Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларын белгілеу туралы

Жаңа

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2025 жылғы 26 тамыздағы № 20-3 шешімі

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1-тармағы 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушысының 2025 жылғы 11 шiлдедегi № 171-НҚ "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылы 14 шілдеде №36443 болып тіркелді) бұйрығына сәйкес Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының "Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидаларын белгілеу туралы" 2017 жылғы 26 маусымдағы № 11-3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4867 тіркелген) шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихат төрағасы М. Мұқаев

  Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2025
жылғы 26 тамыздағы
№20-3 шешіміне қосымша

Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Батыс Қазақстан облысының су объектілерінде ортақ су пайдаланудың Қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 6-бабының 1-тармағының 15) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушысының 2025 жылғы 11 шiлдедегi № 171-НҚ "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылы 14 шілдеде №36443 болып тіркелді) бұйрығына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың Батыс Қазақстан облысының аумағында ортақ пайдаланылатын су объектілерінде ортақ су пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Ортақ су пайдалануды жеке тұлғалар рекреацияға, туризмге, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға және шаруашылық немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес бос уақыттың өзге де нысандарына, сондай-ақ жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Ортақ су пайдалану кезінде су объектілерін пайдалану су объектісінің ажырамас бөлігі болып табылатын жария су сервитуты шеңберінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Ортақ су пайдалану тәртібі

      5. Батыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалардың ортақ су пайдалану құқығын жүзеге асыру мақсатында:

      1) су обьектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      2) ортақ су пайдалану су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды айқындайды;

      3) әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су объектілерінің және (немесе) учаскелерінің және іргелес жағалау белдеуінің учаскелерін айқындайды;

      4) халыққа ортақ су пайдалану бойынша орнатылған шектеулер мен тыйымдар туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      6. Су объектісіне тікелей қолжетімділік болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қоғамдық сервитут орнатады.

      7. Шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жариялануға жатады және су объектілерінің жағалауында арнайы ақпараттық белгілер орнату арқылы танысуға қолжетімді болуға тиіс.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін су объектілерін пайдалану санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде және суару алаңдары мен су объектілерін ластау мен кірлетудің алдын алатын басқа да құралдар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      9. Балық шаруашылығы су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, аталмыш су объектісінде көл-тауар шаруашылығын жүргізу құқығы берілген тұлғаларға ұйымдастырылады.

      10. Ортақ су пайдалану объектілерін пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:

      1) су объектілеріне жеке тұлғалардың қолжетімділігін шектейтін қоршауларды, шлагбаумдарды, тыйым салатын белгілерді және басқа да құралдарды өздігінен орнату;

      2) су объектілерін ластау және кірлету;

      3) шомылуға арналған жерлерде көлікті жуу, киім жуу және жануарларды шомылдыру;

      4) арнайы ақпараттық белгілер орнатылған, ескерту немесе тыйым салу жазулары бар жерлерде шомылу;

      5) арнайы ақпараттық белгілерді өздігінен алып тастау, зақымдау немесе жою;

      6) жанармай және майлау материалдарын сақтау;

      7) көлікті жанармаймен қамтамасыз ету, жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;

      8) су объектілерінде және олардың жанында кәмелетке толмаған балаларды ересектерсіз қалдыру.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады