Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің м.а. 2025 жылғы 11 шiлдедегi № 171-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 14 шiлдеде № 36443 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Су кодексінің 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" заңының 27-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес бекiтілсін.

      2. Бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация министрінің м.а.
А. Абдраимов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Көлік министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Туризм және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация
министрінің м.а.
2025 жылғы 11 шілдедегі
№ 171-НҚ Бұйрыққа
1-қосымша

Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидалары (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) Қазақстан Республикасы Су кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 26-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағында ортақ пайдаланылатын су объектілерінде ортақ су пайдалануды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Ортақ су пайдалануды жеке тұлғалар рекреацияға, туризмге, әуесқойлық (спорттық) балық аулауға және шаруашылық немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес бос уақыттың өзге де нысандарына, сондай-ақ жайылымдарда ауыл шаруашылығы жануарларын суаруға деген жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жүзеге асырады.

      3. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.

      4. Ортақ су пайдалану кезінде су объектілерін пайдалану су объектісінің ажырамас бөлігі болып табылатын жария су сервитуты шеңберінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Ортақ су пайдалану тәртібі

      5. Жергілікті атқарушы органдар жеке тұлғалардың ортақ су пайдалану құқығын жүзеге асыру мақсатында:

      1) су обьектілеріне кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

      2) ортақ су пайдалану су объектілерінде жаппай демалуға, туризмге және спортқа арналған орындарды айқындайды;

      3) әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру үшін балық шаруашылығы су объектілерінің және (немесе) учаскелерінің және іргелес жағалау белдеуінің учаскелерін айқындайды;

      4) халыққа ортақ су пайдалану бойынша орнатылған шектеулер мен тыйымдар туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      6. Су объектісіне тікелей қолжетімділік болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 69-бабына сәйкес қоғамдық сервитут орнатады.

      7. Шектеулер немесе тыйымдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарында жариялануға жатады және су объектілерінің жағалауында арнайы ақпараттық белгілер орнату арқылы танысуға қолжетімді болуға тиіс.

      8. Ауыл шаруашылығы жануарларын суару үшін су объектілерін пайдалану санитарлық қорғау аймағынан тыс жерде және суару алаңдары мен су объектілерін ластау мен кірлетудің алдын алатын басқа да құралдар болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

      9. Балық шаруашылығы су объектілерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке және (немесе) заңды тұлғаларға, аталмыш су объектісінде көл-тауар шаруашылығын жүргізу құқығы берілген тұлғаларға ұйымдастырылады.

      10. Ортақ су пайдалану объектілерін пайдалану кезінде мыналарға жол берілмейді:

      1) су объектілеріне жеке тұлғалардың қолжетімділігін шектейтін қоршауларды, шлагбаумдарды, тыйым салатын белгілерді және басқа да құралдарды өздігінен орнату;

      2) су объектілерін ластау және кірлету;

      3) шомылуға арналған жерлерде көлікті жуу, киім жуу және жануарларды шомылдыру;

      4) арнайы ақпараттық белгілер орнатылған, ескерту немесе тыйым салу жазулары бар жерлерде шомылу;

      5) арнайы ақпараттық белгілерді өздігінен алып тастау, зақымдау немесе жою;

      6) жанармай және майлау материалдарын сақтау;

      7) көлікті жанармаймен қамтамасыз ету, жуу және жөндеу жұмыстарын жүргізу;

      8) су объектілерінде және олардың жанында кәмелетке толмаған балаларды ересектерсіз қалдыру.

  Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация
министрінің м.а.
2025 жылғы 11 шілдедегі
№ 171-НҚ Бұйрыққа
2-қосымша

Күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 11434 тіркелген).

      2. "Ортақ су пайдаланудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 19-1/252 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 5 мамырдағы № 209 бұйрығы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 14195 тіркелген).

      3. "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2019 жылғы 13 желтоқсандағы № 109 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтары тізімінің 2-тармағы (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізбесінде № 19776 тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады