БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27066 болып тіркелген) сәйкес мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларында:
24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"24. Тендерге қатысуға берілген өтінімдерді қарау үшін Ұлттық парк Комиссияның отырысын өткізеді.
Комиссияның отырысында Комиссияның хатшысы Комиссияның қатысушы мүшелерiнiң қатысуымен өтiнiм берушiнiң атауын және осы конверттердiң мазмұнын жариялай отырып, тендерге қатысуға берiлген өтiнiмдер салынған конверттердi кезекпен ашады.
Комиссияның отырысында Комиссияның хатшысы тендерге қатысуға өтінімдерді ашу және қарау хаттамасын жүргізеді.
Тендерге қатысуға ашылған өтінімдер ішіндегісін тексеру үшін Комиссияның әрбір мүшесіне кезекпен беріледі.
Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген бір немесе бірнеше құжат болмаған және толтырылған өтініш сәйкес келмеген жағдайларда тендерге қатысуға өтінімдер қарауға қабылданбайды.";
27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Басқа үміткерлер болмаған кезде, егер ол осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген құжаттардың толық тізбесін ұсынған тендердің жалғыз қатысушысы тендер жеңімпазы болып танылады.
28. Тендер бір де бір өтінім болмаса және (немесе) тендерге қатысушылар ұсынған құжаттарды Комиссия осы Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес келмейді деп таныса, өткізілмеді деп есептеледі.";
32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"32. Тендер жеңімпазының Шарт жасасу үшін өзіне хабарлама жіберілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде келмеуі Ұлттық парктің учаскесін пайдаланудан бас тарту ретінде қаралады.
Комиссия осы Қағидалардың 23 және 30-тармақтарына сәйкес жеңімпазды Ұлттық парктің учаскесін ұзақ мерзімді пайдалану бойынша ең қолайлы шарттар ұсынған тендерге қатысушылардың қалғандарының арасынан айқындайды не бұл лот осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен келесі тендерге шығарылады.";
35-1-тармақ мынадай мазмұндағы екінші және үшінші бөліктермен толықтырылсын:
"Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шарт Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік шарттың негізінде жасалады.
Туризм объектілеріне инженерлік инфрақұрылымды (жолдарды, көпірлерді, электр беру желілерін және басқа да коммуникацияларды) жобалау, салу және оларға қызмет көрсету үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың учаскелерін ұзақ мерзімді пайдалануға беру туралы шартта жүргізілетін жұмыстардың атауы, олардың орындалу мерзімдері мен талаптары, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар, бүлінген жерлерді рекультивациялау жөніндегі іс-шаралар және оларды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.";
42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"42. Алдағы болатын конкурс туралы хабарландыруды орналастыру осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Конкурсқа қатысуға берілген өтінімдерді қарау үшін ұлттық парк комиссияның отырысын өткізеді.
Комиссияның отырысында комиссияның хатшысы комиссияның қатысушы мүшелерінің қатысуымен өтінім берушінің атауын және осы конверттердің мазмұнын жариялай отырып, конкурсқа қатысуға берілген өтінімдер салынған конверттерді кезекпен ашады.
Комиссияның отырысында комиссияның хатшысы конкурсқа қатысуға өтінімдерді ашу және қарау хаттамасын (бұдан әрі - хаттама) жүргізеді.
Конкурсқа қатысуға ашылған өтінімдер ішіндегісін тексеру үшін комиссияның әрбір мүшесіне кезекпен беріледі.
Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу осы Қағидалардың 47-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.";
51-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"51. Басқа үміткерлер болмаған кезде, егер ол осы Қағидалардың 47-тармағында көзделген құжаттардың толық тізбесін ұсынған конкурстың жалғыз қатысушысы конкурс жеңімпазы болып танылады.";
63 және 64-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"63. Комиссия осы Қағидалардың 43-тармағында белгіленген тәртіппен құрылады.
64. Тендерлік құжаттаманы алу үшін әлеуетті қатысушы Ұлттық паркке лоттарды көрсете отырып, еркін нысанда өтініш береді және (немесе) өтініш осы Қағидалардың 18-тармағына сәйкес хабарландыруда көрсетілген мекенжайға электрондық хат арқылы жіберуге рұқсат етіледі.";
67 және 68-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"67. Тендерге қатысушы осы Қағидалардың 47-тармағында көрсетілген құжаттардың тізбесін (мемлекеттік немесе орыс тілдерінде) ұсынады.
68. Тендерлік өтінімдер салынған конверттерді ашу осы Қағидалардың 24-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.";
72-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"72. Тендерге қатысушылар ұсынған құжаттарды Комиссия осы Қағидалардың 47-тармағында көрсетілген құжаттар тізбесіне сәйкес келмейді деп таныса, тендер өтпеді деп танылады.";
74-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"74. Әрбір лот бойынша тендер қорытындыларының хаттамасына Комиссияның барлық қатысып отырған мүшелері, хатшы қол қояды және осы Қағидалардың 30-тармағына сәйкес ақпаратты қамтиды.".
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі |
Е. Нысанбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Туризм және спорт министрлігі
