"Цифрлық активтер индустриясының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 28 мамырдағы № 439 қбп қаулысының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 18 шілдедегі № қаулысымен бекітілген |
Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Цифрлық активтер индустриясының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2026 жылғы 28 мамырдағы № 439 қбп қаулысының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес әзірленді және стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры – Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген функцияларды орындайтын коммерциялық емес ұйым;
2) ұлттық стратегиялық крипторезерв – цифрлық активтерге, базалық активі цифрлық активтер болып табылатын туынды қаржы құралдарына, сондай-ақ цифрлық активтерді дамытатын және (немесе) соларға инвестициялайтын компаниялардың акциялары мен үлестеріне инвестицияларды жүзеге асыру үшін құрылған қор;
3) стратегиялық цифрлық майнинг – өндірілген цифрлық активтердің бір бөлігін ұлттық стратегиялық крипторезервке инвестициялау мақсатында кейіннен "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" акционерлік қоғамына сенімгерлік басқаруға беру үшін "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына міндетті түрде беруге айырбас ретінде электр энергиясына энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері бойынша квота беру шарттарында жүзеге асырылатын цифрлық майнинг жөніндегі қызмет;
4) стратегиялық цифрлық майнинг үшін электр энергиясының квотасы (бұдан әрі – квота) – энергия өндіруші ұйымдардың стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерлерге өткізуі не (сатуына) арналған электр энергиясының сағаттық көлемі;
5) стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) – стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға байланысты мәселелерді үйлестіру мақсатында цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті орган құратын алқалы орган;
6) цифрлық актив әмияны – криптографиялық кілттерді сақтау немесе оларды басқару үшін пайдаланылатын, цифрлық активтерге қол жеткізуді және олармен транзакциялар жүргізуді қамтамасыз ететін бағдарламалық немесе аппараттық құрал;
7) цифрлық майнер – цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкері немесе заңды тұлғасы;
8) цифрлық майнинг – шифрлаудың берілген алгоритмдеріне сәйкес компьютерлік қуаттарды пайдаланып есептеу операцияларын жүргізу процесі, ол блокчейн арқылы деректер блоктарының тұтастығын растауды қамтамасыз етеді;
9) цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы – цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннен тұратын, есептеу қуаттарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, тұрғын аймақтың аумағынан тыс орналасқан, электр энергиясын "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес пайдаланатын цифрлық инфрақұрылым объектісі;
10) цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – цифрлық майнинг саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
11) цифрлық майнингтік пул – Қазақстан Республикасының цифрлық активтер туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген, цифрлық майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін көрсететін, цифрлық майнерлердің бірлескен қызметінің нәтижесінде пайда болған (жасалған) цифрлық активтерді олардың арасында бөлуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
12) электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
13) электр энергиясының шекті тарифі (бұдан әрі – шекті тариф) – электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган әрбір жеті жыл сайын бекітетін, электр энергиясын өткізетін энергия өндіруші ұйымдардың тобына енгізілген энергия өндіруші ұйым өндіретін электр энергиясы құнының электр энергиясын өндіруге арналған шығындардан және электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган белгілеген әдістеме бойынша айқындалатын пайда нормасынан тұратын ақшалай мәні.
2-тарау. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға өтініштерді қарау тәртібі
3. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруды жоспарлайтын цифрлық майнер уәкілетті органның кеңсесі арқылы немесе www.elicense.kz "Е-лицензиялау" мемлекеттік дерекқоры" цифрлық объектісі арқылы осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға өтініш (бұдан әрі – өтініш) жібереді.
4. Өтінішке цифрлық майнердің мынадай талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар қоса беріледі:
1) меншік құқығындағы қуаты 150 (жүз елу) МВт-тан кем болмайтын цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығының болуы;
2) рұқсат етілген қуаты бір мегаваттан кем болмайтын, кернеуі 35 киловольт және одан жоғары трансформаторлық қосалқы станциялардан ғана электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттардың болуы;
3) әр бірлігінің есептеу қуаты (хэшрейт) 150 TH/s-тан кем болмайтын цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешеннің болуы;
4) бюджетке төленетін міндетті төлемдер, соның ішінде салықтар, алымдар, міндетті зейнетақы жарналары және әлеуметтік аударымдар бойынша берешектің болмауы;
5) қатысушының (цифрлық майнердің) меншігіндегі мүлікке кепіл, тыйым салу, иеліктен шығаруға тыйым салу және билік ету құқықтарының өзге де шектеулері түріндегі ауыртпалықтардың болмауы;
6) дерек беру бойынша қызметтер көрсетуге (Интернет желісіне қол жеткізу) байланыс операторларымен кемінде екі шарттың болуы;
7) цифрлық майнингтің деректерін өңдеу орталығының аумағында цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенді жөндеу жөніндегі сервистік орталықтың, сондай-ақ персоналда жабдықты пайдалануға жауапты жұмыскерлердің біліктілігін растайтын құжаттардың (дипломдар, біліктілік беру туралы куәліктер, жабдықты шығарған зауыттардың оқыту сертификаттары немесе білімі және кәсіптік даярлығы туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құжаттар) болуы.
5. Уәкілетті орган өтінішті және оған қоса берілген құжаттарды алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ұсынылған өтініш пен құжаттардың толықтығын, сондай-ақ оларда қамтылған мәліметтердің дұрыстығын тексеруді жүзеге асырады.
Өтініш пен оған қоса берілген құжаттар белгіленген талаптарға сәйкес болған жағдайда уәкілетті орган оларды комиссияның қарауына жібереді.
Комиссияның құрамы мен ережесін уәкілетті орган бекітеді.
6. Комиссия өтініш пен құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде:
1) цифрлық майнердің осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін;
2) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес бекітілген квота көлемінде электр энергиясының бос көлемінің болуын қарайды.
7. Қарау нәтижелері бойынша комиссия цифрлық майнердің белгіленген талаптарға сәйкестігі, сәйкес келмеуі не бекітілген квота шеңберінде электр энергиясының бос көлемінің болмауы туралы шешім қабылдайды және қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
8. Уәкілетті орган комиссияның қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде цифрлық майнерге хат жібереді.
9. Комиссия цифрлық майнердің осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі туралы шешім қабылдаған жағдайда уәкілетті орган цифрлық майнерге анықталған сәйкессіздіктерді көрсетіп хат жібереді.
Анықталған сәйкессіздіктерді жойғаннан кейін цифрлық майнер сұратылған квота үшін электр энергиясының бос көлемі болмаған жағдайларды қоспағанда, қайтадан өтініш бере алады.
10. Уәкілетті органнан оң жауап хат алған жағдайда цифрлық майнер 5 (бес) жұмыс күні ішінде:
1) осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Астана Хаб" дербес кластерлік қорымен шарт жасасады;
2) тізбедегі энергия өндіруші ұйыммен осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасады.
11. Цифрлық майнер стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру шеңберінде цифрлық майнинг пулы өндірген цифрлық активтерді бөлу үшін цифрлық активтердің жеке әмиянын ашады.
12. Цифрлық майнер цифрлық майнинг жөніндегі қызметті стратегиялық цифрлық майнингпен қатар жүзеге асыра алады.
3-тарау. Ұлттық стратегиялық крипторезервке берілетін цифрлық активтердің көлемін айқындау тәртібі
13. Цифрлық майнерлер "Астана Хаб" дербес кластерлік қорымен жасалған шарт негізінде ұлттық стратегиялық крипторезервке инвестициялау мақсатында цифрлық активтерді кейіннен "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" акционерлік қоғамының сенімгерлік басқаруына беру үшін төмендегі формула бойынша айқындалатын көлемде "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына беруді жүзеге асырады:
ЦАҰСК = (SЦАмайнинг – ЭЭЦА – ЖШЦА) × 10%, мұнда
ЦАҰСК – есепті кезең үшін "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына иеліктен шығарылатын (өтеусіз берілетін) цифрлық активтердің саны;
SЦАмайнинг – стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерлердің табысы туралы мәліметтерге сәйкес есепті кезең үшін цифрлық майнинг пулы цифрлық майнерге бөлген цифрлық активтердің жалпы саны;
ЭЭЦА – тұтынылған электр энергиясының цифрлық активтердің баламасына қайта есептелген, қосылған құн салығы ескерілген құны;
ЖШЦА – ұлттық электр желісін пайдалану, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді қоса алғанда, цифрлық активтердің баламасына қайта есептелген, қосылған құн салығы ескерілген электр энергиясын жеткізуге жұмсалған шығыстар.
Осы тармақтың мақсаттары үшін есептік кезең – күнтізбелік ай.
14. "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына иеліктен шығарылатын (өтеусіз берілетін) цифрлық активтердің санын есептеу мақсаттарында цифрлық активтердің құны Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 531 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36938 болып тіркелген) цифрлық активтердің құнын айқындау, жариялау қағидаларына сәйкес айқындалады.
4-тарау. Квотаны қалыптастыру және өзгерту
15. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру кезінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес тізбеге енгізілген энергия өндіруші ұйымдар стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерлерге арналған квота шеңберінде электр энергиясын өздерінің шекті тарифінен аспайтын бағамен 10 (он) жыл мерзімге электр энергиясын сатып алу-сату жөніндегі тікелей шарттар негізінде өткізуді (сатуды) жүзеге асырады.
16. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерге арналған квота осы Қағидалардың 2-тарауына сәйкес цифрлық майнердің өтінішін қарау кезінде комиссияның шешімімен айқындалады.
17. Бөлінген квотаны ұлғайту үшін цифрлық майнер уәкілетті органға мынадай құжаттармен қоса өтініш жібереді:
1) цифрлық майнерде электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің, жүктемені ажыратудың арнайы автоматикасының, жүйелік оператор мен энергия беруші ұйымда "Электр энергетикасы туралы" Заңның 9-4-бабының 2-тармағына сәйкес олардың желілеріне қосылған кезде орнатылған жүйелермен біріздендірілуін қамтамасыз ететін телекоммуникация жүйесінің бар екенін растайтын құжат;
2) электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттар не рұқсат етілген қуаттың ұлғайтылғанын растайтын құжаттар;
3) цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешендер санының ұлғайтылғанын растайтын құжат.
Уәкілетті орган құжаттарды алған сәттен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оларды комиссияның қарауына жібереді.
Комиссия өтініш пен құжаттарды алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оларды квотаны ұлғайтудың негізділігі тұрғысынан қарайды.
Қарау нәтижелері бойынша комиссия құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған, ұсынылған мәліметтер анық болмаған не бекітілген квота шеңберінде электр энергиясының бос көлемі болмаған жағдайда квотаны ұлғайтуды мақұлдау немесе мақұлдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды және қорытындыны уәкілетті органға жібереді.
Уәкілетті орган комиссияның қорытындысын алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде цифрлық майнерге хат жібереді.
18. Цифрлық майнерге бөлінген квота осы Қағидаларда көзделген жағдайларды, сондай-ақ цифрлық майнердің жазбаша өтініші негізінде бөлінген квотаны ерікті түрде азайту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертілмейді.
19. Егер есептік кезеңнің қорытындылары бойынша цифрлық майнердің электр энергиясын тұтыну көлемі комиссияның оң шешімі туралы хатта бекітілген электр энергиясы көлемінен цифрлық майнерге байланысты себептер бойынша 5 (бес) және одан да көп пайызға ауытқыса, комиссия цифрлық майнерге бөлінген квота шеңберінде берілетін электр энергиясының көлемін азайту туралы шешім қабылдайды. Электр энергиясының көлемін азайту цифрлық майнер көрсетілген ауытқуға әкеп соққан себептерді жойғанға және белгіленген тәртіппен квота көлемін ұлғайту туралы жаңа өтініш бергенге дейін қолданылады.
Комиссияның цифрлық майнерге квота шеңберінде берілетін электр энергиясының көлемін азайту құқығы электр энергиясын тұтыну көлемінің ауытқуы цифрлық майнерге байланысты емес себептерден, оның ішінде авариялардан, жөндеу жұмыстарын жүргізуден, жабдықтың тоқтап қалуынан, энергия өндіруші және (немесе) энергия беруші ұйымдар тарапынан қойылған шектеулерден, сондай-ақ цифрлық майнердің саналы бақылауынан тыс және құжатпен расталған өзге де мән-жайлардан туындаған жағдайларға қолданылмайды.
5-тарау. Берілетін цифрлық активтерді есепке алу тәртібі
20. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнер жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірмей, уәкілетті органға стратегиялық цифрлық майнингпен байланысты қызметтің қаржылық есептілігіне жүргізілген тәуелсіз аудит нәтижелері туралы есепті ұсынады.
21. Осы Қағидаларға сәйкес берілетін цифрлық активтердің көлемі мен нақты берілген көлем арасында айырмашылық анықталған жағдайда цифрлық майнер мұндай айырмашылық анықталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жетіспейтін цифрлық активтер көлемін "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына береді.
22. Цифрлық майнер "Астана Хаб" дербес кластерлік қорына осы Қағидаларда көзделген көлемнен артық цифрлық актив берген жағдайда артық берілген цифрлық активтер көлемі келесі есептік кезеңде берілетін цифрлық активтер көлемін айқындау кезінде есепке алынады.
6-тарау. Стратегиялық цифрлық майнингті тоқтату негіздері
23. Цифрлық майнерлердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуы мына жағдайларда тоқтатылады:
1) цифрлық майнердің жазбаша өтініші негізінде өз бастамасы;
2) цифрлық майнердің осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген шарттарды жасасудан бас тартуы;
3) осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген шарттардың елеулі талаптарының орындалмауы.
24. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнер осы Қағидалардың 23-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдағанға дейін 10 (он) жұмыс күні бұрын уәкілетті органға стратегиялық цифрлық майнингке қатысуды тоқтату туралы өтініш береді.
25. Уәкілетті орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
Уәкілетті орган әкімшілік акт қабылдаған сәттен бастап цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингтегі міндеттемелері тоқтатылады, ал "Астана Хаб" кластерлік қорымен өзара есеп айырысу бөлігінде олар толық орындалғанға дейін қолданылады.
26. Уәкілетті орган цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруын тоқтатқаны туралы электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді.
27. Осы Қағидалардың 23-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларда уәкілетті орган цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуын мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін комиссияның қарауына шығарады.
28. Комиссия осы Қағидалардың 23-тармағының 2) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер болған кезде цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуын мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылдайды.
29. Комиссияның және уәкілетті органның шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіппен шағым жасауға болады.
| Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына 1-қосымша Нысан |
Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға өтініш
1. __________________________________________________________________
(заңды тұлғаның (жеке кәсіпкердің) атауы)
2. __________________________________________________________________
(бизнес-сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі)
3. __________________________________________________________________
(заңды тұлғаның/жеке кәсіпкердің заңды мекенжайы)
4. __________________________________________________________________
(байланыс деректері (телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайы)
5. __________________________________________________________________
(цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығының орналасқан жері)
6. __________________________________________________________________
(цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешен туралы деректер
(саны, моделі (модельдері), хэшрейті)
7. ___________________________________________________________________
(стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға арналған цифрлық актив
әмиянының мекенжайы)
8. ___________________________________________________________________
(осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес тізбедегі энергия өндіруші ұйымның
(ұйымдардың) атауы)
9. ___________________________________________________________________
(стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін сұралатын электр
энергиясының көлемі (электр желілеріне қосылуға арналған техникалық шарттарда
көрсетілген қуат көлемі шегінде)
Өтініш берушінің қолы:
______________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса)
Толтырылған күні: 20 ___ жылғы "__" _________
| Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына 2-қосымша |
Стратегиялық цифрлық майнинг үшін электр энергиясын өткізуді жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесі
Р/с | Атауы | Электр энергиясының квотасы, МВт |
1 | "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі | 300 МВт |
| Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына 3-қосымша |
Ұлттық стратегиялық крипторезервті толықтыру мақсатында цифрлық активтерді иеліктен шығару (өтеусіз беру) туралы үлгілік шарт
____________ қаласы
20__ жылғы "_"___________
Бұдан әрі "қор" деп аталатын "Астана Хаб" дербес кластерлік қоры атынан
_________________________ негізінде әрекет ететін _________________________
бір тараптан және бұдан әрі "цифрлық майнер" деп аталатын
______________ атынан ____________ негізінде әрекет ететін _________________
екінші тараптан бірлесіп "Тараптар" деп аталып, төмендегілер туралы осы шартты
жасасты.
1. Шарттың мәні
1.1. Осы шарт бойынша цифрлық майнер стратегиялық цифрлық майнинг нәтижесінде өндірілген цифрлық активтердің бір бөлігін қордың меншігіне иеліктен шығарады (өтеусіз береді), ал қор осы шартта және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен және талаптарда мұндай цифрлық активтерді қабылдауға міндеттенеді.
1.2. Цифрлық активтер ұлттық стратегиялық крипторезервті толықтыру мақсатында беріледі.
1.3. Осы шарт Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жасалады және цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуының міндетті шарты болып табылады.
1.4. Цифрлық активтер цифрлық майнер тарапынан өтеусіз негізде беріледі және бұл ретте цифрлық майнерде қордан не ұлттық стратегиялық крипторезервтен қарсы ұсынуды талап ету құқығы туындамайды.
1.5. Қордан "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" акционерлік қоғамының сенімді басқаруындағы ұлттық стратегиялық крипторезервке цифрлық активтерді кейіннен беру мәселелері қор мен көрсетілген ұйым арасында жасалатын сенімгерлік басқару туралы жеке шартпен реттеледі.
2. Шартты орындауды бастау талаптары
2.1. Осы шарт Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
2.2. Цифрлық майнердің қорға цифрлық активтерді беру жөніндегі міндеттемесі стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру басталған және электр энергиясын сатып алу-сату шарты шеңберінде электр энергиясын беру басталған күннен бастап туындайды.
2.3. Цифрлық майнер стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру шеңберінде стратегиялық цифрлық майнингке байланысты операциялар үшін ғана пайдаланылатын жеке цифрлық активтің әмиянының болуын қамтамасыз етеді.
2.4. Қор цифрлық майнерге цифрлық активтерді қабылдауға арналған цифрлық актив әмиянының деректемелерін ұсынады.
2.5. Цифрлық активтерді беру осы шартқа сәйкес қор ұсынған деректемелер бойынша цифрлық актив әмиянына ғана жүзеге асырылады.
2.6. Цифрлық актив әмиянының деректемелері өзгерген жағдайда, егер Тараптар өзгеше мерзімді белгілемесе, қор жаңа әмиянды пайдалану басталған күнге дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын цифрлық майнерге цифрлық актив әмиянының жаңа деректемелерін жібереді.
3. Цифрлық активтердің көлемін айқындау тәртібі
3.1. Қордың меншігіне иеліктен шығарылатын (өтеусіз берілетін) цифрлық активтердің саны Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес айқындалады.
3.2. Цифрлық активтердің көлемін есептеу әрбір есептік кезең үшін мынадай негізде жүзеге асырылады:
1) стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерлердің кірістері туралы цифрлық майнинг пулы ұсынатын мәліметтер;
2) есептік кезең үшін цифрлық майнинг пулы цифрлық майнерге бөлген цифрлық активтердің саны туралы мәліметтер;
3) тұтынылған электр энергиясының құны туралы мәліметтер;
4) электр энергиясын жеткізуге жұмсалған шығыстар туралы мәліметтер;
5) Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында және осы шартта көзделген өзге де құжаттар мен мәліметтер.
3.3. Осы шарттың мақсаттары үшін есептік кезең – күнтізбелік ай.
3.4. Тұтынылған электр энергиясының құны және қосылған құн салығын ескергенде электр энергиясын жеткізуге жұмсалған шығыстар Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен цифрлық активтердің баламасына қайта есептеледі.
3.5. Электр энергиясын жеткізуге жұмсалатын шығыстарға қосылған құн салығы ескерілген шығыстар жатады, олар Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген, оларға ұлттық электр желісін пайдалану, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтер де кіреді.
3.6. Осы шарт бойынша міндеттемелер орындалғаннан кейін қалған цифрлық активтер цифрлық майнердің меншігінде қалады.
4. Цифрлық активтерді беру тәртібі мен мерзімдері
4.1. Цифрлық майнер ай сайын, есепті айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей, қорға цифрлық активтерді береді.
4.2. Цифрлық активтерді беру цифрлық майнердің жеке цифрлық актив әмиянынан қор ұсынған деректемелер бойынша қордың цифрлық актив әмиянына цифрлық активтерді жіберу арқылы жүзеге асырылады.
4.3. Цифрлық активтерді беру тиісті транзакцияның блокчейн желісінде расталған сәтінен бастап орындалды деп есептеледі.
4.4. Цифрлық майнер цифрлық актив әмияны, блокчейн желісі деректемелерінің, берілетін соманың және транзакцияны жүзеге асыру үшін қажетті өзге де деректердің дұрыс көрсетілуіне жауапты болады.
4.5. Егер осы шартта немесе Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында өзгеше көзделмесе, транзакцияны жүзеге асыруға байланысты шығыстарды, оның ішінде желілік комиссияларды цифрлық майнер төлейді.
4.6. Қорға Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген көлемнен артық берілген цифрлық активтер келесі есептік кезеңде қорға берілетін цифрлық активтердің көлемін айқындау кезінде есепке жатқызылуға тиіс.
4.7. Цифрлық активтерді белгіленген мерзімде беруге кедергі келтіретін техникалық ақау туындаған жағдайда цифрлық майнер бұл туралы қор мен цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органды растайтын материалдармен қоса дереу хабардар етеді.
5. Есептілік
5.1. Цифрлық майнер ай сайын, қорға цифрлық активтерді бергеннен кейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей, уәкілетті органға қорға берілген цифрлық активтер туралы есепті ұсынады.
5.2. Осы шарттың 5.1-тармағында көрсетілген есеп келіп түскен цифрлық активтер туралы мәліметтерді есепке алу және салыстыру үшін қорға да жіберіледі.
5.3. Есепте мыналар қамтылуға тиіс:
1) цифрлық майнердің атауы;
2) цифрлық майнердің бизнес-сәйкестендіру нөмірі не жеке сәйкестендіру нөмірі;
3) есептік кезең;
4) цифрлық майнинг пулы туралы мәліметтер;
5) есепті кезең үшін цифрлық майнинг пулы цифрлық майнерге бөлген цифрлық активтердің саны;
6) есепті кезең үшін тұтынылған электр энергиясының құны;
7) есепті кезең үшін электр энергиясын жеткізуге жұмсалған шығыстардың мөлшері;
8) қорға берілуге тиіс цифрлық активтер санының есебі;
9) нақты берілген цифрлық активтердің саны;
10) транзакцияның күні мен уақыты;
11) беру жүзеге асырылған цифрлық актив әмиянының мекенжайы;
12) беру жүзеге асырылған цифрлық актив әмиянының мекенжайы;
13) желілік комиссиялар туралы мәліметтер;
14) Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген өзге де мәліметтер.
5.4. Қордың немесе цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органның сұратуы бойынша цифрлық майнер есептің дұрыстығын және цифрлық активтердің берілгенін растау үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
5.5. Цифрлық майнер ұсынылатын есептердің, құжаттар мен мәліметтердің анықтығын, толықтығын және уақтылы ұсынылуын қамтамасыз етеді.
6. Берілген цифрлық активтер туралы мәліметтерді есепке алу және салыстыру
6.1. Қор нақты келіп түскен цифрлық активтерді есепке алуды және олар туралы мәліметтерді цифрлық майнердің есептерімен және тиісті блокчейн желісіндегі деректермен салыстыруды жүзеге асырады.
6.2. Мәліметтерді есепке алу және салыстыру шеңберінде қор цифрлық майнер ұсынған мәліметтерді, цифрлық майнинг пулының мәліметтерін, блокчейн желілерінің деректерін, мамандандырылған талдау құралдарын, сондай-ақ өзге де заңды ақпарат көздерін пайдалануға құқылы.
6.3. Қорға берілуге тиіс цифрлық активтер көлемінің дұрыс есептелгенін, сондай-ақ олардың берілгенін растау үшін қажетті қосымша құжаттар мен мәліметтерді сұрату мақсатында қор цифрлық майнерге жүгінуге құқылы.
6.4. Цифрлық майнер қордың сұратуында көрсетілген мерзімде сұратылған құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
6.5. Цифрлық активтер көлемінің дұрыс есептелгенін және олардың берілгенін растау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді ұсынбау қордың уәкілетті органға тиісті ақпаратты жолдауы үшін негіз болып табылады.
6.6. Айырмашылық анықталған жағдайда қор оларды Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен қарау үшін цифрлық майнер мен уәкілетті органды хабардар етеді.
7. Берілетін цифрлық активтерді есепке алу
7.1. Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына және осы шартқа сәйкес берілуге тиіс цифрлық активтердің көлемі мен нақты берілген көлем арасында айырмашылық анықталған жағдайда цифрлық майнер мұндай айырмашылық анықталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жетіспейтін цифрлық активтер көлемін қорға береді.
7.2. Цифрлық майнер Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында және осы шартта көзделген көлемнен артық цифрлық активтерді берген жағдайда артық берілген цифрлық активтердің көлемі келесі есептік кезеңде берілетін цифрлық активтердің көлемін айқындау кезінде есепке жатқызылады.
7.3. Қор келіп түскен цифрлық активтердің есебін жүргізеді және айырмашылықтар анықталған жағдайда оларды реттеу үшін цифрлық майнерді хабардар етеді.
8. Цифрлық майнердің құқықтары мен міндеттері
8.1. Цифрлық майнер:
1) стратегиялық цифрлық майнингті Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес жүзеге асыруға;
2) стратегиялық цифрлық майнинг нәтижесінде алынған цифрлық активтердің бөлек есебін жүргізуді қамтамасыз етуге;
3) жеке цифрлық актив әмиянын тек стратегиялық цифрлық майнингке байланысты операциялар үшін пайдалануға;
4) цифрлық активтерді қорға уақтылы және толық көлемде беруге;
5) осы шартта және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен және мерзімдерде есеп тапсыруға;
6) ұсынылатын құжаттардың, есептердің және мәліметтердің анықтығын қамтамасыз етуге;
7) қорға цифрлық активтерді тексеру және берілуге тиіс цифрлық активтер көлемінің дұрыс есептелгенін тексеру үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді беруге;
8) стратегиялық цифрлық майнинг нәтижесінде өндірілген цифрлық активтердің есебінің ашықтығын қамтамасыз етуге және оларды жасырып қалуға жол бермеуге;
9) осы шарт бойынша міндеттемелерді орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда қор мен уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
8.2. Цифрлық майнер:
1) қордан цифрлық активтерді беру үшін цифрлық актив әмиянының деректемелерін алуға;
2) қордан цифрлық активтердің ұлттық стратегиялық крипторезервке келіп түскенін растайтын құжатты алуға;
3) осы шартты орындау мәселелері бойынша қорға түсіндірме алу үшін жүгінуге;
4) цифрлық активтер мен электр энергиясының бөлек есебін жүргізу қамтамасыз етілген жағдайда стратегиялық цифрлық майнингпен қатар цифрлық майнинг қызметін жүзеге асыруға құқылы.
9. Қордың құқықтары мен міндеттері
9.1. Қор:
1) цифрлық майнерге цифрлық активтерді беру үшін өзінің цифрлық актив әмиянының деректемелерін ұсынуға;
2) осы шартқа сәйкес цифрлық майнер беретін цифрлық активтерді қабылдауға;
3) осы шартта көзделген тәртіппен келіп түскен цифрлық активтерді есепке алуды жүргізуге;
4) анықталған айырмашылықтар туралы цифрлық майнер мен уәкілетті органды хабардар етуге міндетті.
9.2. Қор:
1) цифрлық майнерден берілуге тиіс цифрлық активтер көлемінің дұрыс есептелгенін және олардың берілгенін растау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұратуға;
2) келіп түскен цифрлық активтер туралы мәліметтерді цифрлық майнердің есептерімен салыстыруды жүзеге асыруға;
3) анықталған айырмашылықтар туралы ақпаратты уәкілетті органға жіберуге құқылы.
10. Тараптардың жауапкершілігі
10.1. Осы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына және осы шартқа сәйкес жауапты болады.
10.2. Осы шарттың 4.6-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, қорға цифрлық активтерді бермеу немесе толық көлемде бермеу осы шарт талаптарының елеулі бұзылуы болып табылады.
10.3. Есеп тапсырмау, анық емес есеп тапсыру, цифрлық активтерді беру мерзімдерін бұзу, сондай-ақ цифрлық активтерді бөлек есепке алу тәртібін бұзу қордың уәкілетті органға ақпарат жіберуіне негіз болады.
10.4. Осы шарттың елеулі түрде бұзылуы Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуын мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болуы мүмкін.
10.5. Цифрлық активтерді беру жөніндегі міндеттемені орындамаған жағдайда келтірілген залалдарды өтеу, егер осы шартта өзгеше көзделмесе, цифрлық майнерді міндеттемені заттай орындаудан босатпайды.
11. Құпиялылық
11.1. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында немесе осы шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы шартты орындау барысында алынған мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндеттенеді.
11.2. Цифрлық майнинг саласындағы уәкілетті органға, мемлекеттік органдарға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де тұлғаларға мәлімет беру құпиялылық талаптарын бұзу болып табылмайды.
12. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары
12.1. Егер осы шарт бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара орындамау Тараптар алдын ала болжай алмаған немесе ақылға қонымды шаралармен алдын ала алмаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдарынан болса, Тараптар жауапкершіліктен босатылады.
12.2. Міндеттемелерді орындауы мүмкін болмаған Тарап еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бұл туралы екінші Тарапты хабардар етуге міндетті.
12.3. Еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындауы цифрлық майнерді мұндай мән-жайлар тоқтатылғаннан кейін қорға берілетін цифрлық активтерді беру міндетінен босатпайды.
13. Шарттың қолданылу мерзімі
13.1. Осы шарт Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
13.2. Осы шарт цифрлық майнер стратегиялық цифрлық майнингке қатысатын мерзім бойы қолданылады.
13.3. Цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуының тоқтатылуы оны мұндай қатысу тоқтатылған күнге дейін туындаған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
14. Шартқа өзгерістер енгізу және оны бұзу
14.1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында немесе осы шартта өзгеше көзделмесе, Тараптардың келісімі бойынша осы шартқа өзгерістер енгізуге және оны бұзуға болады.
14.2. Осы шарт цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуы тоқтатылған жағдайда тоқтатылады.
14.3. Осы шарттың тоқтатылуы Тараптарды оның қолданылу кезеңінде жол берілген бұзушылықтар үшін жауаптылықтан босатпайды.
15. Дауларды шешу
15.1. Осы шартты орындау кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
15.2. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
16. Қорытынды ережелер
16.1. Осы шартта реттелмеген барлық мәселелер бойынша Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларын басшылыққа алады.
16.2. Осы шарт заңи күші бірдей екі данада жасалды, әрбір Тарап үшін бір данадан.
16.3. Осы шартқа қосымшалар мен қосымша келісімдер оның ажырамас бөлігі болып табылады, бұл ретте оларға Тараптар қол қоюы шарт.
16.4. Осы шарт шеңберіндегі барлық хаттар, сұратулар және өзге де хат-хабарлар осы шарттың 17-бөлімінде көрсетілген мекенжайлар мен байланыс деректері бойынша не Тараптар келіскен өзге де тәсілмен жіберіледі.
17. Тараптардың деректемелері мен қолдары
Қор:
"Астана Хаб" дербес кластерлік қоры
БСН: __________________________
Мекенжайы: __________________________
Банктік деректемелері: __________________________
Цифрлық актив әмиянының мекенжайы: __________________________
Лауазымы, Т.А.Ә.: __________________________
Қолы: __________________________
Цифрлық майнер:
Атауы: __________________________
БСН/ЖСН: __________________________
Мекенжайы: __________________________
Банктік деректемелері: __________________________
Цифрлық активтің жеке әмиянының мекенжайы: __________________________
Лауазымы, Т.А.Ә.: __________________________
Қолы: __________________________
| Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына 4-қосымша |
Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгілік шарты
____________
қаласы 20__ жылғы "_"___________
Бұдан әрі "энергия өндіруші ұйым" деп аталатын __________________________
атынан __________________________ негізінде әрекет ететін ________________
бір тараптан және бұдан әрі "цифрлық майнер" деп аталатын
____________ атынан _______________ негізінде әрекет ететін ______________
екінші тараптан бірлесіп "Тараптар" деп аталып, төмендегілер туралы осы шартты жасасты.
1. Шарттың мәні
1.1. Осы шарт бойынша энергия өндіруші ұйым стратегиялық цифрлық майнингке арналған электр энергиясы квотасы шеңберінде цифрлық майнерге электр энергиясын өткізуді жүзеге асыруға міндеттенеді, ал цифрлық майнер осы шартта және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен және талаптарда электр энергиясын қабылдауға және оның ақысын төлеуге міндеттенеді.
1.2. Осы шарт бойынша сатып алынатын электр энергиясы цифрлық майнер тарапынан стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін ғана пайдаланылады.
1.3. Осы шарт стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыратын цифрлық майнерлерге электр энергиясын өткізуге құқығы бар энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізілген энергия өндіруші ұйыммен жасалады.
1.4. Осы шарт Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларын орындау мақсатында жасалады және цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуының міндетті шарты болып табылады.
2. Электр энергиясын беруді бастау талаптары
2.1. Осы шарт Тараптар қол қойған күннен бастап күшіне енеді.
2.2. Энергия өндіруші ұйымның цифрлық майнерге электр энергиясын өткізу жөніндегі міндеттемелері және цифрлық майнердің оны сатып алу жөніндегі міндеттемелері осы шартқа қол қойылғаннан кейін туындайды.
2.3. Осы шарт шеңберінде электр энергиясын беру:
1) цифрлық майнер комиссияның оң шешімі туралы уәкілетті органның хатын алғаннан;
2) осы шарт жасалғаннан;
3) цифрлық майнер "Астана Хаб" дербес кластерлік қорымен цифрлық активтерді иеліктен шығару (өтеусіз беру) туралы шарт жасасқаннан;
4) цифрлық майнер қосылу нүктелерінің және электр энергиясын коммерциялық есепке алу жүйесінің техникалық әзірлігін растағаннан кейін жүзеге асырылады.
2.4. Осы шарттың 2.3-тармағында көзделген талаптар орындалғанға дейін энергия өндіруші ұйымда цифрлық майнерге электр энергиясын өткізу бойынша міндеттеме туындамайды.
3. Электр энергиясының көлемі
3.1. Осы шарт бойынша цифрлық майнерге өткізілетін электр энергиясының көлемі өтінішке сәйкес комиссияның шешімімен цифрлық майнерге квота шеңберінде берілген электр энергиясының шегінде айқындалады.
3.2. Электр энергиясының көлемі осы шартқа қосымшада есепті кезеңдер бойынша, ал қажет болған жағдайда әрбір есепке алу нүктесі бойынша тұтыну сағаттары бойынша бөлініп көрсетіледі.
3.3. Цифрлық майнер өзіне бөлінген квота көлемінен тыс электр энергиясын жеткізуді талап етуге құқылы емес.
3.4. Электр энергиясының көлемін өзгертуге Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен комиссияның шешімі негізінде ғана жол беріледі.
3.5. Цифрлық майнерге квота шеңберінде бөлінген электр энергиясының көлемі цифрлық майнердің жазбаша өтініші негізінде электр энергиясы көлемін ерікті түрде азайту жағдайларын қоспағанда, біржақты тәртіппен өзгертілмейді.
4. Электр энергиясының бағасы және есеп айырысу тәртібі
4.1. Осы шарт бойынша өткізілетін электр энергиясының бағасы энергия өндіруші ұйымның шекті тарифінен аспайтын мөлшерде белгіленеді.
4.2. Электр энергиясының нақты бағасын Тараптар осы шартқа қосымшада айқындайды.
4.3. Цифрлық майнер электр энергиясының ақысын коммерциялық есепке алу деректері бойынша нақты тұтынылған электр энергиясының көлемі негізінде ай сайын төлейді.
4.4. Осы шарт бойынша есептік кезең – күнтізбелік ай.
4.5. Энергия өндіруші ұйым есептік айдан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей цифрлық майнерге төлем шотын және электр энергиясын қабылдау-беру актісін жібереді.
4.6. Егер Тараптар өзге мерзімді белгілемесе, цифрлық майнер төлем шотын алған күннен бастап банктік 10 (он) күн ішінде электр энергиясының ақысын төлейді.
4.7. Ұлттық электр желісін пайдалану, электр қуатының жүктемені көтеруге әзірлігін қамтамасыз ету, электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру жөніндегі көрсетілетін қызметтердің шығыстарын цифрлық майнер Қазақстан Республикасының заңнамасында және жасалған шарттарда белгіленген тәртіппен төлейді.
4.8. Осы шартты орындауға байланысты салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес төлейді.
5. Электр энергиясын есепке алу
5.1. Осы шарт бойынша өткізілетін электр энергиясын есепке алу электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптары бойынша жүргізіледі.
5.2. Цифрлық майнер стратегиялық цифрлық майнинг шеңберінде тұтынылған электр энергиясының әрбір жеке есепке алу нүктесі бойынша бөлек есепке алуды қамтамасыз етуге міндетті.
5.3. Коммерциялық есепке алу деректері цифрлық майнердің есептік кезең ішінде нақты тұтынған электр энергиясының көлемін айқындау үшін негіз болады.
5.4. Есепке алу аспаптарының ақауы анықталған жағдайда Тараптар есепке алуды қалпына келтіру бойынша Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасында және осы шарттың талаптарында белгіленген тәртіппен шаралар қабылдайды.
5.5. Цифрлық майнер Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен энергия өндіруші ұйымның, энергия беруші ұйымның уәкілетті өкілдерінің және өзге де уәкілетті тұлғалардың есепке алу аспаптарына қол жеткізуін қамтамасыз етуге міндетті.
6. Энергия өндіруші ұйымның құқықтары мен міндеттері
6.1. Энергия өндіруші ұйым:
1) цифрлық майнерге квота шеңберінде бөлінген көлемде электр энергиясын өткізуді жүзеге асыруға;
2) осы шарттың және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларының талаптарын сақтауға;
3) цифрлық майнерге электр энергиясы үшін есеп айырысуды жүргізуге қажетті құжаттарды ұсынуға;
4) егер мұндай хабарлау Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе осы шартта көзделген болса, цифрлық майнерді электр энергиясын беруді жоспарланған шектеулер немесе тоқтату туралы хабардар етуге міндетті.
6.2. Энергия өндіруші ұйым:
1) электр энергиясының ақысын уақтылы және толық төлеуді талап етуге;
2) осы шартты орындау үшін қажетті мәліметтерді цифрлық майнерден алуға;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы шартта және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда электр энергиясын өткізуді тоқтата тұруға;
4) цифрлық майнердің осы шарттың талаптарын бұзу фактілері анықталған жағдайда уәкілетті органға және комиссияға жүгінуге құқылы.
7. Цифрлық майнердің құқықтары мен міндеттері
7.1. Цифрлық майнер:
1) осы шарт бойынша сатып алынатын электр энергиясын стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру үшін ғана пайдалануға;
2) электр энергиясының ақысын уақтылы және толық көлемде төлеуге (осы шарттың елеулі талабы болып табылады);
3) стратегиялық цифрлық майнинг шеңберінде тұтынылған электр энергиясының бөлек есебін жүргізуді қамтамасыз етуге (осы шарттың елеулі талабы болып табылады);
4) өзіне квота шеңберінде бөлінген электр энергиясының көлемінен аспауға;
5) Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларының талаптарын сақтауға;
6) стратегиялық цифрлық майнингке қатысуының тоқтатылғаны туралы энергия өндіруші ұйым мен уәкілетті органды хабардар етуге;
7) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, осы шарт бойынша сатып алынған электр энергиясын үшінші тұлғаларға беруге жол бермеуге;
8) электр энергиясын қабылдау және есепке алу үшін қажетті жабдықтың техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге міндетті.
7.2. Цифрлық майнер:
1) квота шеңберінде өзіне бөлінген көлемде электр энергиясын іркіліссіз алуға;
2) энергия өндіруші ұйымнан есеп айырысуды жүргізуге қажетті құжаттарды алуға;
3) комиссияға квота шеңберінде бөлінген электр энергиясының көлемін ұлғайту немесе азайту туралы өтінішпен жүгінуге;
4) Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында белгіленген тәртіппен стратегиялық цифрлық майнингке қатысудан бас тартуға құқылы.
8. Электр энергиясын беруді шектеу және тоқтата тұру
8.1. Цифрлық майнерге электр энергиясын беру Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы шартта және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген жағдайларда шектелуі немесе тоқтатыла тұруы мүмкін.
8.2. Энергия өндіруші ұйым Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларының талаптарын бұзған цифрлық майнерге электр энергиясын беруді уақытша тоқтата тұру туралы комиссияның талабы негізінде цифрлық майнерге электр энергиясын беруді тоқтата тұрады.
8.3. Электр энергиясын берудің тоқтатыла тұруы цифрлық майнерді мұндай тоқтатыла тұру күніне дейін туындаған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
8.4. Егер комиссияның шешімінде, Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе осы шартта өзгеше көзделмесе, электр энергиясын беру оны тоқтата тұруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қайта басталады.
8.5. Электр энергиясын беру комиссияның талабы негізінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда тоқтатып қойылса, бұл үшін энергия өндіруші ұйым жауапты болмайды.
9. Тараптардың жауапкершілігі
9.1. Осы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасына, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларына және осы шартқа сәйкес жауапты болады.
9.2. Цифрлық майнердің электр энергиясының ақысын төлеу мерзімдерін бұзуы елеулі бұзушылық болып табылады және осы шартта және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылық шараларын қолдануға негіз болады.
9.3. Электр энергиясын стратегиялық цифрлық майнингтен басқа мақсатта пайдалану осы шарттың талаптарын бұзу болып табылады.
9.4. Цифрлық майнердің квота шеңберінде өзіне бөлінген электр энергиясының көлемінен асып кетуі осы шарт талаптарының елеулі бұзылуы болып табылады және энергия өндіруші ұйымның уәкілетті органға немесе комиссияға жүгінуіне негіз болуы мүмкін. Бұл ретте нақты тұтынылған электр энергиясы көлемінің бөлінген көлемнен ±5 % шегіндегі ауытқуына жол беріледі, ол осы шарттың талаптарын бұзу болып саналмайды және осы шартта көзделген жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соқпайды.
9.5. Осы шарттың елеулі түрде бұзылуы Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында көзделген тәртіппен цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуын мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болуы мүмкін.
10. Шарттың қолданылу мерзімі
10.1. Осы шарт 10 (он) жыл мерзімге жасалады.
10.2. Осы шарттың қолданылу мерзімі Тараптар қол қойған күннен бастап есептеледі, бұл ретте электр энергиясын нақты өткізу осы шарттың 2-тарауында көзделген талаптар орындалғаннан кейін жүзеге асырылады.
10.3. Цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуының тоқтатылуы осы шартты тоқтатуға негіз болады.
10.4. Осы шарттың тоқтатылуы Тараптарды ол тоқтатылған күнге дейін туындаған міндеттемелерді орындаудан босатпайды.
11. Шартқа өзгерістер енгізу және оны бұзу
11.1. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында өзгеше көзделмесе, осы шартқа өзгерістер енгізуге Тараптардың келісімі бойынша жол беріледі.
11.2. Электр энергиясының көлемін өзгерту тек комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылады.
11.3. Осы шарт цифрлық майнердің стратегиялық цифрлық майнингке қатысуы тоқтатылған жағдайда бұзылады.
11.4. Осы шартты Тараптардың келісімі бойынша, соттың шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында және осы шартта көзделген өзге де негіздер бойынша бұзуға болады.
12. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары
12.1. Егер осы шарт бойынша міндеттемелерді толық немесе ішінара орындамау еңсерілмейтін күш мән-жайларының салдарынан болса, Тараптар жауапкершіліктен босатылады.
12.2. Міндеттемелерді орындауы мүмкін болмаған Тарап еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде бұл туралы екінші Тарапты хабардар етуге міндетті.
12.3. Еңсерілмейтін күш мән-жайларының туындауы цифрлық майнерді нақты тұтынылған электр энергиясының ақысын төлеу міндетінен босатпайды.
13. Құпиялылық
13.1. Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасында, Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларында немесе осы шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, осы шартты орындау барысында алынған мәліметтерді үшінші тұлғаларға жария етпеуге міндеттенеді.
13.2. Уәкілетті органға, электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органға, комиссияға, жүйелік операторға және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда өзге де тұлғаларға мәлімет беру құпиялылық талаптарын бұзу болып табылмайды.
14. Дауларды шешу
14.1. Осы шартты орындау кезінде туындайтын даулар мен келіспеушіліктер келіссөздер жүргізу арқылы шешіледі.
14.2. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
15. Қорытынды ережелер
15.1. Осы шартта реттелмеген барлық мәселелер бойынша Тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын, Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасын және Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыру қағидаларын басшылыққа алады.
15.2. Осы шарт заңи күші бірдей екі данада жасалды, әрбір Тарап үшін бір данадан.
15.3. Осы шартқа қосымшалар мен қосымша келісімдер оның ажырамас бөлігі болып табылады, бұл ретте оларға Талаптар қол қоюы шарт.
15.4. Осы шарт шеңберіндегі барлық хаттар, сұратулар және өзге де хат-хабарлар осы шарттың 16-бөлімінде көрсетілген мекенжайлар мен байланыс деректері бойынша не Тараптар келіскен өзге де тәсілмен жіберіледі.
16. Тараптардың деректемелері мен қолдары
Энергия өндіруші ұйым:
Атауы: __________________________
БСН: __________________________
Мекенжайы: __________________________
Банктік деректемелері: __________________________
Лауазымы, Т.А.Ә.: __________________________
Қолы: __________________________
Цифрлық майнер:
Атауы: __________________________
БСН/ЖСН: __________________________
Мекенжайы: __________________________
Банктік деректемелері: __________________________
Цифрлық майнер деректерін өңдеу орталығының орналасқан жері: ______________
Лауазымы, Т.А.Ә.: __________________________
Қолы: __________________________
| Стратегиялық цифрлық майнингті жүзеге асыруға электр энергиясын сатып алу-сатудың үлгілік шартына қосымша |
1. Квота шеңберіндегі электр энергиясының көлемі: ____________ кВт·сағ / МВт.
2. Жеткізу кезеңі: __________________________.
3. Электр энергиясының бағасы: ҚҚС-ны есепке алмағанда / ҚҚС-ны есепке алғанда
1 кВт·сағ үшін __________________________ теңге.
4. Электр энергиясын жеткізу нүктесі: __________________________.
5. Электр энергиясын коммерциялық есепке алу нүктелері: __________________.
6. Коммерциялық есепке алу аспаптарының деректемелері: __________________.
7. Коммерциялық есепке алу деректерімен алмасу тәртібі: ___________________
