2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 28-бабына сәйкес және Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 43-тармағының 10-тармақшасын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 29 өкімін іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюлар мен шектеулерге бөлу және тосқауылдарды жойылды деп тану әдіснамасы бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюларға және шектеулерге бөлу әдіснамасын бекіту туралы" 2017 жылғы 14 қарашадағы № 152 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
|
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
| Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2021 жылғы 2 ақпандағы № 10 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығындағы кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюлар мен шектеулерге бөлу және тосқауылдарды жойылды деп тану ӘДІСНАМАСЫ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Әдіснама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 28-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша) 43-тармағының 4 және 10-тармақшаларын іске асыру шеңберінде, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 18 қазандағы № 29 өкімін іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) ішкі нарығындағы кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюлар мен шектеулерге бөлу, тосқауылдарды жойылды деп тану және Одақтың ішкі нарығындағы кедергілер тізілімін (бұдан әрі – кедергілер тізілімі) қалыптастыру мақсатында әзірленген.
2. Ішкі нарықтарды қалыптастыру мәселелері құзыретіне жататын Еуразиялық экономикалық комиссия департаментінің (бұдан әрі тиісінше – уәкілетті департамент, Комиссия) Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) мемлекеттік органдарымен және Комиссияның құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның жұмыс регламентіне (бұдан әрі – Регламент) және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 5 мамырдағы № 46 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссиядағы ішкі құжат айналымы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Егер Шартта және (немесе) Одақ құқығын құрайтын өзге де халықаралық шарттар мен актілерде мәселелерді (өтініштерді) қараудың осы Әдіснамада белгіленгеннен өзгеше тәртібі көзделген болса, кедергілер туралы мәліметтерді қамтитын мұндай мәселелер (өтініштер) осы Әдіснамаға сәйкес қаралмайды.
II. Анықтамалар
4. Осы Әдіснамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
"тосқауылдар" – мүше мемлекет заңнамасы нормаларының не мүше мемлекеттерде қалыптасқан құқық қолдану практикасының Одақ құқығына сәйкес келмеуі салдарынан Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберінде тауарлардың, қызметтер көрсетудің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы және олардың мүше мемлекеттердің нарықтарына кіруі үшін кедергілер;
"алып қоюлар" – Одақтың ішкі нарығы жұмыс істеуінің жалпы қағидаларын мүше мемлекеттің қолданбауы бөлігінде Одақ құқығымен көзделген ерекшеліктер (ауытқулар);
"шектеулер" – Одақ құқығымен дамыту көзделген экономикалық қатынастарды құқықтық реттеудің болмауы салдарынан туындайтын Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капиталдың, жұмыс күшінің еркін қозғалысы және олардың мүше мемлекеттердің нарықтарына кіруі үшін кедергілер.
Осы Әдіснамада пайдаланылатын өзге ұғымдар Шартта және Одақтың құқығына кіретін өзге актілерде айқындалған мәндерде қолданылады.
III. Кедергілер туралы мәліметтер
5. Уәкілетті департамент:
мүше мемлекеттердің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органдарының өтініштерінде;
мүше мемлекеттердің Шарттың, Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің ережелерін орындауын мониторингтеуді, мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілері жобаларының Шарттың, Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің ережелеріне сәйкестігін мониторингтеуді Комиссияның, соның ішінде заңды және жеке тұлғалардың Комиссияға түскен өтініштерінің негізінде жүзеге асыруының нәтижелерінде қамтылған кедергілер туралы мәліметтерді қарайды.
Кедергілер туралы мәліметтер қамтылған өтініштердің түсуі туралы ақпарат Одақтың өтініштер тізілімі қолданысқа енгізілгеннен кейін https://barriers.eaeunion.org мекенжайы бойынша "Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарықтарының жұмыс істеуі"ақпараттық ресурсында орналастырылуға тиіс.
6. Осы Әдіснаманың 5-тармағының екінші абзацында көзделген кедергілер туралы мәліметтер Одақтың ішкі нарығында кедергілердің туындауына алып келген жағдайдың сипаттамасын, сондай-ақ мынадай материалдарды (бар болса) қамтиды:
а) көрсетілген жағдайды мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының және (немесе) сот инстанцияларының қарауы туралы ақпарат;
б) қолданылуына (қолданылмауына) байланысты кедергі туындаған Одақ құқығының және мүше мемлекет нормаларына сілтеме;
в) кедергіге қатысы бар және Одақ құқығының бұзылғанын растайтын (соның ішінде, қалыптасқан құқық қолдану практикасының бар екенін растайтын) құжаттарды көшірмелері (материалдар);
г) кедергіден болатын экономикалық әсер туралы ақпарат;
д) өзге мәліметтер.
7.Комиссияның құрылымдық бөлімшелері Осы Әдіснаманың 5-тармағының үшінші абзацында көзделген кедергілер туралы мәліметтерді уәкілетті департаментке жібереді (осы құрылымдық бөлімшелердің позициясын және осы мәселені мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарының қарау қорытындылары туралы ақпаратты қоса береді).
IV. Кедергілер туралы мәліметтерді талдау және қорытынды дайындау
8. Уәкілетті департамент кедергілер туралы мәліметтерді алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оларды зерделейді және қаралып отырған мәселе құзыретіне жататын Комиссияның құрылымдық бөлімшелері мен Комиссияның басқа да мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің позицияларын сұратады (өтінішті және қолда бар құжаттарды (материалдарды) қоса береді).
9. Комиссияның құрылымдық бөлімшелері өз позицияларын уәкілетті департаментке осы Әдіснаманың 8-тармағында көрсетілген сұратуды алған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде береді.
10. Уәкілетті департамент Комиссияның құрылымдық бөлімшелері берген позицияларды алған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде оларды жинақтайды және талдайды, содан кейін:
а) кедергі белгісі болмаса, өтініш берушіге және (немесе) Комиссияның құрылымдық бөлімшесіне Одақтың ішкі нарығында кедергі белгілерінің жоқ екені туралы негіздемемен хат жібереді. Егер өтініш мүше мемлекеттің үкіметінен немесе мүше мемлекеттің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органынан түссе, құзыретіне ішкі нарықтардың жұмыс істеуі мәселелері жататын Комиссияның Алқа мүшесі мүше мемлекеттердің үкіметтеріне Одақтың ішкі нарығында тосқауыл немесе шектеу белгілерінің жоқ екені туралы қорытынды жібереді.
Мүше мемлекет Одақтың ішкі нарығында тосқауыл немесе шектеу белгілерінің жоқ екені туралы қорытындыда көрсетілген тұжырымдармен келіспеген жағдайда, мүше мемлекет осындай қорытынды алған күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде Комиссияға Одақтың ішкі нарығында тосқауыл немесе шектеу белгілерінің жоқ екені туралы қорытындымен келіспейтіні туралы уәжді позициясын (бұдан әрі – уәжді позиция) жібереді.
30 жұмыс күні өткен соң Одақтың ішкі нарығында тосқауыл немесе шектеу белгілерінің жоқ екені туралы қорытынды бойынша мүше мемлекеттердің позициялары түспесе, мүше мемлекеттер онымен келіскен болып саналады.
Уәжді позицияда Олақ құқығының тиісті нормаларына сілтемелер қамтылуға, сондай-ақ қаралып отырған мәселе бойынша Одақтың ішкі нарығында тосқауыл немесе шектеу белгілерінің жоқ екені туралы қорытындымен мүше мемлекеттің келіспеуіне негіз болып табылатын қосымша материалдармен сүйемелденуге тиіс.
Уәжді позиция Комиссияға мүше мемлекеттің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік органы басшысының орынбасарынан төмен емес деңгейдегі лауазымды адамның қолы қойылып жіберіледі.
Уәкілетті департамент уәжді позициямен бірге алынған мәліметтер мен материалдарды жинақтайды және оны алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде Одақтың ішкі нарығындағы тосқауылдар мен шектеулердің белгілеріне қатысты мәселелер бойынша консультациялар (бұдан әрі – консультациялар) өткізуді ұйымдастырады.
Егер консультациялардың қорытындысы бойынша тосқауыл белгісі бар кедергі анықталмаса, уәкілетті департамент консультациялар аяқталған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде консультациялар қорытындысы жөніндегі хаттаманы ресімдейді және оны мүше мемлекеттерге жібереді.
Консультациялардың қорытындысы бойынша Одақтың ішкі нарығында тосқауыл белгісі бар кедергі анықталса, уәкілетті департамент осы Әдіснаманың 13-тармағына сәйкес Одақтың ішкі нарығында тосқауыл белгісі бар кедергінің бар екені туралы қорытынды дайындайды.
Осы Әдіснаманың 17-тармағында көрсетілген жалпы мерзімге Комиссияға уәжді позиция түскен күннен бастап Одақтың ішкі нарығында тосқауыл белгілерінің жоқ екені туралы қорытындыны талқылау нәтижелері бойынша консультациялар қорытындысы жөніндегі хаттама мүше мемлекеттерге жіберілген күнге дейінгі кезең қосылмайды;
б) егер өтініште көрсетілген жағдай алып қоюдың болуымен негізделсе, бұл туралы өтініш берушіні, сондай-ақ аталған алып қою туралы мәселені қарау құзыретіне жататын Комиссия департаментін хабардар етеді;
в) Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар мен шектеулер белгілері анықталған жағдайда, мүше мемлекеттерге тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар екені туралы алдын ала қорытынды жібереді, онда осы Әдіснаманың 14-тармағында көрсетілген мәліметтер (14-тармақтың "ж" тармақшасында көрсетілген мәліметтерді қоспағанда) қамтылуы мүмкін және түскен өтініш бойынша мүше мемлекеттің позициясын сұратады, сондай-ақ оларды тиісті материалдармен бірге мүше мемлекеттерге жібереді. Консультациялар сұрату жіберілген күннен бастап 40 жұмыс күні ішінде, бірақ ерте дегенде Регламентте белгіленген мерзім өткен күні өткізіледі. Уәкілетті департамент көрсетілген позицияларды алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде оларды тиісті материалдармен бірге мүше мемлекеттерге жібереді;
г) мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілері жобаларының Шарттың, Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің ережелеріне сәйкестігін мониторингтеу барысында тосқауылдар белгілері анықталған кезде Комиссия нормативтік құқықтық актіні қабылдауды жоспарлап отырған мүше мемлекетті Одақтың ішкі нарығында тосқауылдың туындау ықтималдығы туралы хабардар етеді.
11. Консультацияларда бір немесе бірнеше мүше мемлекет өкілінің болмауы консультацияларды ауыстыру және оларды өткізу қорытындысы бойынша Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар екені туралы қорытындыны дайындауды тоқтата тұру үшін негіз болмайды.
Консультациялар мүше мемлекеттердің өндірістік күнтізбесі мен жұмыс уақыты, сондай-ақ Одақ органдарының отырыстарын өткізу графигі ескеріле отырып өткізіледі.
12. Консультацияларға қатысу үшін уәкілетті департамент қаралып отырған мәселе құзыретіне кіретін Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің және Комиссияның басқа да мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерін шақырады, сондай-ақ мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері шақырылуы мүмкін.
13. Егер консультациялардың қорытындысы бойынша Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілері анықталған болса, консультациялар аяқталған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде уәкілетті департамент кедергілер туралы мәліметтерді жинақтайды және Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар екені туралы қорытынды, сондай-ақ консультациялар қорытындысы бойынша хаттама дайындап, оларды мүше мемлекеттердің үкіметтеріне жібереді.
14. Осы Әдіснаманың 11-тармағында көрсетілген қорытынды мынадай ақпаратты қамтиды:
а) өтініш нысанасы (мәселенің мәні);
б) мониторинг барысында Комиссия жүргізген іс-шаралар;
в) мүше мемлекеттердің позициялары (бар болса);
г) Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің, соның ішінде Комиссияның Құқықтық департаментінің позициялары;
д) уәкілетті департамент жүргізген талдау қорытындысы (Одақ құқығының нормалары туралы ақпарат көрсетіледі);
е) тосқауыл немесе шектеу белгілерінің бар-жоғы туралы тұжырымдар;
ж) қосымша мәліметтер, соның ішінде мүше мемлекеттерде ұқсас құқық нормаларының және құқық қолдану практикасының бар (жоқ) екені туралы ақпарат, сондай-ақ кедергілерді жоюға бағытталған, белгіленген тәртіппен іске асырылатын ықтимал ұсынымдар. Бұл ретте мүше мемлекеттерде ұқсас құқық нормалары және құқық қолдану практикасы анықталған жағдайда, мәселе осы Әдіснамаға сәйкес жеке тәртіппен қаралады.
15. Түскен өтініш бойынша мүше мемлекет позициясының мерзімінде ұсынылмауы Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар екені туралы қорытынды дайындауды тоқтата тұру және осы мәселені Комиссия Алқасының қарауына ұсыну үшін негіз болып табылмайды.
16. Егер консультациялар нәтижелері бойынша тосқауылдар немесе шектеулер белгілері анықталмаса, уәкілетті департамент консультациялар аяқталған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде өтініш берушіні тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің жоқ екені туралы хабардар етеді. Егер консультациялар өткізуге негіз болған өтініш мүше мемлекеттен түскен болса, Комиссия Алқасының ішкі нарықтардың жұмыс істеуі құзыретіне кіретін мүшесі консультациялар аяқталған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде мүше мемлекеттердің үкіметтеріне Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің жоқ екені туралы қорытынды жібереді (консультациялар қорытындысы бойынша хаттама қоса беріледі).
17. Кедергілер туралы мәліметтер уәкілетті департаментке түскен күннен бастап Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар-жоғы туралы қорытынды дайындалған немесе мұндай белгілердің жоқ екені белгіленген күнге дейінгі жалпы мерзім кедергілер туралы мәліметтер алынған күннен бастап 70 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
V. Кедергілерді тосқауылдарға, алып қоюлар мен шектеулерге бөлу, оларды кедергілер тізіліміне қосу және одан алып тастау
18. Егер мәліметтерді талдау және Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар немесе шектеулер белгілерінің бар-жоғы туралы қорытынды дайындау барысында аумағында тосқауыл туындаған мүше мемлекет кедергіні тосқауыл ретінде жіктеуге келіссе (жазбаша нысанда), уәкілетті департамент хаттамалық жазба жобасын (аталған кедергінің жіктелуін және мүше мемлекеттің оны 6 ай ішінде жоюға әзірлігін көрсетіп) дайындайды және көрсетілген қорытынды дайындалған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде аталған мәселе бойынша материалдарды Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібінің жобасына қосу үшін жібереді.
Тосқауыл белгісі бар кедергілерге қатысты уәкілетті департамент Комиссия Алқасының Одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберінде мүше мемлекеттің міндеттемелерді орындағаны туралы шешімінің жобасын дайындайды және Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар белгілерінің бар екені туралы қорытынды дайындалған күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде оны Комиссия Алқасының қарауына ұсынады.
Құқықтық департамент осындай құжат Құқықтық департаментке ұсынылған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде Комиссия Алқасының ішкі нарықтың жұмыс істеуі шеңберінде мүше мемлекеттің міндеттемелерді орындағаны туралы шешімінің жобасына құқықтық сараптама жүргізеді.
19. Шектеу белгісі бар кедергілерге қатысты мәселені Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібінің жобасына қосу үшін Комиссия Алқасының ішкі нарықтардың жұмыс істеуі құзыретіне кіретін мүшесіне шектеулерді Комиссия Алқасы белгілеген мерзімде жою жөнінде ұсыныстар беру тапсырылған хаттамалық жазбасының жобасы жіберіледі.
Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібінің жобасына қосу үшін құжаттарды жіберу мерзімі Одақтың ішкі нарығында тосқауылдар белгілерінің бар-жоғы туралы қорытынды дайындалған күннен бастап 3 жұмыс күнінен аспауға тиіс.
Осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген ұсыныстар мыналарды қамтуға тиіс:
анықталған шектеуді жою тәсілдері;
өзге интеграциялық бірлестіктер шеңберінде осыған ұқсас құқықтық қатынастарды реттеудің халықаралық практикасын талдау нәтижелері;
шектеулерді жою мақсатында қабылдануға тиіс Одақ органдарының актілері және (немесе) халықаралық шарттар туралы мәліметтер;
шектеуді жою мерзімдері.
Мәселе Комиссия Алқасының отырысында талқыланған кезде Комиссия Алқасының қаралып отырған мәселе құзыретіне кіретін мүшесі кедергіні шектеу ретінде жіктеуге келіспесе, Комиссия\ Алқасының көрсетілген отырысынан кейін Комиссия Алқасының келіспейтін пікір білдірген мүшесі мен Комиссия Алқасының ішкі нарықтардың жұмыс істеуі мәселелері құзыретіне кіретін мүшесінің арасында мүше мемлекеттердің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органдары басшыларының орындасарлары қатысатын консультациялар өткізіледі.
Көрсетілген консультациялар Комиссия Алқасының отырысы өткізілген күннен бастап 30 жұмыс күні ішінде өткізіледі.
Егер көрсетілген консультациялардың қорытындысы бойынша Комиссия Алқасының қаралып отырған мәселе құзыретіне кіретін мүшесі кедергіні шектеу ретінде жіктеуге келіскен жағдайда, мәселе белгіленген тәртіппен Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібіне қайтадан енгізіледі.
Егер консультациялардың қорытындысы бойынша Комиссия Алқасының қаралып отырған мәселе құзыретіне кіретін мүшесі кедергіні шектеу ретінде жіктеуге келіспеген жағдайда, мәселе белгіленген тәртіппен Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібіне қайтадан енгізілуі мүмкін.
20. Тосқауылдар кедергілер тізіліміне мына негіздердің бірі болған кезде енгізіледі:
а) осы Әдіснаманың 18-тармағында көзделген хаттамалық жазбада кедергі тосқауыл ретінде жіктелген;
б) Комиссия Алқасының күшіне енген, Комиссия Алқасы мүше мемлекетті (мүше мемлекеттерді) Одақ құқығына кіретін халықаралық шарттарды және (немесе) Комиссия шешімдерін орындау қажеттігі туралы хабардар еткен шешімі.
21. Шектеулер кедергілер тізіліміне мына негіздердің бірі болған кезде енгізіледі:
а) осы Әдіснаманың 19-тармағында көзделген хаттамалық жазбада кедергі шектеу ретінде жіктелген;
б) Комиссия Кеңесінің, Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кедергінің шектеу ретінде жіктелгенін қамтитын актілері немесе Одақ органдарының өзге де актілері қабылданған.
22. Алып қоюлар кедергілер тізіліміне енгізілмейді.
23. Тосқауылдар мен шектеулер жойылғаннан кейін олар кедергілер тізілімінен алып тасталады.
24. Комиссия Алқасының ішкі нарықтардың жұмыс істеуі мәселесі құзыретіне кіретін мүшесі тосқауылдар мен шектеулерді жою барысын мониторингтеуді қамтамасыз етеді.
25. Кедергілер тізілімі Комиссия Алқасы Төрағасының бұйрығымен айқындалатын тәртіппен электронды түрде қалыптастырылады және жүргізіледі.
VI. Тосқауылдарды жойылды деп тану тәртібі
26. Тосқауылдарды жоюды мүше мемлекеттер мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.
27. Комиссияны тосқауылдарды жою жөнінде шаралардың қабылданғаны туралы хабардар етуді мүше мемлекеттер Комиссия Алқасының хаттамалық жазбаларында (кедергілердің тосқауылдар ретінде жіктелгені көрсетілген) және Комиссия Алқасының Одақ құқығына кіретін халықаралық шарттар мен Комиссия шешімдерін мүше мемлекеттердің орындау қажеттігі туралы шешімдерінде белгіленген мерзімдерде жүзеге асырады.
28. Мүше мемлекеттер Комиссияны:
тосқауылдарды жоюға бағытталған нормативтік құқықтық актілер туралы олар қабылданған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде;
тосқауылдарды енгізген не олардың туындауына алып келген уәкілетті органдар әрекетінің (әрекетсіздігінің) тоқтатылғаны туралы олар тоқтатылған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Егер мүше мемлекет тосқауылды жою жөнінде қабылданған шаралар туралы белгіленген мерзімде Комиссияны хабардар етпеген жағдайда, Комиссия Алқасының тосқауылды жою барысын мониторингтеу нәтижелері туралы мәселе Комиссия Кеңесі отырысын күн тәртібіне енгізілуі мүмкін.
29. Уәкілетті департамент Комиссияның құрылымдық бөлімшелерімен бірге тосқауылдың жойылуына жүргізілген мониторинг негізінде не мүше мемлекеттен тосқауылдарды жою жөнінде шаралар қабылданғаны туралы ақпарат алған кезде осындай ақпарат алынған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны мүше мемлекеттердің Комиссия\мен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік билік органдарына жібереді.
Егер Комиссияның сұратуына жауап беру үшін Регламентте белгіленген мерзімде (күнтізбелік 30 күн) мүше мемлекеттен тосқауылды жою мәселесі бойынша қарсы пікір түспеген жағдайда, тосқауыл жойылды деп танылады да кедергілер тізілімінен алып тасталады.
Егер Комиссияның сұратуына жауап беру үшін Регламентте белгіленген мерзімде мүше мемлекеттен тосқауылды жою мәселесі бойынша қарсы пікір түскен жағдайда, уәкілетті департамент көрсетілген қарсы пікірді алған күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде мүше мемлекеттермен тосқауылды жойылды деп тану мәселесі бойынша консультациялар өткізеді.
30. Тосқауылды жойылды деп тану мәселесі жөніндегі консультацияларда бір немесе бірнеше мүше мемлекет өкілдерінің болмауы мұндай консультацияларды ауыстыруға негіз болмайды.
Консультациялар мүше мемлекеттердің өндірістік күнтізбесі мен жұмыс уақыты, сондай-ақ Одақ органдарының отырыстарын өткізу графигі ескеріле отырып өткізіледі.
31. Консультацияларға қатысу үшін уәкілетті департамент қаралып отырған мәселе құзыретіне кіретін Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің және Комиссияның басқа да мүдделі құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерін шақырады, сондай-ақ мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының, ғылыми және қоғамдық ұйымдарының өкілдері мен өзге де тәуелсіз сарапшылар шақырылуы мүмкін.
32. Консультациялар қорытындысы бойынша мүше мемлекеттер арасында тосқауылды жойылды деп тану мәселесіне қатысты келіспеушіліктер сақталған жағдайда, уәкілетті департамент осындай консультациялар аяқталған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану туралы мәселені Комиссия Алқасы отырысының күн тәртібіне қосу үшін құжаттар мен материалдар жиынтығын дайындайды, сондай-ақ консультациялардың қорытындысы бойынша хаттама ресімдеп, оны мүше мемлекеттер үкіметтерінің атына жібереді.
33. Тосқауылды жою нәтижелерін бағалау кезінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының мүше мемлекеттердің заңнамасын және (немесе) құқық қолдану практикасын Одақ құқығына сәйкес келтіру бағытында қабылданған нормативтік құқықтық актілері және (немесе) әрекеттері де назарға алынуға тиіс.
34. Комиссияның ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесінің (Министр) тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану туралы мәселені қосу туралы ұсыныстары Комиссия Алқасының Төрағасына Регламентте белгіленген тәртіппен жіберіледі.
35. Тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану туралы мәселе Комиссия Алқасының отырысында қаралады.
Комиссия Алқасы тосқауылды жойылды деп тану туралы шешім қабылдаған кезде ол кедергілер тізілімінен алып тасталады.
Комиссия Алқасы тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану туралы шешім қабылдамаған жағдайда, Комиссияның ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Комиссия Алқасының мүшелерімен тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану мәселесі бойынша консультациялар өткізуді ұйымдастырады.
Өткізілген консультациялар қорытындысы бойынша Комиссияның ішкі нарықтар, ақпараттандыру, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Комиссия Алқасының Төрағасына Регламентте белгіленген тәртіппен тосқауылды жойылды (жойылған жоқ) деп тану туралы мәселені Комиссия Алқасының отырысында қайтадан қарау туралы ұсыныс береді.