Алматы қаласы әкімдігінің "Коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің ережелерін бекіту туралы" 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 3/632 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 13 тамыздағы № 3/515 қаулысы

      Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Алматы қаласы әкімдігінің "Коммуналдық мемлекеттік мекемелерінің ережелерін бекіту туралы" 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 3/632 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      аталған қаулымен бекітілген 1-қосымша осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) құрылтай құжатына енгізілген өзгеріс туралы тіркеуші органды хабардар етуді;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ол алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Д. Сатыбалды

  Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы "13" тамыздағы № 3/515 қаулысына қосымша


  Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 11 қыркүйектегі № 3/632 қаулысына 1-қосымша

"Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) жолаушылар тасымалы саласында басшылықты жүзеге асыратын жолаушылар тасымалы кәсіпорындарының қызметін үйлестіру, жол қозғалысын ұйымдастыру, сондай-ақ микромобильдікті дамыту салаларында қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, Алматы қаласы мәслихатының шешімдеріне, Алматы қаласы әкімдігінің қаулыларына және өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма коммуналдық мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      5. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 050001, Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 4.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы:

      мемлекеттік тілде: "Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      орыс тілінде: коммунальное государственное учреждение "Управление организации дорожного движения и пассажирского транспорта города Алматы".

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      12. Басқармаға өзінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында кәсіпкерлік субьектілерімен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Басқарманың міндеттері, функциялары және өкілеттіктері

      13. Басқарманың міндеттері:

      1) жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру, көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыруды, көліктік жүктемені төмендетуді, көше-жол желісін пайдалану тиімділігін арттыруды және қаланың көлік жүйесінің орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      2) көліктік жоспарлауды жүзеге асыру, интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту, көлік саласын цифрландыру, жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру саласында заманауи технологиялар мен әлемдік үздік тәжірибелерді енгізу;

      3) жолаушылар мен багажды қоғамдық көлікпен тасымалдау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, сондай-ақ Басқарманың құзыреті шегінде аталған саладағы ұйымдардың қызметін үйлестіру;

      4) Алматы қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту;

      5) жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін арттыру;

      6) велосипед көлігін, электр самокаттарды, шағын электр көлігі құралдарын, каршерингті, таксиді және өзге де балама көлік түрлерін қоса алғанда, қалалық мобильділіктің балама құралдарын және тиісті инфрақұрылымды дамыту;

      7) коммуналдық ақылы тұрақтар және тұрақ инфрақұрылымы жүйесін дамыту, коммуналдық ақылы тұрақтардың көрсетілетін қызметтеріне сұранысты қанағаттандыруды қамтамасыз ету;

      8) тұрақ орындары мен тұрақтарда электромобильдерді зарядтауға арналған электр зарядтау станциялары инфрақұрылымын дамыту;

      9) жеткізілген (эвакуацияланған) көлік құралдарын қабылдауға, есепке алуға және сақтауға арналған арнайы алаңдар мен тұрақтардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де міндеттер.

      14. Басқарманың өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      1.1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды адамдарынан мемлекеттік құпияларды, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қажетті мәліметтерді, ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұрату және алу;

      1.2) Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басшыларының немесе оларды алмастыратын адамдардың, басшы орынбасарларының есептерін тыңдау;

      1.3) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу;

      1.4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне қайшы келмейтін келісімдер, меморандумдар жасасу;

      1.5) Алматы қаласының әкіміне ұсыныстар енгізу;

      1.6) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, мемлекеттік, салалық және өңірлік бағдарламалардың, тұжырымдамалардың, стратегиялардың, мастер-жоспарлардың және мемлекеттік жоспарлаудың өзге де құжаттарының жобаларын әзірлеу және келісу қатысуға;

      1.7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ұсыныстарды, жобаларды және сараптамалық қорытындыларды дайындауға ғылыми ұйымдарды, сарапшыларды, консультанттарды, мамандарды және жұртшылық өкілдерін тарту;

      1.8) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы комиссиялар, кеңестер, жұмыс топтары және басқа да консультативтік-кеңесші органдар құруды бастамашылық етуге не олардың қызметіне қатысу;

      1.9) жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы мамандармен конференциялар, семинарлар, оқытудың және тәжірибе алмасудың басқа да нысандарын ұйымдастыру;

      1.10) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдарда, соттарда, ұйымдарда және халықаралық ұйымдарда Басқарманың мүдделерін білдіру;

      1.11) Басқармаға бекітіп берілген мемлекеттік мүлікті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерде басқаруды жүзеге асыру;

      1.12) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде берілген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;

      2) міндеттері:

      2.1) Басқарманың құзыреті шегінде жолаушылар көлігі, жол қозғалысын ұйымдастыру, қалалық мобильділік, коммуналдық ақылы тұрақтар, көліктік жоспарлау және интеллектуалды көлік жүйелерін дамыту салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;

      2.2) Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруды және өткізуді қамтамасыз ету;

      2.3) Басқарманың қызметін жүзеге асыру кезінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      2.4) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарау;

      2.5) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша түсіндірмелер беру;

      2.6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың сапасын, қолжетімділігін, ашықтығын және цифрландырылуын арттыру жөнінде шаралар қабылдау;

      2.7) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және тәртіппен Басқарма қызметінің ашықтығын, оның қызметі туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      2.8) Басқарманың өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде белгілі болған мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия режимінің, сондай-ақ қолжетімділігі шектеулі ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету;

      2.9) Басқарманың қарамағындағы бюджет қаражатының, мемлекеттік мүліктің және өзге де ресурстардың тиімді, нысаналы және ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      2.10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, тәуекелдерді басқару және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау жөніндегі іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету;

      2.11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Басқарманың функциялары:

      1) көлік инфрақұрылымын дамыту саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында конкурстарды (не тікелей келіссөздерді) ұйымдастыру және өткізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу;

      2) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілердің, сондай-ақ өзге де құжаттардың жобаларын әзірлеу;

      3) жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының техникалық-экономикалық негіздемелерін, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      4) көліктік жоспарлауды жүзеге асыру, Алматы қаласының көлік моделін әзірлеу, жүргізу және өзектендіру, аумақтық-көліктік жоспарлау құжаттарын, жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын, жобалау құжаттамасын әзірлеу және басқарушылық шешімдер қабылдау кезінде көліктік модельдеу жүргізу;

      5) жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзірлеуді, келісуді, бекітуді, іске асырылуын мониторингтеуді және өзектендіруді ұйымдастыру;

      6) Басқарманың не оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қарамағындағы және мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, жол қозғалысын ұйымдастыруға арналған көлік инфрақұрылымының объектілері мен кешендерін салу, реконструкциялау, реставрациялау, жаңғырту, сейсмикалық күшейту, күрделі жөндеу және абаттандыру кезінде тапсырыс беруші функцияларын жүзеге асыру;

      7) жоспарланып отырған құрылыс салу, аумақтарды реконструкциялау және дамыту жобаларының жол-көлік инфрақұрылымының жай-күйі мен өткізу қабілетіне әсерін бағалауды жүзеге асыру;

      8) қала құрылысы құжаттамасын келісу кезінде аумақтық-көліктік жоспарлау және жол қозғалысын ұйымдастыру жөніндегі бөлімнің болуын қамтамасыз ету;

      9) автомобиль жолдарының авариялық-қауіпті орындары мен учаскелерін жою жөніндегі, оның ішінде жол қозғалысын ұйымдастыру схемаларын өзгерту арқылы іс-шараларды іске асыру жолымен көлік инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, күтіп-ұсталуын және дамуын қамтамасыз ету;

      10) жолдарда немесе жолдардың жекелеген учаскелерінде жол қозғалысын уақытша шектеу немесе оған тыйым салу, жол қозғалысын ұйымдастыруды өзгерту жөнінде шаралар қабылдау және бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты хабардар ету;

      11) жолдарда (көшелерде) бұқаралық, спорттық және өзге де іс-шараларды өткізу схемалары мен маршруттарын келісу;

      12) көлік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу кезінде, сондай-ақ бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде жол қозғалысын ұйымдастырудың уақытша схемаларын келісу;

      13) автомобиль жолдарында, көшелерде, олардың жекелеген учаскелерінде, көлік тораптарында және көше-жол желісінің өзге де элементтерінде көлік құралдары қозғалысының параметрлері (қозғалыс жылдамдығы, қарқындылығы, жүктелу деңгейі, қозғалыс аралықтары, жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының орналасуы мен жай-күйі) туралы деректерді жинау, өңдеу, жинақтау және талдау арқылы жол қозғалысының мониторингін жүзеге асыру;

      14) жол қозғалысын ұйымдастыру тиімділігінің мониторингін, кептелістердің, жол-көлік оқиғаларының туындау себептерін және көше-жол желісінің өткізу қабілетіне әсер ететін өзге де факторларды талдауды жүзеге асыру, сондай-ақ оларды жою жөнінде ұсыныстар дайындау;

      15) көлік ағындарын, жолаушылар ағындарын, халықтың көліктік жылжымалылығын, көше-жол желісі мен маршруттық желінің жүктелу деңгейін талдауды жүзеге асыру, оларды оңтайландыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      16) жол-көлік оқиғаларынан болатын шығындардың, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалатын бюджет шығындарының, сондай-ақ көше-жол желісіндегі авариялылықты төмендету жөнінде қабылданатын шаралардың тиімділігі мониторингін жүзеге асыру;

      17) жол қозғалысын басқарудың автоматтандырылған жүйесін, бағдаршам объектілерін және жол қозғалысын ұйымдастырудың өзге де техникалық құралдарын пайдалануды, мониторингтеуді, жаңғыртуды және дамытуды ұйымдастыру;

      18) Басқарма қызметінің тиімділігін, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын, ашықтығын, жеделдігін және қолжетімділігін арттыру мақсатында бизнес-процестерді цифрландыру, жаңа технологияларды, жасанды интеллектіні, мобильді қосымшаларды және өзге де цифрлық шешімдерді енгізу және дамыту;

      19) Алматы қаласының интеллектуалды көлік жүйелерін құруды, пайдалануды, сүйемелдеуді, жаңғыртуды және дамытуды ұйымдастыру;

      20) интеллектуалды көлік жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге маманданған ұйымдарды құру;

      21) қаланың көлік жүйесінің жұмыс істеуі туралы деректерді жинауды, өңдеуді, сақтауды, жүйелеуді және талдауды жүзеге асыру, жол қозғалысын ұйымдастыру саласындағы ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және жүргізу;

      22) Алматы қаласы көлік инфрақұрылымының цифрлық сервистерін, цифрлық платформаларын және цифрлық егіздерін дамыту және жетілдіру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      23) Басқарманың құзыреті шегінде жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарының және көлік инфрақұрылымының өзге де объектілерінің тізілімін жүргізу;

      24) көше-жол желісіне түсетін көліктік жүктемені төмендетуге, көлік инфрақұрылымын пайдалану тиімділігін арттыруға және қалалық мобильділікті орнықты дамытуға бағытталған көлікке сұранысты басқару жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      25) маршруттық көлік құралдарының басым қозғалысын қамтамасыз ету, қоғамдық көлікке арналған бөлек бөлінген қозғалыс жолақтарын дамыту және қоғамдық көліктің жұмыс тиімділігін арттыру жөніндегі өзге де шаралар бойынша іс-шараларды ұйымдастыру;

      26) Алматы қаласының жүк көлігі каркасын қалыптастыру, жүк көлігінің қозғалыс маршруттарын және оның аумақтық және (немесе) уақыттық өлшемшарттар бойынша қозғалысына шектеулерді белгілеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеуді және іске асыруды ұйымдастыру;

      27) көлік құралдарының кіруі шектелген аймақтарды, қоғамдық көліктің басым қозғалысы аймақтарын, жаяу жүргіншілер аймақтарын, қозғалысы тынышталған аймақтарды және жол қозғалысын ұйымдастырудың ерекше жағдайлары бар өзге де аймақтарды қоса алғанда, жол қозғалысын ұйымдастырудың арнайы аймақтарын ұйымдастыру;

      28) Басқарманың құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен, кәсіпорындармен және олардың лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      29) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілер мен кешендерді салу, реконструкциялау, реставрациялау, жаңғырту, күрделі жөндеу, сейсмикалық күшейту және абаттандыру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      30) Басқарманың қарамағындағы ұйымдарға қатысты олардың жарғыларына сәйкес мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыру, оның ішінде даму жоспарларын, қаржылық есептілікті қарау, келісу және бекіту, сондай-ақ даму жоспарларының орындалуын, жұмыс істеуін және басқару тиімділігін мониторингтеу, талдау және бақылау, таза кірістің бір бөлігін бюджетке аудару нормативін әзірлеу, сондай-ақ таза кірістің бір бөлігінің бюджетке аударылуының толықтығы мен уақтылығын бақылау;

      31) бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің функцияларын жүзеге асыру;

      32) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу, мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды жасасу, орындау, өзгерту және бұзу;

      33) жол-көлік инфрақұрылымы және жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдары саласында жұмыстарды ұйымдастыру және бақылауды жүзеге асыру;

      34) Басқарманың қарамағындағы ұйымдар жүзеге асыратын жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын пайдалану және оларға техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және бақылауды жүзеге асыру;

      35) жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын фото- және бейнетіркеу жүйелерінің жұмыс істеуі мен дамуын үйлестіру және бақылауды жүзеге асыру;

      36) интеллектуалды көлік жүйесін пайдалану және дамыту жөніндегі жұмыстарды үйлестіру және бақылауды жүзеге асыру;

      37) Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша техникалық сараптама жүргізуін және жобалық шешімдерді дайындауын үйлестіру және бақылауды жүзеге асыру;

      38) жолаушылар көлігі саласында мемлекеттік қызметтерді ашықтық, қолжетімділік және есеп берушілік қағидаттарында көрсету;

      39) қоғамдық көлікті диспетчерлендіруді үйлестіру және ұйымдастыру;

      40) заңнамада көзделген мәселелер бойынша Алматы қаласы мәслихаты шешімдерінің жобаларын әзірлеу және оларды Алматы қаласы әкімдігінің қарауына енгізу;

      41) тарифтердің есеп-қисаптарын әзірлеу;

      42) қоғамдық көлік жүргізушілерінің, тасымалдаушылардың, жолаушылардың және жол жүру ақысын төлеу жүйесі операторының Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын және шарттық міндеттемелерді сақтауы мәселелері бойынша мониторингті және көшпелі іс-шараларды ұйымдастыру;

      43) қалалық іс-шараларға рейстік автобустармен қызмет көрсетуді ұйымдастыру;

      44) қалалық рельстік көлікпен әлеуметтік маңызы бар тұрақты жолаушылар тасымалдын ұйымдастыру;

      45) жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық және облысаралық тасымалдауды ұйымдастыру, сондай-ақ оларға қызмет көрсету құқығына конкурстар өткізу;

      46) жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық және облысаралық автомобильмен тасымалдау маршруттарының тізілімін жүргізу;

      47) жолаушылар мен багажды тұрақты қалалық, қала маңындағы, қалааралық және облысаралық тасымалдау маршруттарын және қозғалыс кестелерін бекіту;

      48) қалалық және қала маңындағы маршруттық көлікпен жолаушылар мен багажды әлеуметтік маңызы бар тасымалдауды жүзеге асыру кезінде тасымалдаушылардың залалдарын (шығыстарын) субсидиялау;

      49) азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдікпен және тегін жол жүруді ұсыну арқылы әлеуметтік қолдау көрсетуді жүзеге асыру;

      50) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің тізілімін жүргізу;

      51) автовокзалдардың, автостанциялардың және жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің қызметі басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

      52) жолаушылар мен багажды тұрақты қалааралық облысаралық автомобильмен тасымалдау маршруттарын және қозғалыс кестелерін келісу;

      53) жеңіл таксимен жолаушылар мен багажды тасымалдауды ұйымдастыру;

      54) такси тасымалдаушысы ретіндегі қызмет басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

      55) такси тасымалдаушысы ретінде қызметті жүзеге асыратын адамдардың тізілімін жүргізу;

      56) жалпы пайдаланылатын аумақтарда такси тұрақтарын ұйымдастыру және жабдықтау;

      57) электрондық (цифрлық) тахографтарға арналған электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызмет басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

      58) тахографтарды орнату және оларға қызмет көрсету жөніндегі қызмет басталғаны немесе тоқтатылғаны туралы хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыру;

      59) электрондық (цифрлық) тахографтарға арналған электрондық карточкаларды дайындау және беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын адамдардың тізілімін жүргізу;

      60) қалалық мобильділіктің балама түрлерін дамыту жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      61) каршерингті, карпулингті (райдшерингті), велосипед көлігін, электр самокаттарды қоса алғанда, жеке мобильділік құралдарын және қалалық мобильділіктің өзге де балама түрлерін дамытуды нормативтік реттеу және ынталандыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      62) велосипед инфрақұрылымының қауіпсіз жұмыс істеуін, күтіп-ұстауда және дамытуды қамтамасыз ету;

      63) велосипед инфрақұрылымын келісу, жобалау және салу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      64) тұрақ орындары мен тұрақтарда электромобильдерді зарядтауға арналған электр зарядтау станциялары инфрақұрылымын дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

      65) коммуналдық ақылы тұрақтарды ( көлік орынданрын, паркингтерді, автотұрақ орындарын, паркингтердің) орналастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      66) паркингтер салу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      67) тротуар үлгісіндегі ақылы коммуналдық автотұрақтарды (автопаркингтерді) жабдықтау, абаттандыру, оларды пайдалану және пайдалану құқығын беру жөнінде конкурстар өткізу;

      68) тұрақ кеңістігінің паспорттарын келісу;

      69) автотұрақтардың (автопаркингтердің, паркингтердің) санаттарын айқындауға қатысу;

      70) тұрақ инфрақұрылымы объектілері бойынша жұмыстарды үйлестіру және бақылау;

      71) қаланың тұрақ кеңістігін пайдалану тиімділігіне мониторинг жүргізу;

      72) тұрақ кеңістігін басқарудың цифрлық жүйесін құруды, пайдалануды, дамытуды және жаңғыртуды ұйымдастыру;

      73) коммуналдық ақылы тұрақтардың көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеудің бақылануын қамтамасыз ету;

      74) жеткізілген (эвакуацияланған) көлік құралдарын арнайы алаңдар мен тұрақтарда қабылдау жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      75) көлік құралдарын арнайы алаңдар мен тұрақтарға эвакуациялау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      76) көлік инфрақұрылымы объектілерін пайдалануға қабылдауды және оларды коммуналдық меншікке беруді ұйымдастыру;

      77) әуежайлармен және теміржол вокзалдарымен өзара іс-қимылды қоса алғанда, қаланың көлік жүйесінің жұмысын үйлестіру және ұйымдастыру;

      78) қалалық рельстік көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру және мемлекеттік тіркеу туралы куәліктер беру;

      79) өздігінен жүзетін шағын көлемді кемелерді басқару құқығына куәліктер беру;

      80) әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру;

      81) жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен петицияларын қарау, келіп түсетін өтініштерді талдау және жүйелі проблемаларды анықтау.

3-тарау. Басқарманың бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын.

      17. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      18. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болатын.

      19. Басқарманың басшысы:

      1) Басқармаға жүктелген міндеттер мен функциялардың, Алматы қаласы әкімдігі қаулыларының және Алматы қаласы әкімінің, әкім орынбасарларының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      2) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      3) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      4) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайды;

      5) шарттар жасасады;

      6) сенімхаттар береді;

      7) банк шоттарын ашады;

      8) Басқарманың бөлімдері туралы ережелерді бекітеді;

      9) өз құзыреті шегінде Басқарманың барлық қызметкерлері үшін, сондай-ақ жарғысына (ережесіне) сәйкес номенклатурасы Басқарманың құзыретіне жатқызылған, Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Басқарманың қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      11) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда конкурс өткізу арқылы не еңбек шарттарын жасасу арқылы жарғысына (ережесіне) сәйкес номенклатурасы Басқарманың құзыретіне жатқызылған, Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлерін лауазымдарға тағайындайды және лауазымдардан босатады;

      12) мемлекеттік мүлік туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын басшысын аттестаттауды жүргізеді;

      13) жарғысына (ережесіне) сәйкес номенклатурасы Басқарманың құзыретіне жатқызылған, Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қызметкерлерінің міндеттерін және өкілеттіктерінің аясын айқындайды;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда Басқарманың қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен және жағдайларда жарғысына (ережесіне) сәйкес номенклатурасы Басқарманың құзыретіне жатқызылған, Басқарманың қарамағындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің қызметкерлеріне көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны алмастыратын адам жүзеге асырады.

      20. Басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.

4-тарау. Басқарманың мүлкі

      21. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда оралымды басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Басқармаға бекітіп берілген мүлік Алматы қаласының коммуналдық меншігіне жатады.

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Басқарманың өзіне бекітіп берілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      24. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының "Алматы қаласы жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі;

      2) Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы "Алматы паркинг" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны;

      3) "Алматыэлектротранс" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады