Орындаушылар мен фонограммалар жасаушыларға ең төмен сыйақы мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі нұсқаулықты бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 540 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 шiлдеде № 33187 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ережесінің 14-тармағының 114-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiліп отырған Орындаушыларға мен фонограммалар жасаушыларға ең төмен сыйақы мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі нұсқаулық бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2023 жылғы 28 шілдедегі
№ 540 бұйрығына
қосымша

Орындаушылар мен фонограммалар жасаушыларға ең төмен сыйақы мөлшерлемелерін қолдану жөніндегі нұсқаулық

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы № 401 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32873 болып тіркелген) бекітілген орындаулар мен фонограммаларды пайдалану түрлері үшін орындаушылар мен фонограммалар шығарушыларға сыйақының ең төмен мөлшерлемелерін қолдануды нақтылайды.

      2. Тараптар сыйақы мөлшерін, оны төлеудің тәртібі мен мерзімдерін пайдаланушы орындаушылармен, фонограммаларды шығарушылармен, құқық иеленушілермен не құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдармен жасасатын лицензиялық шартта белгілейді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 28.01.2026 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Сыйақыны төлеу кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген осындай сыйақыны төлеу күні қолданыстағы айлық есептік көрсеткіштің мөлшері пайдаланылады.

      4. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын ұғымдар "Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген мәндерде қолданылады.

      5. Қазақстан Республикасының аумағында орындаулар мен фонограммаларды пайдаланғаны үшін орындаушылар мен фонограммаларды шығарушыларға сыйақы көпшілік алдында орындау, көпшілікке көрсету, жалпы жұрттың назарына хабарлау және жеткізу, пайда табу мақсатында қайта шығару (тираждау) және (немесе) тарату, орындаушының және фонограмма шығарушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығару үшін есептеледі.

2-тарау. Орындаулар мен фонограммаларды көпшілік алдында орындау, көрсету, хабарлау және жалпы жұрттың назарына жеткізу жолымен пайдаланғаны үшін орындаушылар мен фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақы мөлшерлемелерін қолдану

      6. Егер мәдени-ойын-сауық орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, сауда үйінің аумағында кафелер, барлар, мейрамханалар, өзге де қоғамдық тамақтану объектілері, дүкендер, сауда базарлары және сауда мақсатына арналған өзге де орындар, конькимен, роликтермен жаппай сырғанау орындары, театрлар, кинозалдар, фильмдерді көрсетуге арналған өзге де орындар, көпшілік алдында орындау, көрсету, жалпы жұрттың назарына хабарлау немесе жеткізу жолымен орындаулар мен фонограммаларды өз бетінше пайдаланатын мәдени-демалыс ұйымдары (мәдениет және демалыс саябақтары, мәдениет үйлері мен сарайлары, аквапарктер) орналасқан жағдайда, сыйақы төлеу ауыртпалығы осы пайдаланушыларға жүктеледі.

      7. Егер орындау немесе фонограмма мәдени сауықтыру орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, дүкендер, сауда базары және сауда мақсатына арналған өзге де орындар орналасқан, сауда үйі, орындау мен фонограммаларды көпшілік орындау, көрсету, жалпы жұрттын назарына хабарлау немесе жеткізу арқылы өз бетінше пайдаланбайтын дәмханалар, барлар, мейрамханалар, өзге де қоғамдық тамақтандыру объектілері, конькимен, роликтермен жаппай сырғанау орындары, театрлар, кинозалдар, фильмдерді көрсетуге арналған өзге де орындар, мәдени-демалыс ұйымдарының (мәдениет және демалыс саябақтары, мәдениет үйлері мен сарайлары, аквапарктер) барлық аумағында көпшілік орындалған, көрсетілген, жалпы жұрттын назарына хабарланған немесе жеткізілген жағдайда, онда сыйақы төлеуді мәдени-сауықтыру орталығының, спорттық-сауықтыру орталығының, сауда үйінің иесі жүргізеді.

3-тарау. Осындай қайта шығаруға пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді импорттаушы тұлғалар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма шығарушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығару үшін сыйақы мөлшерлемелерін қолдану

      Ескерту. 3-тарау алып тасталды - ҚР Әділет министрінің 28.01.2026 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Мұндай қайта шығаруға пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштерді дайындайтын тұлғалар төлеуге жататын орындаушының және фонограмма шығарушының келісімінсіз жеке мақсатта фонограммаларды қайта шығарғаны үшін сыйақы мөлшерлемелерін қолдану

      Ескерту. 4-тарау алып тасталды - ҚР Әділет министрінің 28.01.2026 № 84 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады