Аквашаруашылық туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Заңы 2025 жылғы 12 маусымдағы № 193-VIII ҚРЗ.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 24-б. қараңыз.
      Қолданушылардың назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аквашаруашылық – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызмет;

      2) аквашаруашылық объектілері – аквашаруашылық субъектілері көбейтетін және (немесе) күтіп-ұстайтын, өсіретін балықтар, су моллюскалары және шаян тәрізділер;

      3) аквашаруашылық объектілерінің құртшабақтары – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге, сондай-ақ су айдындарына балық жіберуге арналған олардың ұрықтандырылған уылдырығы, дернәсілдері, шабақтары, бір жылдық және екі жылдық шабақтары;

      4) аквашаруашылық саласындағы балық өсіру-биологиялық негіздеме (бұдан әрі – биологиялық негіздеме) – зерттеулер мен ғылыми деректер, балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің, балық өсіру тоғандарының, балық өсіру бассейндерінің ағымдағы жай-күйі мен әлеуетін бағалау, сондай-ақ аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты технологияларды қолдану нәтижесінде әзірленген ғылыми негізделген ұсынымдар кешені;

      5) аквашаруашылық саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – аквашаруашылық саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) аквашаруашылық субъектілері – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;

      7) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі – уәкілетті органның аквашаруашылықтың дамуын мониторингтеу мен талдауға, аквашаруашылық субъектілерінің тізілімін жүргізуге және аквашаруашылық объектілерінің, оның ішінде оларды қайта өңдеу өнімдерінің қадағалануына, сондай-ақ аквашаруашылық саласында деректер мен мәліметтерді жинауға және қалыптастыруға, цифрландыруды қамтамасыз етуге арналған ақпараттық жүйесі;

      8) балық өсіру – аквашаруашылықтың балықты көбейтуге және (немесе) күтіп-бағуға, өсіруге байланысты бағыты;

      9) балық өсіру бассейні – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге арналған, жерге батырып орнатылмаған сыйымдылық және (немесе) конструкция;

      10) балық өсіру объектілері – су қорғау белдеуінде салынатын, техникалық персоналдың болуы, уылдырықты инкубациялау, аквашаруашылық объектілерінің құртшабақтарын өсіру, аквашаруашылық өнімін, азық-жемді, аулау құралдарын, арнаулы құрылғыларды
(тор қоршамаларды) сақтау, сондай-ақ аквашаруашылық объектілерін қорғау үшін жабдықты орналастыруға арналған күрделі емес құрылысжайлар (мобильді кешен, бір шатырдың астына алынған немесе жеке тұрған контейнер түрінде жасалған құрылыстар);

      11) балық өсіру тоғаны – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге арналған жасанды түрдегі технологиялық су айдыны, оған су шаруашылығы және (немесе) гидротехникалық құрылысжайлар немесе өзге де құрылғылар арқылы су толтырылады;

      12) тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысы – аквашаруашылықты жүргізу үшін суды тиімді пайдалану мақсатында механикалық және биологиялық тазарту мен өзге де компоненттер қолданыла отырып, суды тұйықталған цикл бойынша айналдыру жүйесі бар қондырғы.

2-бап. Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Заңнан басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

3-бап. Осы Заңның мақсаттары мен міндеттері

      1. Осы Заңның мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) жаңа өндірістерді құру және (немесе) жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту арқылы аквашаруашылықты орнықты дамыту;

      2) бәсекеге қабілетті аквашаруашылық объектілерін өсіру көлемін ұлғайту;

      3) аквашаруашылық объектілерінің адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға қауіпсіз болуы.

      2. Осы Заңның міндеттері мыналар болып табылады:

      1) инвестициялық ахуалды жетілдіру және аквашаруашылық объектілері мен оларды қайта өңдеу өнімдерінің экспорттық әлеуетін дамыту;

      2) аквашаруашылық субъектілері қызметінің тиімділігін арттыру үшін аквашаруашылық саласында инновациялық және (немесе) индустриялық технологиялар мен процестердің енгізілуін қолдау;

      3) аквашаруашылық саласында ғылымды дамыту, жұмыскерлерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру;

      4) ішкі нарықты отандық аквашаруашылық өнімімен молықтыру;

      5) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік ынталандыру;

      6) "Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аквашаруашылықтың органикалық өнімі өндірісін дамытуды қамтамасыз ету.

4-бап. Аквашаруашылық саласындағы заңнамалық реттеудің қағидаттары

      Аквашаруашылық саласындағы заңнамалық реттеудің қағидаттары мыналар болып табылады:

      1) су биологиялық ресурстарына және олардың мекендеу ортасына зиян келтірілуіне жол бермеу мақсатында балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ұтымды пайдалану;

      2) тұтынушылар, аквашаруашылық субъектілері, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер және мемлекет мүдделерінің теңгерімі;

      3) аквашаруашылық саласындағы ақпараттың қолжетімділігі мен жеке және (немесе) заңды тұлғалардың аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік реттеуге қатысуы;

      4) су жануарларының бөгде немесе генетикалық модификацияланған түрлерін интродукциялауға жол бермеу;

      5) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігі.

2-тарау. АКВАШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК РЕТТЕУ

5-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің аквашаруашылық саласындағы құзыреті

      Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясында, Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде жүктелген өзге де функцияларды орындайды.

6-бап. Уәкілетті органның, ведомствоның және оның аумақтық бөлімшелерінің аквашаруашылық саласындағы құзыреті

      1. Уәкілетті орган:

      1) мемлекеттің Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары және мемлекеттің Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттары негізінде және оларды орындау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырады;

      2) өз құзыреті шегінде стратегиялық, реттеушілік, іске асыру және бақылау функцияларын жүзеге асырады;

      3) осы Заңның мақсаттары мен міндеттеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аквашаруашылық саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін әзірлейді және бекітеді;

      4) аквашаруашылықты дамытудың жай-күйін бағалауды жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      5) бюджет қаражаты есебінен аквашаруашылықты дамыту жай-күйіне бағалау жүргізуді ұйымдастырады;

      6) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      7) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 24-б. қараңыз.

      7) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      8) тармақша 01.01.2027 бастап қолданысқа енгізіледі – осы Заңның 24-б. қараңыз.

      8) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесін жүргізеді;

      9) аквашаруашылық субъектілерінің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді және бекітеді;

      10) аквашаруашылық субъектілерінің тізілімін жүргізеді;

      11) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарттар талаптарының және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарының орындалуына мониторинг жүргізеді;

      12) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері өз қызметін уәкілетті орган белгілеген және осы Заңда белгіленген құзырет шегінде жүзеге асырады.

7-бап. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының аквашаруашылық саласындағы құзыреті

      Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары:

      1) құзыреті шегінде аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      2) аквашаруашылық субъектілерін және аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді субсидиялауды жүзеге асырады;

      3) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. АКВАШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ШАРТТАРЫ

8-бап. Аквашаруашылық субъектілері қызметінің түрлері

      1. Аквашаруашылық субъектілері мынадай қызмет түрлерін:

      1) оқшауланған балық шаруашылығы су айдындарының ихтиофаунасын толық немесе ішінара ауыстыру арқылы онда балықты көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты көл-тауар шаруашылық қызметін;

      2) балықтарды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің акваториясында орналасқан арнаулы құрылғыларда (тор қоршамаларда) жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты тор қоршама шаруашылық қызметін;

      3) балық өсіру тоғандарын және (немесе) балық өсіру бассейндерін пайдалана отырып, аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты тоған шаруашылық қызметін;

      4) балық өсіру бассейндерін пайдаланып және тұйықталған сумен жабдықтау қондырғысын қолдана отырып, аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты индустриялық шаруашылық қызметін;

      5) аквашаруашылық объектілерін ұрықтандыру, уылдырығын инкубациялау арқылы олардың құртшабақтарын алу, сондай-ақ жасанды түрдегі жағдайларда аквашаруашылық объектілерінің құртшабақтарын өсіру мақсатында оларды көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты өсімді молайту шаруашылық қызметін жүзеге асырады.

      Аквашаруашылық субъектілері осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген бір немесе одан да көп қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.

      2. Аквашаруашылық субъектілерінің қызметі агроөнеркәсіптік кешен саласындағы қызметке жатады және осы Заңда реттелмеген бөлігінде Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде регламенттеледі.

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың және мемлекеттік орман қорының аумағында, оның ішінде су объектілерінде балық өсіруді жүргізу Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасында және Қазақстан Республикасының орман заңнамасында реттеледі.

9-бап. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері

      1. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері маңызы бойынша халықаралық, республикалық және жергілікті болып бөлінеді.

      Халықаралық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне уәкілетті орган су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбеге енгізілген Қазақстан Республикасы мен іргелес мемлекеттер аумағында орналасқан су айдындары жатады.

      Республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне уәкілетті орган су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекіткен тізбеге енгізілген, екі және одан да көп облыс аумағында орналасқан су айдындары және (немесе) учаскелер жатады.

      Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарына және (немесе) учаскелеріне облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органы су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясымен және уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесімен келісуден кейін бекіткен тізбеге енгізілген барлық қалған су айдындары және (немесе) учаскелер жатады.

      2. Халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбелеріне паспорттау негізінде көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін перспективалы деп танылған су айдындары және (немесе) учаскелер енгізіледі. Егер осы баптың 3-тармағында өзгеше көзделмесе, паспорттауды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары ғылыми зерттеулер негізінде уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырады.

      Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін су қоймаларында ғылыми зерттеулер жүргізу кезінде су қоймасының техникалық параметрлеріне негізделген судың ең төмен деңгейі ескеріледі.

      3. Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесінде жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғаның жеке меншігіндегі және (немесе) уақытша жер пайдалануындағы жер учаскесінде орналасқан су айдыны болмаған жағдайда мұндай тұлғалар уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес оны паспорттау үшін өз қаражаты есебінен ғылыми зерттеулер жүргізуге құқылы.

      4. Халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін осы Заңның 10 және 11-баптарында көзделген тәртіппен бекітіп беріледі.

      5. Бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде, оның ішінде көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін берілген су қорғау белдеулері шегінде мыналарға:

      1) суару алаңдарын және ортақ су пайдалану тәртібімен су айдындарының ластануын және қоқыстануын болғызбайтын басқа да құрылғыларды қоспағанда, ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға;

      2) су айдындарының сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататын (ластануы, қоқыстануы, сарқылуы) шаруашылық және өзге де қызметке;

      3) осы Заңның 14-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, әуесқой (спорттық) балық аулауға;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де іс-әрекетке тыйым салынады.

10-бап. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметі

      1. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметі бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдыны және (немесе) учаскесі, биологиялық негіздеме және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспары болған кезде жүзеге асырылады.

      2. Балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган бекіткен қағидаларға және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес конкурс қорытындысы бойынша уәкілетті органның шешімімен бекітіп беріледі.

      Балық шаруашылығы су айдынына және (немесе) учаскесіне жатқызылған су айдынында және (немесе) оның бір бөлігінде барлық су айдынын пайдалану құқығынсыз көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу құқығын беру балық шаруашылығы су айдынын және (немесе) учаскесін бекітіп беру болып табылады.

      Қатысушы конкурсқа қатысу үшін уәкілетті орган бекіткен қағидаларда белгіленген мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде кепілді жарна енгізеді.

      3. Уәкілетті орган конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақтың екінші бөлігінің қолданысы 01.01.2027 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл бөлік осы Заңның 23-бабы 4-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімі су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясымен келісілгеннен кейін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі, уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстары арқылы ашық қолжетімділікте орналастырылады.

      4. Конкурс қорытындысы бойынша уәкілетті орган конкурс жеңімпазымен уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру шартын жасасады.

      Аквашаруашылық субъектісі көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру шартын жасасқаннан кейін ол жасалған кезден бастап күнтізбелік бір жыл ішінде уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес биологиялық негіздемені әзірлеуді және уәкілетті органмен келісуді қамтамасыз етуге міндетті.

      Аквашаруашылық субъектісі биологиялық негіздеме келісілген күннен бастап бір ай ішінде уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысанға сәйкес уәкілетті органмен келісу бойынша аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын бекітеді.

      5. Жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі және (немесе) уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерінде толық орналасқан, конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізіміне енгізілген жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері олардың өтінімі бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес уәкілетті органның шешімімен конкурс өткізілмей оларға бекітіп беріледі.

      Екі және одан да көп жеке және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалардың жеке меншігіндегі және (немесе) уақытша жер пайдалануындағы жер учаскелерінде орналасқан, конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізіміне енгізілген жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері уәкілетті орган бекіткен қағидаларға және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес және басқа меншік иелері және (немесе) жер пайдаланушылар көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру құқығынан жазбаша бас тартқан жағдайда уәкілетті органның шешімімен оның өтінімі бойынша конкурс өткізілмей олардың біреуіне бекітіп беріледі.

      6. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру мерзімі он жылдан қырық тоғыз жылға дейінгі мерзімді құрайды, ол су айдындарын және (немесе) учаскелерді паспорттау негізінде айқындалады.

      7. Аквашаруашылық субъектісінің көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарттың мерзімі аяқталғанға дейін үш айдан кешіктірмей және үш жылдан ерте емес мерзімде жаңа шарт жасасуға құқығы бар. Жасалған шартты тиісінше орындаған және конкурсқа қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген жағдайда уәкілетті орган аквашаруашылық субъектісімен көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға жаңа шарт жасасады. Бұл ретте көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған жаңа шарт бұрын жасалған шарттың мерзімінен немесе балық шаруашылығы су айдынының және (немесе) учаскесінің паспортында көрсетілген мерзімнен аспайтын мерзімге жасалады.

      Жаңа шарт жасауға өтінім берген кезде аквашаруашылық субъектісінде келісілген биологиялық негіздеме болуы және ол уәкілетті органмен келісу бойынша көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға жаңа шарт жасасқан күннен бастап бір ай ішінде уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысанға сәйкес аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын бекітуге міндетті.

      8. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт мынадай жағдайларда:

      1) аквашаруашылықты жүргізуден ерікті түрде жазбаша бас тартылғанда;

      2) аквашаруашылық субъектісінің қызметі тоқтатылғанда;

      3) шарттың талаптары және (немесе) Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасының талаптары күнтізбелік екі жыл ішінде үш рет және (немесе) одан да көп бұзылғанда;

      4) осы баптың 4-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көзделген міндеттемелер орындалмағанда;

      5) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесі мәжбүрлеп иеліктен шығарылғанда мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.

      9. Аквашаруашылық субъектілері осы баптың 8-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген немесе осы Заңның 11-бабы 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайларда көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізіліміне (бұдан әрі – жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізілімі) енгізіледі.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      9-тармақтың екінші бөлігінің қолданысы 01.01.2027 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл бөлік осы Заңның 23-бабы 4-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      Жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізілімін уәкілетті орган соттардың заңды күшіне енген шешімдері негізінде аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінде қалыптастырады.

      Жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізіліміне енгізілген тұлғалар, сондай-ақ басшылары мен құрылтайшылары жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізіліміндегі заңды тұлғаларды басқаруға, құруға, олардың жарғылық капиталына қатысуға байланысы бар заңды тұлғалар жосықсыз аквашаруашылық субъектілері тізіліміне енгізілген күннен бастап бес жыл ішінде көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беруге өтінім беруге құқылы емес.

11-бап. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін бекітіп берудің ерекше тәртібі

      1. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелері Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы осы Заңда белгіленген талаптарға сәйкес келген және ол міндеттемелерді қабылдаған кезде уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уәкілетті органның шешімімен конкурс өткізілмей бекітіп беріледі.

      Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелері мынадай:

      1) жаңа өндірістерді құру жөніндегі және қайта өңдеу қуаттарын іске қосуды қоса алғанда, өндірістік объектілер құрылысына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз елу мың еселенген мөлшерінде инвестиция құюды көздейтін;

      2) жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту, оның ішінде өндірістік және қайта өңдеу қуаттарын реконструкциялау мен жаңғырту жөніндегі және республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің кемінде бір жүз мың еселенген мөлшерінде инвестиция құюды көздейтін жобаларды іске асыру мақсатында бекітіп беріледі.

      2. Уәкілетті орган жобаны іске асыру үшін тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің тізімін қалыптастырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың екінші бөлігінің қолданысы 01.01.2027 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл бөлік осы Заңның 23-бабы 4-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      Жобаны іске асыру үшін тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің тізімі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен және тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен келісілгеннен кейін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі, уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстары арқылы ашық қолжетімділікте орналастырылады.

      3. Осы баптың 2-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелері болған кезде Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес өтінім мен құжаттарды уәкілетті органға жібереді.

      4. Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жобаны іске асыру үшін тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін бекітіп беруге өтінім жіберген кезде мынадай талаптарға сай болуға тиіс:

      1) жобаның бизнес-жоспары мен жұмыс бағдарламасының болуы;

      2) екінші деңгейдегі банкте және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мөлшерден кем емес көлемдегі қаражаттың немесе жобаның бизнес-жоспарында көрсетілген қаражаттың болуы;

      3) салықтық берешектің және әлеуметтік төлемдер бойынша берешектің болмауы;

      4) орындалмаған шарттық міндеттемелердің болмауы (бұрын оларға балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері бекітіп берілген тұлғалар үшін).

      5. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңды тұлғасымен жобаны іске асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру шартын уәкілетті орган бекіткен үлгілік нысан бойынша жасасады.

      Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары жобаны іске асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру шартын жасасқаннан кейін осы Заңның 10-бабы 4-тармағының екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.

      6. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін бекітіп беру кезінде Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына мынадай міндеттемелер жүктеледі:

      1) аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарына сәйкес балық өсіру көлемін сақтау;

      2) жобаның бизнес-жоспары мен жұмыс бағдарламасын сақтау;

      3) қайта өңдеу қуаттарын іске қосуды қоса алғанда, жаңа өндірістік объектілерді салу немесе өндірістік және қайта өңдеу қуаттарын реконструкциялау мен жаңғыртуды қоса алғанда, жұмыс істеп тұрған өндірістерді кеңейту;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      4) тармақшаның қолданысы 01.01.2026 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл тармақша осы Заңның 23-бабы 3-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      4) табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген төлемақы енгізу.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген міндеттемелер жобаны іске асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарттың міндетті талаптары болып табылады.

      7. Мынадай жағдайлардың бірі:

      1) жоба құнының осы баптың 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген мөлшерден аз болуы;

      2) Қазақстан Республикасы заңды тұлғасының осы баптың 4-тармағында белгіленген талаптарға сай болмауы;

      3) жобаның бизнес-жоспары мен жұмыс бағдарламасының уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес келмеуі;

      4) Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) анық еместігінің анықталуы тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерін бекітіп беруден бас тартуға негіз болып табылады.

      8. Жобаны іске асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының учаскелерінде тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт осы Заңның 10-бабының 8-тармағында көрсетілген жағдайларда және осы баптың 6-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген міндеттемелер орындалмаған кезде мерзімінен бұрын бұзылуы мүмкін.

12-бап. Тоған, индустриялық және (немесе) өсімді молайту шаруашылық қызметі

      1. Тоған, индустриялық және (немесе) өсімді молайту шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін биологиялық негіздеменің, жеке меншік құқығында не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де заңды негіздерде жер учаскесінің және (немесе) жылжымайтын мүліктің болуы қажет.

      2. Аквашаруашылыққа арналған ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларды, конструкцияларды салу және пайдалану, тоған, индустриялық және (немесе) өсімді молайту шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін балық өсіру тоғандары және (немесе) балық өсіру бассейндері Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамасына, ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарға, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қағидалар мен талаптарға сәйкес айқындалады.

13-бап. Аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер

      1. Мыналарды:

      1) аквашаруашылық объектілері үшін азық-жемді өндіруге байланысты қызметті;

      2) Қазақстан Республикасының асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы заңнамасына сәйкес балық өсіру саласында селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғалар аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер болып табылады.

      2. Аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерге осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шаралары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған шарттарда және тәртіппен беріледі.

      3. Аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер:

      1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінде тіркеледі;

      2) уәкілетті органға мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітілген, аквашаруашылық саласындағы әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарға сәйкес әкімшілік деректерді ұсынады;

      3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қарсы міндеттемелерді орындау бойынша ақпарат береді;

      4) уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де деректерді және (немесе) мәліметтерді (ақпаратты) ұсынады.

14-бап. Аквашаруашылық субъектілерінің құқықтары мен міндеттері

      1. Аквашаруашылық субъектілерінің:

      1) аквашаруашылыққа арналған ғимараттарға, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларға, конструкцияларға, балық өсіру тоғанына, балық өсіру бассейніне және өсірілген аквашаруашылық объектілеріне, оның ішінде олардан алынған өнімге меншік құқығы;

      2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және шарттарда аквашаруашылық мұқтажы үшін жер учаскелерін алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ете отырып, инженерлік коммуникациялар тартуды қоса алғанда, су қорғау белдеуінде балық өсіру объектілерін, балық өсіру тоғандарын салуға және пайдалануға, балық өсіру бассейндерін орналастыруға;

      4) Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін жер учаскелерінің меншік иелерінен және (немесе) жер пайдаланушылардан сервитут беруді талап етуге;

      5) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес арнайы су пайдалануға, оның ішінде ұңғымаларды (құдықтарды) бұрғылауға;

      6) осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес ұсынылатын аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шараларын алуға;

      7) коммерциялық құпияны құрайтын ақпаратты, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны қамтитын мәліметтерді қоспағанда, аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінен мәліметтерді алуға және пайдалануға;

      8) аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесіне өтеусіз қол жеткізуге;

      9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аквашаруашылыққа арналған ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларды, конструкцияларды, балық өсіру тоғандарын салуға және пайдалануға, балық өсіру бассейндерін орналастыруға құқығы бар.

      2. Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1-тармағында көзделген құқықтардан басқа, Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасына сәйкес уәкілетті органға шартқа және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар енгізуге құқылы.

      3. Тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, арнаулы құрылғылар (тор қоршамалар) орнатылған орындарды кеме қатынасы қауіпсіздігіне және өзге де жүзу құралдарының қозғалысына кедергі келтірмейтін, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы су объектілерін пайдалануды шектеуге жол бермейтін арқандармен және қалтқылармен қоршап қоюға құқылы.

      4. Көл-тауар шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде балық өсіруге арналған арнаулы құрылғыларды (тор қоршамаларды) биологиялық негіздемеге сәйкес орнатуға құқылы.

      5. Көл-тауар және (немесе) тоған шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 1, 2, және 4-тармақтарында көзделген құқықтардан басқа, әуесқой (спорттық) балық аулауды ұйымдастыруға құқылы.

      6. Аквашаруашылық субъектілері:

      1) биологиялық негіздемеде көзделген аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыруға;

      2) аквашаруашылықты су биологиялық ресурстарына және оларды қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермейтін тәсілдермен және әдістермен жүргізуді қамтамасыз етуге;

      3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес биологиялық негіздемені әзірлеуді қамтамасыз етуге;

      4) уәкілетті органға әкімшілік деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітілген аквашаруашылық саласындағы әкімшілік деректерді жинауға арналған нысандарға сәйкес ұсынуға;

      5) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қарсы міндеттемелерді орындау бойынша ақпарат беруге;

      6) су объектілерінде аквашаруашылық объектілерінің бөгде немесе генетикалық модификацияланған түрлерін интродукциялауға жол бермеуге;

      7) ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қағидалар мен талаптарды сақтауға;

      8) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесінде тіркелуге;

      9) Құрып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның I және II қосымшаларына түрлері енгізілген жануарларды жасанды жолмен өсіру жөніндегі қызметті жүзеге асыруды бастағаны немесе тоқтатқаны туралы хабарламаны Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес жіберуге;

      10) Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын сақтауға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларға жәрдемдесуге міндетті.

      7. Тоған, өсімді молайту және (немесе) индустриялық шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 6-тармағында көзделген міндеттерден басқа, жерүсті су объектілерінен су алу кезінде балық қорғау құрылғыларын орнатуға міндетті.

      8. Көл-тауар шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілері осы баптың 6-тармағында көзделген міндеттерден басқа:

      1) Қазақстан Республикасының су заңнамасына сәйкес ортақ пайдаланудағы жерүсті су объектілерін пайдалануды шектеуге жол бермеуге;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақшаның қолданысы 01.01.2027 дейін тоқтатыла тұрады, тоқтатыла тұру кезеңінде бұл тармақша осы Заңның 23-бабы 4-тармақтағы редакцияда қолданыста болады.

      2) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шартты және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын орындауға, сондай-ақ шарттың талаптары мен аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарының орындалуы туралы ақпаратты аквашаруашылықтың ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес беруге;

      3) біріктіру, қосу немесе қайта құру нысанында заңды тұлғаны қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт бойынша үшінші тұлғаларға құқықтар мен міндеттемелерді беруге және (немесе) басқаға беруге және (немесе) мұндай құқықтар мен міндеттемелердің мұрагерлік бойынша әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен үшінші тұлғаға ауысуына жол бермеуге;

      4) аквашаруашылық объектілерін заңсыз аулауға жол бермеу мақсатында балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін күзетуді қамтамасыз етуге;

      5) уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесіне Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес бақылау үшін аулауды жүзеге асыру құқығын беруге;

      6) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес аншлагтарды орнатуға;

      7) Қазақстан Республикасының су және экология заңнамасында, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерде және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің жағалаулары пайдаланылатын жерлерде оларды күтіп-ұстауға;

      8) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шарт мерзімінен бұрын бұзылған немесе оның мерзімі өткен жағдайда, аквашаруашылық үшін тұрғызылған ғимараттарды, құрылыстар мен өзге де құрылысжайларды, конструкцияларды қисынды мерзімде демонтаждауды, бұзып тастауды жүзеге асыруға;

      9) бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдынына аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарына сәйкес балық жіберуді жүргізуге;

      10) бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдынында Қазақстан Республикасының су заңнамасына және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес балық шаруашылығы мелиорациясын жүргізуге;

      11) Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасына сәйкес биологиялық негіздеме негізінде балық шаруашылығы су айдынының ихтиофаунасын толық және (немесе) ішінара ауыстыруды жүзеге асыруға міндетті.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларында көрсетілген талаптар тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыратын аквашаруашылық субъектілерінің де орындауы үшін міндетті.

      9. Аквашаруашылық субъектілері өзге де құқықтары мен міндеттерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

15-бап. Аквашаруашылық саласында ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) және санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      1. Аквашаруашылық саласында ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринария мәселелері бойынша құқығын құрайтын актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Аквашаруашылық саласында санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасына, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Еуразиялық экономикалық одақтың тамақ қауіпсіздігі мәселелері бойынша құқығын құрайтын актілерге сәйкес талаптарды сақтау арқылы жүзеге асырылады.

16-бап. Аквашаруашылық саласындағы ғылыми зерттеулер

      1. Аквашаруашылық саласындағы ғылыми зерттеулер "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Аквашаруашылық саласындағы ғылыми зерттеулердің міндеттері мыналар болып табылады:

      1) аквашаруашылық саласында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды жүргізу;

      2) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асырудың перспективалылығын айқындау және оларды паспорттау үшін балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін зерделеу және зерттеу;

      3) уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес биологиялық негіздемені әзірлеу;

      4) аквашаруашылық саласындағы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру;

      5) аквашаруашылық объектілерін және олардың құртшабақтарын көбейту және (немесе) күтіп-бағу, өсіру бойынша инновациялық және (немесе) индустриялық технологияларды әзірлеу және (немесе) енгізу;

      6) аквашаруашылық саласындағы ғылыми ұсынымдарды тұжырымдау;

      7) аквашаруашылық саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де ғылыми жұмыстарды жүргізу.

      2. Аквашаруашылық саласындағы ғылыми зерттеулер бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

      Бекітіп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде ғылыми зерттеулер өздеріне бекітіп берілген аквашаруашылық субъектілерінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      3. Аквашаруашылық саласындағы ғылыми зерттеулерді ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері ретінде аккредиттелген заңды тұлғалар және (немесе) дербес білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізеді.

4-тарау. АКВАШАРУАШЫЛЫҚТЫ МЕМЛЕКЕТТІК ЫНТАЛАНДЫРУ

17-бап. Аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шаралары

      1. Аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шаралары аквашаруашылық субъектілеріне, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерге беріледі және осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес айқындалады.

      2. Аквашаруашылықты мемлекеттік ынталандыру шараларына мыналар жатады:

      1) аквашаруашылықты субсидиялау;

      2) "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аквашаруашылыққа кредит беру және оны сақтандыру;

      3) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген арнаулы салық режимі және өзге де салықтық жеңілдіктер;

      4) инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету;

      5) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес қаржылық емес қолдау;

      6) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын өзге де шаралар.

18-бап. Аквашаруашылықты субсидиялау

      1. Аквашаруашылықты субсидиялау аквашаруашылықты дамытуды экономикалық ынталандыру ретінде мынадай шарттарда жүзеге асырылады:

      1) аквашаруашылықты дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиімділігі;

      2) өндірілетін аквашаруашылық өнімінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

      2. Аквашаруашылықты субсидиялау мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      1) аквашаруашылық өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру, сондай-ақ асыл тұқымды балық өсіруді дамыту;

      2) аквашаруашылық саласында инвестициялық салымдар болған кезде шығыстардың бір бөлігін өтеу;

      3) аквашаруашылық саласында су беру бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау;

      4) аквашаруашылық саласында техника мен технологиялық жабдық сатып алуға кредит беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау;

      5) субсидиялаудың Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де бағыттары.

      3. Аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді субсидиялау осы баптың 2-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      4. Аквашаруашылықты субсидиялау субсидиялар алушы уәкілетті орган бекіткен қағидаларда айқындалған қарсы міндеттемелерді қабылдаған жағдайда жүзеге асырылады.

      5. Аквашаруашылықты субсидиялауды, сондай-ақ қарсы міндеттемелерге қол жеткізу мониторингін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырады.

      6. Субсидиялар:

      1) осы баптың 7-тармағына сәйкес қарсы міндеттемелерді орындамауға жол берген және ақшаны қайтармаған;

      2) басшылары, құрылтайшылары (акционерлері) осы баптың 7-тармағына сәйкес бұрын қарсы міндеттемелерді орындамауға жол берген және ақшаны қайтармаған аквашаруашылық субъектілерінің, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілердің бұрын басшылары, құрылтайшылары (акционерлері) болып табылған аквашаруашылық субъектілеріне, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерге берілмейді.

      Егер аквашаруашылық субъектісі, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъект Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қарсы міндеттемелерді тиісінше орындау еңсерілмейтін күштің салдарынан мүмкін болмағанын дәлелдесе, осы тармақтың бірінші бөлігінің ережелері қолданылмайды.

      7. Аквашаруашылық субъектілері, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер қарсы міндеттемелерін орындамаған жағдайда, олар аквашаруашылықты субсидиялау шеңберінде алған ақша қарсы міндеттемелерді орындаудың қол жеткізілген деңгейі және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесі ескеріле отырып, уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес қайтарылуға жатады.

      Аквашаруашылық субъектілері, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілер субсидия берілген күннен бастап бес жыл ішінде қызметін тоқтатқан жағдайда, аквашаруашылықты субсидиялау шеңберінде алған ақшаны уәкілетті орган айқындаған тәртіппен толық не ішінара қайтаруға міндетті.

      8. Осы баптың 7-тармағына сәйкес ақшаны қайтарған аквашаруашылық субъектілерінің, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілердің және осы баптың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдардың ақшаны қайтарған күнінен бастап екі жыл өткен соң аквашаруашылық үшін субсидия алуына рұқсат етіледі.

19-бап. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету

      1. Аквашаруашылық субъектілерін, аквашаруашылықты дамытуды қамтамасыз ететін субъектілерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету:

      1) аквашаруашылық саласында жаңа өндірістерді құру;

      2) аквашаруашылық саласындағы жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру) және кеңейту;

      3) су ысырабын азайту және оны ұтымды пайдалану үшін жүзеге асырылады.

      2. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді жергілікті атқарушы органдар инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырады.

      3. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салуға (реконструкциялауға) бюджет қаражатын бөлу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

5-тарау. АКВАШАРУАШЫЛЫҚ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ

20-бап. Мемлекеттік бақылау

      1. Аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылауды уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері мен олардың лауазымды адамдары (бұдан әрі – бақылау органы) тексеру, бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нысанында жүзеге асырады.

      2. Тексерулер және бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне және осы Заңға сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Аквашаруашылық субъектілері, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – мемлекеттік бақылау субъектілері) аквашаруашылық саласындағы мемлекеттік бақылау субъектілері болып табылады.

21-бап. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау

      1. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың уақтылы жолын кесу және оларға жол бермеу, бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын мемлекеттік бақылау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.

      2. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау мемлекеттік бақылау субъектісі ұсынған есептілікті, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстардан алынған басқа да құжаттарды және мемлекеттік бақылау субъектісінің қызметі туралы мәліметтерді зерделеу мен талдау негізінде жүзеге асырылады.

      3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда бақылау органы бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күні ішінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғамай, бірақ мемлекеттік бақылау субъектісіне оларды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, мемлекеттік бақылау субъектісіне анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды жібереді.

      4. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мемлекеттік бақылау субъектісіне жеке өзінің қолын қойғызып немесе оны жөнелту және алу фактілерін растайтын өзге де тәсілмен табыс етілуге тиіс.

      Төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным мынадай жағдайларда:

      1) қолма-қол – алғаны туралы белгі қойылған күннен бастап;

      2) поштамен – хабарламасы бар тапсырысты хатпен;

      3) электрондық тәсілмен – бақылау органы сұрау салған кезде мемлекеттік бақылау субъектісінің хатта көрсетілген электрондық мекенжайына немесе егер бұл мекенжайды осы субъект бақылау органына ұсынған болса, бақылау органының жөнелтуі арқылы табыс етілген (алынған) болып есептеледі.

      5. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды алған мемлекеттік бақылау субъектісі ол табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде бақылау органына анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген оларды жоюдың нақты мерзімдерін көрсете отырып, анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға міндетті.

      Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды орындау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бақылау органына бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты жазбаша түрде беруге міндетті.

      Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы берілген ақпаратқа бұзушылықтарды жою фактісін дәлелдейтін материалдарды (қажет болғанда) қоса береді.

      6. Мемлекеттік бақылау субъектісі анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсынымды жіберген бақылау органына ұсыным табыс етілген (алынған) күннен кейінгі күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қарсылық жіберуге құқылы.

      7. Анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімде орындамау бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізіміне енгізу жолымен бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға алып келеді.

      8. Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау бір жыл ішінде екі реттен асырмай жүргізіледі.

6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ӨТПЕЛІ ЕРЕЖЕЛЕР

22-бап. Аквашаруашылық саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының аквашаруашылық саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

23-бап. Өтпелі ережелер

      1. Көл-тауар балық өсіру шаруашылығын, тор қоршама балық өсіру шаруашылығын, тоған балық өсіру шаруашылығын және сумен қамтамасыз ету циклі тұйықталған балық өсіру шаруашылығын жүзеге асыратын балық шаруашылығы субъектілері осы Заң қолданысқа енгізілген күннен кейін үш жыл ішінде өз қызметін осы Заңның 10-бабының 4-тармағы екінші және үшінші бөліктерінің және 12-бабы 1-тармағының талаптарына сәйкес келтіруге тиіс.

      2. Бекітіп берілмеген балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің паспорттарында балық өсіруге арналған балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру мерзімдері болмаған жағдайда, мұндай мерзімдер балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы аккредиттелген ғылыми ұйымның ғылыми ұсынымдары негізінде айқындалады деп белгіленсін.

      3. Осы Заңның 11-бабының 6-тармағы 4) тармақшасының қолданысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "4) балық шаруашылығы су айдынының учаскесін бекітіп беруге арналған жарнаны уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес айқындалған мөлшерде, тәртіппен және мерзімдерде енгізу.".

      4. 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін:

      1) осы Заңның 10-бабының 3-тармағы екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "Көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтегі балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімі су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциясымен келісілгеннен кейін уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурсында уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және мерзімдерде ашық қолжетімділікте орналастырылады.";

      2) осы Заңның 10-бабының 9-тармағы екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "Жосықсыз аквашаруашылық субъектілерінің тізілімі соттардың заңды күшіне енген шешімдері негізінде уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.";

      3) осы Заңның 11-бабы 2-тармағының екінші бөлігінің қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы бөлік мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "Жобаны іске асыру үшін тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыру үшін халықаралық және (немесе) республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындары учаскелерінің тізімі су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті органмен және тиісті облыстардың жергілікті атқарушы органдарымен келісілгеннен кейін уәкілетті органның және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының интернет-ресурстары арқылы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде ашық қолжетімділікте орналастырылады.";

      4) осы Заңның 14-бабының 8-тармағы 2) тармақшасының қолданысы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "2) көл-тауар және (немесе) тор қоршама шаруашылық қызметін жүзеге асыруға арналған шартты және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарын орындауға, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша шарт талаптарының және аквашаруашылық субъектісін дамыту жоспарының орындалуы туралы ақпарат беруге;".

24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      Осы Заң, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 6-баптың 1-тармағының 7) және 8) тармақшаларын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады