"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 4 тамыздағы № 414 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 10 мамырдағы № 543 бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 19.05.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 4 тамыздағы № 414 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15669 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызметшілер, әскери жиын кезеңінде әскери кафедра студенттері, әскери оқу орнына оқуға түсу кезінде әскерге шақырылушылар, оқуға түсу емтихандарын тапсыру үшін келген және "Жас ұлан" республикалық мектептерінде казармалық жағдайда болатын кандидаттар, сондай-ақ резервтегі әскери қызметті өткеріп жүрген әскери қызметшілер (бұдан әрі – жабдықталымдағы адамдар) үшін тамақтандыруды ұйымдастыру тәртібін мынадай жағдайда айқындайды:

      1) әскери бөлім күшімен жабдықталымдағы адамдарға тамақ дайындау үшін азық-түлік өнімін жеткізу кезінде;

      2) мемлекеттік сатып алу жолымен коммерциялық құрылым арқылы жабдықталымдағы адамдарды тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу кезінде;

      3) жабдықталымдағы адамдар үшін жеке тамақтану рационын (бұдан әрі – ЖТР) беру кезінде;

      4) жабдықталымдағы адамдар үшін тиесілі азық-түлік үлесінің орнына ақшалай өтемақы беру кезінде.";

      25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Бір әскери бөлімді (мекемені) басқа әскери бөлімге азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылдау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығының өкімі негізінде жүзеге асырылады.

      26. Құраманы, әскери бөлімді немесе мекемені азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылдау үшін көрсетілген бөлімшелер азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылданатын құрамаға, әскери бөлімге немесе мекемеге:

      1) осы Қағидалардың 25-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығының өкімін;

      2) қабылдау күнін көрсетіп, бұйрықтан үзіндіні және азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылданатын әскери қызметшілердің тізімін;

      3) келген күні азық-түлік қалдығы, азық-түлік қызметінің техникасы мен мүлкі туралы мәліметтерді көрсетіп, бөлу балансын ұсынады.";

      28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "28. Азық-түлікпен қамтамасыз етуден алу Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығының өкімі негізінде жүзеге асырылады.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Құраманы, әскери бөлімді немесе мекемені азық-түлікпен қамтамасыз етуден алғаннан кейін (кейіннен азық-түлікпен қамтамасыз етуге қоймай, қоныс аударуына байланысты) азық-түлік басқармасы:

      1) келген құрамаға, әскери бөлімге немесе мекемеге дербес шот ашады;

      2) әскери бөлімнің бөлу балансы бойынша құрамада, әскери бөлімде немесе мекемеде есепте тұрған азық-түлікті, азық-түлік қызметінің техникасы мен мүлкін есепке алу бойынша кіріске алады.";

      34, 35, 36, 37, 38 және 39-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылдау үшін:

      1) әскери бөлім (мекеме) командирінің бұйрығы;

      2) әскери қызметшінің (мерзімді қызмет әскери қызметшілері үшін) нұсқамасы, іссапар куәлігі немесе демалыс билеті негіз болып табылады.

      35. Запасқа шығарылатын мерзімді қызмет әскери қызметшілеріне азық-түлікпен қамтамасыз етілгені туралы нұсқамада көрсетіледі.

      36. Бұйрықтан үзінді жабдықтау нормаларына сәйкес қай күнге дейін және қандай үлес нормалары бойынша әскери қызметші (әскери команда, бөлімше) әскери бөлімнен кеткен кезде үлестің орнына заттай азық-түлікпен немесе ақшалай өтемақымен қамтамасыз етілгенін растайтын құжат болып табылады.

      37. Әскери қызметшілер әскери бөлімнен әскери команда (бөлімше) құрамында кеткен жағдайда бұйрықтан үзінді барлық командаға біреу беріледі.

      38. Әскери қызметшілер кенеттен науқастанған кезде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-медициналық мекемесіне (бұдан әрі – әскери-медициналық мекеме) шұғыл жеткізілген жағдайда бұйрықтан үзіндіні бермей, азық-түлікпен қамтамасыз етілуге қабылданады.

      Бұл жағдайда әскери-медициналық мекеме тиісті әскери бөлімнен (мекемеден) бұйрықтан үзіндіні талап етуге міндетті, ал соңғысы – бір тәулік ішінде оны әскери-медициналық мекемеге жібереді.

      39. Әскери қызметші бұйрықтан үзіндісіз әскери бөлімге келгенде ол баянаты негізінде бөлім командирінің бұйрығымен азық-түлікпен қамтамасыз етуге қабылданады, онда оның қай күнге дейін азық-түлікпен (ақшалай өтемақымен немесе жеке тамақтану рационымен) қамтамасыз етілгені көрсетіледі.

      Сонымен қатар сұрау салуды алған сәттен бастап бір тәуліктен кешіктірмей оны жіберуге тиіс әскери бөлімнен бұйрықтан үзінді сұратылады.";

      65-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "65. Ұшақ пен тікұшақ экипажының жеке құрамы ұзақ қонусыз ұшуды орындаған кезде борттық үлеспен қамтамасыз етіледі. Авиациялық бөлім штабы үлестің қажетті санына өтінімдерді бөлімнің азық-түлік қызметіне ұшақ (тікұшақ) ұшқанға дейін 10 сағат бұрын береді.

      Борттық үлесті экипаждың әрбір мүшесіне бөлек авиациялық-техникалық бөлім асханасы жиынтықтайды. Ұшақ экипажының мүшелеріне берілген борттық үлес бөлім бойынша бұйрықта көрсетіледі.

      Борттық үлес салынған борттық сөмкелер мен ыстық шай құйылған термос әуеайлаққа авиациялық бөлім штабының өтінімінде көрсетілген сағатта жеткізіледі және әрбір ұшаққа (тікұшаққа) жүкқұжатқа қол қойғызып экипаж мүшелерінің біреуіне тапсырылады.";

      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "67. Ұшып өтетін ұшақ пен тікұшақ экипажының ұшқыш құрамы, сондай-ақ осы ұшақ пен тікұшаққа ілесіп ұшу үшін тартылатын инженерлік-техникалық құрам ұшу кезеңінде ұшу маршруты бойынша әскери әуеайлақта ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамның асханасында ұшқыштар үлесі мен жалпыәскери үлес бойынша тегін тамақтануға талонмен қамтамасыз етіледі. Көрсетілген талонды алған жеке құрам азық-түлікпен қамтамасыз етуден алынады.

      Авиациялық бөлімдерге қызметтік іссапарға кеткенде штаб, басқарма мен орталық аппарат ұшқыш құрамының әскери қызметшілері ұшқыштар үлесі бойынша осындай тәртіппен тегін тамақтануға талонмен қамтамасыз етіледі.

      Ұшып өтетін ұшақтың ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамы ұшу маршруты бойынша әскери әуеайлақта ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамның асханасынан тамақты ұшқыш және инженерлік-техникалық құрамды жабдықтау нормалары бойынша азық-түлікті таратуға қатаң сәйкестікте алады.";

      70-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "70. Әскери-емдеу мекемесінде науқастар олардың түскен уақытына байланысты:

      сағат 8-ге дейін келгендер – таңғы асқа;

      сағат 8-ден 13-ке дейін келгендер – түскі асқа;

      сағат 13-тен 19-ға дейін келгендер – кешкі асқа тамақтандыруға қабылданады.

      Шығару кезінде азық-түлікпен қамтамасыз етуден алу жергілікті жағдайға байланысты таңғы астан, түскі астан немесе кешкі астан кейін жүргізіледі.";

      96-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "96. Жүкті алатын немесе тапсыратын жерде қарауыл (команда) жеке құрамы осы әскери бөлімнің мерзімді қызмет әскери қызметшісіне тиесілі үлес бойынша жақын әскери бөлімнің асханасы арқылы тамақтанумен қамтамасыз етіледі. Осы әскери бөлімдер қарауылды (команданы) жүру жолына жүкті тапсыру орнына дейін немесе жүкті тапсырғаннан кейін қайтып оралу кезінде азық-түлікпен (тамақтану рационымен) қамтамасыз етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Тыл бастығының басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық 2025 жылғы 19 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі генерал-полковник
Р. Жақсылықов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады