"Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 17 тамыздағы № 389 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 19 тамызда № 39633 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы 595 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларында:

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. ЖЖОКБҰ осы Қағидалардың нормаларына сәйкес білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидаларын әзірлейді, бекітеді және оның сақталуын қамтамасыз етеді.

      Білім алушыны бір білім беру бағдарламасынан екіншісіне, бір ЖЖОКБҰ-дан екіншісіне қайта қабылдау және ауыстыру жазғы және қысқы демалыс кезеңінде жүзеге асырылады.

      Қысқы демалыс кезеңдері сәйкес келмеген кезде қайта қабылдау және ауыстыру тәртібін ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.

      Бұл ретте төтенше жағдай енгізілген, әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, соғыс уақытында, сондай-ақ оқу еліндегі қарулы, әскери қақтығыстар жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтарын, қандастарды шетелдік ЖЖОКБҰ-дан қайта қабылдау және ауыстыру оқу жылы ішінде жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушы қайта қабылдау кезінде оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген ЖЖОКБҰ-ға қайта қабылданады немесе ауыстырылады.

      Уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған кезде осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары уәкілетті орган лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, қайтарып алу және одан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      Білім беру қызметімен айналысуға лицензия және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы ерікті түрде тоқтатылған немесе ЖЖОКБҰ таратылған кезде осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушылары лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуы ерікті түрде тоқтатылған немесе ЖЖОКБҰ таратылған күннен бастап ағымдағы семестр ішінде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      Аккредиттеу тоқтатыла тұрған, қайтарып алынған немесе қолданылу мерзімі өткен кезде Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, осы ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы аккредиттеуді тоқтата тұру, қайтарып алу немесе қолданылу мерзімінің өтуі туралы шешім қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оқуын жалғастыру үшін басқа ЖЖОКБҰ-ға ауыстырылады.

      ЖЖОКБҰ-ның білім алушысы осы тармақтың жиырма бірінші абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, оқудан шығарылғаннан кейін қайта қабылданады немесе ауыстырылады.

      Білім алушыны ақылы негіздегі оқудан мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға ауыстыру "Білім туралы" Заңның 5-3-бабының 26) тармақшасына сәйкес бекітілген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып, басқа ЖЖОКБҰ-ға ауысады.

      Білім алушының ауысуы кезінде қабылдайтын ЖЖОКБҰ даярлау бағытын, білім беру бағдарламасының бейінін, оқу жетістіктерін, сондай-ақ білім алушының академиялық адалдықты бұзу жағдайларын ескереді.

      Білім алушыларды қайта қабылдау немесе ауыстыру кезінде олардың оқу нәтижелерін қайта есептеу үшін ЖЖОКБҰ-да Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 1 сәуірдегі № 157 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 35921 болып тіркелген) бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдары жұмысын ұйымдастырудың үлгілік қағидаларын сәйкес алқалы орган құрылады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, білім алушыларды қайта қабылдау немесе ауыстыру білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы және (немесе) лицензияға қосымшасы бар, сондай-ақ білім беру саласы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастығына енгізілген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.

      Уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуын ерікті түрде тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеудің қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе мерзімі өткені туралы шешім қабылдаған кезде білім алушылардың осы ЖЖОКБҰ-ға қайта қабылдануы немесе ауысуы жүзеге асырылмайды.

      Жекелеген ЖЖОКБҰ-лар үшін бекітілген мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен адамдар басқа ЖЖОКБҰ-ға ақылы негізде ғана ауысады.

      Студенттерді, магистранттарды, тыңдаушыларды және резиденттерді басқа ЖЖОКБҰ-дан ұлттық ЖЖОКБҰ-ға немесе өзге де ЖЖОКБҰ-ға ауыстыру білім алушылардың білім беру грантының құнындағы айырмашылықты қосымша төлеу шартымен жүзеге асырылады.

      Білім алушының шығармашылық даярлықты талап ететін жоғары білімнің білім беру бағдарламаларының тобынан басқа білім беру бағдарламаларының тобына ауысуы Оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларында белгіленген өту балынан төмен емес балы бар ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаты болған кезде жүзеге асырылады.

      Оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес белгіленген шекті балдан төмен емес нәтижесі бар ұлттық бірыңғай тестілеу (бұдан әрі – ҰБТ) немесе кешенді тестілеу (бұдан әрі – КТ) сертификаты болған, арнаулы емтихан тапсырған, сондай-ақ осы Қағидаларда айқындалған талаптарды сақтаған кезде, өлшемшарттарын ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбедегі шетелдік ЖЖОКБҰ берген кемінде 30 академиялық кредит көлемімен оқытудың игерілген нәтижелері туралы құжаты (транскрпеті) бар жетекші шетелдік ЖЖОКБҰ-да білім алатын адамдарды қоспағанда, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы кадрларды даярлау бағыттарының жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына, оның ішінде шетелдік ЖЖОКБҰ-дан қайта қабылдау немесе ауысу жүзеге асырылады.

      Шетелдік ЖЖОКБҰ-лардан білім алушыларды қайта қабылдау немесе ауыстыру білім берудің тиісті деңгейі, білім беру саласы және қабылдау жылы бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы орналасқан және (немесе) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердің білім беру саласы бойынша аккредиттеу органдарының тізіліміне және (немесе) қауымдастықтарына кірген ұлттық және (немесе) шетелдік аккредиттеу органдарының халықаралық мамандандырылған аккредиттеуі бар ЖЖОКБҰ-да жүзеге асырылады.

      Шетелдік ЖЖОКБҰ-лардан қайта қабылдау немесе ауысу кезінде білім алушылар игерілген оқу нәтижелері туралы құжатты (транскрипт), ҰБТ немесе КТ сертификатын тиісті білім беру бағдарламалары тобы (мамандығы) бойынша белгіленген шекті балдан төмен емес нәтижемен ұсынады.

      Шет тіліндегі құжаттар Оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес қазақ немесе орыс тілдерінде нотариалды куәландырылған аудармасымен бірге ұсынылады.

      Білім алушыларда ҰБТ немесе КТ сертификаты болмаған кезде ЖЖОКБҰ оны бір академиялық кезеңге қайта қабылдау немесе ауыстыру туралы бұйрық шығарады.

      Білім алушылар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15173 болып тіркелген) бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларына және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2019 жылғы 8 мамырдағы № 190 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18657 болып тіркелген) бекітілген Кешенді тестілеуді өткізу қағидаларына сәйкес белгіленген мерзімдерде ҰБТ немесе КТ тапсырады.

      Тиісті білім беру бағдарламалары (мамандықтар) тобы бойынша ҰБТ немесе КТ белгіленген шекті балын жинаған білім алушы ЖЖОКБҰ-да оқуды жалғастырады.

      Ұсынылған транскриптің түпнұсқалығын тексеру үшін ЖЖОКБҰ үш жұмыс күні ішінде білім алушы оқыған шетелдік ЖЖОКБҰ-ға сұрау жібереді.

      ЖЖОКБҰ білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, оқудан шығару, қайта қабылдау туралы бұйрық шығарған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесіне тиісті өзгерістер енгізеді.

      Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесіне енгізілетін деректердің дұрыстығын ЖЖОКБҰ қамтамасыз етеді.

      ӘАОО-ларда білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидалары "Білім туралы" Заңның 5-1-бабының 12) тармақшасына сәйкес бекітіледі.

      Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарын және ӘАОО-ны қоспағанда, уәкілетті орган білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны тоқтата тұру, кері қайтарып алу және одан айыру, білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаның қолданылуын ерікті түрде тоқтату немесе ЖЖОКБҰ-ны тарату, аккредиттеудің қолданылуын тоқтата тұру, кері қайтарып алу немесе мерзімі өткені туралы шешім қабылдаған кезде ЖЖОКБҰ білім алушыларды міндетті түрде хабардар ете отырып, ЖЖОКБҰ-ның ресми сайтында тиісті ақпаратты орналастырады.

      Бұл ретте ақпарат ЖЖОКБҰ-ның ресми веб-ресурсының басты бетінде орналастырылады. Ақпарат сайт (header) (хэдер) тақырыбынан кейін қаріп өлшемі кемінде 20 пиксель (px), қалың шрифпен жаңалықтар блогында (басты бетте бар болса) орналастырылады. Мәлімет тізімнің бірінші позициясында жарияланады және жаңа жаңалықтар қосылған кезде төмен жылжымайды.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Білім беру қызметінің сапасын арттыру мақсатында ЖЖОКБҰ еуропалық жоғары білімнің кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық стандарттар мен нұсқаулықтарға (ESG – исиджи) негізделген ішкі сапаны қамтамасыз ету жүйесін құрады және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, ол келесі стандарттарды қамтиды:

      1) сапаны қамтамасыз ету саласындағы саясат;

      2) бағдарламаларды әзірлеу және бекіту;

      3) студентке бағдарланған оқыту, сабақ беру және бағалау;

      4) білім алушыларды қабылдау, олардың үлгерімі, тану және сертификаттау;

      5) оқытушылар құрамы;

      6) оқу ресурстары және білім алушыларды қолдау жүйесі;

      7) ақпаратты басқару;

      8) жұртшылықты хабардар ету;

      9) тұрақты мониторинг және бағдарламаларды кезеңдік бағалау;

      10) сыртқы мерзімді сапаны қамтамасыз ету.

      Сот төрелігі академиясын және ӘАОО-ны қоспағанда, ЖЖОКБҰ-да Сапаны қамтамасыз ету комитеті құрылады, оның қызметі институционалдық және жеке деңгейлерде сапа мәдениетін қалыптастыруға, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оларды іске асыру шарттарының ішкі сапаны қамтамасыз ету стандарттарына сәйкестігін қолдауға, білім беру ортасы мен білім беру процесінің сапасын бағалауға және мониторинг жүргізуге бағытталған.

      Сапаны қамтамасыз ету комитетінің қызметін ұйымдастыруды, оның ішінде мақсаттары, міндеттері мен функцияларын ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.";

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. Білім алушыларды оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін ЖЖОКБҰ-да Тіркеу офисі құрылады.

      ӘАОО-да оқу пәндеріне тіркеу, меңгерілген кредиттерді есепке алу, аралық және қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және білім алушылардың оқу жетістіктерінің бүкіл тарихын жүргізу үшін білім беру сапасын мониторингтеу және бақылау (бағалау) бөлімшесі құрылады.

      Докторантураның білім бағдарламасы бойынша теориялық оқытудың толық курсын меңгерген адамдар қорытынды аттестаттаудан өту үшін ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесінде ЖЖОКБҰ академиялық күнтізбесіне сәйкес оқу жылы ішінде тіркеледі.";

      52-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "52. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын оқып бітірген бітірушілердің тізімі, ӘАОО-ны қоспағанда, олардың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда), білім беру бағдарламасы және берілген дипломның нөмірі көрсетіле отырып, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның цифрлық жүйесіне орналастырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 13 тамыздан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 1-тармағының жиырма екінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші, жиырма алтыншы, жиырма жетінші, жиырма сегізінші, жиырма тоғызыншы және отыз бірінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады