Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы келісімге қол қойылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 18 шілдедегі № 637 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы
КЕЛІСІМ
Армения Республикасының Үкіметі, Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті және Ресей Федерациясының Үкіметі
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты басшылыққа ала отырып,
ғылыми атақтар туралы құжаттардың сәйкестігін тану арқылы еңбек көші-қоны саласындағы алып қоюлар мен шектеулерді жоюға ұмтыла отырып,
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) азаматтарының кәсіптік қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасауға зор мән бере отырып,
2018 жылғы 6 желтоқсандағы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде интеграциялық процестерді одан әрі дамыту туралы декларацияның ережелерін ескере отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Осы Келісімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"ғылыми атақтар туралы құжаттар" – құзыретті органдар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес берген аға ғылыми қызметкердің, доценттің, қауымдастырылған профессор (доценттің), профессордың ғылыми атақтары туралы құжаттар;
"құзыретті органдар" – мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жағдайларда мүше мемлекеттердің білім және ғылым саласында басқаруды жүзеге асыратын органдары (ұйымдары), сондай-ақ мемлекеттік басқару (билік) органдары, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (мекемелері), қосымша кәсіптік білім беру ұйымдары (мекемелері) және мүше мемлекеттердің жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді аттестаттауды жүзеге асыратын ғылыми ұйымдары;
"ғылыми атақтар туралы құжаттарды тану" – ғылыми атақтар туралы құжаттардың, осы Келісімге сәйкес еңбек көші-қоны шеңберінде танылатын, оларды иеленушілердің өздеріне берілген ғылыми атақтарға сәйкес кәсіптік қызметін жұмысқа орналасатын мемлекетте жүзеге асыруы үшін маңыздылығы;
"уәкілетті ұйымдар" – мүше мемлекеттердің ғылыми атақтар туралы құжаттарды тануды ақпараттық қамтамасыз ету функциясын жүзеге асыратын ұйымдары. Осы Келісімде пайдаланылатын өзге ұғымдар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта айқындалған мағыналарда қолданылады.
Осы Келісім ғылыми атақтар туралы құжаттарды иеленушілердің еңбек көші-қоны шеңберінде өздеріне берілген ғылыми атақтарға сәйкес кәсіптік қызметін жұмысқа орналасатын мемлекетте жүзеге асыруы үшін оларды өзара тануға байланысты мәселелерді реттейді.
Осы Келісімнің ережелері жұмысқа орналасатын мемлекетте ғылыми атақ туралы құжатты тану рәсімін жүргізу кезінде ғылыми атақ иеленушілердің құжаттарын сараптау нәтижелері бойынша теріс шешім қабылданған жағдайларды қоспағанда, осы Келісім күшіне енгенге дейін берілген ғылыми атақтар туралы құжаттарға да қолданылады.
Ғылыми атақтар туралы құжаттарды тану рәсімін жүргізу кезінде қабылданған теріс шешімдерді есепке алу мақсатында мүше мемлекеттер тиісті ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ететін шараларды іске асырады.
Ғылыми атақтарды беру өлшемшарттары
Ғылыми атақтарды беру өлшемшарттары мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленеді және оларда ғылыми, педагогикалық және өзге де қызмет саласында жетістіктері бар ғылыми атақтарды ізденушілердің ғылыми біліктілігін бағалау қамтылады.
Мүше мемлекеттер ғылыми атақтар туралы құжаттардың сәйкестігін (салыстырмалылығын) және әділ танылуын қамтамасыз ететін мынадай негізгі қағидаттарды:
рецензияланатын ғылыми басылымдарда, оның ішінде халықаралық дерекқорларға және дәйексөз алу жүйелеріне енгізілген басылымдарда ғылыми атақтарды ізденушілердің жоғары жарияланымдық белсенділігін;
ғылыми нәтижелердің бұрмалануына, заңсыз көшіріп алуға қарсы іс-қимыл жасауды;
ғылыми атақ беру кезінде жоғары білім, қосымша кәсіптік білім беру ұйымдарында және (немесе) ғылыми ұйымдарда ғылыми және (немесе) ғылыми-педагогикалық қызметті жүзеге асыруды;
мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген өнер (мәдениет), қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, дене шынықтыру және спорт салаларында ғылыми атақтар беруге қатысты жағдайларды қоспағанда, ғылыми атақ иеленушінің танылатын ғылыми дәрежесінің болуын;
мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын салаларда берілетін ғылыми атақтарды қоспағанда, ғылыми атақ беру рәсімінің ашықтығын (жариялылығын);
мүше мемлекеттердің жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерді аттестаттау саласындағы заңнамасында белгіленген ғылыми атақ ізденушілеріне қойылатын талаптар деңгейін сақтауды;
егер танылатын ғылыми атақ берілген мүше мемлекеттің заңнамасында ғылыми-педагогикалық қызметке қосымша немесе барынша жоғары талаптар бөлігінде өзгеше көзделмесе, бұрын алынған ғылыми атақтың болуы (профессор ғылыми атағын алу үшін) болуын;
ғылыми атақтар беру мәселелері бойынша, сондай-ақ ғылыми мамандықтардың, ғылыми қызметкерлер мамандықтарының ұлттық номенклатураларын, ғылыми бағыттардың сыныптауыштарын және ғылыми мамандықтар мазмұнын әзірлеу кезінде ынтымақтастық пен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауды (болған кезде) сақтау қажет деп таниды.
Доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы туралы құжаттарды тану
Осы Келісімнің 8-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, доцент, қауымдастырылған профессор (доцент), аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы туралы құжаттар, осы Келісімнің 4-бабының бесінші абзацын ескере отырып, жұмысқа орналасатын мемлекетте ұлттық тану рәсімдері жүргізілмей сәйкес (салыстырмалы) деп танылады.
Осы бапқа сәйкес танылатын аға ғылыми қызметкер ғылыми атағы туралы құжаттар жұмысқа орналасатын мемлекетте олардың иеленушілеріне ғылыми қызметпен айналысу құқығын беру мақсатында қабылданады, сондай-ақ жұмыс берушінің шешімі бойынша өзге де кәсіптік қызметке қол жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін.
Профессор ғылыми атағы туралы құжаттарды тану
Осы Келісімнің 8-бабында көзделген жағдайды қоспағанда, профессор ғылыми атағы туралы құжаттар осы Келісімнің 4-бабының бесінші абзацын ескере отырып, жұмысқа орналасатын мемлекетте ұлттық тану рәсімдері жүргізілмей сәйкес (салыстырмалы) деп танылады.
Ғылыми дәрежелерден және ғылыми атақтардан айыру туралы шешімдер қабылдаудың салдары
Егер ғылыми атақ иеленушісіне қатысты танылатын ғылыми атақтан айыру туралы не осы ғылыми атақты беру негізі болған ғылыми дәрежеден айыру туралы шешім қабылданса, онда тану фактісі негізінде туындаған құқықтық қатынастар жұмысқа орналасатын мемлекеттегі жұмыс берушіге (жұмысқа (көрсетілетін қызметке) тапсырыс беруші) ғылыми дәрежеден немесе ғылыми атақтан айыру мәселесі бойынша қабылданған шешім туралы белгілі болған сәттен бастап тоқтатылуы мүмкін.
Ғылыми атақтар туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерін қолдану
Мүше мемлекеттер ғылыми атақтар туралы құжаттарды ұлттық тану рәсімдерін осындай құжаттардың иеленушілері жұмысқа орналасатын мемлекетте белгіленген, жұмысқа орналасатын мемлекеттің бюджетінің қаражаты есебінен төленетін (берілетін) ғылыми атақ үшін үстемеқыларға (қосымша ақыларға) және (немесе) жеңілдіктерге үміткер болған жағдайда жұмысқа орналасатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес қолдануы мүмкін.
Осы Келісімде көзделген ғылыми атақтар туралы құжаттарды тану осы Келісімнің 4-бабы ескеріле отырып жүзеге асырылады және оларды иеленушілерді жұмысқа орналасатын мемлекеттің заңнамасына сәйкес кәсіптік қызметті жүзеге асыру үшін жұмыс беруші (жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс беруші) қоятын біліктілік талаптарымен және өзге де талаптарға сай болу міндетінен босатпайды.
Төлнұсқалылықты тексеру және мәліметтерді беру
Ғылыми атақтар туралы құжаттардың төлнұсқалығын (верификациялау) тексеру, осы Келісімнің 4-бабында көзделген танудың негізгі қағидаттарының сақталуын растау мақсатында мүше мемлекеттердің заңнамасында ғылыми атақ ізденушілеріне қойылатын талаптарға сәйкестігін тексеру, ғылыми атақ иеленушілерінің кәсіби деңгейін ескеру, сондай-ақ өзге де қажетті ақпаратты алу мақсатында жұмыс беруші (жұмыстарға (көрсетілетін қызметтерге) тапсырыс беруші), мүше мемлекеттердің мүдделі органдары және ғылыми атақ иеленушісі басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдары мен уәкілетті ұйымдарына сұрау салуларға жіберуге және жалпыға қолжетімді ақпараттық ресурстарды пайдалануға құқылы.
Осы бапта көзделген сұрау салулар жазбаша нысанда орыс тілінде жіберіледі және сұрау салу жіберілген мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаралуы тиіс.
Осы Келісімді іске асыру үшін құзыретті органдар ғылыми атақтар туралы құжаттарды тану мәселелері бойынша ақпарат алмасуды жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдарды айқындайды.
Уәкілетті ұйымдар "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде өздерінің ресми сайттарында орыс тілінде:
ғылыми атақтар беру мәселелерін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ оларға өзгерістер енгізу туралы мәліметтерді;
ғылыми атақтар туралы құжаттардың тізбесі мен үлгілерін;
мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленген ғылыми аттестаттау жүйелері, оның ішінде ғылыми мамандықтардың, ғылыми қызметкерлер мамандықтарының ұлттық номенклатуралары, ғылыми бағыттардың сыныптауыштары және ғылыми мамандықтар мазмұны (болған кезде) туралы мәліметтерін;
ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтардан айыру және тиісті құжаттарды жарамсыз деп тану туралы қабылданған шешімдерін орналастыруды қамтамасыз етеді.
Осы Келісімді іске асыруға, сондай-ақ оған өзгерістер енгізуге байланысты мәселелер Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен құзыретті органдар сарапшыларының консультациялары шеңберінде қаралады.
Осы Келісімді түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген тәртіппен шешіледі.
Мүше мемлекеттердің өзара келісуі бойынша осы Келісімге жекелеген хаттамалармен ресімделетін және осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылатын өзгерістер енгізілуі мүмкін.
Осы Келісім Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жасалған халықаралық шарт болып табылады және Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіреді.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді мүше мемлекеттердің орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны депозитарий дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
20__ жылғы "_" _____ ____ қаласында орыс тілінде бір төлнұсқа данада жасалды.
Осы Келісімнің төлнұсқа данасы Еуразиялық экономикалық комиссияда сақталады, ол осы Келісімнің депозитарийі бола отырып, әрбір мүше мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
|
Армения Республикасының Үкіметі үшін | Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Қырғыз Республикасының Министрлер Кабинеті үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
|---|
