"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 15 тамыздағы № 632 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар (келісу бойынша), сондай-ақ өзге де ұйымдар (келісу бойынша) осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 15 тамыздағы
№ 632 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 қарашадағы
№ 790 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесі (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесі) – бұл ұзақмерзімді (5 жылдан астам) және ортамерзімді (бір жылдан бастап 5 жылды қамтитын кезеңге дейін) кезеңдерге арналған құжаттардан, қатысушылардан, процестер мен деректерді басқару қағидаттары мен элементтерінен тұратын өзара байланысты компоненттер кешені.

      Мемлекеттік жоспарлау әлеуметтік-экономикалық даму, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, елдің ұлттық қауіпсіздігін нығайту және ресурстарды оңтайлы бөлу бойынша нәтижелерге қол жеткізу және міндеттерді шешу шараларын, тәсілдерін қалыптастыру қызметін қамтиды.

      2. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі қағидаттары:

      1) адамға бағдарлану – мақсаттардың, міндеттер мен нәтижелер индикаторларының халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталуы;

      2) айқындық – қолжетімділігі шектеулі ақпаратты қамтитын ережелерді қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының, сондай-ақ оларды іске асыру қорытындыларының ресми интернет-ресурстарда жариялау арқылы ашықтығы және қолжетімділігі;

      3) нәтижелілік (мәннің нысаннан басымдығы) – нақты және өлшемді нәтиженің оған қол жеткізу жөніндегі жұмыс нысанынан үстем болуы;

      4) тиімділік – мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттерге және нәтижелер көрсеткіштеріне ресурстарды мейлінше аз жұмсап, заманауи технологиялық шешімдер негізінде қол жеткізу;

      5) келісімділік – жүйеге қатысушылардың нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ететін үйлестірілген қызметі;

      6) шынайылық – мақсаттар мен міндеттерді оларға белгіленген мерзімдерде қол жеткізу мүмкіндіктерін негізге алып, ортамерзімді кезеңдегі тәуекелдер мен ресурстық шектеулерді ескере отырып айқындау;

      7) басқарушылық жауапкершілік – нақты басшының құзыреттер саласына кіретін шешімдерді қабылдау мен мәселелерді келісуді жоғары тұрған деңгейге және алқалы органдарға, оның ішінде нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеу тәуекелі болған кезде беруге жол берілмейтіні;

      8) сабақтастық – бұрын қабылданған мемлекеттік жоспарлау құжаттарын іске асыру нәтижелерін және ұзақмерзімді кезеңге арналған мемлекеттік жоспарлау құжаттарын іске асыру кезеңдерін ескере отырып, мемлекеттік жоспарлауға қатысушылардың стратегиялық жоспарлау құжаттарын әзірлеудегі және іске асырудағы дәйектілігі;

      9) басқарушылық икемділік – қатысушылардың мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу тәсілдерін таңдау мен қайта қараудағы дербестігі;

      10) негізділік – сыртқы ортаны (саяси, экономикалық, экологиялық), ішкі әлеуетті (ресурстарды, құзыретті) бағалауды және ықтимал тәуекелдерді ескергенде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу үшін дәйекті және объективті негіздердің болуы (мақсаттар, нысаналы индикаторлар, міндеттер, аралық және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері).

2-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары

      3. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына Қазақстан Республикасының ұлттық даму жоспары (бұдан әрі – Ұлттық даму жоспары), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы (бұдан әрі – Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы) және мемлекеттік органдардың даму жоспарлары, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарлары, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың (бұдан әрі – ұлттық компаниялар) даму жоспарлары жатады.

      4. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жаһандық пайымды, елдің орнықты дамуының ұзақмерзімді бағыттары мен басымдықтарын айқындайтын мақсат қою құжаттарына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне (бұдан әрі – Бюджет кодексі) сәйкес әзірленетін Қазақстан Республикасының ұзақмерзімді даму болжамына негізделеді.

      Мақсат қою құжаттарына "Қазақстан – 2050" стратегиясы және Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы жатады.

3-тарау. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің элементтері

      5. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінде деректерді және оның процестерін басқару элементтері көзделеді.

      6. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің элементтері мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін өзара байланысты болып табылады.

      7. Қазақстан Республикасының деректерді басқару жөніндегі белгіленген заңнамасына (бұдан әрі – заңнама) сәйкес жүзеге асырылатын деректерді басқару деректерді айқындауды, құруды, жинауды, жинақтауды, сақтауды, таратуды, жоюды, қолдауды, сондай-ақ олардың талдануын, сапасын, қолжетімділігін, қорғалуын қамтамасыз етуді көздейді.

      8. Деректерді басқару олардың өмірлік циклі процесінде деректердің сапасын қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды, оның ішінде мемлекеттік жоспарлау саласында жүзеге асыру кезінде деректерді бір мәрте беру және бірнеше мәрте пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

      9. Деректердің сапасы деп олардың деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен деректерді басқарудың белгіленген талаптарына сәйкестік дәрежесі түсініледі.

      10. Әкімшілік деректердің сапасын айқындауды заңнамаға сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.

      11. Деректерді басқару жөніндегі уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен деректерді басқару бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.

      12. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу, сондай-ақ түзету оның процестері болып табылады.

      13. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу және түзету процестері кезіндегі мемлекеттік органдар қызметінің кешені оның процестерін басқару болып табылады.

      14. Тиісті есептіліктің анықтамасы мен мазмұнын, есептік ақпаратты беру мерзімдерін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық даму жоспарын, мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қалалардың) даму жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу және түзету әдіснамасын стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу және түзету әдіснамасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын әзірлеу, іске асыру, мониторингілеу және түзету әдіснамасын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.

      15. Әзірлеу процесі құжатқа бастама жасаудан, ағымдағы жағдайды талдаудан, модельдеуден, жобалаудан, пайым қалыптастырудан, басымдықтарды, мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, оларға қол жеткізу жолдарын, ресурстық қамтамасыз етуден, коммуникация құрудан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісуден, бекітуден және жариялаудан тұрады.

      16. Қол жеткізу шектеулі ақпаратты қамтитын құжаттарды қоспағанда, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжатын әзірлеген кезде қажет болған жағдайда мүдделі мемлекеттік органдардың қызметкерлері, азаматтық қоғамның, бизнестің өкілдері, сарапшылар талқылауға тартылады.

      17. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттары мына талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) жеке құжат әзірлеудің негізділігі, таңдалған мақсаттардың, нысаналы индикаторлардың, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерінің шындыққа сәйкестігі;

      2) тұрақты жұмыс орындарына басымдық беріп, оларды құру, инвестиция тарту, адами капиталды дамыту, жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияны ендіру сияқты халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын және әлеуметтік хал-ахуалын арттыруға бағытталған және өзге де нысаналы индикаторларды, нәтижелер көрсеткіштерін, іс-шараларды қосу;

      3) ұсынылатын іс-шаралардың құжаттың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге бағытталуы;

      4) нысаналы индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің шынайы мерзімдерін белгілеу;

      5) құжатты іске асыру үшін қаржы-экономикалық (оның ішінде бюджеттен тыс), материалдық-техникалық, еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі.

      18. Уәкілетті органдардың МЖЖ құжаттарының жобаларын қарауы Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында көзделген рәсімдер ескеріле отырып, осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағында әзірлеу және түзету үшін белгіленген тәртіп пен мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында белгіленген мақсаттарға, нысаналы индикаторларға, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу процесі іске асыру болып табылады.

      20. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру процесін басқару жобалауды, жобалық басқаруды, коммуникация түзуді, құжаттарды уақтылы және сапалы іске асыруды қамтамасыз ету үшін тәуекелдерді басқару жүйесін және ден қою тетіктерін іске асыруға бағытталған шараларды қабылдай отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылуына мониторингіні жүзеге асыруды көздейді.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асырған кезде заңнамада белгіленген тәртіппен жобалық басқару әдістері мен тәсілдері қолданылуы мүмкін.

      21. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында айқындалатын стратегиялық мақсаттар мен міндеттерді басқару үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар түйінді ұлттық индикаторлардың, нысаналы индикаторлардың және нәтижелер көрсеткіштерінің декомпозициясын жүзеге асырады.

      22. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру процесінде:

      1) ведомствоаралық өзара іс-қимылдағы келісімділік;

      2) межеленген нәтижелерге мейлінше аз ресурс жұмсап қол жеткізуді көздеу;

      3) қаржы, еңбек ресурстары мен басқа ресурстардың теңгерімділігі қамтамасыз етілуге тиіс.

      23. Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесінің деректерін, сондай-ақ жобалық басқару туралы заңнамада белгіленген тәртіппен қалыптастырылатын ақпаратты ескере отырып, Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іске асырылу барысы туралы есептерді және басқа ақпаратты жинау, жүйелеу, талдау және қорыту процесі мониторинг болып табылады.

      24. Мемлекеттік жоспарлаудың ақпараттық жүйесі – бұл Ұлттық даму жоспарын декомпозициялау бойынша өзекті және анық ақпаратты жасау, сақтау, өңдеу, беру үшін пайдаланылатын, жобалық басқарудың ақпараттық жүйесімен интеграция арқылы жобалық басқаруды қолдану мүмкіндігімен Ұлттық даму жоспарын іске асыру және мониторингілеу кезіндегі процестерге қатысушылардың бәрінің қызметін қамтамасыз ететін және басқарушылық шешімдер қабылдау үшін мүдделі тараптарға ақпаратқа қолжетімділік беретін автоматтандырылған бірыңғай ақпараттық платформа.

      25. Мониторингілеу процесін басқару Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыру бойынша қажетті анық және дұрыс деректерді алу/қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуді көздейді.

      26. Құжаттарды мониторингілеу:

      1) құжаттың іске асырылу барысы туралы жыл сайынғы негізде ақпарат алудың жүйелілігін;

      2) құжаттың іске асырылу барысын бағалау, оның тиімсіз іске асырылу тәуекелдерін анықтау және басқарушылық шешімдерді оңтайландыру үшін мүмкіндіктерді айқындау мақсатында түсетін ақпаратқа жедел талдауды жүзеге асыру мүмкіндігін;

      3) тиісті құжатты іске асыруда мемлекеттік органдар іс-қимылының келісілуін;

      4) құжатты іске асыру шарттары айтарлықтай өзгерген жағдайда оны түзету бойынша ұсыныстарды уақтылы тұжырымдау мүмкіндігін;

      5) құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін оны іске асыру қорытындысын шығаруды қамтамасыз етеді.

      27. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингілеу осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесімен, бюджет заңнамасымен және мемлекеттік аудит туралы заңнамамен уәкілеттік берілген мемлекеттік органдар жүргізетін Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының (қол жеткізу шектеулі ақпаратты қамтитын құжаттарды қоспағанда) іске асырылу барысын бағалауды көздейді.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын мониторингілеу кезінде қоғамдық бақылау туралы заңнамаға сәйкес тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйымдар жүргізетін қоғамдық мониторинг нәтижелерін пайдалануға болады.

      28. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына мониторинг жүргізу үшін есептілік пен мониторинг нәтижелерін берудің толықтығы, сапасы, анықтығы мен уақтылы болуы үшін жауапкершілік әзірлеуші мемлекеттік органдарға, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарға және тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға жүктеледі.

      29. Іске асыру процесінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын түзетуге болады.

      Түзету мониторинг жүргізу нәтижелерін ескеріп Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы жүргізіледі.

      Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының әрбір түрін түзету осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 46, 54, 65 және 78-тармақтарында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      30. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары мен жоспарлаудың өзге құжаттары іске асырылатын соңғы жылы мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін түзетуге жол берілмейді.

      31. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын жоспарлау мен іске асырудың, қойылған мақсаттар мен міндеттерге, олардың түйінді ұлттық индикаторларына, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізудің сапасыз болғаны үшін жауапкершілік заңнамаға сәйкес мемлекеттік органдардың, ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың бірінші басшыларына жүктеледі.

4-тарау. Ұлттық даму жоспары

      32. Ұлттық даму жоспары елді дамытудың ұзақмерзімді бағдарларына қол жеткізуге бағытталған, тиісті жоспарлы кезеңде ел дамуының мақсатын, негізгі бағыттарын, даму басымдықтарын, оларды қамтамасыз ету тәсілдерін және түйінді ұлттық индикаторларын көздейтін Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаты болып табылады.

      33. Ұлттық даму жоспарын стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді, ол мүдделі органдармен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен (бұдан әрі – Үкімет) келісіледі, Қазақстан Республикасының Президенті (бұдан әрі – Президент) бекітеді.

      34. Ұлттық даму жоспары:

      1) "Қазақстан – 2050" стратегиясы мен Қазақстан Республикасының көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясынан туындайтын ел дамуының басым бағыттарын қамту;

      2) Қазақстан Республикасы Президентінің Сайлауалды бағдарламасының ережелеріне бағдарлану;

      3) елдің алдағы жоспарлы кезеңге арналған даму бағыттары арасындағы логикалық өзара байланысты қамтамасыз ету;

      4) басымдықтардың шектеулі тізбесін назарға ала отырып, стратегиялық маңызы бар мақсаттар мен міндеттерді (оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетін) көздеу талаптарына сәйкес болуға тиіс.

      35. Ұлттық даму жоспары іске асырудың әрбір жылы бойынша аралық мәндерге бөлінген тиісті стратегиялық бағыттар бойынша Түйінді ұлттық индикаторлар картасын қамтиды. Түйінді ұлттық индикаторлар мәндері, жылдары, қол жеткізу мерзімдері бойынша теңгерімделген және өзара байланысқан болуға тиіс.

      Түйінді ұлттық индикаторлар мақсат қою құжаттарында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудегі жалпы елдегі прогресті өлшеуге мүмкіндік береді.

      Қолданылатын дереккөздер және (немесе) Түйінді ұлттық индикаторлар картасы индикаторларының тиісті есеп-қисаптарының әдістемелері мемлекеттік және стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдардың бірлескен бұйрығымен бекітіледі.

      36. Ұлттық даму жоспарын іске асыру декомпозицияланған түйінді ұлттық индикаторларды көздейтін мемлекеттік органдардың даму жоспарларын, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың даму жоспарларын, ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру арқылы қамтамасыз етіледі.

      Ұлттық даму жоспарын іске асыру қоршаған ортаға теріс әсерді барынша азайтуды, оны іске асыруға қатысушылардың әлеуметтік жауапкершілікті сақтауын, сондай-ақ оны іске асыруды басқару сапасын қамтамасыз етуді ескере отырып жүзеге асырылуға тиіс.

      37. Ұлттық даму жоспарының түйінді ұлттық индикаторларын егжей-тегжейлендіру, нақты міндеттер мен іс-шараларға айналдыру процесі ретінде оларды декомпозициялауды ол бекітілгеннен кейін ақпараттық платформа шеңберінде осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес оларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.

      38. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық даму жоспарын декомпозициялау кезінде мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді.

      39. Ұлттық даму жоспарын мониторингілеу қол жеткізілген нәтижелер мен алынған әсерлерді, оны іске асырудың әлеуметтік-экономикалық дамуға және игілік алушыларға ықпалын жыл сайын бағалауды, оны іске асыру кезіндегі кедергілер мен тәуекелдерді анықтауды көздейді.

      40. Ұлттық даму жоспарын мониторингілеу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағында мониторинг жүргізу үшін белгіленген тәртіппен және мерзімдерде Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төменгі тұрған құжаттары арқылы жүзеге асырылады.

      41. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдардың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы есептердің негізінде Ұлттық даму жоспарын іске асыру туралы есептің жобасын қалыптастырып, оны Үкіметке ұсынады.

      42. Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы есепті Үкімет стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      43. Стратегиялық жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Үкіметтің Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы есебі, қоғамдық мониторингінің қорытынды ақпараты (бар болса) негізінде Ұлттық даму жоспарының іске асырылу барысын бағалай отырып және ұсынымдар беру құқығымен қорытындыны қалыптастырады және оны Үкіметке жібереді.

      44. Ұлттық даму жоспарының іске асырылуы туралы түпкілікті қорытындыны Үкімет есепті кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесіне дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне (бұдан әрі – Президент Әкімшілігі) жібереді.

      45. Ұлттық даму жоспарын мониторингілеудің негізгі қорытындылары ресми интернет ресурстарда жұртшылыққа қолжетімді нысанда жарияланады.

      46. Ұлттық даму жоспарын түзету Президент жолдауларының ережелері мен тапсырмаларының негізінде жүзеге асырылады.

5-тарау. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы

      47. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы пайымды айқындайды, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы негізгі проблемалар мен қауіп-қатерлерді, стратегиялық мақсаттар мен нысаналы индикаторларды, міндеттер мен нәтижелер көрсеткіштерін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету өлшемшарттарын қамтиды.

      48. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының жоспарлы қолданылу кезеңі кемінде бес жылды құрайды.

      49. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының құрылымын, базалық тәсілдерін және негізгі мазмұнын Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесі) мақұлдайды.

      50. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және оны Президент бекітеді.

      51. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің төмен тұрған құжаттарын іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және ол Президент Әкімшілігімен келісу бойынша Үкімет қаулысымен бекітіледі.

      52. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын мониторингілеуді мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылуын талдау арқылы жүргізеді.

      53. Ұлттық қауіпсіздік тәуекелдерін басқару жөніндегі іс-қимыл жоспарының іске асырылу қорытындыларын мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізеді.

      54. Ұлттық қауіпсіздік стратегиясына мониторингілеу, оның ішінде тәуекелдерді талдау нәтижелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмалары негізінде өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

6-тарау. Мемлекеттік органның даму жоспары

      55. Мемлекеттік органның даму жоспары орталық мемлекеттік органның ортамерзімді кезеңдегі қызметін айқындайтын, Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарын, функцияларды, өкілеттіктер мен құзыреттерді мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсетуді қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып іске асыруға бағытталған құжат болып табылады.

      56. Мемлекеттік органның даму жоспары әр үш жыл сайын бес жылдық кезеңге әзірленеді және оны мемлекеттік жоспарлау мен бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органдармен келісу бойынша мемлекеттік органның басшысы бекітеді.

      57. Президент әзірлеу тәртібі "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалатын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және әзірлеу тәртібі "Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалатын Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің стратегиялық жоспарларын қоспағанда, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың даму жоспарларын бекітуге құқылы.

      58. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты, Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы, Қазақстан Республикасының Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы, Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ревизиялық комиссиялары, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мәслихаттардың аппараттары мемлекеттік органдардың даму жоспарларын әзірлемейді.

      Даму жоспарын әзірлемейтін мемлекеттік орган Бюджет кодексінің 148-бабының 8-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламалардың паспортына инвестициялық жоспарды қоса береді, кейіннен оны бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      59. Мемлекеттік органның даму жоспарына бюджет заңнамасының талаптары ескеріліп және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіп пен нысанға сәйкес әзірленген инвестициялық жоспар қоса беріледі.

      Мемлекеттік органның инвестициялық жоспары даму жоспарларының немесе Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына, нысаналы индикаторларына қол жеткізуге не даму жоспарларын әзірлемейтін мемлекеттік органдар үшін тиісті функцияларды, өкілеттіктер мен құзыреттерді іске асыруға бағытталған іс-шаралар туралы мерзімдері, орындаушылары, аяқталу нысаны, қажетті шығын көлемі белгіленген ақпаратты қамтиды.

      60. Инвестициялық жоспарды әзірлеу нысаны мен тәртібін осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағының бірінші бөлігіне сәйкес мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

      61. Мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылу мониторингін мемлекеттік органның даму жоспарының іске асырылуы туралы есеп қалыптастыру арқылы әзірлеуші мемлекеттік орган жүзеге асырады.

      62. Мемлекеттік органның даму жоспары мен оның іске асырылуы туралы есеп бюджет заңнамасына сәйкес жариялануға тиіс.

      63. Мемлекеттік органдар заңнамада белгіленген мерзімде мемлекеттік органдардың бекітілген даму жоспарлары туралы жиынтық ақпаратты қалыптастырады, онда мақсаттар мен нысаналы индикаторлар, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтер және мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы мақсаттар мен нысаналы индикаторларға қол жеткізілуі, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтерді қамтитын есеп қамтылады және ол мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға жіберіледі.

      64. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдардың бекітілген даму жоспарлары туралы жинақталған жиынтық ақпаратты қалыптастырады, онда мақсаттар мен нысаналы индикаторлар, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтер және мемлекеттік органдардың даму жоспарларының іске асырылуы туралы мақсаттар мен нысаналы индикаторларға қол жеткізілуі, олардың декомпозициясы туралы жиынтық сандық мәліметтерді қамтитын шоғырландырылған есеп қамтылады.

      65. Мемлекеттік органның даму жоспарына:

      1) республикалық бюджет туралы заңдарды және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының заңдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы өзгерген;

      4) Президенттің және (немесе) Үкіметтің тапсырмаларын іске асыру қажет болған жағдайларда өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

7-тарау. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспары

      66. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарына сәйкес тиісті аумақтың дамуын оның ерекшелігі мен өңірдің даму әлеуетін ескере отырып айқындайды.

      67. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы ең төменгі стандарттарды, елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін міндетті түрде қолдана отырып, өңірлік саясат жөніндегі уәкілетті органмен, мүдделі мемлекеттік органдармен келісу бойынша әрбір үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірлейді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті өкілді органының шешімімен бекітіледі.

      68. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астанаың даму жоспарының нысаналы индикаторлары декомпозицияланған түйінді ұлттық индикаторлар мен Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының индикаторларына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      69. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспары тиісті ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) дамуын айқындайды және облыстың даму жоспарының мақсаттарына, нысаналы индикаторлары мен нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған.

      70. Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы ең төменгі стандарттарды, елді мекендерге арналған өңірлік стандарттар жүйесін міндетті түрде қолдана отырып, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен және облыстың мүдделі мемлекеттік органдарымен келісу бойынша әрбір үш жыл сайын бесжылдық кезеңге әзірлейді және ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілетті органы бекітеді.

      71. Ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын нысаналы индикаторлар бар болса немесе орталық салалық мемлекеттік органдар бекіткен есептеу әдістемесі болмаса, орталық мемлекеттік органдар есептеу әдістемелерін әзірлейді және оларды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша бір ай мерзімде бекітеді.

      Жергілікті атқарушы органның бастамасы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарына ресми статистикалық ақпарат қалыптастырылмайтын және (немесе) орталық және салалық мемлекеттік органдар бекіткен есептеу әдістемелері жоқ нысаналы индикаторлар енгізілген жағдайда жергілікті атқарушы орган есептеу әдістемелерін әзірлеп, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органымен келісу бойынша бекітеді.

      72. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарларына бюджет заңнамасының талаптары ескеріліп, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіпке және нысанға сәйкес әзірленген инвестициялық жоспарлар қоса беріледі.

      73. Инвестициялық жоспар даму жоспарларының немесе Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына, нысаналы индикаторларына қол жеткізуге не даму жоспарын әзірлемейтін мемлекеттік органдар үшін тиісті функцияны, өкілеттіктер мен құзыреттерді іске асыруға бағытталған іс-шаралар туралы мерзімдері, орындаушылары, аяқталу нысаны, шығындардың қажетті көлемі белгіленген ақпаратты қамтиды.

      74. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарын іске асыру инвестициялық жоспарды орындау арқылы жүзеге асырылады.

      75. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарын мониторингілеуді тиісті аумақтың бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдарымен бірге облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) тиісінше мемлекеттік жоспарлау жөніндегі жергілікті уәкілетті органы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарына қатысатын бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар ұсынатын іске асырылу барысы туралы ақпараттың негізінде және қоғамдық мониторинг қорытындыларын ескере отырып олардың іске асырылуы туралы есептерді қалыптастыру жолымен жүргізеді.

      76. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспары мен оның іске асырылуы туралы есеп заңнамаға сәйкес жариялануға тиіс.

      77. Жергілікті атқарушы органның және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның интернет-ресурсына орналастырылған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспары мазмұнының дұрыстығы мен толықтығы үшін жауапкершілік облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарын әзірлеушіге жүктеледі.

      78. Мына:

      1) республикалық бюджет және оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдарды қоспағанда, Қазақстан Республикасының жаңа заңдары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жаңа құжаттары қабылданған не оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген;

      3) мемлекеттік органның функциялары, құрылымы әкімшілік-аумақтық құрылысы өзгерген;

      4) Президенттің және (немесе) Үкіметтің тапсырмаларын іске асыру қажет болған;

      5) салалық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның келісуі бойынша ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарына қатысты бөлігінде облыс әкімінің оң шешімі болған жағдайда облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) даму жоспарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге жол беріледі.

8-тарау. Ұлттық компаниялардың даму жоспарлары

      79. Ұлттық компанияның даму жоспары Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарында айқындалатын елдің стратегиялық мақсаттарымен өзара байланыстағы қызмет нәтижелерінің стратегиялық бағыттарын, мақсаттары мен көрсеткіштерін айқындайды.

      80. Ұлттық компанияның даму жоспары акциялары (қатысу үлестері) ұлттық компанияға осы заңды тұлғалар қабылдайтын шешімдерді айқындау құқығын беретін заңды тұлғалардың даму жоспарлары ескеріле отырып әзірленеді, мемлекеттік жоспарлау бойынша уәкілетті органдармен келісіледі және Үкімет бекітеді.

      81. Ұлттық компаниялардың даму жоспарларын іске асыру әр үш жыл сайын бес жыл мерзімге ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу арқылы жүзеге асырылады.

      82. Ұлттық компаниялардың даму жоспарларының іске асырылуын мониторингілеу мен бағалауды мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Бюджет кодексінің 38-бабының 7-тармағына сәйкес осы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің 14-тармағында мониторинг жүргізу үшін белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүзеге асырады.

9-тарау. Өзге жоспарлау құжаттары

      83. Ұлттық даму жоспарында көзделмеген міндеттерді шешу немесе жүйелі өзгерістерді жүзеге асыру қажет болған жағдайларда Президенттің және Президент Әкімшілігі Басшысының, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің (бұдан әрі – Премьер-Министр) және (немесе) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарларының (бұдан әрі – Премьер-Министрдің орынбасарлары) тапсырмалары бойынша мемлекеттік органдар заңнамада жүктелген өкілеттіктерді, функциялар мен міндеттерді іске асыру шеңберінде Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кірмейтін өзге де құжаттарды: тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, доктриналарды (стратегияларды), мемлекеттік бағдарламаларды, кешенді жоспарларды, жол карталарын, Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды әзірлей алады.

      84. Салаларда/аяларда жүйелі өзгерістерді негіздеу үшін мемлекеттік органдар салаларды/аяларды дамыту тұжырымдамаларын қажетіне қарай саладағы/алдағы жүйелі өзгерістерді негіздеу үшін әзірлейді.

      Үкімет құрылымына кіретін мемлекеттік органдар әзірлейтін тұжырымдамаларды Үкімет не мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Президентке есеп беретін мемлекеттік органдар әзірлейтін тұжырымдамаларды Президент не оның уәкілеттік беруімен Президент Әкімшілігімен келісу бойынша мемлекеттік органның бірінші басшысы бекітеді.

      Президенттің тапсырмасы бойынша әзірленетін тұжырымдамаларды Президент не оның уәкілеттік беруімен Үкімет бекітеді.

      85. Ұлттық жобаларды Президенттің (және) немесе Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар ұлттық деңгейдегі аса маңызды міндеттерді шектеулі мерзімдерде шешу мақсатында әзірлейді және оларды Үкімет бекітеді.

      86. Доктриналар (стратегиялар) белгілі бір мәселе сала (ая) бойынша көзқарастар жүйесін, саяси қағидаттардың, даму пайымдары мен тәсілдерінің жиынтығын айқындайды және оларды Президент бекітеді.

      87. Мемлекеттік бағдарламалар негізінен дамудың идеологиялық, нормативтік аспектілерін қозғайтын және қомақты қаржы ресурстарын бөлуді талап етпейтін жекелеген саясаттарды іске асырудың мақсаттарын, міндеттері мен тәсілдерін айқындау мақсатында әзірленеді және оларды Президентпен келісу бойынша Үкімет бекітеді.

      88. Кешенді жоспарлар жекелеген маңызды салалық даму мәселелерін жедел шешу үшін іс-шаралар жиынтығын қамтитын іске асыру сипатындағы құжат болып табылады, Президенттің немесе Премьер-Министрінің тапсырмасы бойынша әзірленеді және оларды Үкімет бекітеді.

      89. Жол карталары жекелеген саланың/аяның тапсырмаларына қол жеткізу үшін іс-шаралар жиынтығын қамтитын іске асыру сипатындағы құжат болып табылады, Президент Әкімшілігінің Басшысының және (немесе) Премьер-Министр орынбасарларының шешімімен, мемлекеттік органдарының бірінші басшыларының бірлескен бұйрықтарымен бекітіледі.

      90. Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар халық пен экономиканың мұқтажын қамтамасыз ету үшін елдің орнықты инфрақұрылымдық қаңқасын құруға бағытталған және Үкімет бекітетін жедел іс-қимылдар жоспары болып табылады.

      91. Қабылданған тұжырымдамалардың, ұлттық жобалардың, доктриналардың (стратегиялардың), мемлекеттік бағдарламалардың, кешенді жоспарлардың, жол карталарының тізбесін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.

      92. Тұжырымдамаларды, ұлттық жобаларды, доктриналарды (стратегияларды), мемлекеттік бағдарламаларды, кешенді жоспарларды, жол карталарын әзірлеу, іске асыру, түзету және мониторингілеу тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

10-тарау. Өтпелі ережелер

      93. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған салаларды/аяларды дамыту тұжырымдамалары, ұлттық жобалар олар аяқталғанға дейін қолданылады.

      94. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 сәуірдегі № 350 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік жоспарлау жүйесі қолданысқа енгізілгенге дейін қабылданған өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарлары және ұлттық жобалар, салаларды/аяларды дамыту тұжырымдамаларының мақсаттары мен міндеттері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қала) даму жоспарларына интеграцияланады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады