Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимін енгізуі және оның күшін жоюы, қаржы ұйымдары болып табылмайтын төлем ұйымдарының және (немесе) өзге заңды тұлғалардың ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыруы қағидаларын, Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің құжаттарды іріктеуі өлшемшарттарын және оларды қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 11 қарашадағы № 178 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 18 қарашада № 19608 болып тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына және 51-5-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимін енгізуі және оның күшін жоюы, ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Ерекше реттеу режиміне қатысу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мынадай іріктеу өлшемшарттары бекітілсін:

      1) өтініш беруші Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, Қазақстан Республикасының резидент-төлем ұйымы және (немесе) қаржы ұйымы болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының резидент-өзге заңды тұлғасы болып табылады;

      2) жеке тұлға құрылтайшыда не өтініш беруші заңды тұлға құрылтайшының атқарушы орғанының немесе басқару органының бірінші басшысында алынбаған немесе өтелмеген соттылығы жоқ және (немесе) оларға қатысты экономикалық қызмет саласында қылмыстық құқық бұзушылық үшін қылмыстық қудалау жүзеге асырылмады;

      3) өтініш берушінің ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыруға (көрсетуге) жоспарлап отырған қызметі (көрсетілетін қызметі) төменде аталған талаптардың біреуіне немесе бірнешеуіне сәйкес келеді:

      көрсетілетін төлем қызметтері және (немесе) цифрлық активтер нарықтарында бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді;

      көрсетілетін төлем қызметтері және (немесе) цифрлық активтер нарықтарын дамытуға ықпал етеді және тұтынушылардың мүдделеріне сәйкес келеді;

      көрсетілетін төлем қызметтерінің және (немесе) цифрлық активтердің географиялық қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді;

      көрсетілетін төлем қызметтері және (немесе) цифрлық активтер нарықтарында жаңа технологиялар мен көрсетілетін қызметтерді (бизнес-процестерді) ендіруді көздейді;

      көрсетілетін төлем қызметтерін тұтынушылар, цифрлық активтерді ұстаушылар мен көрсетілетін төлем қызметтері және (немесе) цифрлық активтер нарықтарына қатысушылар үшін шығасылар мен тәуекелдерді төмендетуге бағытталған;

      4) өтініш беруші ерекше реттеу режиміне қатысу үшін ұсынған бизнес-жоспар ерекше реттеу режимінің мақсаттарына сәйкес келеді.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты жасасу үшін құжаттарды қарау қағидалары бекітілсін.

      4. Төлем жүйелері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 5-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      5. Сыртқы коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банктің баспасөз қызметі осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Е.А. Біртановқа жүктелсін.

      7. Осы қаулы ресми жариялануға тиіс және 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк Төрағасы Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 178 қаулысына
1-қосымша

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимін енгізуі және оның күшін жоюы, ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ерекше реттеу режимін енгізуі және оның күшін жоюы, ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-бабы 2-тармағының 15) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) ерекше реттеу режимін енгізуі және оның күшін жоюы, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың, қаржы ұйымдары болып табылмайтын төлем ұйымдарының және (немесе) өзге заңды тұлғалардың (бұдан әрі – қатысушылар) ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Ерекше реттеу режимі Заңның 51-4-бабының 2-тармағында көзделген мақсаттарға қол жеткізу үшін енгізіледі.

2-тарау. Ерекше реттеу режимін енгізу және оның күшін жою тәртібі

      3. Ерекше реттеу режимі Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен енгізіледі, онда оның енгізілген күні, сондай-ақ қолданылу мерзімі көрсетіледі.

      Ерекше реттеу режимін енгізу немесе оның күшін жою туралы ақпарат Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      4. Ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызмет Қағидаларға қосымшаға сәйкес үлгі нысан бойынша Ұлттық Банк пен қатысушы арасында жасалатын ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт (бұдан әрі – шарт) негізінде жүзеге асырылады.

      5. Шарттың қолданылу мерзімі тараптардың келісімі бойынша айқындалады, бірақ Заңның 51-4-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      6. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асырудың, цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты арнайы талаптарын (бұдан әрі – көрсетілетін төлем қызметін және (немесе) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті көрсету (жүзеге асыру)), шарттың қолданылу мерзімін, тұтынушылар санын, міндеттемелер көлемін "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының заңдары және көрсетілген заңдарға сәйкес қабылданатын Ұлттық Банктің нормативтік құқықтық актілері нормаларының ерекше реттеу режиміне қатысушыларға қолданылу шектерін Ұлттық Банк айқындайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Ерекше реттеу режимінің:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысушылар цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті тоқтатқан кезде;

      2) ерекше реттеу режиміне қатысушымен шарттың мерзімі аяқталған немесе Ұлттық Банк оны мерзімінен бұрын бұзған кезде күші жойылады. Ұлттық Банк Заңның 51-5-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда шартты біржақты тәртіппен бұзады;

      3) төлем ұйымы төлем ұйымдарының тізілімінен шығарылған кезде;

      4) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банкі және (немесе) банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым банк операцияларын жүргізуге лицензиясынан айырылған кезде;

      5) азаматтық заңнамада немесе шартта көзделген өзге жағдайларда күші жойылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Ерекше реттеу режимінің күші жойылған не ол енгізілген мерзім аяқталған кезде шарттың қолданылуы тоқтатылады және қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыратын қызметті тоқтатады.

      Шарттың қолданылуы тоқтатылғаннан кейін қатысушы 5 (бес) жұмыс күні ішінде өзінің тұтынушыларына ерекше реттеу режимі шеңберіндегі көрсетілетін төлем қызметін және (немесе) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті көрсетуді (жүзеге асыруды) тоқтату туралы хабарлайды және ерекше реттеу режимі шеңберінде тұтынушылармен жасалған көрсетілетін төлем қызметін және (немесе) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті көрсету (жүзеге асыру) туралы шартқа (бұдан әрі – тұтынушымен шарт), Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына, төлемдер және төлем жүйелері туралы заңнамасына және Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы заңнамасына сәйкес өздерінің тұтынушылары алдындағы міндеттемелерін орындайды.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-тарау. Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру тәртібі

      9. Ұлттық Банк қатысушының шартқа сәйкес қабылданған міндеттемелерді сақтауына мониторингті ай сайын жүзеге асырады.

      10. Ерекше реттеу режимі шеңберіндегі цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде қатысушы Қағидаларға қосымшада көзделген Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгі шарттың 9-тармағы 1) тармақшасының талаптары сақталуын қамтамсыз етеді, сондай-ақ:

      1) тұтынушыларға Ұлттық Банктен тиісті ақпаратты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде енгізілген ерекше реттеу режимінің мерзімдері мен талаптары өзгергені туралы хабарлайды;

      2) айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей, ай сайын Ұлттық Банкке шарт талаптарына сәйкес көрсетілетін төлем қызметін және (немесе) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті көрсетудің (жүзеге асырудың) аралық нәтижелері туралы ақпаратты ұсынады.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда көзделген – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      11. Қатысушы Ұлттық Банкке шарттың қолданылу мерзімін ұзарту қажеттілігінің негіздерін көрсете отырып, Заңның 51-4-бабының 4-тармағында көрсетілген мерзімнен аспайдындай ұзарту туралы өтінішхатпен өтініш жасайды.

      Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхат Ұлттық Банкке шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей ұсынылады.

      12. Ұлттық Банк шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты келіп түскен күнінен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде қарайды және қатысушыға мерзімін ұзарту не мерзімін ұзартудан бас тарту туралы қабылданған шешім туралы хабарлама жібереді.

      13. Шарттың қолданылу мерзімі ұзартуды есептегенде бес жылдан аспайды.

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің ерекше реттеу
режимін енгізуі және оның
күшін жоюы, ерекше реттеу
режимі шеңберінде цифрлық
активтермен және (немесе)
көрсетілетін төлем
қызметтерімен байланысты
қызметті жүзеге асыру
қағидаларына қосымша

      Ескерту. Қосымшада жоғарғы оң жақ бұрыштағы мәтін жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Нысан

Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы үлгі шарт

      № ___________                                    20__ жылғы "__" _________

      ___________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________,

      (заңды тұлғаның толық атауы және орналасқан жері)

      бұдан әрі "Қатысушы" деп аталады, Жарғы (сенімхат) негізінде іс-әрекет жасайтын

      бірінші басшысы (уәкілетті тұлғаның)________________________________________

      ____________________________________________________________________

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      арқылы бір жағынан, және "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" республикалық мемлекеттік мекемесі, бұдан әрі "Ұлттық Банк" деп аталады, "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) негiзiнде iс-әрекет жасайтын Төрағаның орынбасары ___________________________ _______________________ арқылы екінші жағынан, бұдан әрі бірлесіп "Тараптар" деп аталады, Заңның 51-5-бабының 2-тармағына сәйкес, Ұлттық Банк Басқармасының 20__жылғы "__" __________ шешімі негізінде төмендегілер туралы осы Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1. Шарттың мәні

      1. Қатысушының

      _________________________________________

      (Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде көрсететін (жүзеге асыратын) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті сипаттау) жүзеге асыруы Шарттың мәні болып табылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Шарттың мақсаты үшін ерекше реттеу режимі деп цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру түсіндіріледі.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде Шарттың 1-тармағында цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті Ұлттық Банкке ұсынылатын және Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын бизнес-жоспарға сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Тұтынушылардың саны _________________________ аспайды.

      5. Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде қабылдайтын міндеттемелерінің көлемі ____________________________ (цифрмен және ашып жазып) теңгеден аспайды.

2. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      6. Ұлттық Банк:

      1) Қатысушыдан Шарт бойынша міндеттемелерін тиісті түрде және уақтылы орындауды талап етуге;

      2) Қатысушының Шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауына мониторинг жүзеге асыру үшін Қатысушыдан қажетті ақпарат пен құжаттарды алуға;

      3) Заңның 51-5-бабы 6-тармағының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда Шартты біржақты тәртіппен бұзуға;

      4) Шарттың қолданылу мерзімін Қатысушының Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхаты негізінде ұзартуға құқылы.

      7. Қатысушы:

      1) ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті Шартта белгіленген талаптармен жүзеге асыруға;

      2) Ұлттық Банкке Шарттың талаптарын өзгерту туралы өтінішпен және (немесе) Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатпен Шарттың 21-тармағында көрсетілген мерзімде жүгінуге құқылы.

      8. Ұлттық Банк:

      1) Қатысушының Шарт бойынша қабылдаған міндеттемелерін орындауға мониторинг жүзеге асыруға;

      2) Қатысушы Шартта көзделген міндеттемелерін орындамағаны анықталған жағдайда, Қатысушыға анықталған бұзушылықтарды Заңның 51-5-бабы 6-тармағының екінші бөлігінде көзделген мерзімде жою қажеттілігі туарлы жазбаша хабарлама жіберуге;

      3) Қатысушының Шарт талаптарын өзгерту туралы өтінішін және (немесе) оның қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхатын қарауға және Шарттың 21-тармағында көрсетілген мерзімде қарау нәтижелерін жіберуге;

      4) Қазақстан Республикасының заңдарында және Шартта көзделген міндеттерді адал және тиісті түрде орындауға міндетті.

      9. Қатысушы:

      1) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асырғанға дейін тұтынушыға мына:

      Қатысушы ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыратын цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметі туралы;

      Қатысушының ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асыратын цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметінің ықтимал тәуекелдері туралы;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру талаптары, цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру тәртібі, ерекше реттеу режимі шеңберінде тұтынушымен цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру туралы шартты (бұдан әрі – тұтынушымен шарт) жасасу үшін Қатысушының ішкі қағидаларында айқындалған құны (мөлшерлемелері, тарифтері), қажетті құжаттардың тізбесі туралы;

      Қатысушының орналасқан жері, пошта және электрондық мекенжайлары, интернет-ресурсы және байланыс телефондары туралы ақпаратты жеткізуге;

      2) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті Заңның 51-4-бабының 2-тармағына сәйкес ерекше реттеу режимін енгізу мақсатына, Шарттың талаптарына және Ұлттық Банкке ұсынылатын бизнес-жоспарға сәйкес ұсынуға;

      3) өзінің тұтынушылары алдындағы міндеттемелерін тұтынушылармен жасасқан шарттарда белгіленген тәртіппен орындауға;

      4) Ұлттық Банктің сұратуы бойынша ерекше реттеу режимі шеңберінде көрсетілетін (жүзеге асырылатын) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызмет туралы қажетті ақпаратты ұсынуға;

      5) Ұлттық Банкке Шарттың қолданылу мерзімі ішінде ай сайын, айдың 5 (бесінші) жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылатын цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметтің аралық нәтижелері туралы мына:

      тұтынушылармен жасасқан шарттардың саны (жеке және заңды тұлғалар бойынша);

      тұтынушылармен шарттар бойынша қабылданған міндеттемелердің көлемі;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде анықталған кемшіліктер (бар болса);

      тұтынушылардың тарапынан болған шағымдардың сипаты (бар болса);

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру кезінде анықталған тәуекелдер туралы мәліметтерді қамтитын ақпаратты ұсынуға;

      6) Ұлттық Банктен Шартта белгіленген міндеттемелердің орындалмауы туралы жазбаша хабарлама алған жағдайда, бұзушылықтарды және (немесе) себептерін, сондай-ақ оларды жасауға себепші болған жағдайларды Заңның 51-5-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен жоюға;

      7) ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру барысында алынған мәліметтер мен ақпараттың жасырындылығын қамтамасыз етуге;

      8) Қатысушының жарғылық капиталдағы үлесін жаңа меншік иесіне берген (иеліктен шығарған) жағдайда, жоспарланып отырған мәміле туралы Ұлттық Банкке оны жасағанға дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын хабарлауға;

      9) Шарттың қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей Ұлттық Банкке ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру қорытындылары туралы, мына:

      Қатысушының төлем қызметінің және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметінің сипаты;

      тартылған тұтынушылардың саны, көрсетілетін төлем қызметтерінің және (немесе) цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметінің көлемі, қабылданған міндеттемелері;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру процесінде анықталған тәуекелдер, олардың тұтынушыларға және Қатысушының негізгі қызметіне әсері;

      цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру үшін қажетті Қазақстан Республикасының заңнамасын өзгерту және (немесе) толықтыру жөніндегі ұсыныстары туралы мәліметтерді қамтитын ақпаратты беруге;

      10) Шарттың 14-тармағында көрсетілген жағдайларда өз тұтынушыларына 5 (бес) жұмыс күні ішінде Шарттың қолданылуын тоқтату туралы жазбаша хабарлауға;

      11) Қазақстан Республикасының заңдарында және Шартта көзделген міндеттерді адал және тиісті түрде орындауға міндетті.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3. Тараптардың жауапкершілігі

      10. Шарттан туындайтын міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптардың әрқайсысы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауапкершілік атқарады.

      11. Қатысушы Шарт бойынша қызметін (көрсетілетін қызметін, өнімін) жүзеге асыру (ұсыну) кезінде және салдарынан туындаған барлық тәуекел үшін жауапты болады.

4. Шартты өзгерту, толықтыру, тоқтату және бұзу талаптары

      12. Шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар Тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша енгізіледі және Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын қосымша келісім түрінде ресімделеді.

      13. Шарттың қолданылуы:

      1) енгізілген мерзімі аяқталуына байланысты ерекше реттеу режимін қолдану тоқтатылған кезде, не оның күшін жойған кезде;

      2) Шарттың мерзімі аяқталған немесе мерзімінен бұрын бұзылған кезде;

      3) Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында немесе Шартта көзделген өзге жағдайларда тоқтатылады.

      14. Тараптардың келісімі бойынша Шарттың қолданылуын мерзімінен бұрын тоқтатуға рұқсат етіледі.

5. Дауларды шешу тәртібі

      15. Шарт бойынша міндеттемелерін орындау барысында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, Тараптар оларды соттан тыс тәртіппен реттеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға міндетті.

      16. Қазақстан Республикасының соттары Тараптардың Шарт бойынша реттелмеген даулары мен келіспеушіліктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.

      17. Тараптар туындаған даулар мен келіспеушіліктерін толық шешкенге дейін Шартта белгіленген міндеттемелерін орындаудан босатылмайды.

6. Шарттың қолданылу мерзімі

      18. Шарт 20__ " "________ бастап 20__ " "________ дейінгі мерзімге жасалады.

      19. Шарттың қолданылу мерзімі Ұлттық Банк Басқармасының шешімімен енгізілген ерекше реттеу режимінің мерзімінен аспайды.

      20. Шарттың қолданылу мерзімі Тараптардың өзара келісімі бойынша ұзартылады және Заңның 51-4-бабының 4-тармағында белгіленген мерзімнен аспайды.

      21. Шарттың қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішхат Ұлттық Банкке Шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік 60 (алпыс) күннен кешіктірмей беріледі және ол Ұлттық Банкке түскен күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде қаралады.

      22. Шарт Тараптар қол қойған күнінен бастап күшіне енеді.

7. Дүлей күш жағдайлары

      23. Тараптардың Шарт бойынша өз функцияларын жүзеге асыруына кедергі келтіретін, табиғи апаттар, авариялар, өрт, жаппай тәртіпсіздіктер, ереуілдер, әскери іс-қимылдар жататын дүлей күш жағдайлары туындаған жағдайда, егер осындай жағдайлар туындаған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей және байланыс болған жағдайда олардың әсерінен зардап шеккен Тарап басқа Тарапқа болған оқиға туралы хабарласа, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарларын жылдам жою үшін бар күш-жігерін салса, олар өздеріне қабылданған міндеттемелерді орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

      24. Шарттың 23-тармағында көрсетілген дүлей күш жағдайларының ықпал ету объектісі болған Тарап басқа Тараптың талап етуі бойынша құзыретті органдар куәландырған, оқиғалардың болғандығын растайтын құжаттарды, сондай-ақ келтірілген шығынның көлемін есептеумен байланысты кез келген құжаттаманы ұсынуға міндетті.

      25. Тараптардың Шарт бойынша міндеттемелерді орындауы дүлей күш жағдайлары орын алған уақытқа тоқтатыла тұрады және олар тоқтағаннан кейін бірден қайта басталады.

      26. Шарттың 23-тармағында көрсетілген дүлей күш жағдайларының әсері тоқтатылғаннан кейін Тараптар Шарт бойынша өз міндеттемелерін орындауды жалғастыруға міндетті.

8. Қорытынды ережелер

      27. Тараптардың Шартта келісілмеген құқықтық қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі.

      28. Орналасқан жері және (немесе) нақты мекенжайы өзгерген кезде Қатысушы олар өзгерген күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Ұлттық Банкке жазбаша хабарлама беруге міндетті.

      29. Шарт қазақ және орыс тілдерінде, заң күші бірдей 2 (екі) данада жасалды, олардың 1 (бір) данасы Ұлттық Банкте, 1 (бір) данасы Қатысушыда болады.

      30. Шартқа Тараптардың уәкілетті өкілдері 20__ "___" _______ қол қойды.

9. Тараптардың деректемелері және қолдары

"Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі" республикалық мемлекеттік мекемесі
_____________________________
_____________________________
_____________________________
_____________________________
(орналасқан жері, бизнес сәйкестендіру нөмірі, банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды, бенефициар коды)
_____________________________
(қолы)

Қатысушы
_____________________________
_____________________________
_____________________________
_____________________________
(Қатысушының атауы, орналасқан жері және нақты мекенжайы, телефондары, факсы, электрондық поштасы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, банктік сәйкестендіру коды, жеке сәйкестендіру коды, бенефициар коды)
______________________________
(қолы)

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2019 жылғы 11 қарашадағы
№ 178 қаулысына
2-қосымша

Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шарт жасасу үшін құжаттарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 51-5-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметті жүзеге асыру туралы шартты (бұдан әрі – шарт) жасасу үшін құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) қарау тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Шартты жасасу үшін құжаттарды қарауды Ұлттық Банк өтініш берушінің осы қаулының 2-тармағында айқындалған іріктеу өлшемшарттарына сәйкес келуін ескере отырып жүзеге асырады.

2-тарау. Шартты жасасу үшін құжаттарды қарау тәртібі

      3. Ерекше реттеу режимі шеңберінде көрсетілетін цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру үшін өтініш беруші Ұлттық Банкке мына құжаттар мен ақпаратты:

      1) құрылтай құжаттарының (салыстырып тексеру үшін түпнұсқалар ұсынылмаған жағдайда, нотариат куәландырған) көшiрмелерін;

      2) заңды тұлғаның толық атауы мен орналасқан жерін көрсете отырып, құрылтайшылары (қатысушылары), акционерлері, атқарушы органының бірінші басшысы (мүшелері) туралы мәліметтерді;

      3) мыналарды:

      ерекше реттеу режимі шеңберінде көрсетілетін цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру қажеттілігінің негіздемесін;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде жүзеге асырылуы жоспарланып отырған цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызмет түрлерінің сипатын;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты жүзеге асырылып отырған қызметтің нысаналы тұтынушыларының (бар болса) сипатын және өтініш берушінің ерекше реттеу режимі шеңберінде ұсынылатын цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметіне мүдделі тұтынушылардың болуы туралы мәліметтерді;

      ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыру аумағын көрсетуді;

      цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызмет түрлері артықшылықтарының, сондай-ақ тұтынушылар үшін әлеуетті тәуекелдерінің сипатын;

      тәуекелдерді басқару жоспарын (ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асырумен байланысты тәуекелдердің сипаты және көрсету (жүзеге асыру) кезеңінде тәуекелдерді басқару тәсілдерін);

      ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметтің жоспарланып отырған ауқымын: тұтынушылардың санын, көрсетілетін цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызмет сипатын қамтитын бизнес-жоспарды;

      4) өтініш беруші ерекше реттеу режимі шеңберінде цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асыруды жоспарлап отырған мерзімін;

      5) ерекше реттеу режимі шеңберіндегі қызметтің даму сатыларын, ерекше реттеу режимі шеңберінде өтініш берушінің цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметінің тиімділігін бағалаудың күтілетін нәтижелерін, өлшемшарттары мен көрсеткіштерін;

      6) шарттың қолданылуын жоспарлы немесе мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, тұтынушылармен цифрлық активтермен және (немесе) көрсетілетін төлем қызметтерімен байланысты қызметті жүзеге асырудың және шарттық қатынастарды орындауды тоқтату тәртібін сипаттай отырып, іс-шаралар жоспарын;

      7) "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының заңдары және Ұлттық Банктің көрсетілген заңдарға сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілері нормаларының ерекше реттеу режимі шеңберінде өтініш берушіге қолданылу шектерін қоса бере отырып, Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысуға өтініш (бұдан әрі – өтініш) ұсынады.

      Егер өтініш беруші қаржы ұйымы болып табылса, осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген мәліметтер ұсынылмайды.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Ұлттық Банк өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде оны қарайды.

      5. Өтініш беруші ұсынған құжаттарға ескертулер болған кезде Ұлттық Банк өтініш берушіге пошта, факсимильді байланыс және (немесе) электрондық пошта арқылы ескертулерін көрсете отырып хат жібереді. Өтініш беруші ескертулерді жояды және хатты алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде пысықталған (түзетілген) құжаттарды ұсынады.

      6. Ұлттық Банк өтініш берушіге Заңның 51-5-бабының 4-тармағында айқындалған негіздер бойынша шартты жасасудан бас тартады.

      Өтініш берушіге шарт жасасудан бас тарту үшін негіздер болған кезде өтінішті қарау мерзімі Ұлттық Банк басшысының немесе оның орынбасарының дәлелді шешімімен ақылға қонымды мерзімге, бірақ өтінішті дұрыс қарау үшін маңызы бар нақты мән-жайларды белгілеу қажеттілігіне байланысты 2 (екі) айдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін, бұл туралы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 76-бабының 3-тармағына сәйкес мерзімі ұзартылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.

      Шарт жасасудан бас тартылған жағдайда, өтініш берушіге жазбаша түрде дәлелді жауап беріледі.

      Өтініш беруші Ұлттық Банктің шарт жасасудан бас тартуына ӘРПК-нің 13-тарауында айқындалған тәртіппен шағымдануға құқылы.

      Егер ӘРПК-де өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 25.07.2025 № 42 (31.08.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Ерекше реттеу режимі
шеңберінде қызметті жүзеге
асыру туралы шарт жасасу үшін
құжаттарды қарау қағидаларына
қосымша
  Нысан

Ерекше реттеу режимі шеңберінде қатысуға өтініш

      1. Өтініш берушінің атауы ___________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      2. Өтініш берушінің орналасқан жері және нақты мекенжайы

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (индексі, облысы, қаласы, ауданы, көшесі, үйінің, офисінің нөмірі, телефон нөмірі)

      3. Өтініш берушінің мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы мәліметтер

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (нөмірі, күні, кім берді)

      4. Бизнес-сәйкестендіру нөмірі _______________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      5. Қызмет түрі _____________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (қызметтің негізгі түрлері көрсетілсін)

      6. Өтініш беруші атқарушы органының бірінші басшысы туралы мәліметтер

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), туған күні)

      Өтініш беруші өтінішке қоса берілген құжаттардың (ақпараттың) дәйектілігін растайды. Өтініш беруші ақпараттық жүйелердегі заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға келісім береді.

      Өтініш берушінің атқарушы органы басшысының не өтінішті беруге уәкілетті тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса) (растау құжаттарын қоса бере отырып).

      Қосымша (жіберілетін құжаттардың тізбесі, олардың әрқайсысы бойынша парақтар саны көрсетілсін):

      ________________________________________________________________________________

      ________________________________________________________________________________

      _______________________________________________________________________________.

      20__ жылғы "___" _____________ ____________________(қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады