"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына, "Тиісті типтердегі және түрлердегі мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 31 тамыздағы № 385 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29329 болып тіркелген) сәйкес Шымкент қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Шымкент қаласының мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілердің мынадай жекелеген санаттарын:
1) жетім балаларды және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды;
2) мүгедектігі бар балаларды;
3) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балаларды;
4) атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар көп балалы отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен көп балалы отбасылардан шыққан балаларды тамақтандыруға жұмсалатын шығыстар толығымен өтелсін.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Шымкент қаласы әкімдігінің 20.03.2026 № 1116 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі).2. "Шымкент қаласының білім басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Шымкент қаласы Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғанынан кейін Шымкент қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шымкент қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қыркүйектен туындайтын қатынастарға қолданылады.
| Шымкент қаласының әкімі | Г. Сыздыкбеков |
