Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметі актілерінің жинағында жариялануға тиіс |
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы Жарлықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 814 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:";
жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі туралы ережеде:
40) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"40) қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысады;";
мынадай мазмұндағы 41), 42), 43), 44), 45), 46), 47), 48), 49), 50), 51), 52), 53) және 54) тармақшалармен толықтырылсын:
"41) әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыруға қатысады;
42) Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкін пайдаланылмайтын мүлік деп тану туралы шешім қабылдайды;
43) оқ-дәрілерді жоюды жүзеге асырады;
44) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органға береді;
45) қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа үлгілері және сатып алуға ұсынылатындары үшін тактикалық-техникалық сипаттамаларды айқындайды;
46) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберіндегі бюджет қаражаты Мемлекеттік күзет қызметінің бюджетінде көзделген жағдайда, мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды жүзеге асырады және бекітілген мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың тапсырмаларын оларға жеткізеді;
47) "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 2-тармағы бірінші бөлігінің 1-1), 2), 3), 7) және 12) тармақшаларында көзделген, мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде сатып алынатын әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін әзірлейді және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді;
48) өз құзыреті шегінде мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етеді;
49) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың тәжірибелік үлгілеріне мемлекеттік сынақтарды ұйымдастырады және жүргізеді, оларды қарулануға, жарақтандыруға, жабдықтауға және пайдалануға қабылдау үшін құжаттама дайындайды;
50) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың тәжірибелік үлгілерін қарулануға, жарақтандыруға, жабдықтауға және пайдалануға қабылдау үшін құжаттарды дайындауға, оларды сериялап өндіруге беру үшін конструкторлық, техникалық және өзге де құжаттаманы келісуге қатысады;
51) қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың тәжірибелік үлгілерін қарулануға, жарақтандыруға, жабдықтауға және пайдалануға қабылдап алуды жүзеге асырады;
52) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери ұлттық стандарттарды әзірлейді, келіседі, әзірлеуге, өзгертуге және олардың күшін жоюға қатысады;
53) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының аумақтық қорғанысын жоспарлауға қатысады;
54) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.";
19) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"19) Айрықша мақсаттағы күштерді әскери қызметшілермен жасақтау тәртібі мен жоспарын айқындайды;";
46) және 47) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"46) ведомстволық бюджет комиссиясын құрады, оның жұмыс органын айқындайды және ол туралы ережені, құзыреті мен құрамын бекітеді;
47) Мемлекеттік күзет қызметінің мүлкіне және бюджет қаражатына билік етеді;";
93-1), 93-2), 93-3) және 93-4) тармақшалардың нөмірленуі тиісінше 94), 95), 96) және 97) болып өзгертілсін;
93-5) және 93-6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"98) құрылымында әскери қызмет өткеру көзделген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларымен бірлесіп, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша білім беру жеңілдіктерін алу үшін мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді конкурстық іріктеу қағидаларын бекітеді;
99) Мемлекеттік күзет қызметінің тұрғын үй комиссиялары қызметінің және ақпараттық жүйесінің жұмыс тәртібін айқындайды;";
мынадай мазмұндағы 100), 101), 102), 103) және 104) тармақшалармен толықтырылсын:
"100) Мемлекеттік күзет қызметінің қолданыстағы резервінің қызметкері мен әскери қызметшісіне, штаттағы жасырын қызметкеріне тұрғын үй төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын бекітеді;
101) Мемлекеттік күзет қызметінің әскери қызметшілеріне жорықтық төлемдерді жүзеге асыру тәртібін айқындайды;
102) резервтегі әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлық бойынша сабақтардан немесе жиындардан, дағдарысты жағдай кезінде жиындардан өту тәртібін айқындайды;
103) резервтегі әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілердің дағдарысты жағдай кезінде жиындар жарияланған жағдайда әскери бөлімге (мекемеге) келу мерзімі мен тәртібін айқындайды;
104) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде оған жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Мемлекеттік күзет қызметіне кіру және қызмет өткеру тәртібі "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
Айрықша мақсаттағы күштер Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен Қазақстан Республикасының әскери қызметке шақырылатын азаматтарының қатарынан жасақталады.
Айрықша мақсаттағы күштерге мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді іріктеу басым болып табылады.".
2. Осы Жарлық 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетін осы Жарлықтың 1-тармағының отызыншы, отыз бірінші және отыз екінші абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті |
Қ. Тоқаев |