Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидалары мен мөлшерін бекіту туралы

Жаңартылған

Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/5 шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 22 шілдеде № 7385 болып тіркелді

      Ескерту. Шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабы 1 тармағының 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Заңының 18 бабы 5 тармағына сәйкес, Көкпекті аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидалары және мөлшері осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. алып тасталды - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      3. алып тасталды - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      4. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Көкпекті аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      5. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы Р. Кажиакберов
      Көкпекті аудандық мәслихат хатшысы Т. Сарманов

  Көкпекті аудандық
мәслихатының
2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/5
шешіміне 1-қосымша

Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету Қағидалары және мөлшері

      Ескерту. Шешім 1-қосымшасымен толықтырылды - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына (бұдан әрі-мамандар) бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшерін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы шот – банктік шот шарты негізінде банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым ашатын банктік шот;

      2) коммуналдық көрсетілетін қызметтер – тұтынушыға ұсынылатын, қауіпсіз және жайлы тұру (болу) жағдайларын қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтауды, су бұруды, газбен жабдықтауды, электрмен жабдықтауды, жылумен жабдықтауды, қоқыс әкетуді, лифтілерге қызмет көрсетуді қамтитын қызметтер;

      3. Әлеуметтік қолдауды тағайындауды уәкілетті орган – "Көкпекті ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - ММ) жүзеге асырады.

2 тарау. Мамандарға бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері

      4. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары бекіткен жиынтық тізімдер (бұдан әрі - тізім) негізінде мамандардан өтініштер талап етілмей, екінші деңгейдегі банктер, қаржы нарығын және қаржы операцияларын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар, "Қазпошта" акционерлік қоғамының аумақтық бөлімшелері арқылы мамандардың ағымдағы шоттарына аудару арқылы ақшалай нысанда мемлекеттік ұйымдардың мамандарына бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      5. Мамандарға әлеуметтік қолдау күнтізбелік жылда бір рет 13 (он үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік қолдау көрсетуге арналған шығындарды қаржыландыру Көкпекті ауданының бюджетінде ағымдағы қаржы жылына көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      7. Коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу жөніндегі мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдау мерзімі тізім түскен күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күнін құрайды.

      8. ММ қызметкері мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының тізімдерін 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде қарайды;

      9. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73 және 74-баптарына сәйкес мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшылары ұсынған тізімдер сәйкес келмеген жағдайда, ММ алдын ала шешім туралы, әлеуметтік қолдау көрсетуден бас тарту туралы, сондай-ақ алдын ала шешім бойынша ұстанымын білдіру мүмкіндігі үшін тыңдауды өткізудің уақыты мен орны (тәсілі) туралы мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын хабардар етеді.

      Тізімдерді қарау нәтижелері бойынша ескертулер болмаған жағдайда ММ оң шешім қабылдайды және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу және мамандардың ағымдағы шоттарына отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау төлемін көрсетеді.

  Көкпекті аудандық
мәслихатының
2020 жылғы 3 шілдедегі № 48-5/5
шешіміне 2-қосымша

      Ескерту. Тізбесінің жоғарғы оң жақ бұрышындағы мәтін жаңа редакцияда - Абай облысы Көкпекті аудандық мәслихатының 18.03.2026 № 41-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

Көкпекті аудандық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Көкпекті аудандық мәслихатының 2018 жылғы 3 қазандағы № 26-5/3 "Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету туралы" (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 5-15-126 тіркелген, 2018 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімі.

      2. Көкпекті аудандық мәслихатының 2019 жылғы 25 қазандағы № 40-5/3 "Көкпекті аудандық мәслихатының 2018 жылғы 3 қазандағы № 26-5/3 "Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 6291 тіркелген, 2019 жылғы 26 қарашада Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімі.

      3. Көкпекті аудандық мәслихатының 2020 жылғы 31 наурыздағы № 45-6/3 "Көкпекті аудандық мәслихатының 2018 жылғы 3 қазандағы № 26-5/3 "Көкпекті ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік ұйымдардың мамандарына әлеуметтік қолдау көрсету туралы" шешімінің қолданылуын тоқтата тұру туралы" (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 6889 тіркелген, 2020 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады