Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 19 қыркүйектегі № 769 қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.


      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 20-бабының 2 және 4-тармақтарына, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасына және 37-бабына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) экспортына айрықша құқық берілген, домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған жекелеген болат дайындамалар түрлерінің тізбесі;

      2) айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі;

      3) Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензия беруді жүзеге асыру жөніндегі лицензиар болып айқындалсын.

      3. Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензия оның қолданылу мерзімі басталған күннен бастап 2025 жылғы 31 желтоқсанды қамтитын мерзімге дейін қолданылады және сыртқы сауда шартының (келісімшартының) қолданылу мерзімімен немесе айрықша лицензия беру үшін негіз болып табылатын құжаттың қолданылу мерзімімен шектелуі мүмкін.

      4. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 31 желтоқсанды қамтитын мерзімге дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 19 қыркүйектегі
№ 769 қаулысымен
бекітілген

Экспортына айрықша құқық берілген, домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің тізбесі

Р/с

Экспортына айрықша құқық берілген, домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлері

ЕАЭО СЭҚ ТН коды

1

Құйма металдар немесе өзге де алғашқы нысандардағы темiр және легирленбеген болат (7203 тауар позициясындағы темiрден басқа)

7206

2

Темiрден немесе легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар

7207

3

Құйма металдардағы немесе өзге де бастапқы нысандардағы коррозияға төзiмдi болат; коррозияға төзiмдi болаттан жасалған жартылай дайын өнімдер

7218

4

Құйма металдардағы немесе өзге де басқа бастапқы нысандардағы легирленген болат; өзге де легирленген болаттан жасалған жартылай дайын өнімдер

7224

      Ескертпе: аббревиатураның толық жазылуы:

      ЕАЭО СЭҚ ТН – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2025 жылғы 19 қыркүйектегі
  № 769 қаулысымен
бекітілген

Айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі

      1. "Qarmet" акционерлік қоғамы.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2025 жылғы 19 қыркүйектегі
  № 769 қаулысымен
бекітілген

Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-бабы 7-тармағының төртінші бөлігіне және 45-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларының 19 және 20-тармақтарына сәйкес әзірленді және домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына арналған айрықша лицензияның (бұдан әрі – айрықша лицензия) қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) лицензиар – Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті;

      2) лицензиат – осы қаулыға сәйкес домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушы.

2-тарау. Домендік-конвертерлік тәсілмен шығарылған болат дайындамалардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі

      3. Лицензиар мынадай:

      1) лицензиат өз еркімен өтініш берген;

      2) айрықша лицензия беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданысы тоқтатып қойылған;

      3) лицензиаттар тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың он бесінші күніне дейін лицензиарға айрықша лицензияның орындалу барысы туралы есеп ұсынбаған;

      4) лицензиаттар айрықша лицензияның орындалу барысы туралы тоқсан сайынғы есептерде анық емес мәліметтерді көрсеткен;

      5) сот актісі болған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      4. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиат тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын өтініште көрсетілген мерзімге тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      5. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2)5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиар мұндай жағдайлар басталған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде лицензиатқа айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру негіздерін көрсетіп, оны тоқтата тұру туралы алдын ала шешімді және тыңдау өткізілетін уақыт пен орын (тәсіл) туралы хабарлама жібереді.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде айрықша лицензияның қолданысы айрықша лицензияны беруге негіз болған құжаттардың қолданысы қайта басталғанға дейінгі мерзімге, осы Қағидалардың 3-тармағының 3)5) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде – бір айдан аспайтын мерзімге тоқтатыла тұрады.

      6. Хабарлама айрықша лицензияны беруге арналған өтініште көрсетілген лицензиаттың заңды мекенжайына оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе электрондық мекенжай бойынша не хабарламаның тіркеп-белгіленуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып жіберіледі.

      Лицензиаттың өкілі хабарламаны қабылдаудан бас тартқан кезде оны жеткізетін немесе табыс ететін адам хабарламаға тиісті белгі қояды, ол лицензиарға қайтарылады. Бұл ретте хабарламаны қабылдаудан мұндай бас тарту айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға негіз болып табылмайды.

      7. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмей өткізіледі.

      Тыңдаудың нәтижелері бойынша лицензиар бір жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдайды.

      Айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатыла тұрады.

      Айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру оны ұзартуға негіз болып табылмайды.

      8. Осы Қағидалардың 3-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіз бойынша тоқтатыла тұрған айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау лицензиаттың өтініші бойынша жүзеге асырылады.

      Берілген өтініш негізінде лицензиар үш жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      9. Айрықша лицензияның қолданысы осы Қағидалардың 3-тармағының 2) – 5) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша тоқтатыла тұрған кезде лицензиат осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін лицензиарға растаушы құжаттардың көшірмелерін қоса бере отырып, айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғаны туралы өтініш беруге құқылы.

      Лицензиар лицензиат өтініш берген күннен бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептердің жойылғанын тексереді және мұндай себептердің жойылу фактісі расталған жағдайда айрықша лицензияның қолданысы қайта басталатын күнді көрсете отырып, оны қайта бастау туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 5) тармақшасында көрсетілген негіздер бойынша айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған кезде айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған сот актісінің күшін жоюды көздейтін сот актісінің негізінде қабылданады.

      Бұл ретте айрықша лицензияның қолданысы лицензиар айрықша лицензияның қолданысын қайта бастау туралы шешім қабылдаған кезден бастап қайта басталады.

      10. Лицензиат айрықша лицензияның қолданысы тоқтатыла тұрған мерзім өткенге дейін айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға негіз болған бұзушылықтардың жойылғаны туралы өтініш бермеген жағдайда лицензиар тоқтата тұру мерзімі өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтату рәсіміне бастама жасайды.

      11. Лицензиар мынадай:

      1) лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы өз еркімен өтініш берген;

      2) ол берілген мерзім өткен;

      3) жүзеге асыру үшін осы лицензия берілген іс-қимыл (операциялар) толық көлемде жасалған;

      4) лицензиат осы қаулыға сәйкес айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесінен шығарылған;

      5) тауар осы қаулыға сәйкес экспортына айрықша құқық берілген жекелеген тауар түрлерінің тізбесінен алып тасталған;

      6) лицензиат таратылған немесе оның құрылтай құжаттарына өзгерістер енгізілген (ұйымдық-құқықтық нысанын, атауын не орналасқан жерін өзгерту);

      7) айрықша лицензияны алу мақсатында өтініш беруші ұсынған құжаттарда анық емес мәліметтер анықталған;

      8) айрықша лицензияны беруге негіз болған бір немесе бірнеше құжаттың қолданылуы тоқтатылған;

      9) лицензия беруге негіз болған шартты (келісімшартты) орындау кезінде мүше мемлекеттің халықаралық міндеттемелері бұзылған;

      10) лицензияланатын қызмет түрін жүзеге асыруға арналған лицензия, егер мұндай қызмет түрі өзіне қатысты лицензиялау енгізілген тауардың айналымына байланысты болса, кері қайтарып алынған;

      11) айрықша лицензияны берген кезде жол берілген бұзушылықтар анықталып, айрықша лицензия берудің белгіленген тәртібі сақталмаған;

      12) сот актісі болған;

      13) осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру мерзімі ішінде айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұруға алып келген себептер жойылмаған жағдайларда айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      12. Осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген жағдай басталған кезде лицензиат айрықша лицензияның түпнұсқасын қоса бере отырып, тиісті өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешім қабылдайды.

      13. Осы Қағидалардың 11-тармағының 2)13) тармақшаларында көрсетілген жағдайлар басталған кезде лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы шешімді осындай жағдайлар басталған күні, ал мұндай күнді белгілеу мүмкін болмаған кезде – олар анықталған күннен бастап қабылдайды және лицензиатқа осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген тәртіппен айрықша лицензияның қолданысын тоқтату және лицензиарға айрықша лицензияны қайтару қажеттігі туралы хабарлама жібереді.

      14. Лицензиат айрықша лицензияның қолданысын тоқтату туралы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде айрықша лицензияның түпнұсқасы қағаз жеткізгіште берілген жағдайда оны лицензиарға қайтарады.

      15. Лицензиардың айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату туралы шешімімен келіспеген жағдайда лицензиаттың Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабына сәйкес лицензиардың мұндай шешіміне шағымдануға құқығы бар.

      16. Лицензиар айрықша лицензияның қолданысын тоқтата тұру, қайта бастау немесе тоқтату туралы шешім қабылданған күні Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне және лицензиатқа тиісті хабарлама жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады