Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Сансызбайұлы Қыстафинге Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкіметі атынан қол қоюға өкілеттік берілсін.
Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.01.2026 № 55 қаулысымен.3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 желтоқсандағы № 1136 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі
екіжақты ынтымақтастықты дамытуға үлес қосуға ниет білдіре отырып,
ұйымдасқан қылмыскерліктің, атап айтқанда, есірткі заттарының, психотроптық заттардың, олардың аналогтары мен прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қонға байланысты қылмыстардың, сондай-ақ қылмыстардың басқа да қауіпті түрлерінің тиімді алдын алу және олармен күресу үшін ынтымақтастық елеулі маңызға ие екеніне және сот сараптамасының заманауи әдістері мен құралдары қылмыскерлікпен күресте маңызды рөл атқаратынына сенімді бола отырып,
қылмыскерлікпен қарсы күрес және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық пен өзара үйлестіруге үміттене отырып,
экстремизммен және басқа да қауіпті қылмыс түрлерімен тиімді күрес жүргізуде бірлескен ерік-жігерді растай отырып,
шекараны кесіп өту үшін қолдан жасалған және жалған құжаттарды пайдалануды қысқарту, сондай-ақ адамдарды шекара арқылы заңсыз тасымалдаумен айналысатын қылмыстық ұйымдармен күрес бойынша тиімді шаралар қабылдауға ниет білдіре отырып,
төмендегілер туралы келісті:
1. Тараптар өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына, сондай-ақ Тараптардың мемлекеттері бір мезгілде қатысушылары болатын халықаралық шарттарға сәйкес қылмыстың мынадай түрлеріне қарсы күресте ынтымақтасады:
1) ұйымдасқан қылмыскерлік;
2) террористік және экстремистік қылмыстар;
3) есірткі заттарының, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымы;
4) қарудың, оқ-дәрілердің және жарылғыш заттардың заңсыз айналымы;
5) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пайдаланыла отырып жасалатын қылмыстар;
6) экономикалық қылмыстар және қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату;
7) сыбайлас жемқорлық қылмыстар;
8) адам саудасы;
9) жезөкшелікпен, оның ішінде балалар жезөкшелігімен және порнографиямен байланысты қылмыстар;
10) заңсыз көші-қон;
11) жалған ақша немесе ресми құжаттарды дайындау немесе өткізу;
12) экологиялық қылмыстар;
13) тауарларды, оның ішінде мәдени және тарихи құндылығы бар тауарларды ұрлаумен және олардың контрабандасымен байланысты қылмыстар;
14) Мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту.
2. Тараптар өзара келісім бойынша алдын алу, ашу және тергеп-тексеру өз мемлекеттерінің құзыретті органдарының өздерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастығын талап ететін кез келген басқа қылмыстарға қарсы күресте де ынтымақтасады.
1. Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес ынтымақтастықты мынадай:
1) сұрау салуларды орындау;
2) жедел-іздестіру, жедел-анықтамалық, процестік, криминалистикалық және архивтік ақпарат алмасу;
3) қылмыскерліктің алдын алу және оған қарсы күрес, сот сараптамасын жүргізу саласында ақпарат және тәжірибе алмасу;
4) ұйымдасқан қылмыскерлікке қарсы күрестің түрлі салаларында және криминалистикалық техника бойынша өзара ақпарат алу үшін мамандармен, сондай-ақ криминалистика, криминология және сот сараптамасы саласындағы ғылыми зерттеулердің нәтижелерін алмасу;
5) ұйымдасқан қылмыскерліктің алдын алу және оған қарсы күрес саласындағы нормативтік құқықтық актілермен алмасу;
6) мамандар мен сот сарапшыларын оқытуға, мамандандыруға және олардың техникалық және кәсіби дағдыларын арттыруға өзара негізде жәрдем көрсету нысандарында жүзеге асырады.
2. Осы Келісім қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету мәселелерін қозғамайды.
Тараптар осы Келісім күшіне енген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде бір-біріне дипломатиялық арналар арқылы өз мемлекеттерінің осы Келісімнің ережелерін іске асыруға жауапты құзыретті органдары туралы хабарлайды.
Тараптар бір-бірін дипломатиялық арналар арқылы Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарының ресми атауларының немесе функцияларының өзгергені туралы хабарлайды.
1. Осы Келісімде көзделген әрекеттерді жүзеге асыру туралы ақпарат пен сұрау салу Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдарына жазбаша нысанда жіберіледі. Сұрау салу 30 жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс және онда мыналар:
1) негіздемені айқындайтын дәлелді тұжырым, сондай-ақ сұрау салушы және сұрау салынатын қызмет немесе орган;
2) сұрау салу жүзеге асырылып отырған істің сипаттамасы;
3) сұрау салуды орындауға қажетті мәліметтер қамтылуға тиіс.
Қылмыстардың жолын кесу, алдын алу немесе оларды ашу үшін қажетті сұрау салуларды шұғыл орындау талап етілген жағдайларда Тараптар мемлекеттерінің құзыретті органдары кейіннен сұрау салуды келісілген арналар арқылы жазбаша түрде дереу растай отырып осы Келісімді орындау үшін алдын ала ауызша өтініш білдере алады.
2. Осы Келісім шеңберінде Тараптар мемлекеттерінің ұлттық заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияны (мемлекеттік құпияларды) құрайтын ақпаратпен алмасу жүзеге асырылмайды.
3. Егер мұндай сұрау салуды орындау өз мемлекеттінің егемендігіне, қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртібіне, сот билігін ұйымдастыру және оның қызметі нормаларына немесе басқа да маңызды мүддесіне қауіп төндіретін болса немесе егер мұндай сұрау салуды орындау оның мемлекетінің ұлттық заңнамасына немесе халықаралық шарттардың нәтижесі болып табылатын оның міндеттемелеріне қайшы келетін болса, Тараптың сұрау салуды орындаудан толық немесе ішінара бас тартуға құқығы бар.
4. Тарап сұрау салуды орындаудан бас тарту себебі туралы немесе оны ішінара орындауға қатысты дереу хабардар етеді.
Тараптар өздерінің осы Келісімді орындауы барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайда өзгеше тәртіп келісілмейтін болса, өз мемлекеттерінің ұлттық заңнамасында көзделген қаражат шегінде өздері көтереді.
Осы Келісім Тараптар қатысушылары болатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын олардың құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды және ынтымақтастықтың өзге де өзара тиімді нысандарын әзірлеуге және дамытуға кедергі келтірмейді.
1. Тараптардың кез келгені өз мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қолжетімділігі шектелген деп танылған, алынған ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету және таратпау үшін Тараптар барлық шараны қабылдайды.
2. Тараптар осы Келісімге сәйкес алынған мәліметтерді, құжаттаманы және техникалық жабдықты сұрау салынатын Тарап мемлекетінің құзыретті органдарының алдын ала жазбаша келісімінсіз үшінші тарапқа беруге құқылы емес.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіру немесе қолдану кезінде даулар туындаған жағдайда Тараптар оларды өзара консультациялар және (немесе) келіссөздер арқылы шешеді.
Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша оның ажырамас бөліктері болатын және осы Келісімнің 10-бабында көзделген тәртіппен күшіне енетін жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
1. Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап күшіне енеді.
2. Осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату ниеті туралы екінші Тараптың жазбаша хабарламасын дипломатиялық арналар арқылы алған күннен бастап алты ай өткенге дейін күшінде қалады.
___ жылғы "__" ________ ___________ әрқайсысы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде екі төлнұсқа данада жасалды әрі барлық мәтіннің күші бірдей. Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруде келіспеушіліктер туындаған жағдайда Тараптар ағылшын тіліндегі мәтінге жүгінеді.
|
Қазақстан Республикасының Үкiметi үшін |
Пәкістан Ислам РеспубликасыныңҮкіметі үшін |
