"Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 маусымдағы № 914 Жарлығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы Жарлық 01.07.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесi мен судьяларының мәртебесi туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген ережелердi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 26 маусымдағы № 643 Жарлығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Сот жюриі туралы ережеде:

      5-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Сот жюриі он үш судьядан – аудандық және оларға теңестірілген соттардың (бұдан әрі – аудандық сот) үш судьясынан, облыстық және оларға теңестірілген соттардың (бұдан әрі – облыстық сот) төрт судьясынан, кассациялық соттардың үш судьясынан және Жоғарғы Соттың үш судьясынан тұрады. Сот жюриіне кеңесші дауыс беру құқығы бар заңгерлер қауымының екі өкілі де кіреді.";

      17-тармақтың 1) тармақшасының екінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтін өзгермейді;

      20-тармақ алып тасталсын;

      21-1 және 21-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21-1. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту мәселесі бойынша жоғары тұрған сот сатысының ұсынуы судьяның дәлелді себеппен жұмыста болмаған уақытын есептемегенде заңдылықты өрескел бұзу фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде:

      1) аудандық соттың судьясына, төрағасына немесе облыстық соттың судьясына қатысты – облыстық соттың жалпы отырысына;

      2) облыстық соттың сот алқасының төрағасына, төрағасына, кассациялық соттың судьясына қатысты – кассациялық соттың жалпы отырысына;

      3) кассациялық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына немесе сот алқасының төрағасына қатысты – Жоғарғы Соттың жалпы отырысына талқылауға шығарылады.

      Талқылау қорытындылары бойынша облыстық соттың, кассациялық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысы осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде Сот жюриіне сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту немесе тартпау жөнінде ұсыным беру туралы шешім қабылдайды.

      21-2. Сот істері мен материалдарын қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судьяға қатысты материалдар осы Ереженің 21-1-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген облыстық соттың, кассациялық соттың немесе Жоғарғы Соттың жалпы отырысының шешімі қабылданған күннен бастап он жұмыс күні ішінде Сот жюриіне жолданады.";

      21-7-тармақтың алтыншы бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) облыстық соттың сот алқасының төрағасына, төрағасына, кассациялық соттың төрағасына немесе Жоғарғы Соттың сот алқасының төрағасына қатысты – Жоғарғы Соттың жалпы отырысына талқылауға шығарылады.";

      23-тармақтың бірінші және екінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Кассациялық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты тәртіптік іс жүргізу шеңберінде материалдарды жинау, олардың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету сот әкімшілігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүктеледі.

      Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына, сот алқасының төрағасына, төрағасына және кассациялық соттың судьясына қатысты тәртіптік іс жүргізу шеңберінде материалдарды жинау, олардың толықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне жүктеледі.";

      24 және 24-2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Сот жюриінің судьяға қатысты материалдарды қарауы үшін масс-медиада, онлайн-платформаларда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде қамтылған, оларды тексеру қорытындысы бойынша судья әдебіне қайшы келетiн, атына кір келтіретін терiс қылық жасау фактісі расталған мәліметтер де негіз болады.

      Масс-медиада, онлайн-платформаларда, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінде қамтылған:

      1) сот актілерімен келіспеушілікті білдіретін;

      2) сот істерін қарау кезінде заңдылықтың бұзылғанын көрсететін мәліметтер тексерілуге жатпайды.

      Аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты тексеру жүргізу облыстық сотқа және Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүктеледі.

      Кассациялық соттың судьясына қатысты тексеру жүргізу кассациялық сотқа және Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүктеледі.

      Облыстық соттың сот алқасының төрағасына, төрағасына, кассациялық соттың төрағасына, Жоғарғы Соттың судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты тексеру жүргізу Жоғарғы Сотқа және Судья әдебі жөніндегі комиссияға жүктеледі.

      24-2. Тексерілуге жататын өтініш Сот жюриіне келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Жоғарғы Сотқа, кассациялық сотқа, облыстық сотқа немесе Судья әдебі жөніндегі комиссияға тексеру жүргізу үшін жіберіледі.

      Жоғарғы Сот, кассациялық сот, облыстық сот немесе Судья әдебі жөніндегі комиссия өтінішті тексеру нәтижелері туралы өтініш берушіге хабарлайды.

      Егер өтініште судьяның осы Ереженің 24-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы жеткілікті мәліметтер болмаса, өтініш берушіге судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібі түсіндіріледі.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Сот жюриіне тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу туралы өтінішхатты судьяның мінсіз тәртібі мен өзінің қызметтік міндеттерін адал атқаратыны туралы тиісті құжаттарды қоса тіркеп, аудандық соттың судьясына, төрағасына, облыстық соттың судьясына қатысты – облыстық соттың төрағасы, кассациялық соттың судьясына қатысты – кассациялық соттың төрағасы, облыстық соттың төрағасына, сот алқасының төрағасына, кассациялық соттың төрағасына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясына, сот алқасының төрағасына қатысты – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы ұсынады.";

      52-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "52. Cот жюриі шешімдерінің көшірмелері өзіне қатысты шешім қабылданған судьяға, сондай-ақ тиісті облыстық сотқа, кассациялық сотқа немесе Жоғарғы Сотқа жіберіледі.".

      2. Осы Жарлық 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады