Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 246-бабына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Заңының 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттiк мүлiк туралы" Заңының 18-бабының 22) тармақшасына сәйкес, Шардара ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса берiлiп отырған Коммуналдық меншiкке келiп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары бекiтiлсiн.
2. Осы қаулының орындалуын бақылау Шардара ауданы әкімінің жетекешілік ететін орынбасарына жүктелсін.
3. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
| Шардара ауданының әкімі | А. Карсыбаев |
| Шардара ауданы әкімдігінің "6" тамыздағы 2026 жылғы № 302 қаулысымен бекітілген |
Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары
Коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағида) Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексінің 246-бабына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) жануарлар - омыртқалы жануарлар;
2) қараусыз қалған жануарлар - ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;
3) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;
2-тарау. Қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншікке пайдалану тәртібі
2. Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретiлген жануарларды ұстап алған адам оларды меншiк иесiне қайтаруға, ал егер оның өзi немесе тұрған жерi белгiсiз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешiктiрмей табылған жануарлар туралы iшкi iстер органдарына немесе жергілікті атқарушы органдарына мәлiмдеуге мiндеттi, олар меншiк иесiн iздестiру шараларын қолданады.
Жануарлардың меншiк иесiн iздестiру кезеңiнде жануарларды ұстаушы адам оларды өзiнiң бағуында және пайдалануында қалдыруы, не ол бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар басқа адамға тапсыруы мүмкiн. Жануарларды ұстап алған адамның өтiнiшi бойынша оларды бағу мен пайдалану үшiн қажеттi жағдайы бар адамды iздеп табуды және оларға жануарларды берудi Шардара ауданының әкімдігі жүзеге асырады.
3. Жануарларды ұстап алған адам және олар бағуы мен пайдалануына берiлген адам жануарлардың өлiм-жiтiмi мен iске жарамай қалғаны үшiн бұған кiнәсi болған кезде ғана және сол жануарлардың құны мөлшерiнде жауапты болады.
4. Егер жұмыс малы мен iрi қараны ұстап алғаны туралы мәлiмделген кезден бастап алты ай iшiнде және басқа үй жануарлары жөнiнде - екi ай iшiнде олардың меншiк иесi табылмаса және оларға өзiнiң құқығы туралы мәлiмдемесе, бұл жануарларға меншiк құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшедi.
5. Жануарларды меншік иесіне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншік иесінен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы.
6 . Жануарлар басқа адамның меншігіне көшкеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген ретте сол жануарлардың өзіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін жағдайлар болған кезде меншік иесі жаңа меншік иесімен келісім бойынша белгіленетін шарттармен, ал келісімге келмеген кезде - сот арқылы оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.
7. Қараусыз қалған жануарлардың аудандық коммуналдық меншікке келіп түсуі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысымен бекітілген "Жекелеген негiздер бойынша мемлекет меншiгiне айналдырылған (түскен) мүлiктi есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрi пайдалану қағидаларына" сәйкес мүлiктi тiзiмдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актісі негізінде жүзеге асырылады.
8. Коммуналдық меншікке түскен қараусыз жануарларды есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысымен бекітілген Қағидаларының 2 - қосымшасына сәйкес нысан бойынша мүлікті тізімдеу, бағалау және (немесе) қабылдау-беру актілерін есепке алу кітабы жүргізіледі. Аталған жұмыстар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Шардара ауданының экономика және қаржы бөлімімен жүзеге асырылады.
9. Жануарларды баланстық есепке алу олардың бағалануы жүргізілгеннен кейін, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 12 мамырдағы № 223 "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес қабылдау-тапсыру актісі негізінде жүзеге асырылады.
10. Шардара аудандық коммуналдық меншікке түскен қараусыз жануарлар мынадай тәсілдердің бірімен пайдаланылады:
1) аукцион арқылы сату;
2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерге өтеусіз беру.
11. Қараусыз жануарларды одан әрі пайдалану мәселелерін қарау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысымен бекітілген Қағидалардың 16-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Сот қараусыз қалған жануарларды коммуналдық меншiкке түсуіне негіз болған актiнің күшін жойған (тиiстi бөлiгін өзгерткен) жағдайда Шардара ауданының экономика және қаржы бөлімі мүлiктi заттай қайтаруды жүргiзедi. Егер мүлiк Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен өткізілген болса, оның құнын өтеу оны өткізуден алынған қаражат шегiнде жүргiзіледi.
13. Қараусыз қалған жануарларды сатудан түскен қаражат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жергілікті бюджет кірісіне толық көлемде есепке алынады.
14. Қараусыз қалған жануарларды есепке алуға, бағалауға, оны сатуды ұйымдастыруға одан әрі пайдалану жөніндегі өзгеде шығындарға байланысты шығыстар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
