Мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 16 сәуірдегі № 1234 Жарлығы

  Қазақстан Республикасы
Президенті мен Үкіметі
актілерінің жинағында
жариялануға тиіс

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 01.01.2027 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-2-бабының 2-тармағына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Жарлық 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
2026 жылғы 16 сәуірдегі
№ 1234 Жарлығымен
БЕКІТІЛГЕН

Мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру ҚАҒИДАЛАРЫ

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 1-2-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру тәртібі мен шарттарын айқындайды.

2-тарау. "Ұлттық" мәртебе беруге үміткер мемлекеттік архивтерге қойылатын талаптар

      2. "Ұлттық" мәртебе архив ісі саласындағы қызметі ерекше мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар және мынадай талаптарға сай келетін мемлекеттік архивтерге беріледі:

      1) бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес кемінде жиырма жыл тұрақты және тиімді қызметті жүзеге асыру;

      2) кәсіпқойлықты, жұмыстың тиімділігін, сапасы мен нәтижелілігін арттыру үшін өз қызметіне инновацияларды ендіру;

      3) мемлекеттік архивтің балансындағы және құжаттардың сақталуын қамтамасыз ететін құрал-жабдықтармен (реставрациялау жабдықтары, құжаттарды цифрландыру жабдықтары, климатты бақылау, өрт сигнализациясы, газбен өрт сөндіру, ауа баптау, бейнебақылау, ғимаратқа кіруді электрондық және металл іздегіш детекторлық бақылау жүйелері) жабдықталған мамандандырылған жеке тұрған ғимараттың болуы;

      4) қазіргі заманғы талаптарға сай келетін құжаттарды есепке алу, сақтау және оларға қол жеткізуді қамтамасыз ету цифрлық жүйесінің болуы;

      5) ақылы қызмет түрлерін көрсету есебінен қамтамасыз етілетін материалдық-техникалық базаның болуы және оны тұрақты дамыту:

      6) архив қорының құрамында баға жетпестей тарихи-мәдени және ғылыми құндылықты білдіретін ерекше құнды құжаттардың болуы;

      7) штатта ғылыми атақтары мен дәрежелері бар (доцент, қауымдастырылған профессор, профессор, академик, ғылым кандидаты және (немесе) докторы, философия докторы (PhD) қызметкерлердің болуы;

      8) бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік архивтің қызметі туралы жарияланымдардың (кемінде он жарияланымның) болуы;

      9) ғылыми-білім беру мекемелерімен архив құжаттарын жариялау және пайдалану бойынша өзара іс-қимыл;

      10) республикалық және халықаралық бағдарламалар мен жобаларға қатысу (ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар, конкурстар, фестивальдар, көрмелер).

3-тарау. "Ұлттық" мәртебе беру тәртібі

      3. Республикалық мемлекеттік архивтердің, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының басшылары архив ісі және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) "Ұлттық" мәртебе беру туралы өтінішхат береді.

      Өтінішхатқа мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) мемлекеттік архив жұмыскерлері жалпы жиналысының оны "Ұлттық" мәртебе беруге ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;

      2) мемлекеттік архивтің Қазақстанның архив саласын дамытуға қосқан үлесін көрсететін қызметі туралы анықтама, сондай-ақ оның материалдық-техникалық жарақтандырылуының осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген талаптарға сай келуі;

      3) ғылыми атақтары мен дәрежелері бар (доцент, қауымдастырылған профессор, профессор, академик, ғылым кандидаты және (немесе) докторы, философия докторы (PhD) мемлекеттік архив жұмыскерлері туралы мәліметтер;

      4) бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік архивтің қызметі туралы материалдардың (кемінде он жарияланымның) көшірмелері;

      5) архив ісі саласындағы іс-шараларға, республикалық және халықаралық бағдарламалар мен жобаларға (республикалық және халықаралық маңызы бар ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар, конкурстар, фестивальдар, көрмелер) қатысқанын және (немесе) оларда жүлделі орындар алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.

      4. Еркін нысандағы өтінішхат қағаз жеткізгіште және электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ағымдағы күнтізбелік жылдың 1 шілдесіне дейінгі мерзімде уәкілетті орган атына жіберіледі. Көрсетілген мерзімді бұза отырып жіберілген өтінішхат қарауға қабылданбайды және келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде қараудан бас тарту себептері көрсетіліп қайтарылады.

      5. Уәкілетті орган осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қоса берілетін құжаттармен бірге өтінішхаттың қарауға қабылданғаны туралы хабарламаны тиісті республикалық мемлекеттік архивке немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына олар келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде жібереді.

      6. Уәкілетті орган өтінішхатты және оған қоса берілген құжаттарды осы Қағидалардың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген талаптарға сәйкестігіне қарауды жүзеге асырады.

      Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген анық емес деректер ұсынылған және құжаттар тізбесі толық ұсынылмаған кезде өтінішхат қарауға қабылданбайды және қараудан бас тарту себептері көрсетіліп, келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде тиісті республикалық мемлекеттік архивке немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына қайтарылады.

      Пысықталған құжаттар тізбесін өтінішхатты қараудан бас тарту келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қайта енгізуге болады.

      7. Уәкілетті орган ағымдағы күнтізбелік жылдың 10 қазанына дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру туралы ұсыныс енгізеді.

      8. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебе беру туралы Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қарауына енгізеді.

      9. Мемлекеттік архивтерге "Ұлттық" мәртебені Қазақстан Республикасы Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті береді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады