2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімнің 4-бабының екінші абзацына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 1 қыркүйектегі № 112 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары (ұйымдары) мен көлік құралдарының (көлік құралдары шассиінің), өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа түрлерінің паспорттарын (электрондық паспорттарын) ресімдеуді жүзеге асыратын көлік құралдарын (көлік құралдары шассиін), өздігінен жүретін машиналарды және техниканың басқа түрлерін дайындаушы ұйымдардың бірыңғай тізілімін қалыптастыру және жүргізу тәртібінің 9-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Ұлттық орган мынадай жағдайларда уәкілетті органды (ұйымды), дайындаушы ұйымды бірыңғай тізілімнен алып тастауға құқылы:
уәкілетті органның (ұйымның) немесе дайындаушы ұйымның жеке бастамашылығы бойынша бірыңғай тізілімнен алып тастау туралы өтінішін алуы;
уәкілетті органның (ұйымның) немесе дайындаушы ұйымның осы Тәртіптің 6 және 7-тармақтарына сәйкес белгіленген бір немесе бірнеше критерийлерге сәйкес келмеуі;
ұлттық органның осы Тәртіптің 10 және 14-тармақтарына сәйкес уәкілетті органның (ұйымның) немесе дайындаушы ұйымның Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 22 қыркүйектегі № 122 шешімімен бекітілген Көлік құралдарының электрондық паспорттары (көлік құралдары шассилерінің электрондық паспорттары) және өздігінен жүретін машиналар мен техниканың басқа түрлерінің электрондық паспорттары жүйелерінің жұмыс істеу тәртібін және (немесе) өз мүше мемлекетінің заңнамасын бұзушылығын (бұзушылықтарын) анықтауы.
Уәкілетті органды (ұйымды) немесе дайындаушы ұйымды бірыңғай тізілімнен алып тастау (алып тастаудан бас тарту) туралы шешімді ұлттық орган осы тармақтың екінші – төртінші абзацтарында көрсетілген мәліметтер түскен күннен бастап 30 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды өз мүше мемлекетінің заңнамасына сәйкес қарау қорытындылары бойынша қабылдайды.
Осы тармақтың үшінші және (немесе) төртінші абзацтарына сәйкес бірыңғай тізілімнен алып тасталған уәкілетті органды (ұйымды) немесе дайындаушы ұйымды бірыңғай тізілімге қайта қосуға осы тармақтың бесінші абзацына сәйкес тиісті уәкілетті органды (ұйымды) немесе дайындаушы ұйымды бірыңғай тізілімнен алып тастау туралы шешім қабылданған күннен бастап 6 ай өткен соң одан ерте емес жол беріледі.".
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
| Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы | Б. Сағынтаев | 
 
           
          
