Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 289 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 12 қыркүйекте № 36830 болып тіркелді

      "Аквашаруашылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Стратегиялық жоспарлау
және реформалар агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
2025 жылғы 11 қыркүйектегі
№ 289 бұйрығымен
бекітілген

Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Аквашаруашылық туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) аквашаруашылық – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызмет;

      2) аквашаруашылық объектілері – аквашаруашылық субъектілері көбейтетін және (немесе) күтіп-ұстайтын, өсіретін балықтар, су моллюскалары және шаян тәрізділер;

      3) аквашаруашылық саласындағы балық өсіру-биологиялық негіздеме (бұдан әрі – биологиялық негіздеме) – зерттеулер мен ғылыми деректер, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің, балық өсіру тоғандарының, балық өсіру бассейндерінің ағымдағы жай-күйі мен әлеуетін бағалау, сондай-ақ аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты технологияларды қолдану нәтижесінде әзірленген ғылыми негізделген ұсынымдар кешені;

      4) аквашаруашылық саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – аквашаруашылық саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) аквашаруашылық субъектілері – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      6) аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер – аквашаруашылық объектілері үшін азық-жемді өндіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасына сәйкес балық өсіру саласында селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар;

      7) ресми статистикалық ақпарат – статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес және ұлттық санақ жүргізу кезінде мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын статистикалық ақпарат.

      3. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау аквашаруашылықтың дамуына әсер ететін құқықтық, экономикалық, қаржылық және экологиялық факторларды ескере отырып, оның ішінде өңірлер кесіндісін жүзеге асырылады және мыналарды қамтиды:

      1) аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау үшін дереккөздерді талдау;

      2) аквашаруашылықты дамытуға кедергі келтіретін проблемалар мен тәуекелдерді айқындау;

      3) аквашаруашылықты дамыту жөнінде ұсынымдар әзірлеу.

      4. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау алдыңғы аквашаурашылықты дамытудың жай-күйін бағалау туралы есеп бекітілген жылдан бастап үш жылда бір рет жүргізіледі.

2-тарау. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу тәртібі

      5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен аквашаруашылықты дамытудың жай-күйіне бағалау жүргізуді ұйымдастырады.

      6. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау сандық (статистикалық көрсеткіштер) және сапалық (сауалнама және талдау) әдістермен жүргізіледі.

      7. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауға арналған дереккөздер мыналар болып табылады:

      1) ресми статистикалық ақпарат;

      2) аквашаруашылық саласындағы әкімшілік деректерді жинауға арналған мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органның келісуі бойынша бекітілген нысандарға сәйкес аквашаруашылық субъектілері ұсынатын әкімшілік деректер;

      3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды тұлғалар және (немесе) дербес білім беру ұйымдары әзірлеген биологиялық негіздемелер;

      4) Заңның 10-бабының 4-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысанға сәйкес бекітілген аквашаруашылық субъектілерін дамыту жоспарлары;

      5) уәкілетті органның аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандырудың ұсынылған шаралары туралы ақпараты;

      6) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінен алынған ақпарат;

      7) аквашаруашылық субъектілерінің қызмет жағдайларын көрсететін мәселелер бойынша олардың сауалнамалары мен сұхбаттасу нәтижелері;

      8) уәкілетті органның сұранымы бойынша орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары, ұлттық даму институттары, сондай-ақ аквашаруашылық субъектілері мен аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер беретін ақпарат;

      9) балық шаруашылығы және аквашаруашылық саласындағы қоғамдық бірлестіктердің, қауымдастықтардың ақпараты;

      10) Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасы, "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) құжаттары;

      11) халықаралық және отандық ұйымдар жариялайтын, аквашаруашылықтың дамуын бағалайтын бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдары, индекстер, рейтингтер және талдамалық есептер, сондай-ақ әлемдік тәжірибені талдау.

      8. Аквашаруашылықты дамытудың жай-күйіне бағалау жүргізу жоспарланған жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган оны өткізу туралы орталық мемлекеттік органдарды, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарын, ұлттық даму институттарын, сондай-ақ аквашаруашылық субъектілерін және аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді хабардар етеді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалар аквашаруашылықты дамытудың жай-күйіне бағалау жүргізу бойынша ұсыныстар болған жағдайда хабарламаны алған күннен бастап 30 (отыз) күн ішінде оларды уәкілетті органға жолдайды.

      Уәкілетті орган келіп түскен ұсыныстарды жинақтайды және оларды аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу үшін ұсынады.

      9. Аквашаруашылық субъектілерінен сауалнамалар және сұхбат алу олардың мөлшері (кіші, орта және ірі), Заңның 8-бабына сәйкес қызмет түрлері, сондай-ақ өңірлік өкілдігі ескеріле отырып жүргізіледі.

      10. Сауалнама және сұхбат алу үшін іріктеліп жинақталған көлем кемінде 100 (жүз) аквашаруашылық субъектісін құрайды. Іріктеліп жинақталған көлемді есептеу кезінде Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының деректері пайдаланылады.

      11. Проблемалық мәселелер себеп-салдарлық байланыстарды және әрбір проблема бойынша себептерді көрсете отырып, өңірлер бөлінісінде қалыптастырылады, оның ішінде нәтижелердің себептер жиынтығына тәуелділігі талданады.

      12. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген дереккөздерді талдау қорытындылары бойынша аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау туралы есеп қалыптастырылады, оған оның дамуына кедергі келтіретін анықталған проблемалар мен тәуекелдер және аквашаруашылықты одан әрі дамыту жөніндегі ұсынымдар енгізіледі.

      Уәкілетті орган қалыптастырылған күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күні ішінде аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалау туралы есепті бекітеді және оны өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады