Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдар қызметінің қағидалары бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрінің 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 196-НҚ бұйрығы

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 10-бабының 23-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы ұйымдардың қызметі қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қазақ және орыс тілдерінде жіберуді қамтамасыз етсін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат
министрінің
2026 жылғы 20 сәуірдегі
№ 196-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдар қызметінің қағидалары

1. Тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдар қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 10-бабының 23-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдар қызмет тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      2) монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер);

      3) тарих және мәдениет ескерткіштері – Тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосылған тарихи-мәдени мұра объектілері

      4) тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      3. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі ұйымдар (бұдан әрі – ұйым) жергілікті атқарушы органның шешімімен коммуналдық мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанында құрылады.

2 Тарау. Ұйымның негізгі міндеттері

      4. Ұйымның негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      1) жергілікті атқарушы органның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және олардың сақталуын қамтамасыз ету;

      2) ғылыми-зерттеу, есепке алу және мониторинг жұмыстарын жүргізу;

      3) тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдалану жөніндегі іс-шараларды әзірлеу және іске асыру;

      4) тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша арнайы комиссия құру;

      5) монументалды өнердің жаңа құрылыстарын орнату үшін құжаттарды дайындау жөніндегі жұмысты жүргізу.

      5. Археология ескерткіштерінде тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган бекіткен жоспарға сәйкес археологиялық және қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізеді.

3 Тарау. Ұйым қызметінің тәртібі

      6. Ұйымның негізгі қызметі мыналар болып табылады:

      1) тарихи-мәдени мұра объектілері бойынша есептік және ғылыми құжаттаманы жүргізу (есептік карточка, паспорттар, қорғау аймағына қатысты құжаттар);

      2) атқарушы орган бекіткен жоспарға сәйкес тарихи-мәдени мұра объектілерінің техникалық жай-күйін жылына кемінде бір рет қарап-тексеру;

      3) объектілерді жергілікті және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімдеріне енгізу бойынша ұсыныстар дайындау;

      4) қорғау аймақтарын және аумақтарды пайдалану режимдерін әзірлеуге, қорғау, реставрациялау, консервациялау жұмыстарын жүргізуге қатысу, сондай-ақ қорғау міндеттемелерін жасасу;

      5) көрмелер, дәрістер, экскурсиялар және өзге де мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыру;

      6) ғылыми, білім беру және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау, өңірлік бағдарламаларды әзірлеуге қатысу, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады