"Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 27 мамырдағы № 622 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 1770 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін уақытша атқарушының 2025 жылғы 27 мамырдағы № 622 бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қарулы Күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуі және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. ММ осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес спорт, мәдениет, білім және ғылым, навигациялық-гидрографиялық, теңіз тасымалы, әуежайлық және авиациялық қызмет, әскери медицина саласында тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) ақылы негізде өткізуді (бұдан әрі – ақылы көрсетілетін қызмет), инфрақұрылымды күтіп-ұстауды, жөндеуді және салуды, бұйымдарды шығаруды, сондай-ақ қонақүй ісін жүзеге асырады.";

      17-тармақта:

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген іссапар шығысын өтеу нормалары шегінде зерттеу жүргізуге, тағылымдама, курс өткізуге, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жүргізуге, көрмеге, семинарға, ғылыми конференцияға, қашықтан өткізілетін, оның ішінде халықаралық кеңеске қатысуға, сондай-ақ Қазақстан мен шет мемлекеттердің бірлескен жұмысына байланысты ел ішіндегі және одан тыс жердегі іссапар шығысына;";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Инфрақұрылымды күтіп-ұстау, жөндеу және салу, бұйымдарды шығару, сондай-ақ қонақүй ісі қызметін өткізуден түсетін қаражат:

      1) инфрақұрылым мен жол салу, реконструкциялау, күрделі, ағымдағы жөндеу үшін жабдықты, өлшеу аспаптарын, құрылыс материалдарын, сондай-ақ жиһаз бен металл конструкцияларды сатып алуға;

      2) автомобиль және арнайы техниканы, сондай-ақ қосалқы бөлшектерді сатып алуға;

      3) жабдықты, автомобиль және арнайы техниканы жөндеу және күтіп-ұстау бойынша көрсетілетін қызметке;

      4) материалдық-техникалық базаны күтіп-ұстауға және арттыруға;

      5) жұмысты (көрсетілетін қызметті) қамтамасыз ету үшін оқу құралдарын, көрнекі материалдарды, журналдарды және кітаптарды сатып алуға;

      6) оқытып-үйрету тренингін, семинар мен конференцияны өткізуге, сондай-ақ әкімшілік және техникалық персоналдың біліктілігін арттыруға;

      7) жабдықты, материалдық құралдарды, жиһазды және тамақтандыруды ұйымдастыру үшін азық-түлікті сатып алуға және қонақүйді күтіп-ұстауға жұмсалады.";

      көрсетілген Қағидаларға 1-қосымшада:

      2-тармақтың 11) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "11) қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру және іс-шараларды өткізу үшін асхана мен буфеттің асхана залын беру қызметі;";

      мынадай мазмұндағы 10 және 11-тармақтармен толықтырылсын:

      "10. Инфрақұрылымды күтіп-ұстау, жөндеу және салу, бұйымдарды шығару, кірме жолдарды жасау, тиеу-түсіру жұмысы, тауарды сақтау, сондай-ақ қонақүй ісі саласындағы ақылы негізде өткізілетін қызметтер:

      1) ғимараттарды, автомобиль жолдарын және жасанды құрылысжайларды салу, жөндеу, реконструкциялау;

      2) абаттандыру және көгалдандыру;

      3) қарды, қатты-тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын жинау және шығару;

      4) жер қазу жұмысы және топырақ үю;

      5) ғимараттар мен құрылысжайларды бұзу;

      6) бетон бұйымдарын дайындау;

      7) қиыршық тас (шағыл тас) және құм карьерлерін жасау;

      8) жиһаз жасау;

      9) металдан жасалған бұйымдарды шығару және монтаждау;

      10) терезелерді, есіктерді қоса алғанда, пластиктен жасалған бұйымдарды шығару және монтаждау, сондай-ақ орнату және қызмет көрсету бойынша қосымша жұмысты орындау;

      11) металл құрылысжайлар мен конструкцияларды дайындау және монтаждау;

      12) металл қоршаулар мен бөгеттерді дайындау және монтаждау;

      13) кірме теміржол бойынша көрсетілетін қызмет;

      14) теміржол рампасындағы тиеу-түсіру қызметі;

      15) жасалған шарттар шеңберінде тауарды жауапты сақтау қызметі;

      16) Қазақстан Республикасының аумағы бойынша көлік (автомобиль) логистикасы.

      11. Қонақүй ісі саласындағы ақылы негізде өткізілетін қызметтер:

      1) нөмірлерді беру;

      2) тұрмыстық қызмет көрсету;

      3) тамақтандыру.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери инфрақұрылым бас басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күннен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты
Д. Қосанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады