"Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі № 159 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 қыркүйекте № 40012 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2017 жылғы 7 тамыздағы № 295 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15630 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жергілікті қоғамдастық жиналысының үлгі регламентінде:

      2-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жергілікті қоғамдастық жиналысы (бұдан әрі – жиналыс) – Заңда айқындалған шекте және тәртіппен жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу үшін жергілікті қоғамдастық жиыны жіберген жергілікті өзін-өзі басқару органы;

      3) жергілікті маңызы бар мәселелер – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік халқының тыныс-тіршілігін тікелей қамтамасыз ету мәселелері, оларды шешуді әкім және (немесе) жергілікті өзін-өзі басқару органдары жүзеге асырады;";

      мынадай мазмұндағы 3-4-тармақпен толықтырылсын:

      "3-4. Жергілікті қоғамдастық жиналысын ұйымдастыру және тарату туралы шешімді жергілікті қоғамдастық жиыны Заңға сәйкес қабылдайды.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Жиналыс жергілікті маңызы бар ағымдағы мәселелер бойынша өткізіледі:

      бағдарламалық құжаттардың, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер жоспарларының жобаларын талқылау және қарау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің жобасын және бюджеттің атқарылуы туралы есепті келісу;

      аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер есебінен қаржыландырылатын бюджеттік бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына арналған бюджеттік бағдарлама шығыстары көлемінің жиырма пайызынан аспайтын көлемде қаражат бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджеттік мониторинг қорытындылары бойынша ағымдағы қаржы жылы ішінде бюджет қаражаты игерілмеген және (немесе) бюджеттік бағдарламалар тиімсіз орындалған кезде бюджеттік бағдарламалар арасында қайта бөлінген жағдайда, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетін түзетуді келісу;

      аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігін (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігін) басқару жөніндегі аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ аппаратының шешімдерін келісу;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуын мониторингтеу мақсатында жиналысқа қатысушылар қатарынан жергілікті қоғамдастық комиссиясын құру;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджетінің атқарылуына жүргізілген мониторинг нәтижелері туралы есепті тыңдау және талқылау;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ коммуналдық мүлкін иеліктен шығаруды келісу;

      Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда тиісті аумақта карантиндік режимді енгізе отырып, карантиндік аймақты белгілеу (күшін жою) туралы, карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау) туралы шешімдер қабылдауды, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды, сондай-ақ "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген мерзімдерде олар бойынша ұсынымдар беруді көздейтін атқарушы органдардың, сондай-ақ әкімдердің нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын қоспағанда жергілікті қоғамдастықтың өзекті мәселелерін, азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылау;

      "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 113-3-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда одан әрі ілгерілету үшін аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі лауазымына аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі ұсынған кандидатураларды келісу;

      аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімін лауазымынан босату туралы мәселеге бастамашылық жасау;

      жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын және тиісті аумақтарда орналасқан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшыларын тағайындау бойынша ұсыныстар енгізу;

      жергілікті қоғамдастықтың басқа да ағымдағы мәселелерін талқылау.";

      мынадай мазмұндағы 11-1-тармақпен толықтырылсын:

      "11-1. Жергілікті қоғамдастық жиналысын жергілікті қоғамдастық жиналысы мүшелерінің талқылауға және шешімдер қабылдауға қатысуын қамтамасыз ететін цифрлық объектілерді пайдалана отырып өткізуге жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары
– Ұлттық экономика министрі
С. Жумангарин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады