"2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенiн құру туралы келісім шеңберінде құрылатын "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөнінде Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келiсiмнiң жобасы мақұлдансын.
2. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Хасенұлы Мәдиевке Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөнінде Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келiсiмге қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер мен толықтырулар енгізуге рұқсат бере отырып, Қазақстан Республикасының Үкiметi атынан қол қоюға өкiлеттiк берiлсiн.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
О. Бектенов |
| Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 11 қарашадағы № 951 қаулысымен мақұлданған Жоба |
Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Ресей Федерациясының Үкiметi арасындағы "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөнінде Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын құру туралы келiсiм
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімнің (бұдан әрі – "Бәйтерек" ҒЗК туралы келісім) 3-бабын басшылыққа ала отырып,
төмендегілер туралы келісті:
Тараптар "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөнінде Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясын (бұдан әрі – Мемлекетаралық комиссия) құрады.
Мемлекетаралық комиссия "Бәйтерек" ҒЗК туралы келісім шеңберінде "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің (бұдан әрі – ҒЗК) ұшу сынақтарын жүргізу жөніндегі жұмыстарға басшылық етеді.
Мемлекетаралық комиссияның қызметі осы Келісімнің ажырамас бөлігі болатын Мемлекетаралық комиссия туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
Әрбір Тарап Мемлекетаралық комиссия туралы ережеге сәйкес Мемлекетаралық комиссияның өз ұлттық бөлігін қалыптастырады.
Тараптар ұшу сынақтарын жүргізуге қатысатын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары мен Ресей Федерациясының федералдық атқарушы билік органдары, ұйымдар, заңды және жеке тұлғалар Мемлекетаралық комиссияның құзыреті шеңберінде қабылдаған оның шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ететін шаралар қабылдайды.
Мемлекетаралық комиссияның негізгі міндеттері:
ҒЗК ұшу сынақтарын жүргізуге жалпы басшылық ету;
қолдану және пайдалану жағдайларына барынша жақын жағдайларда және нақты жұмыс істеу жағдайларында тактикалық-техникалық тапсырмада немесе техникалық тапсырмада берілген ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің сипаттамаларын (оның ішінде шекті жол берілетін мәндерін) жан-жақты тексеруді және растауды ұйымдастыру;
пайдалану құжаттамасын пысықтауды және ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерін тәжірибелік пысықтаудың жеткіліктілігі мен тиімділігін тексеруді ұйымдастыру;
авария болған жағдайда оның салдарын жою бойынша қажетті шаралар қабылдау;
ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерін пайдалануға немесе нысаналы міндеттерді шешу (орындау) үшін қабылдау мүмкіндігін айқындау.
Мемлекетаралық комиссия өзіне жүктелген негізгі міндеттерді орындау мақсатында:
ұшу сынақтары бағдарламасына сәйкес ҒЗК ұшу сынақтарын бастау және аяқтау туралы шешім мен басқа да қажетті шешімдерді қабылдайды;
ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің ұшу сынақтарын жүргізуге дайындық кезінде және ұшу сынақтарын жүргізу барысында орын алған кемшіліктерді жою бойынша жұмыстардың нәтижелерін қарайды;
ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің ұшу сынақтарын жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың орындалуын бақылайды;
ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің ұшу сынақтары кезінде авариялар мен істен шығулардың себептерін анықтау бойынша және олардың қайталануына жол бермеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
ведомствоаралық сынақтар және ҒЗК ұшу сынақтары бағдарламасында көзделген жеке бағдарламалар мен әдістемелер бойынша сынақтар жүргізу жөніндегі комиссиялардың қызметін үйлестіреді;
қажет болған жағдайда белгіленген тәртіппен басқа мемлекеттердің ұйымдарымен өзара іс-қимылды ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасының Үкіметіне және Ресей Федерациясының Үкіметіне ҒЗК ұшу сынақтарының негізгі нәтижелері туралы ақпарат береді.
Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және қолдануға қатысты дауларды шешу Тараптар арасындағы өзара консультациялар мен келіссөздер жолымен жүзеге асырылатын болады.
Осы Келісім қол қойылған күнінен бастап күнтізбелік 11-ші күннен бастап Тараптар мемлекеттерінің заңнамасына қайшы келмейтін бөлігінде уақытша қолданылады.
Осы Келісім оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді Тараптардың орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Келiсiмге осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болатын және осы бапта көзделген тәртiппен күшiне енетiн жекелеген хаттамалар жасасу арқылы өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
Осы Келісім "Бәйтерек" ҒЗК туралы келісім қолданысының тоқтатылуымен бір мезгілде өз қолданысын тоқтатады.
2025 жылғы "__" ______ ______ қаласында әрқайсысы қазақ және орыс тілдерінде екі данада жасалды әрі екі мәтіннің де күші бірдей.
| Қазақстан Республикасының | Ресей Федерациясының |
| Үкіметі үшін | Үкіметі үшін |
"Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөніндегі Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясы туралы ереже
1. "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің ұшу сынақтарын жүргізу жөніндегі Қазақстан-Ресей мемлекетаралық комиссиясы (бұдан әрі – Мемлекетаралық комиссия) "Союз-5" ғарыш зымыран кешені мен "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенінің (бұдан әрі ҒЗК) ұшу сынақтарын жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, Ресей Федерациясының федералдық атқарушы билік органдары, "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясы және басқа заңды тұлғалардың жұмыстарын үйлестіруді жүзеге асыратын орган болып табылады.
2. Мемлекетаралық комиссия өз қызметінде 2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімді және "Байқоңыр" кешені бойынша басқа да екіжақты құжаттарды басшылыққа алады.
3. Мемлекетаралық комиссияның өз қызметінде:
ҒЗК ұшу сынақтарын дайындау және жүргізу процесінде ұйымдар жүргізетін жұмыстарды үйлестіруді жүзеге асыруға;
ҒЗК ұшу сынақтары бағдарламасын және оның өзгерістерін бекітуге;
ҒЗК ұшу сынақтарын жүргізуді тоқтата тұруға (қажет болған жағдайда);
ҒЗК немесе оның құрамдас бөліктерінің авария немесе істен шығу себептерін тергеп-тексеруді ұйымдастыруға (өз шешімдерімен авариялық комиссиялар құруға және олардың жұмыс тәртібін айқындауға);
ұшу сынақтарына қатысу үшін ҒЗК-ні, оның құрамдас бөліктерін әзірлеуші ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ белгіленген тәртіппен басқа ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдерін тартуға;
ҒЗК құрамдас бөліктерін, жүйелер мен негізгі агрегаттарды (аспаптарды) сынауға, ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің техникалық және пайдалану сипаттамаларын (пайдаланудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қоса алғанда) бағалауды жүргізуге, пайдалану құжаттамасын пысықтауға жауапты жұмыс топтарын (бұдан әрі – жұмыс топтары) құруға, сондай-ақ техникалық басшылықты тағайындауға құқығы бар.
Жұмыс топтарының құрамы Мемлекетаралық комиссияның шешімімен бекітіледі.
Жұмыс топтарының және техникалық басшылықтың құқықтары, міндеттері мен жұмыс тәртібі ҒЗК ұшу сынақтары бағдарламасында белгіленеді.
4. Мемлекетаралық комиссияның құрамына тең төрағалар, тең төрағалардың орынбасарлары, хатшылар (тараптардың әрқайсысынан), Мемлекетаралық комиссияның мүшелері кіреді. Мемлекетаралық комиссияның қызметіне басшылықты Қазақстан Республикасы тарапынан тең төраға және Ресей Федерациясы тарапынан тең төраға жүзеге асырады.
5. Мемлекетаралық комиссияның тең төрағаларына мынадай міндеттер жүктеледі:
Мемлекетаралық комиссияның қызметін жоспарлау, ұйымдастыру және Мемлекетаралық комиссияның отырыстарында төрағалық ету;
Мемлекетаралық комиссияның жұмысы үшін қажетті материалдар мен құжаттарды дайындауға басшылық жасау;
Мемлекетаралық комиссияның жұмыс жоспарларын және шешімдерін бекіту;
жұмыс топтарының жұмысын бақылау;
ұсынылатын материалдар мен құжаттарды қарауды ұйымдастыру, сондай-ақ олар бойынша шешімдер қабылдау;
ұшу сынақтарын дайындау және жүргізу кезінде ҒЗК-нің немесе оның құрамдас бөліктерінің авариялары мен істен шығу себептерін анықтау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;
Мемлекетаралық комиссия қабылдаған шешімдердің орындалуын бақылауды ұйымдастыру.
6. Мемлекетаралық комиссия тең төрағаларының:
ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерін құруға, ұшу сынақтарын дайындауға және жүргізуге қатысатын ұйымдардан Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің (Қазақстан Республикасынан мемлекеттік тапсырыс беруші) және "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының (Ресей Федерациясынан мемлекеттік тапсырыс беруші) шешімдерінде көзделген жұмыстардың уақтылы орындалуын, ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің ұшу сынақтарының міндеттерін орындау үшін қажетті техникалық материалдардың, есептердің, қорытындылар мен баяндамалардың Мемлекетаралық комиссияға ұсынылуын талап етуге;
Мемлекетаралық комиссия қызметінің мәселелері бойынша Мемлекетаралық комиссияның мүшелеріне өздері Мемлекетаралық комиссияда өкілдері болатын органдар мен ұйымдардың құзыреті шеңберінде тапсырмалар беруге;
қаралатын мәселелерге байланысты Мемлекетаралық комиссия мүшелерінің Мемлекетаралық комиссияның отырыстарына дербес қатысу қажеттілігін айқындауға құқығы бар.
7. Мемлекетаралық комиссия мүшелеріне мынадай міндеттер жүктеледі:
Мемлекетаралық комиссияның отырыстарына қатысу;
қатысушы тарапқа қарай Мемлекетаралық комиссияның жұмыс жоспарлары (отырысының күн тәртібі) бойынша, Мемлекетаралық комиссия шешімдерінің жобалары бойынша мәселелерді, оның ішінде ҒЗК мен оның құрамдас бөліктерінің ұшу сынақтарын жүргізуге жататын қосымша (жоспардан тыс) мәселелерді қарау бойынша ұсыныстарды хатшылар арқылы Мемлекетаралық комиссияның тең төрағаларына ұсыну;
дайындалған материалдар мен құжаттарға материалдар, толықтырулар және қорытындылар ұсыну, сондай-ақ Мемлекетаралық комиссияның шешімдерін талқылау мен әзірлеуіне қатысу;
жұмыс топтарының жұмысына қатысу.
Мемлекетаралық комиссия мүшелерінің Мемлекетаралық комиссия қарайтын барлық мәселе бойынша Мемлекетаралық комиссияның отырыстарында өз пікірін білдіруге және қорғауға құқығы бар.
8. Мемлекетаралық комиссия хатшыларына мынадай міндеттер жүктеледі:
Мемлекетаралық комиссияның отырыстарын дайындауды ұйымдастыру;
Мемлекетаралық комиссияның жұмыс жоспарының (отырысы күн тәртібінің) жобасын дайындау;
Мемлекетаралық комиссияның тең төрағаларымен келісу бойынша отырысқа шақырылған тұлғалардың тізімін, сондай-ақ олардың сөз сөйлеу тақырыптарын қалыптастыру;
Мемлекетаралық комиссияның отырысына материалдардың қалыптастырылуын (ұсынылуын) бақылауды қамтамасыз ету;
Мемлекетаралық комиссия шешімдерінің орындалуы бойынша материалдардың ұсынылуын бақылауды қамтамасыз ету;
Мемлекетаралық комиссия шешімдерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету.
9. Мемлекетаралық комиссия қызметінің нысаны бетпе-бет және талқыланатын мәселелердің құпиялылығының қажетті деңгейін қамтамасыз ететін байланыс арналарын пайдалана отырып, бейнеконференцбайланыс режимінде өткізілетін отырыс болып табылады.
Мемлекетаралық комиссияның отырысын Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары өткізеді. Мемлекетаралық комиссияның тең төрағасы болмаған жағдайда Мемлекетаралық комиссияның отырысын оның орынбасары өткізеді.
Мемлекетаралық комиссияның отырыстары Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары бекітетін жұмыс жоспары (отырыстың күн тәртібі) бойынша өткізіледі.
Мемлекетаралық комиссияның жұмыс жоспары (отырысының күн тәртібі) бойынша ұсыныстары бар Мемлекетаралық комиссияның мүшелері оларды отырыс күніне дейін 10 күннен кешіктірмей қатысушы тарапқа қарай хатшыларға жібереді.
Мемлекетаралық комиссияның отырысында қаралатын материалдар қатысушы тарапқа қарай Мемлекетаралық комиссияның хатшылары арқылы Мемлекетаралық комиссияның тең төрағаларының атына ұсынылады.
Мемлекетаралық комиссияның отырыстарына Мемлекетаралық комиссияның мүшелері қатысады. Қажет болған жағдайда Мемлекетаралық комиссияның отырыстарына Мемлекетаралық комиссияның мүшелері болып табылмайтын тұлғалар Мемлекетаралық комиссияның отырысына шақырылған тұлғалар тізімі негізінде қатыса алады.
Егер объективті себептер бойынша Мемлекетаралық комиссияның мүшесі Мемлекетаралық комиссияның отырысына қатыса алмайтын жағдайда, онда Мемлекетаралық комиссияның отырысына шешімдер қабылдауға қатысу құқығы жоқ оның өкілі жіберіледі.
10. Мемлекетаралық комиссияның шешімдері тиісті мәселелерді талқылау нәтижелері бойынша отырыстар барысында қатысып отырған Мемлекетаралық комиссия мүшелерінің ашық жеке дауыс беруін өткізу арқылы жай көпшілік дауыспен қабылданады. Мемлекетаралық комиссияның әрбір тең төрағасы мен Мемлекетаралық комиссияның әрбір мүшесінің бір дауысы бар. Мемлекетаралық комиссия отырысы, егер оған мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
Мемлекетаралық комиссияның шешімдерін Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары бекітеді және отырысқа қатысып отырған (оның ішінде бейнеконференцбайланыс режимінде) Мемлекетаралық комиссияның мүшелері екі данада қол қояды. Мемлекетаралық комиссияның жекелеген мүшелерінің көпшіліктің пікірімен келіспеген жағдайда өздерінің ерекше пікірін жазбаша баяндауға және оларды Мемлекетаралық комиссияның тең төрағаларына ұсынуға құқығы бар. Ерекше пікір тиісті шешімге қоса беріледі.
Мемлекетаралық комиссияның мүшелері арасында шешімді талқылау барысында туындаған келіспеушіліктер болған кезде Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары келіспеушіліктер туындаған мәселені қайта талқылап, келісілген шешім қабылдау мақсатында ұсыныстар дайындау үшін сараптама тобын тағайындай алады.
Жекелеген жағдайларда ұшу сынақтарын бастау (аяқтау), ғарыш аппараттарын дайындау немесе ұшыру алдындағы қайтымсыз операциялардың басталуы және ҒЗК-ні пайдалану (нысаналы міндеттерді орындау) туралы шешімдер қабылдаумен байланысты емес Мемлекетаралық комиссияның жұмысында Мемлекетаралық комиссияның қабылданған шешімдеріне Мемлекетаралық комиссияның хатшылары қол қояды және Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары бекітеді.
Егер қолданыстағы нормативтік құжаттарда немесе Мемлекетаралық комиссияның шешімінде өзге мерзім айқындалмаса, Мемлекетаралық комиссияның ресімделген шешімдері Мемлекетаралық комиссия хатшыларында ұшу сынақтары аяқталғаннан кейін үш жыл бойы сақталады.
11. Мемлекетаралық комиссия мынадай тәртіппен тағайындалады:
Мемлекетаралық комиссияның қазақстандық бөлігінің мүшелерін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі тағайындайды;
Мемлекетаралық комиссияның ресейлік бөлігінің мүшелерін "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясының ұсынуы бойынша Ресей Федерациясының Үкіметі тағайындайды.
12. Мемлекетаралық комиссияның тең төрағалары болып мыналар тағайындалады:
Қазақстан Республикасынан Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы;
Ресей Федерациясынан – "Роскосмос" ғарыш қызметі жөніндегі мемлекеттік корпорациясы бас директорының тиісті бағыт бойынша орынбасары.
13. Мемлекетаралық комиссияның қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасынан мемлекеттік тапсырыс беруші және Ресей Федерациясынан мемлекеттік тапсырыс беруші жүзеге асырады. Мемлекетаралық комиссияның отырыстарын өткізу және шешімдерін ресімдеу тілі – орыс тілі.
