Балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгілік ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі № 321 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 24 қыркүйекте № 36922 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 508-56) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгілік ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология және табиғи

      ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2025 жылғы 23 қыркүйектегі
№ 321 бұйрығымен бекітілген

Балық шаруашылықтары субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгілік ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Балық шаруашығы субъектілерінің қорықшылық қызметі туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағының 508-56) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметін (бұдан әрі – қорықшылық қызмет) реттейді.

      2. Балық шаруашылығы субъектілері осы Үлгілік ережеге сәйкес қорықшылық қызмет туралы ережені әзірлейді.

      3. Қорықшылық қызмет бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау функцияларын жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектілерінің құрылымдық бөлімшесі нысанында құрылады.

      4. Қорықшылық қызмет туралы ережені, сондай-ақ қорықшылық қызметтің штат санын балық шаруашылығы субъектісінің басшысы бекітеді.

      5. Балық шаруашылығы субъектілері қорықшылық қызмет құрылған немесе оның құрамы өзгерген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде қорықшының аты, әкесінің аты (бар болса), тегі, куәлігінің нөмірі және қорықшының төсбелгісі көрсетілген қорықшылардың тізімі бар ақпаратты балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) ұсынады.

2-тарау. Қорықшылық қызмет жұмыскерлерінің өкілеттігi және оның қызметінде пайдаланылатын құжаттар

      6. "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 56-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қорықшыға:

      1) кейiннен балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне мiндеттi түрде беру үшiн Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасауға;

      2) қызметтік қаруды алып жүруге және айырым белгілері бар арнаулы киім киюге;

      3) жеке және заңды тұлғалардың балық аулауға құқық беретін құжаттарын тексеруге;

      4) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұза отырып пайдаланылған аулау құралдарын, заңсыз ауланған балық өнімдерін, тыйым салынған аулауға арналған қару түрлерін кейіннен міндетті түрде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға немесе Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне беру үшін алып қоюға;

      5) бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдынының және (немесе) учаскесінің аумағында және оның жағалау белдеуінде олардан шығу кезінде көлік және жүзу құралдарын тоқтатуға құқығы жүктелген.

      7. Заңның 56-бабының 3-тармағына сәйкес қорықшы:

      1) бекiтілiп берiлген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерiнде жануарлар дүниесін қорғауды қамтамасыз етуге;

      2) балық аулау, өрт қауіпсіздігі қағидаларын, сондай-ақ тыныштық аймақтарында және өсімді молайту учаскелерінде жануарлар дүниесін пайдалануға қойылған шектеулер мен тыйым салуларды бұзушылықтардың жолын кесуге;

      3) жеке және заңды тұлғалардан жануарлардың қырылуына және олар мекендеу ортасының бұзылуына әкеп соқтыратын әрекеттерді тоқтатуды талап етуге;

      4) жануарлар дүниесі объектілерінің мекендеу ортасын, олардың көбею жағдайларын және шоғырлану орындарын сақтау жөнінде шаралар қолдануға;

      5) жануарлар дүниесіне ұқыпты және iзгiлiктi ниетпен қарау насихатын жүргізуге;

      6) жануарлар ауырған және дүлей зiлзала кезiнде қырылу қаупi төнген жағдайларда жануарлар дүниесi объектiлерiне көмек көрсету жөнінде шаралар қолдануға;

      7) аншлагтардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      8. Қорықшылық қызметтің жұмысында мынадай құжаттар пайдаланылады:

      1) балық шаруашылығының су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру туралы шешімнің көшірмесі;

      2) балық шаруашылықтарын жүргізуге арналған шарт;

      3) Заңның 27 бабы 2-тармақ 20-тармақшасына сәйкес Балық шаруашылығы субъектілерімен берілген жолдама беру журналы;

      4) Заңның 27 бабы 2-тармақ 14-тармақшасына сәйкес балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналы (кәсіпшілік журналы);

      5) балық шаруашылықтары субъектісі берген қорықшының куәлігі;

      6) қызметтік қаруды сақтауға және алып жүруге рұқсат.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады