ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
1) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі (бұдан әрі – тізбе) осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;
2) "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысында:
көрсетілген қаулымен бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесінде:
3-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"1) медициналық көмекке алғашқы жүгіну;
2) әлеуметтік мәні бар аурулардың профилактикасы, диагностикасы және оларды емдеу бойынша қызметтер көрсету;";
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша аурулардың профилактикасы мен диагностикасы;";
4) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6) тармақшамен толықтырылсын:
"6) артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы, қантты диабетті, В және С вирустық гепатиттерін және басқа ауруларды ерте анықтау тұрғысынан уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және тәртіппен скринингтік зерттеулер.";
5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"5. Әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде стационарды алмастыратын жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын туындататын аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйде стационар көрсететін қызметтер.";
6-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін өміріне қауіп төндірген жай-күй кезінде шұғыл нысандағы, оның ішінде уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың қабылдау бөлімшесінде емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізу;";
7-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) туберкулезбен ауыратын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету.";
11-тармақ алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 14-тармақпен толықтырылсын:
"14. Әлеуметтік мәні бар аурулар, оның ішінде туберкулезді, АИТВ инфекциясын, қатерлі ісіктерді, созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарды (ауруларды), орфандық ауруларды, жүйке жүйесінің дегенеративті ауруларын, орталық жүйке жүйесінің миелинсіздендіруші ауруларын, эпилепсияны, алғашқы алты айда болған жіті миокард инфарктін, бір жылда болған инсульттерді қамтитын тізбені уәкілетті орган бекітеді.".
2. Осы қаулы:
1) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 2) тармақшасының үшінші, төртінші, бесінші, он төртінші, он бесінші және жиырмасыншы абзацтарын және тізбенің 2-тармағын;
2) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетін тізбенің 1-тармағының 2), 3), 4), 5), 6), тармақшаларын, 3-тармағын, 4-тармағының 2) тармақшасын, 6, 7, 8-тармақтарын қоспағанда, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 15 желтоқсандағы № 1086 қаулысына қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысымен бекітілген |
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесі
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекке мыналар кіреді:
1. Амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) шеңберінде аурулардың профилактикасы, диагностикасы және скринингтік зерттеу жағдайларын қоспағанда):
1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен және кезеңділікпен профилактикалық медициналық қарап-тексеру;
2) бейінді мамандардың қабылдауы және консультация беруі, сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйде мобильдік бригада көрсететін қызметтер;
3) уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және кезеңділікпен бейінді мамандардың созылмалы аурулары бар адамдарды динамикалық байқауда ұстауы;
4) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсету;
5) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша диагностикалық көрсетілетін қызметтер, оның ішінде зертханалық диагностика;
6) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша емшаралар мен манипуляциялар;
7) тұқым қуалайтын туа біткен ақаулар мен дамудағы ауытқуды ерте анықтауға уәкілетті орган айқындаған скринингтік зерттеу.
2. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (ТМККК шеңберінде аурулардың профилактикасы, диагностикасы, оларды емдеу және скринингтік зерттеу жағдайларын қоспағанда).
3. Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда), сондай-ақ елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын туындататын аурулар кезінде және оларға күдік туындаған жағдайларда үйде стационар көрсететін қызметтер.
4. Стационарлық жағдайларда:
1) ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда, бет қаңқасы мен бастың туа біткен анатомиялық кемістігі бар балаларға реконструкциялық, пластикалық хирургиялық операцияларды қоса алғанда, жоспарлы нысандағы;
2) ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда, шұғыл нысандағы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көмек, оның ішінде тәулік бойғы стационар жағдайларында емдеуді қажет етпейтін диагнозды анықтағанға дейін тәулік бойғы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізу.
5. Уәкілетті орган айқындайтын аурулардың тізбесі бойынша медициналық оңалту (ТМККК шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда).
6. Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандырылған медициналық көмек көрсету кезіндегі патологиялық-анатомиялық диагностика.
7. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау ұсынылады.
8. Мынадай:
1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық көмек;
2) уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары бар (күйдегі) азаматтардың жекелеген санаттары үшін дәрілік заттар, медициналық бұйымдар тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету.
