ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 7-тармақтан қараңыз.
"Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 22-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. "Электрондық үкімет" порталы арқылы "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін көрсету бойынша пилоттық жобасы іске қосылсын.
2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес "Электрондық үкімет" порталы арқылы "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін көрсету алгоритмі бекітілсін.
3. Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне және "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамына 2025 жылғы желтоқсан айының соңына дейін "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметі бойынша "Электрондық үкімет" порталын модификациялау жұмыстарын аяқтасын.
4. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері осы бірлескен бұйрықты жергілікті атқарушы органдардың және ведомстволық бағынысты ұйымдарының назарына жеткізсін.
5. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бірлескен бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
2) осы бірлескен бұйрыққа мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялауды және Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жолдауды қамтамасыз етсін.
6. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлеріне жүктелсін.
7. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейінгі он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 31 мамырға дейін қолданылады.
"Электрондық үкімет" порталы арқылы "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін көрсетудің алгоритмі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Электрондық үкімет" порталы арқылы "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін көрсетудің алгоритмі (бұдан әрі – Алгоритм) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) фронт-офистері жұмыскерлерінің "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін көрсету кезіндегі іс-қимыл тәртібін айқындайды.
2. Алгоритмде келесі ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:
1) консультация секторы – азаматтарға ақпараттық-консультациялық көмек және бірыңғай электрондық кезек талондарын беру жүзеге асырылатын Мемлекеттік корпорация фронт-офистерінің белгілі бір учаскесі;
2) көрсетілетін қызметті алушы – еңбекші көшіп келушіге (көшіп келуші) берілген рұқсаттың негізінде жұмыс беруші жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) мақсатында Қазақстан Республикасына үй қызметкері ретінде келген көшіп келуші;
3) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар;
4) өзіне-өзі қызмет көрсету секторы – фронт-офис қызметкерінің көрсетілетін қызметті алушыларға консультациялық-әдістемелік көмегі жүзеге асырылатын, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта дербес алатын Мемлекеттік корпорация фронт-офистерінің белгілі бір учаскесі;
5) "Электрондық үкіметтің" порталы (бұдан әрі – ЭҮП) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, бүкіл шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерге және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесі болатын ақпараттық жүйе;
6) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.
2-тарау. Мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі сәйкестендіру тәртібі
3. Көрсетілетін қызметті алушы "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу" мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет) алуға жүгінген кезде Мемлекеттік корпорацияның консультация секторының қызметкері көрсетілетін қызметті алушыға ЭҮП арқылы көрсетілетін қызметті алу тәртібін түсіндіреді және қажет болған жағдайда, оны ЭҮП-те мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін өзіне-өзі қызмет көрсету секторына жібереді.
4. Мемлекеттік корпорацияның өзіне-өзі қызмет көрсету секторының консультанты "Еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 15 сәуірдегі № 123 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 27595 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) сәйкес көрсетілетін қызметті алушыға ЭҮП-те мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу тәртібі туралы консультация береді.
5. Көрсетілетін қызметті алушы электрондық өтініштің қажетті өрістерін толтырады, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қажетті құжаттарды сканерлейді, оларды электрондық өтінішке тіркейді, содан кейін өзінің ЭЦҚ-мен қол қояды.
Қызмет алушылардан ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттар мен мәліметтерді талап етуге жол берілмейді.
6. Көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сы болмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның өзіне-өзі қызмет көрсету секторының консультанты көрсетілетін қызметті алушыға ЭҮП арқылы ЭЦҚ алу тәртібі туралы консультация береді.
7. Егер техникалық ақаулар немесе басқа да себептерге байланысты мемлекеттік қызметке электрондық өтінішті ЭҮП арқылы тапсыру мүмкін емес болса, қызмет алушы құжаттарды қағаз нысанында тапсыру үшін операциялық залға электрондық кезек алу билетін алу мақсатында Мемлекеттік корпорацияның консультация секторына жүгінеді.
8. Мемлекеттік корпорацияның операциялық зал маманы құжаттарды мемлекеттік қызмет көрсету үшін Қағидалар талаптарына сәйкес қабылдайды.
9. Көрсетілетін қызметті берушілер мен "Ұлтық ақпараттық технологиялар" АҚ өздеріне тиесілі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерінде дербес деректердің, электрондық ақпараттық ресурстар мен ақпараттық жүйелердің сақтау қауіпсіздігін және қорғалуын, сондай-ақ олардың көрсету тәртібін айқындайтын бекітілген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес мемлекеттік қызметтердің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз етеді.
