Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы "Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидаларын бекіту туралы" № 66 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 22 тамыздағы № 349 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 25 тамызда № 36671 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы "Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидаларын бекіту туралы" (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10390 болып тіркелген) № 66 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12 бабы 1 тармағының 57) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:";

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін бейбіт уақытқа қолдану қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Бейбіт уақытта Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 1 тармағының 57) тармақшасына сәйкес әзірленді және бейбіт уақытта азаматтық қорғау іс-шараларын орындау үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін (бұдан әрі – азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері) қолдану тәртібін айқындайды.

      2. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайларды жою;

      2) жауынгерлік, жұмылдыру және саяси дайындықты ұйымдастыру;

      3) төтенше жағдайлар аймақтарындағы халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау;

      4) төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;

      5) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) қарауындағы басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету

      6) төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет мемлекеттерге де жеткізілетін жүктерді тасымалдау, алып жүру және күзету;

      7) жұмылдыра өрістетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесіне келтiру жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру;

      8) оқу объектілерін, полигондарды әзірлікте ұстап тұру;

      9) төтенше жағдай енгізілген және терроризмге қарсы операция жүргізілген кезде азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілері мен жұмыскерлерін, сондай-ақ азаматтық қорғау құралдарын қорғау;

      10) төтенше жағдай енгізілген және терроризмге қарсы операция жүргізілген кезде күзетілетін қарауылдарға, объектілерге, азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің, уәкілетті органның аумақтық органдарының, оның ведомстволарының, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің, мемлекеттік резерв жүйесінің ведомстволық бағынысты ұйымының үй-жайлары мен құрылыс жайларына қарулы шабуылды тойтару.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде осы Қағидалардың 2 тармағының 2), 5), 6), 7), 8), 9) және 10) тармақшаларында көрсетілген міндеттерді орындау үшін арнайы мақсаттағы бөлімшелер құрылады.";

      5-тармақ алып тасталсын;

      8-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6) уәкілетті органның аумақтық органдарының байланыс тораптарымен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.";

      14 және 15-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Қазақстан Республикасы жетекшілік ететін төтенше жағдайлар вице-министрінің (бұдан әрі – жетекшілік ететін вице-министр) өкімдерін жеткізу ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі арқылы жүргізіледі.

      15. Бөлініс командирі ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі арқылы орындалған іс-шаралар туралы АҚжӘБК төрағасына күн сайын баяндайды.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Жетекшілік ететін ТЖМ вице-министрінің тиісті өкімдерін жеткізу ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі арқылы өткізіледі.";

      21 және 22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Бөлініс командирі ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі арқылы орындалған іс-шаралар туралы АҚжӘБК төрағасына күн сайын баяндайды.

      22. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуін бақылауды АҚжӘБК жүргізеді.";

      мынадай редакциядағы 7-тараумен толықтырылсын:

      "7-бөлім. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану тәртібі

      23. Төтенше жағдай туындау қаупі төнген немесе туындаған кезде ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісі, сонымен қатар уәкілетті органның аумақтық органдарының кезекші ауысымдары келіп түскен мәліметтерді (хабарлама, баянат, дабыл) тіркейді және олардың бастапқы тіркеуін жүзеге асырады. Қауіп қатері расталған жағдайда, уәкілетті органның кезекші қызметкерлері азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін әзірлікке келтіру қажеттілігі туралы тікелей хабар береді және бір мезгілде ақпаратты ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына жолдайды.

      24. Уәкілетті органның аумақтық органдары келіп түскен мәліметтерге талдау жасап, ден қою үшін төтенше жағдайдың сипаты мен ауқымын, ықтимал зардап шеккендердің санын, күштердің және құралдарының көлемін анықтайды. Қорытынды баяндама ары қарай жетекшілік ететін вице-министрге баяндау үшін ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығына жіберіледі.

      25. ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығының жедел кезекшісінің баяндамасы негізінде жетекшілік ететін вице-министр азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін тарту туралы шешім қабылдайды, міндеттерін, жеке құрам санын, техника құрамын, іс-шараның орны мен мерзімін нақтылайды.

      26. Жетекшілік ететін вице-министрдің өкімін алған соң азаматтық қорғаныс әскери бөлімдер қолбасшылығы бөлініс командирлеріне міндеттерді жеткізеді, жауынгерлік есептер қалыптастырады, күштер мен құралдарды бөледі, жеке құрамның нұсқама алуын және жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылын ұйымдастырады, төтенше жағдайлар ауданына жылжиды, басқару тіректерін орналастырып, ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару командалық орталығымен, АҚжӘБК-мен және жергілікті атқарушы органдарымен байланысты қамтамасыз етеді.

      27. Өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерін қолдану туралы шешімді АҚжӘБК төрағасы кейіннен жетекшілік ететін вице-министрге баяндай отырып қабылдайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру қамтамасыз етілсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады