Құжаттарды заңдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің м.а. 2017 жылғы 6 желтоқсандағы № 11-1-2/576 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2017 жылғы 25 желтоқсанда № 16116 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Консулдық жарғысының 62-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 160) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Сыртқы істер министрінің 28.09.2026 № 11-1-4/538 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Құжаттарды заңдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті:

      1) осы бұйрықтың заңнамада көрсетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі қағаз және электрондық түрдегі көшірмелерін ресми жариялау және Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткізгеннен кейін оның көшірмесін күнтізбелік он күн ішінде мерзімдік баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберуді;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      5) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Құқықтық сараптама басқармасына ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушы
М. Тілеуберді

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2016 жылғы 14 маусымдағы
№ 11-1-2/263 бұйрығымен
бекітілген

Құжаттарды заңдастыру қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 28.09.2026 № 11-1-4/538 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы құжаттарды заңдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 25 сәуірдегі № 240 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Консулдық жарғысының 62-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1118 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 160) тармақшасына сәйкес әзірленді және құжаттарды заңдастыру, сондай-ақ "Құжаттарды заңдастыру" мемлекеттік қызметін көрсету (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) тәртібін айқындайды.

      2. Құжаттарды заңдастыру құжаттарды басқа мемлекетте пайдалану мақсатында лауазымды адамның қойған қолы мен құжаттардағы мөрдің түпнұсқалығын белгілеу және куәландыру дегенді білдіреді.

      3. Құжаттарды заңдастыру қызметті берушімен:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті (бұдан әрі – Консулдық қызмет департаменті) және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі (бұдан әрі – Өкілдік);

      2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде – Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі – шет елдердегі мекемелер) жүзеге асырылады.

      4. Заңдастыру бойынша функциялар:

      1) Консулдық қызмет департаментiнде және Өкілдікте дипломатиялық қызметтің уәкілетті қызметкерлеріне (бұдан әрi – уәкілетті қызметкер);

      2) шет елдердегі мекемелерде – консулдық лауазымды адамдарға (бұдан әрі – консул) жүктеледі.

      5. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      6. Заңдастыруға жатпайтын құжаттар:

      1) уәкілетті тұлғаның қолы мен мөрі жоқ құжаттар;

      2) уәкілетті тұлғаның қолы мен мөрі бастапқы құжатында қойылмаған құжаттардың нотариалды куәландырылған көшірмелері;

      3) туу туралы куәліктен басқа, жеке басты куәландыратын құжаттардың түпнұсқалары;

      4) құжаттардың нотариалды куәландырылған аудармалары.

2-тарау. Құжаттарды заңдастыру тәртібі

      7. Жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) құжаттарды заңдастыру үшін Консулдық қызмет департаментіне, Өкілдікке немесе шет елдегі мекемеге еркін нысанда жасалған өтінішке қоса осы Қағидалардың 1-қосымшасында көзделген мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 9-тармағында көрсетілген құжаттарды береді.

      Cондай-ақ, еркін нысанда жасалған өтініште көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректеріне қол жеткізуге келісімі де беріледі.

      Заңдастыруға құжаттардың түпнұсқалары, сондай-ақ олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелері қабылданады.

      Шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылуы және оларды аудармашы немесе аударма қызметтерін көрсететін ұйым куәландыруы тиіс.

      Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде әрекет жасауға арналған құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 32 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7445 тіркелді) бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидалардың 10-тарауында бекітілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидалардың 1-қосымшасында қамтылған.

      8. Көрсетілетін қызметті алушы Консулдық қызмет департаментіне, Өкілдікке немесе шет елдегі мекемеге барлық қажетті құжаттарды тапсырған кезде, қағаз жеткізгіштегі өтініштің көшірмесіндегі қабылдау күні, қабылдаған адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) және құжаттар топтамасын қабылдаған уақыты көрсетілген белгі оның қабылданғанын растау болып табылады.

      9. Құжаттарды заңдастыру өтініш берілген күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады, ал қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі көрсетілетін қызметті алушыны хабардар ете отырып, күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімге дейін тоқтатылуы мүмкін.

      10. Консулдық қызмет департаменті және Өкілдік:

      1) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мекемелерi, "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға уәкілетті нотариустар мен адамдар берген құжаттарды;

      2) егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелер берген құжаттарды;

      3) егер олар құжат шыққан шет мемлекеттің Қазақстан Республикасында аккредиттелген және қоса атқаруы бойынша өкілдікті Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесiнде алдын ала заңдастырылған болса, шетелдiк ұйымдар мен мекемелер берген құжаттарды;

      4) Қазақстан Республикасының аумағында ұсынылатын Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктер немесе консулдық мекемелер берген құжаттарды заңдастырады.

      11. Консулдық қызмет департаменті және Өкілдік құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін:

      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен мекемелерінің лауазымды адамдарының, "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құжаттарды куәландыру бойынша әрекеттерді жасауға уәкілетті нотариустар мен адамдардың;

      2) Қазақстан Республикасында аккредиттелген шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен консулдық мекемелерде құжаттарды заңдастыруға және беруге уәкілетті лауазымды адамдардың қолтаңбалары мен мөрлерінің үлгiлерiн пайдаланады.

      Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда Консулдық қызмет департаменті немесе Өкілдік құзыретті органға сұраныс жолдайды.

      12. Заңдастыруға ұсынылған құжаттың осы Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген уәкілетті қызметкер:

      1) Консулдық қызмет департаментіне жүгінген кезде - осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес құжаттың өзіне Консулдық қызмет департаментінің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады;

      2) Өкілдікке жүгінген кезде – осы Қағидалардың 3-қосымшасына сәйкес құжаттың өзіне Өкілдіктің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

      Уәкілетті қызметкер құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      13. Консул заңдастыруға:

      1) егер олар алдын ала болу елінің заңнамасына сәйкес заңдастырылған болса, болу мемлекетінің биліктерінен;

      2) егер олар болу елінде аккредиттелген шет мемлекеттің дипломатиялық өкілдігінде немесе консулдық мекемесінде заңдастырылған болса, шетелдік ұйымдар мен мекемелердің;

      3) Қазақстан Республикасының ұйымдары мен мекемелерiнің және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде ұсынылуға арналған шығыс құжаттарын қабылдайды.

      14. Құжаттарды заңдастыруды жүзеге асыру үшін консул:

      1) болу мемлекетінің ұйымдары мен мекемелерінің шығыс құжаттарын заңдастыруға уәкілетті болу мемлекетінің биліктегі лауазымды тұлғаларының;

      2) болу мемлекетінде аккредиттелген шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерінің және консулдық мекемелерінің заңдастыруға уәкілетті лауазымды тұлғаларының қолтаңбалары мен мөр үлгілерін пайдаланады.

      Тиісті қолтаңба және мөр үлгілері болмаған жағдайда шет елдегі мекеме құзыретті органға сұраныс жолдайды.

      15. Өтініш берушіден Қазақстан Республикасының аумағында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде немесе Өкілдікте заңдастырылмаған құжаттар келiп түскен кезде консул құжаттардағы қолтаңба мен мөрдің түпнұсқалығын анықтау мақсатында мұндай құжаттарды уәкілетті органға жiбереді. Оң жауап алынған жағдайда, консул аталған құжаттарды осы Қағидаларда көзделген тәртiпте заңдастырады.

      16. Қазақстан Республикасынан құжат сұрату тәртiбi бойынша Қазақстан Республикасында әзiрленген, бiрақ Консулдық қызмет департаментiнде немесе Өкілдікте заңдастырылмаған құжаттар консулға келiп түскен жағдайда және егер болу мемлекетiнің заңнамасы бойынша мұндай құжаттарды заңдастыру талап етілсе, консул оларды заңдастырады.

      17. Заңдастыруға ұсынылған құжаттың осы Қағидаларға сәйкестігіне көз жеткiзген консул осы Қағидалардың 4-қосымшасына сәйкес құжаттың өзіне шетелдегі мекеменің заңдастыру жазбасын қою арқылы құжатты заңдастырады.

      Консул құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      18. Көрсетілетін қызметті алушы ұсынған өтініште және (немесе) құжаттарда қателер немесе дәлсіздіктер анықталған, олар нысаны мен мазмұны бойынша талаптарға сәйкес келмеген, көрсетілетін қызметті алушы Тізбенің 9-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасын ұсынбаған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші өтінішті цифрлық күту парағы арқылы қабылдайды және (еркін нысанда) тиісті қолхат береді.

      Көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттар (оның ішінде түпнұсқалар) көрсетілетін қызметті берушінің сақтауына қабылданбай, көрсетілетін қызметті алушыға қайтарылуға тиіс, бұған өтініш және (немесе) құжаттар "цифрлық үкімет" веб-порталы, стационарлық абоненттік құрылғы, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдар айқындаған өзге де цифрлық объектілер арқылы берілген жағдайлар кірмейді.

      Бұл ретте көрсетілетін қызметті алушыға анықталған кемшіліктерді жою үшін ақылға қонымды мерзім белгіленеді, ол мемлекеттік қызмет көрсетудің жалпы мерзіміне қосылмайды және одан аспауға тиіс.

      Кемшіліктер жойылған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы алғаш жүгінген күн мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алуға өтініш және (немесе) құжаттар қабылданған күн болып есептеледі.

      Мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызмет көрсету мерзімінің өтуі анықталған кемшіліктер жойылған кезден бастап қайта басталады.

      Анықталған кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші өтініш пен құжаттарды қабылдаудан бас тартады және көрсетілетін қызметті алушыға бас тартудың себептерін көрсете отырып, жауап жібереді.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінің 10-тармағында көрсетілген негіздер бойынша жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылған кезде көрсетілетін қызметті алушымен тыңдау өткізілмейді.

      19. Заңдастыру жазбасы құжатқа, ал құжатта орын болмаған жағдайларда, ол жазба қоса тiркелетiн, заңдастыруды жасаған адамның мөрi мен қолы қойылған жеке парақта жасалады.

      Заңдастыру жазбасын мастикалы мөртабанмен жасауға рұқсат етіледі.

      20. Консулдық қызмет департаменті, Өкілдік және шет елдердегі мекемелер осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес заңдастырудан өткен құжаттарды есепке алу бойынша тізілім жүргiзедi.

      21. Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заңның 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің цифрлық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      22. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі осы Қағидаларға өзгерістер енгізілген және (немесе) толықтырылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оларды жаңартып, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне және Бірыңғай байланыс-орталығына жолдайды.

      23. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі шағымның қаралуын жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды шағым қарайтын органға жібермеуге құқылы.

      Көрсетілетін қызметті алушыдан көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен шағым Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабы 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Көрсетілетін қызметті алушыдан шағымды қарайтын органның атына келіп түскен шағым тіркелген күнінен бастап он бес жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жүгінуге жол беріледі.

  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына 1-қосымша

"Құжаттарды заңдастыру" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі

1.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігі және Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші).

2.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің (бар болса) атауы

Жоқ

3.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету тәсілдері

Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру көрсетілетін қызметті беруші арқылы жүзеге асырылады.

4.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету мерзімі

1) жеке және заңды тұлғалардың (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетілетін қызметті берушіге құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап – үш жұмыс күн ішінде, ал қосымша зерделеу немесе тексеру жүргізу қажет болған жағдайда, мерзім күнтізбелік отыз күнге ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте көрсетілетін қызметті беруші мерзімнін ұзартылғаны туралы жазбаша түрде хабарлайды;
2) құжаттар топтамасын тапсыру үшін күтудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 30 минут;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 10 минут.

5.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нысаны

Қағаз түрінде.

6.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету нәтижесі

Тапсырылған құжаттарды заңдастыру немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.

7.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңдарда көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік қызмет жеке тұлғаларға Қазақстан Республикасының Салық кодексіне және "Шет мемлекеттің аумағында консулдық іс-әрекеттер жасағаны үшін консулдық алым мөлшерлемелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2019 жылғы 20 мамырдағы № 11-1-4/227 бұйрығына сәйкес консулдық алым мөлшерлемелері бойынша ақылы негізде көрсетіледі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18702 болып тіркелген).
Консулдық алымды төлеу қолма-қол ақшалай немесе қолма-қол ақшасыз нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы жүзеге асырылады.
Консулдық алымды төлеуден босату шарты Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес реттеледі.

8.

Көрсетілетін қызметті берушінің және цифрлық объектілерінің жұмыс кестесі

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбіден бастап жұманы қоса алғанда, сағат 13:00-ден 15:00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін.
Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде көрсетілетін қызметті берушінің құжаттарды қабылдау сағаты 09.30-дан 12.30-ға дейін, ал мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерін беру сағаты 16.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады. Сәрсенбі қабылдамайтын күн.
Климаты ыстық және ылғалды шет мемлекеттерде көрсетілетін мемлекеттік қызметті берушінің жұмыс кестесі жергілікті жағдайларға қатысты белгіленеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жедел қызмет көрсетусіз, кезек күту тәртібімен жүзеге асырылады, көрсетілетін қызметті берушінің интернет-ресурсы арқылы кезекті брондауға болады.
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары көрсетілетін қызметті берушінің www.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.

9.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

Көрсетілетін қызметті алушы құжаттарды заңдастыру үшін көрсетілетін қызметті берушіге еркін нысанда жасалған өтінішке қоса келесі құжаттарды (мәліметтерді) береді:
1. Жеке тұлға үшін:
1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
2) заңдастыруға жататын құжат;
3) консулдық алым төленгенін растайтын құжат;
4) өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) (құжаттарды заңды өкіл немесе құжат иесінің атынан сенімхат бойынша уәкілетті адам берген кезде).
2. Заңды тұлға үшін:
1) өкілетті тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);
2) заңдастыруға жататын құжат;
3) консулдық алымның төленгенін растайтын құжаттың түпнұсқасы;
4) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін (қайта тіркелгенін) растайтын "цифрлық үкіметтің" цифрлық жүйесінен мәліметтер не заңды тұлғаның құқық қабілеттілігін растайтын өзге де құжат (шетел азаматтары үшін);
5) өкілеттігін растайтын құжаттың көшірмесі (салыстырып тексеру үшін түпнұсқасы) (құжаттарды заңды өкіл немесе құжат иесінің атынан сенімхат бойынша уәкілетті адам берген кезде).
Сондай-ақ, еркін нысанда жасалған өтініште көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректеріне қол жеткізуге келісімі де беріледі.
Заңдастыруға құжаттардың түпнұсқалары, сондай-ақ олардың нотариалдық куәландырылған көшірмелері қабылданады.
Шетелдік ұйымдар мен мекемелер берген құжаттар мемлекеттік немесе орыс тіліне аударылуы және аудармашымен немесе аударма қызметтерін көрсететін ұйыммен куәландырылуы тиіс.
Қазақстан Республикасының нотариустары куәландырған және Қазақстан Республикасының тыс жерлерде әрекет жасауға арналған құжаттар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы № 32 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7445 тіркелді) бекітілген Нотариаттық іс жүргізу жөніндегі қағидалардың 10-тарауында бекітілген талаптарға сәйкес болуы тиіс.

10.

Мемлекеттік қызметті және оның кіші түрлерін (бар болса) көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздері

1) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызмет көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуі;
2) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы;
3) Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Заңның 18-2-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді тоқтата тұру мерзімі өткеннен кейін анықталған кемшіліктердің жойылмауы..

11.

Мемлекеттік қызметті көрсету, оның ішінде электрондық нысанда және Мемлекеттік корпорация арқылы көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, қойылатын өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі мен оның мәртебесі туралы ақпаратты мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.
Мемлекетік қызметі көрсету мәселелері бойынша анықтама қызметтерінің байланыс телефондары www.mfa.gov.kz интернет-ресурсында "Мемлекеттік көрсетілетін қызмет" бөлімінде көрсетілген, мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығының нөмірі – 1414, 8 800 080 7777.

  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына 2-қосымша

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Консулдық қызмет департаментiнің заңдастыру жазуы

      Осы құжат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет

      департаментінде заңдастырылды.

      This document is legalized in the Department of Consular Service of the Ministry of Foreign

      Affairs of the Republic of Kazakhstan.

      20___ жылғы "___" ___________,

      № ___________

      Лауазымды қызметкер/Official

      ______________________

      Лауазымды қызметкер құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Official does not confirm the facts stated in the document.

  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына 3-қосымша

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгiнің Алматы қаласындағы өкілдігінің заңдастыру жазуы

      Осы құжат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы

      қаласындағы өкілдігінде заңдастырылды.

      This document is legalized in the Representative Office of the Ministry of Foreign Affairs of

      the Republic of Kazakhstan in Almaty.

      20 ___ жылғы "___" ___________,

      № ___________

      Лауазымды қызметкер / Official

      ______________________

      Лауазымды қызметкер құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Official does not confirm the facts stated in the document.

  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына 4-қосымша

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің заңдастыру жазуы

      Осы құжат ________________________________________ заңдастырылды.

      (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесінің атауы)

      This document is legalized in ________________________________________

      (name of the embassy/ consulate general/consulate of the Republic of Kazakhstan)

      20___ жылғы "___" ______________,

      № _____________

      Консулдық лауазымды тұлға/consular officer ____________________

      Консулдық лауазымды тұлға құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Consular officer does not confirm the facts stated in the document.

  Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына 5-қосымша

Заңдастыру өткен құжаттарды есепке алу жөніндегі тізілім

р/с №

Заңдастыру күні

Құжаттардың атауы, кімнің атына, кім және қашан берді, берілген күні және нөмірі

Өтініш берушінің аты-жөні, әкесінің аты (болған жағдайда)

Өтініш берушінің төлқұжаты, кім және қашан берді

Консулдық алымның сомасы

Түбіртектің №

Өтініш берушінің қолы

Уәкілетті қызметкер/консул


  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
"Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
№ 2 қосымша

      Ескерту. 1-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 29.04.2020 № 11-1-4/141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлiгi Консулдық қызмет департаментiнің заңдастыру жазуы

      Осы құжат Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінде заңдастырылды.

      This document is legalized in the Department of Consular Service of the Ministry of Foreign Affairs of the Republic of Kazakhstan.

      20___ жылғы "___" ___________,

      № ___________

      Лауазымды қызметкер/Official

      ______________________

      Лауазымды қызметкер құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Official does not confirm the facts stated in the document.

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
"Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
№ 3 қосымша

      Ескерту. 2-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 29.04.2020 № 11-1-4/141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің заңдастыру жазуы

      Осы құжат _____________________________________________ заңдастырылды.

      (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемесінің атауы)

      This document is legalized in _____________________________________________

      (name of the embassy/ consulate general/consulate of the Republic of Kazakhstan)

      20___ жылғы "___" ______________,

      № _____________

      Консулдық лауазымды тұлға/consular officer ____________________

      Консулдық лауазымды тұлға құжатта баяндалған фактілерді растамайды.

      Consular officer does not confirm the facts stated in the document.

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығымен
бекітілген
"Құжаттарды заңдастыру
қағидаларына
№ 4 қосымша

      Ескерту. 3-қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы жаңа редакцияда – ҚР Сыртқы істер министрінің 29.04.2020 № 11-1-4/141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Заңдастырудан өткен құжаттарды есепке алу жөніндегі тізілім

р/с
№

Заңдастыру күні

Құжаттардың атауы, кімнің атына, кім және қашан берді, берілген күні және нөмірі

Өтініш берушінің аты-жөні, әкесінің аты (болған жағдайда)

Өтініш берушінің төлқұжаты, кім және қашан берді

Консулдық алымның сомасы

Түбіртектің №

Өтініш берушінің қолы

Уәкілетті қызметкер/консул


  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
міндетін атқарушының
2017 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 11-1-2/576 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі

      1. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 1350 тіркелген, Қазақстан Республикасы орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдарының нормативтік құқықтық актілері бюллетенінде жарияланған, 2001 жылы, № 2.).

      2. "Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2006 жылғы 7 қыркүйектегі № 08-1/262 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 4418 болып тіркелген, 2006 жылғы 11 қарашадағы № 46 (307) "Заң газет" газетінде жарияланған).

      3. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 11 желтоқсандағы № 08-1-1-1/613 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 9068 болып тіркелген, 2014 жылғы 20 ақпандағы № 35 (28259) "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған).

      4. "Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 17 қазандағы № 08-1-1-1/463 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 9875 болып тіркелген, 2014 жылғы 12 желтоқсанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      5. "Консулдық заңдастыру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 20 тамыздағы № 11-1-2/348 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімінде № 12087 болып тіркелген, 2015 жылғы 13 қазаңда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

      6. "Консулдық заңдастыру Ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2000 жылғы 21 қарашадағы № 264 бұйрығына толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2015 жылғы 11 желтоқсандағы № 11-1-2/567 бұйрығы (ҚР Әділет министрлігінің нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тізілімде № 12836 болып тіркелген, 2016 жылғы 21 қаңтарда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады