"Мемлекеттік органдар қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі Әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 21 қазандағы № 111 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 22 мамырдағы № 53 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік органдар қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі Әдістемені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2025 жылғы 21 қазандағы №111 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік органдар қызметіне салалық (ведомстволық) функционалдық шолулар жүргізу жөніндегі әдістемеде:

      2-тармақ:

      мынадай мазмұндағы 8-1), 8-2), 11-1) жәнге 14) тармақшаларымен толықтырылсын:

      "8-1) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган – мемлекеттік қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;

      8-2) бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган – бюджеттік жоспарлау саласында басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді, өз құзыреті шегінде бюджеттік жоспарлау бойынша әдіснамалық басшылықты, сондай-ақ бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;";

      "11-1) мемлекеттік орган функцияларын саралау – стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге қосқан үлесі негізінде функцияларды басымдық деңгейлері мен басқарушылық маңыздылығы бойынша жіктеу және бөлу жөніндегі жүйелендірілген процесс;";

      "14) Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының адам ресурстарын басқару институтының жасанды интеллект зертханасы (бұдан әрі – ЖИ-зертханасы) – мемлекеттік сектор үшін зияткерлік шешімдерді әзірлеу, тестілеу және енгізу жөніндегі цифрлық алаң;";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Мемлекеттік органдар 8-тармақта көрсетілген жағдайларда 20 (жиырма) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде функционалдық талдау жүргізеді.

      Өткізілген талдау нәтижелері аяқталған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органға, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға міндетті түрде жіберіледі.

      Уәкілетті орган, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган келіп түскен материалдарды олар алынған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жинақтауды және тексеруді жүзеге асырады.

      Талдауды жүргізудің жалпы мерзімі сұрау келіп түскен кезден бастап қорытынды жиынтық қорытындыны ұсынғанға дейін 40 (қырық) жұмыс күнінен аспауы тиіс.";

      14-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мақсаттармен салыстыру кезеңі және функцияларды саралау";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Мақсаттармен салыстыру кезеңі және функцияларды саралау.

      Мақсаттармен салыстыру мыналарды қамтиды:

      стратегиялық құжаттарға байланыстыру: функцияның мемлекеттік бағдарламалармен, ұлттық басымдықтармен, салаларды дамыту стратегияларымен, мемлекеттік органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың даму жоспарларымен байланысын талдау;

      нысаналы индикаторлармен және KPI-мен байланыс: функцияны орындау нақты түйінді тиімділік көрсеткіштеріне (KPI) және мемлекеттік орган немесе сектор үшін белгіленген нысаналы индикаторларға қол жеткізуге қалай әсер ететінін айқындау;

      салымды бағалау: стратегиялық міндеттерді шешуге және жаһандық мақсаттарға қол жеткізуге функцияның тікелей және жанама үлесін сандық және сапалық бағалау;

      мақсаты: функцияның стратегиялық маңыздылығы мен өзектілігін, оның жалпы мемлекеттік саясатқа және ұзақ мерзімді жоспарларға сәйкестігін растау.

      Функцияларды саралау Функционалдық аналитика модулінде жүргізіледі.

      Функционалдық аналитика модулі функцияларды мынадай түрлерге саралауды жүзеге асырады:

      1) басым/салалық – негізгі ұлттық индикаторлар және Ережеде бекітілген мемлекеттік органның міндеттері негізінде айқындалатын функциялар;

      2) әмбебап – жалпы мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған және барлық мемлекеттік органдар үшін міндетті функциялар;

      3) процестік – өкілеттіктерді орындауға бағытталған әрекеттердің дәйектілігін көрсететін функциялар;

      4) сабақтас – ведомствоаралық өзара іс-қимыл функциялары;

      5) қосалқы – мемлекеттік органның ішкі жұмысын реттеуге бағытталған функциялар.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Сараптамалық қорытынды кезеңі.

      Функцияларды талдауға, жүктемені және бюджеттік тиімділікті бағалауға бірыңғай тәсілді қалыптастыру, сондай-ақ Үкімет деңгейінде басқарушылық шешімдер қабылдау үшін негізделген ұсынымдар әзірлеу үшін мемлекеттік органдар мынадай рөлдерге сәйкес қорытындылар ұсынады:

      1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жүктемені және қайшылық/ауытқуларды қайта қарау жөніндегі ЖИ-зертханасын қолдана отырып, талдау негізінде, сондай-ақ мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бойынша ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады.

      2. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бюджеттік шығыстарды оңтайландыру және тиімді бюджеттік жоспарлау бойынша ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады.

      3. Уәкілетті орган мемлекеттік органдар құрылымының тиімділігі мен негізгі ұлттық индикаторларға қол жеткізудің басымдылығын ескере отырып, функцияларды оңтайландыру бойынша функционалдық талдау модулін қолдана отырып, талдау негізінде ұсынымдар әзірлеуді жүзеге асырады.

      Талдау қорытындысы бойынша қалыптастырылған қорытынды Қазақстан Республикасының Үкіметіне қарауға жіберіледі, онда қажет болған жағдайда цифрлық шешімдерді нақтылау үшін келісу кеңестері өткізіледі.";

      41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Талдау мемлекеттік басқарудың әрбір саласы (аясы) бойынша барлық функциялардың толық тізбесін жасау және оларды стратегиялық, реттеуші, іске асырушы және бақылау функцияларына бөлу, сондай-ақ функцияларды саралау арқылы жүргізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік басқару жүйесін дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде және алғаш ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыру үшін жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі
С. Жумангарин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады