"Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және оларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 387 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің м.а. 2025 жылғы 6 тамыздағы № 308 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 7 тамызда № 36592 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және оларды тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 сәуірдегі № 387 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11243 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 53) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғау құралымдарын құру, ұстау, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, дайындау және оларды тарту қағидаларында:

      7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Азаматтық қорғау құралымдарының есебін азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары жүргізеді."

      8. Азаматтық қорғаудың құралымдары орталық және жергілікті атқарушы органдарда, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда, сондай-ақ ұйымдарда құрылады.";

      10 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Азаматтық қорғау құралымдарындағы қажеттілік есептерін осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес:

      орталық атқарушы органға, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органға тікелей бағынатын, салалық кіші жүйедегі азаматтық қорғаудың құралымдары үшін – азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелері әзірлейді және тиісті мемлекеттік орган бекітеді;

      азаматтық қорғаудың аумақтық құралымдары (медициналықтан басқа) үшін – азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдары әзірлейді және тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдары бекітеді;

      азаматтық қорғаудың медициналық құралымдары үшін - денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары әзірлейді және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, қалалардың, аудандардың тиісті жергілікті атқарушы органдары бекітеді;

      азаматтық қорғаудың объектілік құралымдарында осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес ұйымдар әзірлейді және олардың бірінші басшылары бекітеді.";

      12 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. 50-ден кем адам саны бар орталық атқарушы органдарда, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда және ұйымдарда азаматтық қорғаудың объектілік құралымдары құрылады: әрқайсысы 2 адамнан өртке қарсы, медициналық көмек, байланысты ұйымдастыру.";

      16 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Жедел ден қою жиынтық жасақтары азаматтық қорғаудың аумақтық құралымдарының санатына жатады. Жедел ден қою жиынтық жасағының құрамы және командирі азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарының ұсынысы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органның шешімімен бекітіледі.";

      21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Саны елу адамнан аспайтын ұйымдарда, сондай-ақ орталық және жергілікті атқарушы органда, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда азаматтық қорғаудың объектілік құралымдарын материалдық-техникалық қамтамасыз ету басшының шешімі бойынша жүзеге асырылады және оған: құрылатын бір азаматтық қорғау құралымына (жасақ, команда, буын, бекет) екі өрт сөндіргіш, бір медициналық дәрі қобдишасы және екі бірлік тасымалданатын радиостанция кіреді.

      22. Тыныс алу органдарын қорғау құралдарымен азаматтық қорғау құралымдарын құратын ұйымдар мен орталық атқарушы органдар, арнаулы мемлекеттік органдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар есебінен азаматтық қорғау құралымдарының әрбір мүшесі қамтамасыз етіледі.";

      24-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) үш жылда бір рет азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарында құралымдардың (жасақтардың, командалардың, бригадалардың, топтардың, буындардың, бекеттердің) азаматтық қорғау құралымдарының командирлерін оқыту;";

      25 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Азаматтық қорғау құралымдарының жеке құрамын жыл сайын оқытуды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарында немесе ұйымдарында және оқу орындарында үш жылда бір рет оқудан өткен және тиісті сертификаттары бар азаматтық қорғау жөніндегі сабақтар топтарының басшылары және азаматтық қорғау құралымдарының командирлері жүргізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрінің
міндетін атқарушы
К. Турсынбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады