ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволары мен аумақтық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы № 16 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрыққа 3-қосымшада:
7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) құпия және құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу;";
15-1) тармақшамен толықтырылсын:
"15-1) мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сақтау нормативтерін әзірлеу;";
20-1) тармақшамен толықтырылсын:
"20-1) мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен номенклатура өзгерген кезде броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік резервтен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімнің жобасын әзірлеу;";
33-1) тармақшамен толықтырылсын:
"33-1) жұмылдыру резервінің броньнан шығарылған материалдық құндылықтарының орын ауыстыруды қамтамасыз ету;";
42-1) және 42-2) тармақшалармен толықтырылсын:
"42-1) жарты жылдың қорытындысы бойынша – есепті жылдың 15 шілдесіне дейін, жылдың қорытындысы бойынша – есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін орталық атқарушы органға мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын есепке алу жөніндегі ақпаратты ұсыну;
42-2) жою немесе кәдеге жарату үшін броньнан шығару тәртібімен мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығаруды қамтамасыз ету;";
көрсетілген бұйрыққа 4-қосымшада:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, "Есіл" ауданы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8/2, 8-қабат.";
8) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"8) өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалар басшыларының, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссиялары мүшелерінің емтихан тапсыру және білімін тексеру тәртібін әзірлейді;";
11) тармақша алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 99-1), 99-2), 99-3), 99-4), 99-5), 99-6), 99-7) және 99-8) тармақшаларымен толықтырылсын:
"99-1) әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қою және есептен шығару тәртібін әзірлейді;
99-2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби авариялық-құтқару қызметтеріне және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби объектілік авариялық-құтқару қызметтеріне қойылатын талаптарды әзірлейді;
99-3) қызметті немесе жекелеген қызмет түрлерін тоқтата тұру не тыйым салу туралы актінің нысанын әзірлейді;
99-4) газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары иелерінің және өнеркәсіптік тұтынушылардың – қысыммен жұмыс істейтін түтіктерді сұйытылған мұнай газын сақтау үшін пайдаланатын олардың иелерінің тізілімін жүргізеді және өзінің интернет-ресурсында жариялайды;
99-5) газ толтыру станциялары, газ толтыру пункттері, автогаз құю станциялары иелерінің және өнеркәсіптік тұтынушылардың – қысыммен жұмыс істейтін түтіктерді сұйытылған мұнай газын сақтау үшін пайдаланатын олардың иелерінің тізілімін жүргізу қағидаларын әзірлейді;
99-6) бұзылуы жедел ден қою шараларын қолдануға алып келетін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының тізбесін әзірлейді, сондай-ақ талаптарды нақты бұзушылықтарға қатысты жедел ден қою шарасының нақты түрін осы шараның қолданылу мерзімін көрсете отырып (қажет болған жағдайда) айқындайды;
99-7) қауіпті өндірістік объектілерді жаңарту мен техникалық қайта жарақтандырудың жиынтық жоспарын келіседі;
99-8) өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды адамдары санының нормативтерін әзірлейді;".
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Заң департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағаларына құрылтай құжаттарын, сондай-ақ құрылтай құжаттарына енгізілген өзгерістер мен (немесе) толықтыруларды Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген тәртіпте әділет органдарында тіркеуді қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының жиырма бірінші, жиырма сегізінші абзацтарын қоспағанда, осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі |
Ш. Әрінов |
