Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 5 мамырдағы № 23 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 16 мамырда № 32495 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму,

      инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2023 жылғы 5 мамырдағы
№ 23 Қаулыға
қосымша

Өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыру, оның ішінде сақтандыру нарығының қатысушыларымен өзара қарым-қатынастағы қызметін жүзеге асыруына, сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын және сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ сақтандыру агенттерін оқытудың ең қысқа бағдарламасын және оқытуды жүргізудің тәртібіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізімінде № 6164 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы № 25 қаулысына мына өзгерістер енгізілсін:

      Аталған қаулымен бекітілген Сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыру, оның ішінде сақтандыру нарығының қатысушыларымен өзара қарым-қатынастағы қызметін жүзеге асыруына, сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын және сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ сақтандыру агенттерін оқытудың ең қысқа бағдарламасын және оқытуды жүргізудің тәртібіне қойылатын талаптарда:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыру, оның ішінде сақтандыру нарығының қатысушыларымен өзара қарым-қатынастағы қызметін жүзеге асыруына, сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын және сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктеріне қойылатын талаптар, сондай-ақ сақтандыру агенттерін оқытудың ең қысқа бағдарламасын және оқытуды жүргізудің тәртібіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-1, 18 және 18-1-баптарына сәйкес сақтандыру шарттарын жасау және орындау кезінде, оның ішінде сақтандыру агенті сақтандыру ұйымының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының атынан және тапсырмасы бойынша сақтандыру шарттарын жасау бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыру кезінде туындайтын процестерді реттеу мақсатында әзірленді.

      Талаптарға сәйкес дербес деректерді жинау, өңдеу және қорғау "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      Осы Сақтандыру ұйымының сақтандыру, оның ішінде сақтандыру нарығының қатысушыларымен өзара қарым-қатынастағы қызметін жүзеге асыруына, сақтандыру ұйымы мен сақтандыру агентінің арасында жасалатын тапсырма шартына қойылатын және сақтандыру агентінің сақтандыру нарығында делдалдық қызметті жүзеге асыруға өкілеттіктеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ сақтандыру агенттерін оқытудың ең қысқа бағдарламасын және оқытуды жүргізудің тәртібіне қойылатын талаптарды реттейтін ережелері "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының аумағында сақтандыру қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының филиалдарына қолданылады.";

      14-тармақ алып тасталсын;

      4-қосымша алып тасталсын;

      5-қосымшада:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру. Міндетті сақтандырудың түрлері:

      1) жауапкершілікті сақтандыру мәні;

      2) кәсіби жауапкершілікті сақтандыру;

      3) көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;

      4) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;

      5) жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;

      6) аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру;

      7) экологиялық сақтандыру;

      8) қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы;

      9) жауапкершілікті сақтандырудың және міндетті сақтандыру түрлерінің басқа түрлері.".

      2. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. "Сақтандыру омбудсманын сайлау және қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 60 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29623 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      Сақтандыру омбудсманын сайлау және қызметін жүзеге асыру қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Өкілдер кеңесі сақтандыру омбудсманының өкілеттіктері аяқталатын күнге дейін күнтізбелік 1 (бір) айдан кешіктірмей уәкілетті органға саны кемінде үш адамнан тұратын сақтандыру омбудсманы лауазымына кандидаттардың бекітілген тізімін ұсынады.

      Сақтандыру омбудсманы лауазымына кандидаттардың бекітілген тізіміне олардың Заңның 88-бабының 1-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттардың көшірмелері, Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сақтандыру омбудсманы лауазымына кандидат туралы мәліметтер және сақтандыру омбудсманы мен сақтандыру омбудсманы қызметінің негізгі мақсаттарын, басым міндеттері мен даму бағыттарын қамтитын таяудағы үш жылға арналған бизнес-жоспар және сақтандыру омбудсманы кеңсесінің қаржылық жоспары қоса беріледі.

      Өкілдер кеңесі уәкілетті органға сақтандыру омбудсманы лауазымына кандидаттардың бекітілген тізімін ұсынғанға дейін сақтандыру омбудсманының еңбегіне ақы төлеу қорының мөлшерін айқындайды.";

      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      " 22-1. Өтінішті қарау кезінде сақтандыру омбудсманы өтініш берушілер ұсынған уәждермен, дәлелдермен және істің өзге де материалдарымен шектелмейді, өтінішті жан-жақты, толық және объективті қарайды. Егер даудың мәні сақтандыру төлемінің мөлшері болып табылған жағдайда, сақтандыру омбудсманы, оның ішінде бағдарламалық кешендер арқылы есептеулер жүргізеді.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Сақтандыру омбудсманы өтінішті қарау нәтижелері бойынша мынадай:

      1) өтінішті толық немесе ішінара қанағаттандыру туралы;

      2) осындай шешім қабылдауды негіздей отырып, өтінішті қанағаттандырудан бас тарту туралы;

      3) негіздемелерін көрсете отырып, өтінішті қарауды тоқтату туралы шешімдердің бірін қабылдайды.";

      мынадай мазмұндағы 23-1-тармақпен толықтырылсын:

      "23-1. Қағидалардың 23-тармағында көрсетілген жағдайлардан басқа, дауды мыналар:

      1) оны қараудың кез келген сатысында өзара ымыраға келу негізінде тараптардың татуласуы;

      2) сақтандыру омбудсманының ішкі ережелеріне сәйкес дауды реттеу туралы ұсыным немесе түсініктеме алу.";

      24 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Сақтандыру омбудсманы өтініш берушіден (сақтанушыдан, сақтандырылушыдан, пайда алушыдан, сақтандыру ұйымынан) Өтінішті және оған қоса берілетін құжаттарды алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде тараптарға Өтініштің қарауға қабылданғаны немесе Қағидалардың 27-тармағында көзделген негіздер бойынша оны қабылдаудан бас тартылғаны туралы хабарлайды.

      Уәкілетті органнан сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) мен сақтандыру ұйымы арасында даудың болуы туралы ақпарат алған жағдайда сақтандыру омбудсманы 3 (үш) жұмыс күні ішінде сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) сақтандыру омбудсманына келіспеушіліктерді өтеусіз негізде реттеу үшін өтініш және оған қоса берілетін құжаттарды ұсыну құқығы туралы хабарлайды.";

      25 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Сақтандыру омбудсманының қарауына Астана қаласының уақыты бойынша сағат 18.00-ге дейін түскен өтініштер олар келіп түскен күні сақтандыру омбудсманының кіріс хат-хабарлар журналында тіркелуге жатады. Астана қаласының уақыты бойынша сағат 18.00-ден кейін келіп түскен өтініштер сақтандыру омбудсманының кіріс хат-хабарлар журналында келесі жұмыс күні тіркеледі.";

      32 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Тараптардың немесе сақтандыру омбудсманының бастамасы бойынша істі тыңдау кейінге қалдырылады не оны қарау тоқтатыла тұрады. Сақтандыру омбудсманы істі тыңдауды кейінге қалдыру не қарауды тоқтата тұру туралы ұйғарым шығарады. Істі тыңдауды кейінге қалдыру не талқылауды тоқтата тұру Қағидалардың 26-тармағында белгіленген мерзімнің шегінде 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын уақытқа жүзеге асырылады.

      Даудың бір тарабы Өтінішті кері қайтармаса, іс бойынша қарау жалғасады.

      Істі тыңдауды Қағидалардың және сақтандыру омбудсманының ішкі қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, екі тараптың міндетті қатысуы жағдайында сақтандыру омбудсманы жүргізеді. Тараптың бірі келмеген жағдайда сақтандыру омбудсманы істі қарауды кейінге қалдырады. Тарап дәлелсіз себептермен келмеген жағдайда сақтандыру омбудсманына істі осы тарап болмағанда қарауға рұқсат етіледі.";

      36 - тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Сақтандыру омбудсманы өз қызметін жүзеге асыру кезінде Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 17825 болып тіркелген "Сақтандыру ұйымдары таратылған, Қазақстан Республикасының бейрезиденттер-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары, сақтандыру омбудсманы, дерекқор қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйым қызметі мәжбүрлеп тоқтатылған жағдайда, сақтандыру ұйымының, сақтандыру брокерінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының, Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру брокері филиалының, сақтанушыларға (сақтандырылушыларға, пайда алушыларға) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның интернет-ресурсында ақпаратты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 259 қаулысында көзделген мәліметтер мен ақпаратты қоса алғанда, ақпараттың және мәліметтердің толықтығын, дұрыстығын және өзінің интернет-ресурсында уақтылы орналастырылуын қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру омбудсманы "Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде көлік құралына келтірілген зиян мөлшерінің құнын есептеу кезінде өзінің интернет-ресурсында амортизациялық тозу мөлшерін айқындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру омбудсманы өз қызметі туралы ақпаратты интернет-ресурста қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ қажет болған кезде басқа да тілдерде орналастырады.".

      4. "Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидаларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 22 қарашадағы № 94 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30796 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидаларында, көрсетілген қаулымен бекітілген сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібінде:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Сақтандыру төлемі сақтандыру сыйлықақысына (жарналарына), инвестициялық кіріске, есептелген мемлекет сыйлықақысына қарай есептеледі.".

  Өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін
Қазақстан Республикасының
қаржы нарығын реттеу
мәселелері бойынша
нормативтік құқықтық
актілерінің тізбесіне
1-қосымша

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Өзгерістер мен толықтырулар
енгізілетін
Қазақстан Республикасының
қаржы нарығын реттеу
мәселелері бойынша
нормативтік құқықтық
актілерінің тізбесіне
2-қосымша

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 03.04.2026 № 42 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады