Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 29 қыркүйектегі № 858 қаулысы

      "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 27-бабының 6-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
2026 жылғы 29 қыркүйектегі
  № 858 қаулысымен
бекітілген

Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерін оңайлатылған түрде дайындау мен қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 27-бабына сәйкес әзірленді және Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді (бұдан әрі – нормативтік құқықтық актілер) әзірлеу, келісу, қабылдау және мемлекеттік тіркеу тәртібін айқындайды.

      2. Алатау қаласы заңнамасының құрамына кіретін Алатау қаласы әкімшілігінің, Алатау қаласы мәслихатының, әкімдігінің және әкімінің нормативтік құқықтық актілерін дайындау, келісу және қабылдау Конституциялық заңға сәйкес айқындалады.

      3. Осы Қағидалар Конституциялық заң мен Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілердің Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құзыреті шегінде іске асырылуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттік рәсімдерді және оның шегінен тысқары жерлердегі өзге де қатынастарды реттеуге бағытталған және жеделдік, ашықтық, субсидиарлық, сондай-ақ Алатау қаласының әкімшілігімен өзара іс-қимыл жасау қағидаттарына негізделеді.

      4. Осы Қағидалар және оларға сәйкес қабылданатын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер тек қана Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық заңға негізделеді, Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнамасының құрамына кіреді.

      5. Осы Қағидаларға сәйкес қабылданатын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер тек қана Конституциялық заңды және Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін өзге де нормативтік құқықтық актілерді іске асыруға бағытталған және өзге құқықтық қатынастарды реттей алмайды.

      6. Осы Қағидалар нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің, келісудің және қабылдаудың дербес тәртібін белгілейді. Қазақстан Республикасының құқықтық актілер туралы заңнамасы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті осы Қағидаларда реттелмеген бөлігінде қолданылады.

      7. Осы Қағидаларға сәйкес нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау кезінде Алатау қаласының заңнамасымен реттелуге жататын Алатау қаласында қызметті жүзеге асыру мәселелері бойынша талаптар мен шектеулер белгілеуге жол берілмейді.

      8. Конституциялық заңға және Алатау қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуды нормативтік құқықтық жағынан қамтамасыз ету, сондай-ақ оған өзге де әкімшілік жәрдем көрсету және оның мақсаттары мен міндеттерін іске асыру шеңберінде оның сұрау салуы бойынша Конституциялық заңның тиісті ережелерінде тікелей көрсетілгендерден бөлек, заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға жол беріледі.

      9. Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң мемлекеттiк тiзiлiмiн, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерiнiң эталондық бақылау банкiн жүргiзу қағидаларына, Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін қалыптастыру, сондай-ақ оған мәліметтер енгізу жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес осы Қағидаларда көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін Қазақстан Республикасының заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жеке мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

2-тарау. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу тәртібі

      10. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігін, оны дамытуды және оның мақсаттары мен міндеттерінің Конституциялық заң мен Алатау қаласы әкімшілігінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес іске асырылуын нормативтік құқықтық жағынан қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының Үкіметі (бұдан әрі – Үкімет), орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – Ұлттық Банк), Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      11. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу және қабылдау Алатау қаласы әкімшілігінің тиісті сұрау салуы Үкіметке, орталық мемлекеттік органға, Ұлттық Банкке, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органға немесе жергілікті атқарушы органға келіп түскен күннен бастап екі ай ішінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының құзыреті шегінде жүзеге асырылады.

      Алатау қаласы әкімшілігінің сұрау салуында нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттары, реттелетін қоғамдық қатынастардың сипаттамасы және жобаның мазмұны бойынша ұсыныстар қамтылуға тиіс.

      Алатау қаласының әкімшілігі дербес әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші органның сараптамалық қорытындылар мен келісулер алу үшін бастапқы редакция ретінде пайдалануы үшін ұсынуға құқылы.

      Алатау қаласы әкімшілігінің сұрау салуы жобаны әзірлеуді бастауға және тиісті нормативтік құқықтық актіні қабылдауға жеткілікті негіз болып табылады. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимдегі тыныс-тіршілігі мен оны дамытуға жәрдемдесу мақсатында нормативтік құқықтық актіні әзірлеу қажеттілігін Алатау қаласының әкімшілігі айқындайды.

      12. Алатау қаласы әкімшілігінің заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні әзірлеу және қабылдау туралы сұрау салуы:

      1) егер Алатау қаласы әкімшілігінің сұрау салуы бойынша Үкіметтің нормативтік қаулысын қабылдау немесе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіні әзірлеу және қабылдау жөніндегі жауапты мемлекеттік органды айқындау талап етілсе, Үкімет Аппаратының Басшысына;

      2) қоғамдық қатынастардың тиісті саласында мемлекеттік саясатқа басшылықты және іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік органның басшысына (бұдан әрі – әзірлеуші орган) жіберіледі.

      13. Алатау қаласы әкімшілігінің сұрау салуы бойынша Үкіметтің нормативтік қаулысын қабылдау талап етілетін жағдайда тиісті жобаны дайындауды Үкімет басшылығының тапсырмасымен жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік орган қамтамасыз етеді.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік қаулының жобасын, егер тапсырмада анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма келіп түскен күннен бастап бір ай ішінде Үкіметке енгізеді.

      14. Әзірленген нормативтік құқықтық актінің қазақ және орыс тілдеріндегі жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау үшін орналастырылады, оны жария талқылау мерзімі 5 (бес) жұмыс күнінен кем болмайды.

      Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің немесе Премьер-Министрінің тапсырмалары шеңберінде әзірленетін, орындалу мерзімі күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша жария талқылауға орналастыру мерзімі күнтізбелік 2 (екі) күнге дейін қысқартылады.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасын орналастыру және жария талқылау кезінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2021 жылғы 30 қыркүйектегі № 849 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24634 болып тіркелген) бекітілген Ашық нормативтiк құқықтық актiлердiң интернет-порталында заңға тәуелді нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын орналастыру және жария талқылау қағидаларында белгіленген талаптар ескеріледі.

      15. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (бұдан әрі – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы) сараптамалық қорытындысын алу қажет.

      Бұл ретте Ұлттық кәсіпкерлер палатасының нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау мерзімі ол келіп түскен күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күнін құрайды.

      Сараптамалық қорытындылар Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жазбаша ұстанымын білдіреді және ол қабылданғанға дейін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір кейіннен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      16. Әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіскен кезде нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

      Әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда сараптамалық қорытынды алынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде келіспеу себептерін негіздейтін жауапты Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жолдайды. Мұндай жауап нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына міндетті қосымша болып табылады.

      Ұлттық кәсіпкерлер палатасы сараптамалық қорытындыны белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда нормативтік құқықтық актінің мұндай жобасы "ескертулерсіз келісілді" деп есептеледі.

      17. Кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын нормативтік құқықтық актінің жобасына тұжырымдамалық өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда әзірлеуші орган сараптамалық қорытынды алу үшін оны Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қайта жібереді.

      18. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 473, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 12 шілдедегі № 135 және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Төрағасының 2023 жылғы 11 шілдедегі № 223 бірлескен бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33104 болып тіркелген) бекітілген Ғылыми сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу, сондай-ақ ғылыми сарапшыларды іріктеу қағидаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жүргізіледі.

      Бұл ретте нормативтік актінің жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптама жоба мен оған материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманы жүргізуді үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті ұйымға (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) ұсынылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

3-тарау. Нормативтік құқықтық актілерді келісудің ерекшеліктері

      19. Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жария талқылау аяқталғаннан кейін әзірлеуші орган нормативтік құқықтық актінің жобасын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісудің цифрлық жүйесі (бұдан әрі – ЖКЦЖ) арқылы мүдделі мемлекеттік органдарға және Алатау қаласының әкімшілігіне келісуге жолдайды.

      20. Мүдделі мемлекеттік органдарға және Алатау қаласының әкімшілігіне келісуге енгізілетін мемлекеттік және орыс тілдерінде дайындалған нормативтік құқықтық актілердің жобаларында мыналар қамтылуға тиіс:

      1) ілеспе хат;

      2) нормативтік құқықтық актінің жобасы;

      3) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентіне (бұдан әрі – Регламент) 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түсіндірме жазба;

      4) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін жоба бойынша Регламентке 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әрбір абзацқа қатысты енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың тиісті дәлелді негіздемесімен бірге нормативтік құқықтық актінің бұрынғы және жаңа редакцияларының салыстырма кестесі;

      5) ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында нормативтік құқықтық актінің жобасын жария талқылаудың аяқталғаны туралы есеп;

      6) егер нормативтік құқықтық актінің жобасы кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сараптамалық қорытындысы.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші орган сараптамалық қорытындымен келіспеген жағдайда Алатау қаласы әкімшілігінің жәрдемдесуімен Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сараптамалық қорытындымен келіспеу себептерінің дәлелді негіздемесін жібереді;

      7) нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы ғылыми сараптаманың қорытындысы.

      Қорытындыда көрсетілген ұсынымдар қабылданбаған жағдайда – оларды қабылдамау себептерінің негіздемелерімен бірге уәкілетті ұйымның атына жауаптың көшірмесі;

      8) орындау үшін нормативтік құқықтық актінің жобасы әзірленген тапсырманың көшірмесі (бар болса), сондай-ақ Алатау қаласы әкімшілігінің сұрау салуы.

      21. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының ресімделуіне және мазмұнына қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 3 шiлдедегi № 448 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33023 болып тіркелген) бекітілген Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, келісу қағидаларында және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33048 болып тіркелген) бекітілген Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларында (бұдан әрі – Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары) айқындалған.

      22. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдардың және Алатау қаласы әкімшілігінің келісуі ол келіп түскен күнінен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасы мемлекеттік органда 5 (бес) жұмыс күнінен артық келісуде болған жағдайда мұндай жоба әдепкі бойынша "келісілді" деп есептеледі. Алатау қаласының әкімшілігі үшін бұл мерзім 10 (он) жұмыс күнінен аспайды.

      23. Алынған ескертулер мен ұсыныстар ескеріле отырып пысықталған нормативтік құқықтық актінің жобасын қайта келісу ол қайта келісуге келіп түскен күннен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      24. Алатау қаласы әкімшілігінің ұстанымы нормативтік құқықтық акт қабылданғанға дейін оның жобасына, оның ішінде нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен әрбір кейіннен келіскен кезде міндетті қосымша болып табылады.

      25. Орталық атқарушы органдардың, Ұлттық Банктің және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін өзге мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары тек мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуге тиіс.

      26. Үкімет Аппаратына енгізерден бұрын Үкіметтің нормативтік қаулыларының жобалары:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігімен (бұдан әрі – Әділет министрлігі);

      2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен;

      3) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен;

      4) Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен;

      5) Алатау қаласының әкімшілігімен келісілуге тиіс.

      27. Нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу кезінде мемлекеттік органдар арасында келіспеушіліктер болған кезде әзірлеуші мемлекеттік орган тиісті мемлекеттік органның келісуі үшін берілген мерзім аяқталған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өзара қолайлы шешімді іздеу мақсатында Алатау қаласы әкімшілігінің міндетті қатысуымен оны келісуші мемлекеттік органдармен талқылауды қамтамасыз етеді.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша Алатау қаласының әкімшілігімен реттелмеген келіспеушіліктер болған кезде, егер аталған келіспеушіліктер Алатау қаласының әкімшілігі ұсынған реттеу мақсаттарын, жобаның нысанасын және мазмұнының негізгі ережелерін өзгертуге байланысты болса, мұндай акт қабылдануға жатпайды.

      28. Өзара қолайлы шешімге қол жеткізілмеген кезде әзірлеуші мемлекеттік орган келісуші мемлекеттік органдармен бірлесіп Алатау қаласының әкімшілігімен ескертулерді талқылау аяқталғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдардың бірінші басшылары немесе олар уәкілеттік берген лауазымды адамдар қол қоятын ескертулерді ресімдейді. Көрсетілген ескертулер осы Қағидалардың 29-тармағына сәйкес қарауға шығарылуға тиіс.

      29. Үкімет қаулыларының жобалары бойынша ескертулер мәселенің мәні бойынша нақты шешімдер қабылдау үшін жоба Үкімет Аппаратында тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінде немесе оның Алатау қаласы Кеңесінің мүшесі болып табылатын орынбасарында өтетін кеңесте қаралады.

      Алатау қаласы әкімшілігінің, Әділет және (немесе) Қаржы министрліктерінің тұжырымдамалық ескертулері бар қаулы жобасын Үкімет Аппаратына енгізуге тыйым салынады.

      30. Үкімет Аппаратында Үкімет қаулыларының жобаларын қарау және қабылдау тәртібі Регламентте айқындалған.

4-тарау. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу ерекшеліктері

      31. Орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісілгеннен кейін тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасын жүргізу үшін Әділет министрлігіне жіберіледі, оны жүргізу мерзімі 5 (бес) жұмыс күнінен аспайды.

      Тіркеу алдындағы заң сараптамасына Алатау қаласының әкімшілігімен келісілген нормативтік құқықтық актілердің жобалары жіберіледі.

      Нормативтік құқықтық актілердің тіркеу алдындағы заң сараптамасы және оларды мемлекеттік тіркеу Конституциялық заңға, осы Қағидаларға және Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Нормативтік құқықтық акт жобасының қайта тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасы ол келіп түскен күнінен кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      32. Жеке-дара мемлекеттік органның нормативтік құқықтық актіні қабылдауы түпкілікті келісілген нормативтік құқықтық актінің жобасына қатысты 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей, ал алқалы органның – 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырылады.

      33. Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы заңнаманың құрамына кіретін нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу мұндай акт Әділет министрлігіне келіп түскен күннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады