қалыптастырылған жағдайда, егер нысаналы салым шартында өзгеше белгіленбесе, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасы да осы салымшымен келісілуге тиіс.
5. Нысаналы капитал қоры есепті кезеңде түскен инвестициялық кіріс сомасының он бес пайызынан аспайтын соманы немесе есепті жылдағы инвестициялық кірістің көрсеткіші теріс болған жағдайда – эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтерінің орташа құнының 0,5 (нөл бүтін оннан бес) пайызынан аспайтын соманы нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстарына пайдалануға құқылы.
6. Үй-жайларды, ғимараттар мен құрылысжайларды жалға алу ақысы, негізгі құралдар мен шығыс материалдарын сатып алуға арналған шығыстар, аудит жүргізуге арналған шығыстар, нысаналы капитал қоры жұмыскерлерінің еңбегіне ақы төлеу, нысаналы капитал қорын немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерін басқаруға арналған шығыстар, нысаналы капитал қорын немесе оның жекелеген құрылымдық бөлімшелерін басқару жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуға арналған шығыстар нысаналы капитал қорының әкімшілік-басқару шығыстары болып табылады.
25-бап. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу
1. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) мынадай жағдайларда:
1) нысаналы капитал қорының құрылтайшыларымен келісу бойынша қамқоршылық кеңестің шешімі бойынша;
2) сот шешімі бойынша;
3) қолданылу мерзімі өткеннен кейін;
4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген басқа да жағдайларда таратылып жіберуге жатады.
2. Егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) мақсаттарын орындау және (немесе) нысаналы салым шартында белгіленген шектеулер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзатын болса, қамқоршылық кеңес эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберуге құқылы.
3. Нысаналы капитал қорының осы Заң нормаларын және (немесе) нысаналы капитал қоры жарғысының талаптарын өрескел немесе бірнеше рет (қатарынан күнтізбелік алты ай ішінде екі және одан да көп рет) бұзуы сот шешімі бойынша эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу үшін негіз болып табылады.
Өрескел бұзу деп қасақана немесе адал болмау, ұқыпсыздық немесе осы Заңды білмеу салдарынан осы Заңның анық және елеулі түрде бұзылуы түсініледі.
Өз құзыреттері шегінде қайырымдылық саласындағы уәкілетті орган және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган, салымшылар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.
4. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) таратып жіберілген жағдайда, егер сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне билік ету тәртібі белгіленбесе, қамқоршылық кеңес мынадай:
1) эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің қалған бөлігін басқа эндаумент-қорға (нысаналы капиталға), басқа нысаналы капитал қорына эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыру және (немесе) толықтыру үшін беру туралы;
2) эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің қалған бөлігін сыйға тарту, қайырмалдық немесе нысаналы салым шартында (шарттарында), сондай-ақ өсиетте белгіленген мақсаттарға немесе осы Заңда белгіленген жағдайларда, қаржылық жоспарға сәйкес эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыруға пайдалану туралы;
3) салымшылар алдындағы міндеттемелерді өтеу үшін шешімдердің бірін қабылдауға құқылы.
5. Нысаналы капитал қорының нысаналы салым шартын жасасқан салымшылар, олардың мұрагерлері немесе өзге де құқық мирасқорлары алдындағы міндеттемелерінің мөлшері бастапқы эндаумент (нысаналы салым) сомасынан не бағалы қағаздарды, жылжымайтын мүлікті заттай қайтару мүмкін болмаған жағдайда осы мүліктің бағалау құнына тең сомадан, бірақ көрсетілген мүліктің бастапқы бағасынан аспауға тиіс.
6. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберу туралы ақпарат нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында міндетті түрде жариялануға тиіс.
7. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) таратып жіберуге байланысты шығасыларды нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен көтереді немесе мүлік жеткіліксіз болған жағдайда, нысаналы капитал қорына тиесілі өзге де мүлік есебінен жүргізіледі.
5-тарау. ЭНДАУМЕНТ-ҚОРДЫҢ (НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛДЫҢ) АКТИВТЕРІН ҚҰРАЙТЫН МҮЛІКТІ БАСҚАРУ
26-бап. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқаруды осы Заңға және нысаналы капитал қорының ішкі құжаттарына сәйкес немесе басқарушы компанияны (фидуциарийді) тарта отырып, нысаналы капитал қоры дербес жүзеге асырады.
2. Нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы активтерін республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген он мың еселенген айлық есептік көрсеткіштен асқан кезде үш ай ішінде басқарушы компанияның (фидуциарийдің) сенімгерлік басқаруына беруге міндетті.
3. Басқарушы компанияны (фидуциарийді) айқындау тәртібі белгіленген өлшемшарттар (кәсіби тәжірибесі, нарықтағы беделі, тәуекелдерді басқару жүйесі және активтерді басқару тәртібі және басқалары) бойынша ашық конкурс негізінде белгіленеді.
Басқарушы компанияның (фидуциарийдің) ұйғарымы бойынша ашық конкурс өткізу шарттары нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында жариялануға тиіс.
4. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) осы Заңның 21-бабының 1-тармағында көрсетілген, инвестициялық портфельге енгізілмеген өзге де активтерін басқаруды нысаналы капитал қоры дербес жүзеге асырады.
5. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, сенімгерлік басқару шартының қолданылу кезеңінде нысаналы капитал қоры эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) сенімгерлік басқарудағы активтеріне қатысты қандай да бір әрекетті жүзеге асыруға құқылы емес.
6. Республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он мың еселенген мөлшерінен аз соманы құрайтын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы активтерін басқаруды нысаналы капитал қорының жарғысымен осыған уәкілеттік берілген нысаналы капитал қорының басқару органы жүзеге асыра алады.
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін сенімгерлік басқаруға беру туралы шешімді қамқоршылық кеңес қабылдайды.
7. Жылжымайтын және жылжымалы мүлікті, сондай-ақ зияткерлік меншік құқықтарын құрайтын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін басқару ерекшеліктері Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленеді.
27-бап. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамы
1. Эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін осы Заңның 21-бабының 1-тармағына сәйкес эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қаржы құралдары мен өзге де мүлкі құрайды.
2. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфелінің құрамына:
1) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) басқаруындағы инвестициялық қорлардың акциялары немесе пайлары;
2) басқарушы компания (фидуциарий) шығарған (берген) активтер;
3) мемлекеттік бағалы қағаздарды және Қазақстан Республикасы қаржы агенттіктерінің агенттік облигацияларын қоспағанда, бір заңды тұлғаның бір түрдегі (шығарылымдағы) орналастырылған қаржы құралдарының жалпы санының он бес пайызынан асатын мөлшерде осы түрдегі (шығарылымдағы) қаржы құралдары кірмейді.
Егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерiмен қандай да бiр мәмiлелердi жүзеге асыру нәтижесiнде не өзге де жағдайларда эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерiнiң құрамына қойылатын талаптар және (немесе) шектеулер бұзылатын болса, басқарушы компания (фидуциарий) осындай оқиға болғаннан кейiнгi күнтізбелік бiр күн iшiнде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды хабардар етуге және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерiнiң құрамында осындай өзгерiстер болған күннен бастап алты ай iшiнде эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінiң құрамын осы баптың талаптарына сәйкес келтiруге мiндеттi.
3. Эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтері мен басқарушы компанияның (фидуциарийдің) меншікті активтерінің лицензиаттардың дауыс беретін акцияларына инвестицияларының жиынтық көлемі қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның оларды сатып алуға келісімін алуды талап ететін мөлшерден аз болуға тиіс.
4. Бір тұлға және нысаналы капитал қорының үлестес тұлғалары шығарған (берген) қаржы құралдарына (ақшаны қоспағанда) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен жасалатын инвестициялардың жиынтық мөлшері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде белгіленеді.
28-бап. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құнын айқындау
1. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын айқындау қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын айқындау Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүргізіледі.
3. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерін бағалау әдістері дұрыс қолданылмаған немесе олардың құны дұрыс есептелмеген жағдайда, басқарушы компанияларға (фидуциарийлерге) орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.
29-бап. Инвестициялық декларация
1. Инвестициялық декларацияны эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін ескере отырып, нысаналы капитал қоры жасайды.
2. Инвестициялық декларацияда:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық саясаты мақсаттарының, міндеттері мен стратегияларының сипаттамасы;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялау объектілерінің тізбесі, мәмілелердің түрлері, инвестициялаудың шарттары, шектеулері мен лимиттері;
3) хеджирлеу мен әртараптандыру шарттары;
4) инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде сақталуы қамтамасыз етілетін фидуциарлық міндеттемелер қамтылуға тиіс.
3. Басқарушы компания (фидуциарий) осы Заңда және сенімгерлік басқару шартында белгіленген тәртіппен және шарттарда нысаналы капитал қорына инвестициялық декларацияны өзгерту және (немесе) толықтыру жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.
4. Инвестициялық декларация бекітілген немесе оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде нысаналы капитал қорының ресми интернет-ресурсында жарияланады.
30-бап. Басқарушы компания (фидуциарий) қызметі
1. Басқарушы компания (фидуциарий) осы Заңда, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінде, сенімгерлік басқару шартында, инвестициялық декларацияда және фидуциарлық міндеттемелерде белгіленген талаптарға сәйкес әрекеттер жасау арқылы нысаналы капитал қорының мүдделері үшін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқаруды жүзеге асырады.
2. Басқарушы компания (фидуциарий):
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтерінің құнын бағалауды, инвестициялық портфельге енгізілген активтерінің қозғалысын, құрамын және құнын есепке алуды жүзеге асыруға;
2) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерінің құнын, қозғалысын және құрамын кезең-кезеңмен, бірақ айына бір реттен сиретпей кастодианмен салыстырып тексеруді жүзеге асыруға;
3) сенімгерлік басқару шартына сәйкес кезең-кезеңмен, бірақ айына кемінде бір рет нысаналы капитал қорына таза активтердің құрамы мен құны туралы хабар беруге;
4) фидуциарлық міндеттемелерді, сенімділік, өтімділік, кірістілік және әртараптандыру қағидаттарын қамтамасыз ету қажеттілігін негізге ала отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқаруды жүзеге асыруға;
5) жыл сайын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқарумен байланысты бухгалтерлік және қаржылық есептілік аудитін жүргізуге;
6) нысаналы капитал қорын бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның немесе инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы басқарушы компания (фидуциарий) мұндай тоқтата тұру немесе айыру туралы білген күннен кейінгі күннен кешіктірмей сенімгерлік басқару шартында көзделген нысан бойынша мен тәртіппен хабардар етуге;
7) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін бөлек бухгалтерлік есепке алуды жүргізуді және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес олар бойынша қаржылық және өзге де есептілікті ұсынуды жүзеге асыруға;
8) нысаналы капитал қорын эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін сенімгерлік басқару жөніндегі қызметке байланысты өзге де фактілер мен оқиғалар туралы сенімгерлік басқару шартында көзделген тәртіппен және мерзімдерде хабардар етуге;
9) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес эндаумент-қор (нысаналы капитал) туралы ақпаратты ашуға міндетті.
3. Басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерімен мәмілелер жасау кезінде мүддесі үшін өзі әрекет ететін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) жеке атауын көрсетуге міндетті.
Көрсетілген талап бұзылған жағдайда басқарушы компания (фидуциарий) қабылданған міндеттемелерді өз есебінен орындайды.
31-бап. Кастодиандық қызмет көрсету
Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) басқаруына берілген қаржы активтеріне кастодиандық қызмет көрсетуді кастодиан "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне және кастодиандық қызмет көрсету жөніндегі шартқа сәйкес жүзеге асырады.
32-бап. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезіндегі шектеулер
Басқарушы компания (фидуциарий) басқарылатын эндаумент-қорға (нысаналы капиталға) қатысты:
1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін басқару жөніндегі қызметке байланысты емес өз міндеттемелерінің немесе үшінші тұлғалар міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету үшін эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін пайдалануға;
2) салдарынан Қазақстан Республикасының заңнамасында, фидуциарлық міндеттемелерде және инвестициялық декларацияда белгіленген талаптар бұзылатын мәмілелер жасауға;
3) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфельге енгізілген активтерін өтеусіз иеліктен шығару туралы инвестициялық шешімдер қабылдауға құқылы емес.
6-тарау. НЫСАНАЛЫ КАПИТАЛ ҚОРЛАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ САЛАСЫНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ
33-бап. Халықаралық ынтымақтастық және сыртқы экономикалық қызмет
1. Қазақстан Республикасының нысаналы капитал қорларының қызметі саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сыртқы экономикалық қызмет шеңберіндегі халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарда жүзеге асырылуы мүмкін:
1) нысаналы капитал қорының активтеріне және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтеріне шетелдік инвестицияларды тарту;
2) фидуциарлық міндеттемелерге және инвестициялық декларацияға сәйкес нысаналы капитал қорының активтерін және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін шетелдік активтерге инвестициялау;
3) халықаралық экономикалық және қаржылық жобаларға қатысу;
4) нысаналы капитал қорларының және эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) қызметіне байланысты халықаралық қауымдастықтар мен ұйымдарға қатысу.
3. Нысаналы капитал қорларының сыртқы экономикалық қызметі олардың мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған және фидуциарлық міндеттемелер, олардың қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар және тәуекелдерді тиімді басқару қағидаттарының сақталуы ескеріле отырып жүзеге асырылады.
34-бап. "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында нысаналы капитал қорларының қызметін жүзеге асыру
Нысаналы капитал қорларының "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, осы Заңда және "Астана" халықаралық қаржы орталығының актілерінде белгіленген қағидалар мен талаптарды сақтай отырып, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметін жүзеге асыруға құқығы бар.
7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
35-бап. Осы Заңды бұзғаны үшін жауаптылық
Осы Заңды бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылыққа алып келеді.
36-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. ТОҚАЕВ |