Жол саласы жұмыскерлерінің біліктілігін міндетті арттыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 26 тамыздағы № 278 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 26 тамызда № 36689 болып тіркелді

      "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 2-тармағы 42-2) тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Жол саласы жұмыскерлерінің біліктілігін міндетті арттыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен қамтамасыз етсін:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты алғаш ресми жарияланған күннен кейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының жетекшілік ететін Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
Н. Сауранбаев

      Қазақстан Республикасы Еңбек

      және халықты әлеуметтік қорғау

      министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Ғылым

      және жоғары білім министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

  Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
2025 жылғы 26 тамыздағы
№ 278 Бұйрықпен
бекітілді

Жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті арттыру қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті арттыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Автомобиль жолдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2-тармағына 42-2) тармақшаға сәйкес әзірленді және жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін міндетті түрде арттыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар меншік нысанына қарамастан автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдарға, сондай-ақ лауазымдық міндеттері мен атқаратын жұмыстарының ерекшеліктеріне сәйкес міндетті түрде біліктілігін арттыруға жататын автожол саласы қызметкерлеріне арналған.

      3. Біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын ұйымдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын, оның ішінде еңбек, білім беру, автомобиль жолдары, сәулет, құрылыс және қала құрылысы салаларындағы заңнаманы, дербес деректерді, осы Қағидаларды, мекеменің жарғысын, сондай-ақ біліктілікті арттыру саласындағы қызметті реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

      4. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарын өткізетін ұйымдардың бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) - автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдар мен заңды тұлғалар туралы мәліметтерді қамтитын тізбе;

      2) біліктілікті арттыру – бұрын алған кәсіптік білімін, машықтары мен дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдету мен жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;

      3) біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – Ұйым) - қосымша білім беру жүйесінде автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын іске асыратын заңды тұлға;

      4) Ұйымның қызметкері - жұмыс берушімен еңбек қатынастарында тұратын және еңбек шарты бойынша жұмысты тікелей орындайтын жеке тұлға;

      5) қашықтықтан оқыту - педагог пен білім алушылардың арақашықтықта өзара әрекеттесуі арқылы, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен телекоммуникациялық құралдарды қолдану арқылы жүзеге асырылатын оқыту;

      6) жол органы – жалпы пайдаланымдағы мемлекеттік автомобиль жолдарын басқаруды жүзеге асыратын автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган;

      7) қосымша білім беру – білім алушылардың, тәрбиеленушілердің және мамандардың жан-жақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын тәрбиелеу мен оқыту үдерісі.

      8) оқу бағдарламасы - әрбір оқу пәні, әрбір оқу сабағы және (немесе) модуль бойынша меңгеруге жататын білімнің, іскерліктің, дағдылар мен құзыреттердің мазмұны мен көлемін айқындайтын бағдарлама.

      9) сертификат - біліктілікті арттыру курстарының бағдарламасына сәйкес қорытынды бағалаудан сәтті өткен тыңдаушыларға берілетін құжат;

      10) тыңдаушы - қосымша білім берудің білім беру бағдарламалары бойынша білім беру ұйымдарында білім алатын тұлға;

      5. Автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды Автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестің шешімімен қалыптастырылатын және бекітілетін Тізілімге енгізілген ұйымдар жүзеге асырады. Автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңес "Кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестерді құру қағидаларын айқындау және олардың типтік ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 8 қыркүйектегі № 378 бұйрығына сәйкес құрылады.

      6. Ұйымдар туралы мәліметтер, біліктілікті арттыру курстарының тыңдаушылары жөніндегі ақпарат, оның ішінде олардың оқудан өтуі және берілген сертификаттар туралы деректерді есепке алу үшін жол органы осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен ұсынады.

      7. Оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, білім беру бағдарламаларының қазіргі заманғы стандарттар мен инновациялық технологияларға сәйкестігіне, экономиканың автомобиль-жол секторы үшін жоғары білікті және құзыретті мамандарды даярлауға бағытталған шаралар кешенін іске асыру мақсатында осы Қағидаларда Ұйымдарға қойылатын өлшемдер белгіленген.

      8. Біліктілікті арттыру жұмыс берушінің қаражаты және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

2-бөлім. Автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру тәртібі

      9. Біліктілікті арттыру келесіндей тәртіппен ұйымдастырылады:

      1) біліктілікті арттыру Ұйымдарында жалақысы сақталып, еңбек қызметінен қол үзе отырып;

      2) қашықтықтан оқыту форматында еңбек қызметінен қол үзбей.

      10. Жол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру тыңдаушылардың тиісті функционалдық міндеттеріне сәйкес бағыттар бойынша және олардың кәсіби құзыреттерін, білімдерін, іскерліктері мен дағдыларын дамытуға бағытталған тәжірибеге бағдарланған бағдарламалар негізінде іске асырылады. Оқу бағдарламаларына дәрістер, практикалық сабақтар, тағылымдамалар және кейстерді шешу кіреді, бұл біліктілікті арттыру курстарынан өткен қызметкерлерге алған білімдерін тәжірибеде тиімді қолдануға мүмкіндік береді.

      11. Ұйымдар автомобиль жолдары бойынша жол органымен біліктілікті арттыру курстарының бағыттарын (тақырыптарын) келіседі.

      12. Курстық бағдарламалар келесі сабақ нысанында қарастырады:

      1) дәрістер;

      2) семинарлар;

      3) тренингтер;

      4) практикалық және зертханалық сабақтар;

      5) дөңгелек үстелдер;

      6) көшпелі сабақтар;

      7) тағылымдама.

      13. Оқыту пішіні:

      1) күндізгі;

      2) қашықтықтан;

      3) жеке оқыту (өндірістік қажеттілік жағдайында).

      14. Курстардың ұзақтығы кемінде 40 академиялық сағатты құрайды:

      1) курстың академиялық сағаты 45 минутты құрайды;

      2) автожол саласының қызметкерлері кемінде үш жылда бір рет міндетті біліктілікті арттырудан өтеді. Оқу бағдарламасы тыңдаушылардың еңбек өтіліне немесе жұмыс тәжірибесіне қарамастан, әр курс үшін кемінде 40 академиялық сағатты қамтуы тиіс;

      3) жол шаруашылығы саласындағы ұйымдарда басшы лауазымдарға тағайындалған автожол саласының қызметкерлері еңбек шарты жасалған және тиісінше басшы лауазымға тағайындалған күннен бастап алты айдан кешіктірмей күндізгі оқу нысанында біліктілікті міндетті түрде арттыруға жіберіледі.

      15. Меншік нысанына қарамастан, автожол саласындағы жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысатын ұйымдар қызметтің тиісті бағыттары бойынша қызметкерлердің біліктілігін жүйелі және тұрақты түрде арттыруды қамтамасыз етеді.

      16. Біліктілікті арттыру бойынша қызмет көрсететін Ұйымдар сабақтарды өткізуге салалық ұйымдардың мамандарын, практиктерді, өндірістік кәсіпорындардың мамандарын, сондай-ақ шетелдік сарапшыларды тартуға құқылы.

      17. Автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру тыңдаушылардың дербес деректерін жинауды және өңдеуді жүзеге асырады, тапсырыс берушіні тыңдаушылардың еңбек, оқу тәртібін және шартта (келісімде) белгіленген талаптарды бұзғаны туралы хабардар етеді.

      18. Курстарды аяқтағаннан кейін ұйым оқу бағдарламасына сәйкес тыңдаушыларға қорытынды баға береді. Қорытынды бағалауды ұйым мынадай нысанда жүргізеді:

      1) біліктілік жұмысын қорғау;

      2) сынақты тапсыру, практикалық және кейстік тапсырмаларды орындау;

      3) қорытынды тестілеу немесе жазбаша емтихан тапсыру.

      19. Курстан өткен тыңдаушыларға осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес сертификат беріліді.

      20. Сертификатта қамтылған:

      1) тыңдаушының Т.А.Ә.;

      2) курстың атауы және академиялық сағат саны;

      3) оқыту нысаны және өткізу күні;

      4) курсты өткізген Ұйымның атауы;

      5) жауапты тұлғаның қолы және Ұйымның мөрі;

      6) тіркеу нөмірі;

      7) сертификаттың түпнұсқалығын тексеруге арналған сәйкестендіру QR-коды.

      21. Ұйым басшысы курстар аяқталған күннен бастап 3 жыл бойы қолданылатын сертификатқа сертификат берілген күнде қол қояды.

      22. Қорытынды бағалаудан өтпеген тыңдаушыларға біліктілікті арттыру курсын еркін нысанда тыңдау туралы анықтама беріледі.

      23. Сертификат алмаған тыңдаушылардың келесіндей мүмкіндіктері болады:

      1) ағымдағы жыл ішінде бір ағыннан екінші ағынға дәлелді себеппен ауысуға;

      2) растайтын құжаттарды ұсына отырып, дәлелді себеппен тоқтатылған курсты аяқтауға.

      24. Біліктілікті арттыру курстарынан өту туралы келісімнің талаптарын орындамаған тыңдаушылар Ұйымнын басшысының бұйрығы негізінде оқудан шығарылады.

      25. Ұйым біліктілікті арттыру курстарын аяқтаған тыңдаушылар туралы ақпаратты сертификаттарын қоса бере отырып, курстар аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей жол органына жолдайды.

      26. Негізгі қызметті іске асыру үдерісінде біліктілікті арттыруды жүзеге асыратын Ұйыммен туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.

      27. Автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын Ұйымның қызметі білім беру қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс.

      28. Автожол саласы қызметкерлерінің кәсіби даярлығының тиісті сапасын қамтамасыз ету мақсатында Ұйымдардың келесі өлшемдерге сәйкестігі көзделеді:

      1) Тізілімге енгізу үшін өтінім беру күніне кемінде 3 (үш) жыл біліктілікті арттыру саласындағы қызметті жүзеге асыру;

      2) мынадай талаптардың біріне сәйкес келетін оқытушылардың болуы:

      - тиісті білім беру бағдарламасы бойынша магистр дәрежесі;

      - ғылым кандидаты немесе ғылым докторы ғылыми дәрежесі;

      - тиісті ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша философия докторы (PhD) дәрежесі;

      - кәсіби қызмет өтілі кемінде 5 жыл.

      3) біліктілікті арттыру бағдарламалары мазмұнының мерзімді жаңартуға жататын саланың ерекшелігіне және ағымдағы қажеттіліктеріне сәйкестігі;

      4) тиісті санитариялық қағидалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес біліктілікті арттыру курстарын өткізу үшін техникалық жарақтандырылған үй-жайлардың, аудиториялардың меншік құқығында немесе жалдау шарттары бойынша болуы;

      5) меншік құқығында немесе сынақ зертханаларының және (немесе) практикалық сабақтар өткізуге арналған полигондардың жалдау шарттары бойынша (қажет болған жағдайда курстың бағытына байланысты) болуы;

      6) меншік құқығында немесе мамандандырылған жабдықтар мен бағдарламалық жасақтамаларды жалдау шарттары бойынша (қажет болған жағдайда курстың бағытына байланысты) болуы;

      7) кітапхана қорының қағаз немесе электрондық форматта, оқу-әдістемелік құжаттаманың, нормативтік құқықтық актілердің, нормативтік техникалық және өзге де құжаттаманың, оқу әдебиетінің, автожол саласындағы өзге де басылымдардың және ақпараттық ресурстардың болуы;

      8) өзекті және пайдалы ақпараттың мазмұны бар жеке жұмыс істейтін интернет-ресурстың (веб-сайттың), білім алушылар мен оқу контенті үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпаратқа ие беттері бар білім беру порталының, сондай-ақ онлайн режимде (бейнеконференцбайланыс) желілік технология бойынша оқыту мүмкіндігі бар мультимедиялық сыныптардың болуы.

3-бөлім. Тізілімді жүргізуді ұйымдастыруы

      29. Тізілім материалдық және еңбек ресурстары бойынша растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Ұйымдардың жазбаша өтінімдері негізінде қалыптастырылады.

      30. Ұйымдарды Тізілімге енгізу (осы Қағидалардың 2-қосымшасы) төрт кезеңде жүргізіледі:

      1) тізілімге енгізу үшін өтінім беру (бұдан әрі - өтінім);

      2) жол органы өтінім мен өзге де қажетті құжаттарды толықтығы мен дұрыстығы тұрғысынан қарастырады, ескертулер болған жағдайда өтінімді пысықтауға қайтарады;

      3) жол органының біліктілікті арттыру бағдарламаларына және автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру бойынша қызметтер көрсететін Ұйымдардың оқу-әдістемелік қызметіне талдау жүргізуі;

      4) Ұйымдарды Тізілімге енгізу немесе өтінімді қабылдамау.

      31. Ұйымды Тізілімге енгізу үшін өтініш беруші жол органына мемлекеттік және орыс тілдерінде келесі құжаттарды қағаз немесе электрондық форматта ұсынады:

      1) автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жүзеге асырылатын курстардың атауы көрсетілген өтінім;

      2) өтініш берушіні заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      3) меншік құқығында, сол секілді шаруашылық жүргізу, жедел немесе сенімгерлік басқару құқығында тиесілі материалдық активтердің немесе санитариялық қағидалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін жалға берілетін материалдық активтердің (жылжымайтын мүліктің) болуын растайтын құжаттар;

      4) құқық белгілейтін құжаттармен расталған біліктілікті арттыру курстарын өткізуге арналған оқу жабдықтары мен материалдық ресурстардың тізбесі;

      5) біліктілікті арттыру курстарының оқу бағдарламалары;

      6) автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысты орындауға мүмкіндік беретін ұйым қызметкерлері туралы мәліметтер.

      32. Өтінім келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жол органы алынған мәліметтердің толықтығы мен дұрыстығына және өтінімді толтырудың дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      33. Дұрыс толтырылмаған өтінім себептері міндетті түрде көрсетіле отырып, пысықтау үшін (бір реттен артық емес) өтініш берушіге қайтарылады.

      34. Өтініш беруші өтінімді пысықтауды жол органы жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді. Өтінім уақтылы пысықталмаған жағдайда, ол қараусыз қалдырылады.

      35. Келіп түскен құжаттарды талдау нәтижелері бойынша жол органы автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымды тізілімге енгізу туралы негізделген қорытынды береді немесе енгізуден дәлелді негізде бас тартады.

      36. Ұйымдарды Тізілімге енгізу туралы немесе енгізуден бас тарту туралы шешімдер Автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестің отырыстарында өтінім келіп түскен сәттен бастап бір ай ішінде қабылданады, олар ақпараттық жүйеде, оның ішінде өтініш берушінің кеке кабинетінде көрсетіледі.

      37. Ұйым Тізілімге мынадай жағдайларда енгізіледі:

      1) автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі Салалық кеңестің оң шешімі болған кезде;

      2) осы Қағидалардың 28-тармақта көзделген өлшемдерге сәйкестігі бойынша.

      38. Ұйымдарды Тізілімнен шығару мынадай жағдайлардың бірі болған кезде автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестің шешімі негізінде жүргізіледі:

      1) өтініш берушінің Тізілімнен Ұйымды алып тастау туралы, тиісті өтінішке қол қоюға уәкілеттік берілген тұлға қол қойған (еркін нысандағы) өтініші;

      2) осы Қағидаларда белгіленген автожол саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды ұйымдастыру тәртібінің сақталмауы немесе Ұйымға қатысты заңды күшіне енген тиісті сот шешімінің негізінде.

      39. Автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңестің шешімдеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      40. Тізілімді жүргізуді жол органы қағаз және электрондық түрде жүзеге асырады және оны өз интернет-ресурсында орналастырады. Тізілімде қамтылған Ұйымдар туралы мәліметтер ашық және танысу үшін қолжетімді болып табылады.

      .

1-қосымша

Міндетті біліктілікті арттыру курстары бойынша сертификат нысаны



ұйымның
логотипі

ұйымның ресми атауы


 
СЕРТИФИКАТ
Тіркеу нөмірі №

Осы сертификатпен
______________________________(Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))
____________________________ тақырыбында (курстың тақырыбы)
____ академиялық сағат көлемінде біліктілікті арттыру курсынан өткендігі расталады.

_____________________ _______________
(оқыту нысаны) (өткізу күні)

Берілген күні: "__" ___________ 20 жыл

Ұйым басшысы (қолы)


Мөр орны

  2-қосымша

Біліктілікті арттыру курстарын өткізетін Ұйымдардың бірыңғай тізілімі (Автомобиль жолдары саласындағы кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен бекітіледі)

Ұйымның атауы

Курстың бағыты

Біліктілікті арттыру бойынша жұмыс өтілі

Басшының Т.А.Ә. және заңды мекенжайы







Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады