Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің есебінен нысаналы капитал қорының бір тұлғасы және үлестес тұлғалары шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына (ақшаны қоспағанда) инвестициялардың жиынтық мөлшерін белгілеу және Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесін, Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқаруы қағидаларын, сондай-ақ Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 44 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 29 тамызда № 36725 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 31.08.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 1) және 2) тармақшаларына, 27-бабының 4-тармағына және 28-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің есебінен нысаналы капитал қорының бір тұлғасы және үлестес тұлғалары шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына (ақшаны қоспағанда) инвестициялардың жиынтық мөлшері эндаумент-қордың (нысаналы капитал) таза активтері құнының (30) отыз пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленсін.

      2. Мына:

      1) осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесі;

      2) осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқаруы қағидалары;

      3) осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидалары бекітілсін.

      3. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2025 жылғы 31 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және міндетті түрде жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2025 жылғы 28 тамыздағы
№ 44 Қаулыға
1-қосымша

Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесі

      Басқарушы компания (фидуциарий) инвестициялық басқаруындағы әрбір жеке эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерін инвестициялайтын қаржы құралдарының тізбесі:

Қаржы құралының атауы

1.

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес эмиссияланған), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдігімен шығарылған бағалы қағаздар

2.

Қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары шығарған және (немесе) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметті жүзеге асыратын қор биржасында жария саудаға салуға рұқсат етілген облигациялар

3.

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамы және оның еншілес ұйымдары шығарған борыштық бағалы қағаздар

4.

Мына талаптардың біріне сәйкес келгенде Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар:
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі "В-"-тен төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шәкілі бойынша "kzBВ-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар банктер;
банктер бейрезидент-бас банкі Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі "А-"-тен төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы бар бейрезидент еншілес банктер, бейрезидент-бас банк болып табылады

5.

Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар:
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "В-"-тен төмен емес рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шәкілі бойынша "kzBВ-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар эмитенттердің акциялары және (немесе) қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, қор биржасының ресми тізімінің "акциялар" секторларының талаптарына сәйкес келетін эмитенттердің акциялары және (немесе) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметті жүзеге асыратын қор биржасында жария саудаға салуға рұқсат етілген эмитенттердің акциялары;
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша рейтингі "В-"-тен төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы немесе Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) ұлттық шәкілі бойынша "kzBВ-"-тен төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктерінің бірінің ұлттық шәкілі бойынша ұқсас деңгейдегі рейтингі бар борыштық бағалы қағаздар немесе қор биржасының ресми тізіміне енгізілген, қор биржасының ресми тізімінің "борыштық бағалы қағаздар" секторларының талаптарына сәйкес келетін борыштық бағалы қағаздар және (немесе) "Астана" Халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметті жүзеге асыратын қор биржасында жария саудаға салуға рұқсат етілген борыштық бағалы қағаздар;
қор биржасының ресми тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасы ұйымдарының инфрақұрылымдық облигациялары және (немесе) "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында қызметті жүзеге асыратын қор биржасында жария саудаға салуға рұқсат етілген Қазақстан Республикасы ұйымдарының инфрақұрылымдық облигациялары;
басқарушы компаниясы (фидуциарий) Қазақстан Республикасының немесе "Астана" халықаралық қаржы орталығының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын аралық инвестициялық пай қорларының (басқарушы компаниясы (фидуциарий) активтері есебінен осы пайлар сатып алынатын, нысаналы капитал қор болып табылатын, инвестициялық пай қорларының пайларын қоспағанда) пайлары;
осы эмитенттің бұрын шығарылған бағалы қағаздарына не өзге міндеттемелеріне айырбастау мақсатында эмитент міндеттемелерін қайта құрылымдау шеңберінде шығарылған бағалы қағаздар.

6.

Mornіngstar (Морнинстар) рейтингтік агенттігінің "3 жұлдыздан" төмен емес рейтингтік бағасы бар Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс), Exchange Traded Commodities (ETC) (Эксчейндж Трэйдэд Коммодитис), Exchange Traded Notes (ETN) (Эксчейндж Трэйдэд Ноутс) пайлары

7.

Базалық активі осы тармақтың 5, 12, 13-жолдарында көрсетілген акциялар болып табылатын не базалық активі Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша рейтингісі "В-"-тен төмен емес немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингілік бағасы бар эмитенттердің бағалы қағаздары болып табылатын депозитарлық қолхаттар

8.

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ" төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингі бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар

9.

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВВ" төмен емес тәуелсіз рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осындай деңгейдегі рейтингі бар елдердің шетел валютасы

10.

Мынадай халықаралық қаржы ұйымдары шығарған бағалы қағаздар: Азия даму банкі; Африка даму банкі; Халықаралық есеп айырысу банкі; Еуразиялық даму банкі; Еуропа инвестициялық банкі; Еуропа Қайта құру және даму банкі; Ислам даму банкі; Америкааралық даму банкі; Халықаралық Қайта құру және даму банкі; Халықаралық қаржы корпорациясы

11.

Шетел ұйымдары шығарған мемлекеттік емес бағалы қағаздар: Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар борыштық бағалы қағаздар және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасымен танылатын шетел аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген борыштық бағалы қағаздар;
Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар шетел ұйымдары шығарған акциялар және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасымен танылатын шетел аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген акциялар

12.

Қазақстан Республикасының резиденттері деп танылатын шетелдік ұйымдар шығарған, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген мемлекеттік емес бағалы қағаздар

13.

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" төмен емес рейтингілік бағасы немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар ұйымдар шығарған Prіncіpal protected notes (Принципл протектед ноутс), ол мына талаптардың біріне сәйкес келеді: айналыс мерзімі бес жылдан аспайды; prіncіpal protected notes (принципл протектед ноутс) шығарылым талаптарымен қандай да бір мемлекеттің, эмитенттің өз міндеттемелері бойынша дефолт жағдайы көзделмеген

14.

Standard & Poor's (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-" төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингілік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингілік бағасы бар бейрезидент банктердегі салымдары

15.

Базалық активі ашық және аралық инвестициялық пай қорлары активтерінің құрамына кіретін қаржы құралдары, шетел валютасы, сондай-ақ мынадай есепті көрсеткіштер (индекстер) болып табылатын, хеджирлеу мақсатында жасалған туынды қаржы құралдары (фьючерстер, опциондар, своптар, форвардтар):
AІX (Astana Іnternatіonal Exchange) (Астана Интернейшнл Эксчейндж);
САС 40 (Compagnіe des Agents de Change 40 Іndex) (Компани дэ Эжон дэ Шанж 40 Индекс);
DAX (Deutscher Aktіenіndex) (Дойтче Акциениндекс) DJІA (Dow Jones Іndustrіal Average) (Доу Джонс Индастриал Эвередж);
EURO STOXX 50 (EURO STOXX 50 Prіce Іndex) (Юроп Эс Ти Оу Экс Экс 50 Прайс Индекс)
FTSE 100 (Fіnancіal Tіmes Stock Exchange 100 Іndex) (Файнэншл Таймс Сток Эксчейндж 100 Индекс);
HSІ (Hang Seng Іndex) (Ханг Сенг Индекс)
KASE (Kazakhstan Stock Exchange Іndex) (Казахстан Сток Эксчейндж Индекс) MSCІ World Іndex (Morgan Stanley Capіtal Іnternatіonal World Іndex) (Морган Стэнли Кэпитал Интернешнл Ворлд Индекс);
MOEX Russіa (Moscow Exchange Russіa Іndex) (Москоу Эксчейндж Раша Индекс)
NІKKEІ 225 (Nіkkeі-225 Stock Average Іndex ) (Никкэй-225 Сток Эвередж Индекс)
RTSІ (Russіan Trade System Іndex) (Рашен Трейд Систем Индекс) S&P 500 (Standard and Poor's 500 Іndex) (Стандард энд Пурс 500 Индекс)
TOPІX 100 (Tokyo Stock Prіce 100 Іndex) (Токио Сток Прайс 100 Индекс)
NASDAQ-100 (Nasdaq-100 Іndex) (Насдак-100 Индекс)

16.

Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысу үлесі

17.

Активтерінің құрылымы негізгі қор индекстерінің бірінің құрылымын қайталайтын Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс) пайлары немесе негізгі қор индекстеріне байланыстырылған пайлары бойынша баға құру

  Қаулыға
  2-қосымша

Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқаруы қағидалары

      Осы эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарын басқарушы компаниялардың (фидуциарийлердің) басқару тәртібін белгілейді.

      1. Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) баға белгілеу – пошта, электрондық немесе факсимильді байланыс арқылы алынған қаржы құралдары бойынша қарсы әріптестердің баға ұсыныстары;

      2) басқарушы компания (фидуциарий) – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның лицензиясы негізінде инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы не эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын нысаналы капитал қоры;

      3) қарсы әріптес – Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу құқығы бар заңды тұлға;

      4) эндаумент-қор (нысаналы капитал) – эндаументтер (нысаналы салымдар) және инвестициялық кіріс, сондай-ақ нысаналы капитал қорының меншікті қаражаты есебінен қалыптастырылатын және (немесе) толықтырылатын және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) қайырымдылық бағдарламасында көзделген қайырымдылық объектілерін қаржыландыру үшін пайдаланылатын нысаналы капитал қорының мүлкі;

      5) principal protected notes (принципл протектед ноутс) – негізгі борыш сомасын толық қайтару бойынша эмитенттің кепілдігі белгіленген борыштық бағалы қағаздар.

      2. Басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық портфелін инвестициялық басқаруды Заңның, Қағидалардың, "Инвестициялық портфельді басқару жөнiндегi қызметті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 10 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9248 болып тіркелген), "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және дилерлік қызметті, инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 27 тамыздағы № 214 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8796 болып тіркелген) талаптарына, сенімгерлік басқару шартына, эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) инвестициялық декларациясына және фидуциарлық міндеттемелерге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарушы компания (фидуциарий) мәмілелерді брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде инвестициялық басқаруға қабылданған эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтері есебінен дербес не Қазақстан Республикасының немесе шет мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу құқығы бар заңды тұлғалардың қызметтерін пайдалана отырып (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтері есебінен мәмілелер жасау кезінде) жасайды.

      Басқарушы компания (фидуциарий) инвестициялық басқаруға қабылдаған эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің есебінен бастапқы ұйымдастырылмаған нарықтағы мемлекеттік емес бағалы қағаздармен (оларды орналастыру кезінде), сондай-ақ ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айналысқа жіберілмеген бағалы қағаздармен және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерімен мәмілелерді басқарушы компания (фидуциарий) дербес жасайды.

      4. Қаржы құралдарымен мәмілелер жасасу кезінде басқарушы компания (фидуциарий) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларын, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 9 қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9249 болып тіркелген) белгіленген талаптарды басшылыққа алады.

      5. Егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін құрайтын инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шартта басқарушы компанияның (фидуциарийдің) көрсетілген шарттың талаптарын орындауды басқа тұлғаға беру мүмкіндігі көзделсе, онда шартта:

      1) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) нысаналы капитал қоры алдындағы міндеттемелер бойынша жауапкершілігі;

      2) Қағидаларды және нысаналы капитал қорының инвестициялық декларациясын сақтай отырып, эндаумент-қордың (нысаналы капиталың) активтерін басқару талабы көзделеді.

      6. Басқарушы компания (фидуциарий) инвестициялық басқарудағы эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін Заңның 9-бабының 1) тармақшасына сәйкес айқындалған эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесіне инвестициялайды.

      Басқарушы компанияның (фидуциарийдің) инвестициялық басқаруындағы эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтері нысаналы капитал қорының инвестициялық декларациясында айқындалған инвестициялау нысандарының тізбесіне инвестицияланады.

      7. Эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтері есебінен туынды қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуға осы туынды қаржы құралдары Заңның 9-бабының 1) тармақшасына сәйкес айқындалған эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) активтерінің құрамына кіруі мүмкін қаржы құралдарының тізбесінде көзделген жағдайда, хеджирлеу мақсаттары үшін жол беріледі.

      8. Басқарушы компания (фидуциарий) осы Қағидаларда және нысаналы капитал қорының инвестициялық декларациясында белгіленген инвестициялау лимиттері сақталған кезде эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін инвестициялауды жүзеге асырады.

      9. Басқарушы компания (фидуциарий) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерін басқару процесінде мыналарды:

      1) эмитенттің міндеттемелерін қайта құрылымдау мақсатында шығарылған эмитенттің бағалы қағаздарын және өзге де міндеттемелерін осы эмитенттің бағалы қағаздарына айырбастауды (айналдыруды) қоспағанда, эмитент дефолтқа жол берген, не қор биржасы сауда-саттықты тоқтатқан эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен қаржы құралдарын сатып алуды;

      2) талаптарында мәміленің мәні болып табылатын қаржы құралдарын кері сатып алу не кері сату міндеттемесі көзделетін ұйымдастырылмаған нарықта қаржы құралдарымен мәмілелер жасасуды;

      3) эндаумент-қорлардың (нысаналы капиталдардың) активтерімен қарапайым серіктестіктерге қатысуды;

      4) инвестициялық шешім қабылданған күнге теріс меншікті капиталы бар шаруашылық серіктестіктерге қатысу үлестерін сатып алуды;

      5) активтерінің елу пайыздан астамы сот дауларының нысанасы болып табылатын заңды тұлғалар шығарған (ұсынған) қаржы құралдарын сатып алуды көздейтін инвестициялық шешімдер қабылдамайды.

      10. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен мәмілелер мынадай талаптар сақталған кезде халықаралық (шетелдік) бағалы қағаздар нарықтарында жасалады:

      1) акцияларды (базалық активі акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттарды) сатып алу жөніндегі мәміле Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық талдамалық жүйелерінде ұсынылған ақпаратқа сәйкес, осы қаржы құралы айналысқа түсетін халықаралық (шетелдік) қор биржаларында мәміле жасалған күні қалыптасқан осы қаржы құралы бойынша бағаның ең жоғары мәнінен аспайтын баға бойынша жасалады;

      2) акцияларды (базалық активі акциялар болып табылатын депозитарлық қолхаттарды) сату жөніндегі мәміле Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық талдамалық жүйелерінде ұсынылған ақпаратқа сәйкес, осы қаржы құралы айналысқа түсетін халықаралық (шетелдік) қор биржаларында мәміле жасалған күні қалыптасқан осы қаржы құралы бойынша бағаның ең төменгі мәнінен төмен емес баға бойынша жасалады;

      3) principal protected notes (принципл протектед ноутс) қоспағанда, борыштық бағалы қағаздар бойынша, сондай-ақ туынды қаржы құралдары бойынша Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық аналитикалық жүйелерінен сатып алуға және (немесе) сатуға баға белгілеулердің басып шығаруы бар, не мұндай баға белгілеулер болмаған жағдайда үш түрлі контрәріптестерден кемінде үш баға белгілеу бар. Контрәріптестерден осы қаржы құралы бойынша баға ұсыныстары болмаған кезде контрәріптестен баға белгілеулердің болмауы немесе қаржы құралына баға белгілеуден бас тартуы туралы хабарламасы мәміле жасасу туралы есепке (құжатқа) енгізіледі.

      11. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен principal protected notes (принципл протектед ноутс) сатып алған кезде есептеулер "төлемге қарсы жеткізу" қағидаты бойынша жүзеге асырылады.

      12. Басқарушы компанияның (фидуциарийдің) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері есебінен мүлікті сатып алуы эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) сатып алынатын мүлікке қатысты меншік құқығын белгілейтін құжаттарды ресімдеу арқылы жүзеге асырылады.

      13. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері құрылымының Қағидаларда және (немесе) инвестициялық декларацияда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуіне әкеліп соққан басқарушы компанияның (фидуциарийдің) әрекеттеріне тәуелсіз мән-жайлар туындаған кезде басқарушы компания осындай сәйкессіздікке байланысты инвестициялық қызметті тоқтатады және үш жұмыс күні ішінде қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға іс-шаралардың атауын, басқарушы компанияның (фидуциарийдің) олардың орындалуына жауапты басшы қызметкерлерін және орындау мерзімдерін көрсете отырып, оны жою жөнінде іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, аталған сәйкессіздік фактісі және себептері жөнінде хабарлайды.

      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын бес жұмыс күні ішінде қарайды. Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған кезде басқарушы компания оны іске асыруға кіріседі және іс-шаралар жоспарында белгіленген іс-шараларды орындау мерзімдері өткеннен кейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органға іс-шаралардың орындалуы туралы есептер ұсынады. Уәкілетті органның іс-шаралар жоспарына ескертулерін алған кезде басқарушы компания (фидуциарий) уәкілетті органға іс-шаралар жоспарын қарау нәтижелері туралы уәкілетті органның хатын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей түзетілген іс-шаралар жоспарын ұсынады.

  Қаулыға
  3-қосымша

Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидалары

      Осы Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтері мен активтерінің құнын есептеу және айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Нысаналы капитал қорлары және эндаумент-қорлар (нысаналы капиталдар) туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2) тармақшасына және 28-бабының 1-тармағына және "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтері мен таза активтерінің құнын есептеу және анықтау тәртібін айқындайды.

1-тарау. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқаруға байланысты активтер мен міндеттемелердің құнын айқындау

      1. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің және эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқаруға байланысты міндеттемелердің құны ай сайын әр күнтізбелік айдың соңғы жұмыс күнінің соңындағы, сондай-ақ:

      1) эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) жұмыс істеуі тоқтатылған жағдайда - оның жұмыс істеуін тоқтату үшін негіз пайда болған күнгі жағдай бойынша;

      2) өзге жағдайларда нысаналы капитал қорының немесе эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқарушы компанияның (фидуциарийдің) ішкі құжаттарына сәйкес айқындалады.

      2. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің және эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқаруға байланысты міндеттемелердің құны әр айдың соңғы жұмыс күнінің соңындағы жағдай бойынша басқарушы компанияның (фидуциарийдің) және эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) жұмыс істеуін қамтамасыз ететін өзге де тұлғаларға шығыстар есептелгеннен және сыйақы төленгеннен кейін айқындалады.

      3. Эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерінің құрамында қаржы құралын тану, сондай-ақ қаржы құралын есептен шығару мәміле кастодианның немесе орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде тіркелген күні жүзеге асырылады.

      4. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін құрайтын және қор биржасының тізіміне кіретін қаржы құралы қор биржасының бағалы қағаздарын бағалау әдістемесін белгілейтін қор биржасының ішкі құжатына сәйкес не Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша нарықтық немесе индикативтік баға бойынша бағаланады.

      Шет мемлекеттердің заңнамасына сәйкес шығарылған қаржы құралдары жұмыс күнінің соңында, Bloomberg (Блумберг) немесе Reuters (Рейтер) ақпараттық-талдау жүйелерінің деректері бойынша бағалау жүргізілетін сауда күнінің жабылу бағасымен бағаланады.

      Бағалауы қор биржасының бағалы қағаздарды бағалау әдістемесінде және Қағидаларда көзделмеген борыштық бағалы қағаздардың әділ құны ағымдағы аптаның бірінші жұмыс күнінің соңына апта сайын амортизацияланған құнмен есепке алу арқылы айқындалады.

      5. Өтімді емес акциялардың құны баланстық құны бойынша анықталады. Бұл ретте, егер эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) активтерін қайта бағалау күніне осы бағалы қағаз қор биржасының бағалы қағаздарының өтімділік көрсеткіштерін айқындау әдістемесін белгілейтін қор биржасының ішкі құжатына сәйкес айқындалған өтімділіктің бірінші класты бағалы қағаздар тізіміне кірмеген болса, акция өтімді емес деп танылады.

      Қағидалардың мақсаттары үшін жай акциялардың баланстық құны және артықшылық берілген акциялардың баланстық құны ретінде "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 102-бабының және "Эмитенттің ақпаратты жария ету қағидаларын, Эмитенттің жария етуіне жататын ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ эмитенттің қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында ақпаратты жария ету мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 189 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17579 болып тіркелген) талаптарына сәйкес жарияланатын эмитенттің қаржылық есептілігі негізінде айқындалатын тиісінше жай акциялардың құны мен артықшылық берілген акциялардың құны түсініледі.

      Эмитенттің қаржылық жай-күйінің нашарлауына байланысты емес себептермен қор биржасының тізімінен алып тасталған пайлар таза активтер құны бойынша бағаланады.

      6. Қаржы құралдарынан басқа, эндаумент-қордың (нысаналы капитал) өзге мүлкiнiң нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметi жөнiндегi заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Егер эндаумент-қордың (нысаналы капитал) активтерi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған жағдайда, олардың құнын аумағында эндаумент-қордың (нысаналы капитал) активтерi бар мемлекеттердiң заңдарына сәйкес мүлiктi бағалауды жүзеге асыру лицензиясына (рұқсатына) ие бағалаушылар айқындай алады.

      7. Эндаумент-қордың (нысаналы капитал) бағалаушы бағалайтын активтерi оларды сатып алған және иелiгiнен шығарған кезде, бiрақ жылына бiр реттен кем емес бағалануға жатады.

      8. Эндаумент-қордың (нысаналы капитал) құны шетел валютасымен көрсетiлген активтерi мен міндеттемелерін бағалау эндаумент-қор (нысаналы капитал) активтерiнiң құнын айқындау күні Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 бірлескен қаулысында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8378 болып тіркелген) және "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 бұйрығында көзделген тәртіппен валюталар айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша бағамы бойынша жүзеге асырылады.

      9. РЕПО және кері РЕПО операциялары, орналастырылған салымдар, амортизацияланған құны бойынша бағаланады.

      Осы тармақта көзделген қаржы құралдары бойынша пайыздық кірістер және шығыстар 9 "Қаржы құралдары" Халықаралық қаржылық есептілік стандартының (IFRS) ережелеріне сәйкес қолданылатын тиімді пайыздық мөлшерлеме әдісін пайдалана отырып есептеледі.

      10. Эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқаруға байланысты міндеттемелерге эндаумент-қордың (нысаналы капитал) активтерін басқару және (немесе) есепке алу жөніндегі шығыстар жатады.

2-тарау. Эндаумент-қордың (нысаналы капитал) таза активтерінің құнын айқындау

      11. Эндаумент-қордың (нысаналы капиталдың) таза активтерінің құны оның активтерінің құны мен эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) басқаруға байланысты міндеттемелердің арасындағы айырма ретінде айқындалады.

      Эндаумент-қордың (нысаналы капитал) таза активтерінің құнын есептеген кезде нысаналы капитал қорының кастодианында есепте тұрмайтын және сақталмайтын, нысаналы капитал қорының қызметін қамтамасыз етуге арналған активтер және бөлінбеген кірістің бір бөлігі есепке алынбайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады